Қиыр қонып, шет жайлап жүретін керей еліне ислам діні арыда келгенімен, кемеліне кеш келді.
«Жаяу молда» делінетін ауыл арасындағы молда қожалар атам заманнан тартып, жаназа шығарып, ораза-құрбан айтта айт намазын оқығаны болмаса, мешіт салып, медресе ашып, бала оқытатын, молда жетістіретін мешіттер XIX ғасырдың екінші жартысынан бері қарай бой көтерді деп жазады тарихшы Асқар Татанайұлы атамыз [1].
Алтайда алғаш болып мешіт салып, медресе ашқан молдалардың бірі әрі бірегейі Мұхаммед Момын (Мүмін) ишан еді. Шыққан тегі Қоқандық, 1807 жылы Бұқарада дүниеге келген. 1827 жылы әкесі Шах Мансұрмен бірге Алтай еліне келді деп жазады тарихшы Асқар Татанайұлы [1].
Ал Құрбанғали Халиди хижраның 1240 (1825) жылы келгенін айтады [2]. Екі ғалымның көзқарасында көп айырмашылық жоқ.
Мұхаммед Мүмін ишан Нақшибандия тариқатының Алтайдағы көрнекті өкілі еді. Нақшбандия тариқаты - XIV ғасырда Орта Азияда, нақтырақ айтқанда, Бұқара өңірінде қалыптасқан сопылық тариқат. Оның негізін қалаушы Бахауддин Нақшбандтың (1318-1389 ) есімімен аталған. Сүнниттік исламның ханафи мазһабы бағытын ұстанған сопылық жол. Бахауддин қазірет қазақ халқы арасына кеңінен танымал адам. Лақап аты Бәлә гардан яғни Бәлені қайтарушы.
Дүнияда диуанадан болса қалған,
Қалар ед Баһауддин Балагардан, –деп Балмағанбет Балқыбайұлы осы кісіні айтып отыр.
Нақшыбанд әулие,
Тариқаттың кені екен, – деп Ақыт қажы жыр арнаса,
Күні-түні басыма пана болған,
Хожа Бахауддин кәміл пірім, – деп Мәшһүр Жүсіп те сиынады.
Басқа да Қазақтың қаншама жыраулары мен әулие, ишандары пір тұтқан, ұлы ойшыл, тақуа, ғалым адам болған екен.
Мүмін қазіреттің жүзігі [12]
Атам заманнан көшпенді жылқы мінез халықтың арасына дін жаю үшін арқа сүйер тірегің немесе қолыңда ижазет (рұқсатнама) болмаса, басына сәлде орап қолына құман ұстағанның артынан сезімтал халықтың құрша жорғалап құрақ ұшпайтыны анық еді. Осыны аңғарған сұңғыла ишан Сәмен төренің 11 ұлының үлкені, Ажы гүңнен[1] кейінгі төре тұқымының біліктісі Қожамжар (Ожеке) төреге мықтап арқа сүйейді. Бір-екі жыл керей елі арасында тұрғаннан кейін Бұқараға қайта барып, Нақшибанди тариқатының шейхына қол беріп, ижазет (рұқсатнама) алады.
Мүмін қазіреттің мөрі [12]
Қазіреттің нақшибанди тариқаты бойынша силсиләсін (рухани пірлер тізбегін) Ақыт хажы «Манақиб пиран ғазизан», қазан, 1909 кітабында былай таратады: (жақша ішіне қайтыс болған жерлері жазылды)
1. Пайғамбар Мұхаммед с.ғ.у (Медине)
2.Әбубәкір Сыддық (Медине)
3. Салман фарси (Ирақ)
4. Қасым бин Мұахаммед (Мекке)
5. Жағфары Садық (Медине)
6. Баязид Бастами (Иран)
7. Әбул Хасан (Түркия)
8. Әбу али Фармади (Иран)
9. Юсуф Һамадани (Түркіменстан)
10. Ғабдул Халиқ Гуждуани (Өзбекстан)
11. Ариф Рюгири (Өзбекстан)
12. Мұхаммед инжир Фағнауи (Өзбекстан)
13. Али Рамитини (Өзбекстан)
14. Мұхаммед Баба Самаси (Өзбекстан)
15. Саййд Әмир Киләл (Өзбекстан)
16. Бахауддин Нақшыбанди (Өзбекстан)
17. Яқұп Шарқи (Тәжікстан)
18. Ғұбайдулла Ахрар (Өзбекстан)
19. Мұхаммед Дәруиш ишан (Өзбекстан)
20. Мұхаммед Заһид (Өзбекстан)
21. Хожа Амканки (Өзбекстан)
22. Мұхаммед Бақи Биллә (Үндістан)
23. Имам Раббани Ахмед Фарух Сарһанди (Үндістан)
24. Мұхаммед Хожа Сағид (Үндістан)
25. Шайхул Ахад (Үндістан)
26. Маулана Ғабид (Үндістан)
27. Мұсахан Хожа Даһбиди (Өзбекстан)
28. Мұхаммед ишан Халфе Сыддық (Өзбекстан)
29. Халфе Хусейн (Өзбекстан)
30. Ғабдұсаттар Махзұм (Өзбекстан)
31. Ешмұхаммед пір ишан
32. Мұхаммед Момын ишан (Алтай)
Көріп отырғандай Мұхаммед Мүмін қазіреттің пірлері кілең ұлы тұлғалар болған. Мысалы кейбір тұлғалар жәйлі қысқаша айтар болсақ, 2. Қазіреті Әбу Бәкір (Пайғамбар Мұхаммедың досы әрі қайын атасы) 2. Салман Фарси (пайғамбардың сахабасы). 4. Қасым бин Мұхаммед пен 5. Жағыпар Садық (Табиғин яғни Сахабаны көргендер [3]). 18. Ғұбайдулла Ахрар (Моғолстан ханы Жүніс ханның, Бабырдың және Абдуррахман Жамидың рухани ұстазы [4]. 23. Имам Раббани Ахмед Фарух Сарһанди (бұл кісіні Үндістан ғалымы Абдулхаким Сиялқути «мүжеддид әлфи сани яғни екінші мың жылдықтың діни ағартушысы деп атаған» [5]) парсыша жазылған атақты Мактубат кітабының авторы. Оны арабшаға Мұрад Ремзи аударған.
Сонымен рұқсатын алып келген Қазірет хижри 1250 (1835) жылы Алтайға қайтып келіп, біржолата тұрақтаған. Қазақтармен жайлауға бірге көшіп, қыстауға бірге қонады. Ат қойып, бала оқытты. Ас-тойда бата жасап, өлімді жерде жаназа шығарды. Қожамын деп шіренбеді. Абақтың қызына үйленіп, құрметті күйеу атанды. Осылайша туыс, құда, тамыр, жегжат болып сіңіп, балталаса кесілмес, сүймендесе айырылмас ағайын болды. Халық хазіретті пір тұтып, басына көтерді. Бара-бара аты ұмытылып, «Қазіреті атаң», «Керей ишаны», «Атаң ауылы», «Пір қазірет» атанды.
Қыран өзенінің батыс жағындағы «Төре бейіті» деген жерден жер үй салып, бірінші рет медресе ашып, бала оқытады. Алтайдағы «Қызыл аяқ шапқыншылығы» кезінде Қожамжар төремен бірге көшіп, Қобда бетіне өтіп, бірнеше жыл сонда тұрақтап, бала оқытып, Күйтүн деген жерден «Күйтүн» мешітін ашып, имам болады.
Алтайға қайтып келген хазірет дін уағыздаумен бірге халықты қажылыққа бастауды жөн көреді.
Меккеге тәуап қылды халқын бастап,
Әуелі жеке барды елін тастап.
Хақ жолына қара басым болсын пида,
Дұрыс па уайым қылып жолдан қашпақ.
Екі-үш жол аман барып, аман келді,
Келгенін аман-есен халық көрді.
Еліне әмір қылып жүр деген соң,
Ақырда әрбіреуі қасына ерді.
Һади боп һидаятқа дін таптырып,
Бастады Бәйтоллаға тамам елді.
–, деп Ақыт қажы (манақиб пиран ғазизан) кітабында жырлағандай, қазіреттің қажылық сапары туралы тарихшы Құрбанғали Халиди: 1881 жылы Шәуешекке келіп, Ташкент арқылы қажылыққа кеткенін, керей елі сый-сыяпатпен шығарып салғанын, ол кезде қазіреттің жасы 75-те болғанын жазады [2].
Мүмін қазірет салдырған мешіттің бүгінгі жұқанағы [12]
Ақыт қажы айтып отырған «Әуелі жеке барды, елін тастап» деген сапары осы болуы мүмкін. Бірақ бұл қазіреттің алғашқы қажылық сапары болмауы мүмкін. Себебі тарихшы Мұхаммед Мұрад Ремзимен Ташкентте танысып, Самарқандтан Бұқараға дейін сапарлас болғанын, кейін 1880 жылы қажыда тағы да кездескенін, Мұрад Ремзидің Қазіретті сыйлап «әке» деп атағанын, Қазіреттің де Ремзиді «балам» деп баурына басқанын тарихшы Ахмет Темір жазады [6]. Бұл қазіреттің бірінші сапары десек, 1881-де барғаны екінші сапары болады. (Хазіреттің жасы мен жол қиыншылықтарын ескерсек, Құрбанғали мен Ахметтің айтқаны бір сапар болуы да мүмкін.)
Тарихшы Құрбанғали Халиди хижраның 1302 (1895) жылы қазіреттің тағы бір рет қажыға барғанда, Ыстамбұлда мәртебелі Сұлтанның құрметіне ие болып, Мекке мүкәррамадан бір «тәкие» сатып алып, халқының игілігіне арнағанын айтады [2].
Ақыт қажының:
Меккеден Такиәні алды сатып,
Қазақ ел-керей қауым тұрсын жатып. –, деген өлең жолдары осы қонақ үйді меңзеп тұр.
Мүмін қазірет салдырған мешіттің қалдықтары [12]
Тарихшы Құрбанғали Халиди хижраның 1315 (1898) жылы Қазіретпен бірге қажылық сапарға барғанын айтады. Осы сапарында Осман сұлтаны Абдулхамит ІІ хан, Мұхамед Мүмін ишанды 3-дәрежелі Мәжидие орденімен марапаттағанын, көп Құран кітабын және өзге де кітаптар сыйлағанын, сондай-ақ Пайғамбардың қасиетті сақалынан бір тал жәдігер беруді уәде етті дейді [2].
Ақыт қажының:
Алтыннан медал берді осы жолда,
Өзге жұрт қойдай шулап бәрі сонда.
Екінші мұны еліңе тағылым қыл,
Беріпті Дәлә иіл мен кәлә молла. –, деген жыр жолдары осы сыйлықтарды айтып тұр. Бұл жердегі «Дәлә иіл» дегені «دلائل الخيرات» халық арасында айтылатын «Дәлел хайрат» дұға кітабы еді. Бертінге дейін Алтай жақтағы ақсақал молдалардың оқып жүргенін көзіміз көріп, құлағымыз естіді.
Мүмін қазіреттің мазары [12]
Абдулхамит ІІ ханның өрден беру туралы бұйрығы Осман мұрағатында тұр. Бұл турасында Б. Мырзақұл танымдық мақаласында арнайы атап өткен [7]. Бұйрық 1895 жылы шыққан. Өрденді 1898 жылы алған болуы мүмкін.
...Сұлтанға Тәңірім берді осындай ой,
Ойласаң керей байғұс мереке той.
Шығарып қазынадан берді сұлтан,
«Лиһят ән-нәби, мүбарак мой».
...Осы мой пайғамбардың сақал түгі,
Шығарды қазынадан сұлтан мұны. –, деп Ақыт қажы жырлаған Пайғамбардың қасиетті сақал түгін осы сапарында, яғни 1898 жылы алып қайтпағанын, кейіннен ұлдары барып алып қайтқанын тарихшы Құрбанғали Халиди растайды [2].
Сұлтан уәли болмаса таққа мінбес,
Уәли Алла таниды әулиені,
Кереметсіз уәлидің қадырын білмес.
Анық асыл таниды асыл затты. –, деген өлең жолдары арқылы Ақыт қажы Абдулхамит ІІ ханның да мәртебесін көтеріп, қарапайым патша еместігін айтады [8].
Мұхаммед Мүмін қазірет осы жылы, яғни 1898 жылғы қажы сапарынан қайтып келгеннен кейін «Мой Мүбәрак-қа» ( مبارك موى – парсыша сөз, қазақша «шарапатты қыл» деген мағынаны білдіреді) арнап Қыран бойынан «Ақ мешітті» салдырып, оған арнайы «Мой Мүбәрак» күмбезін орнатты дейді тарихшы Асқар Татанайұлы [1].
Мой Мүбәрак Осман мемлекеті кезінде әлемнің біраз елдерімен ұлы тұлғаларына сыйға тартылғаны белгілі. Оны алғаш рет Алтайға жеткізген Мұхаммед Мүмін қазірет. Мой мүбәрак келгеннен кейін қазіреттің құрметі артып, даңқы одан әрмен асқақтады. Алтайда ғана емес, бүкіл Абақ керейдің тізгінін ұстаған төремен төрт би де өздері басып отырған биліктің бір пұшпағын қазіретке ұстатты. Осылайша халық арасында дау-шарларға қазірет те араласа бастады.
Тарихшы Құрбанғали Халиди хижраның 1320 (1903) жылы Қазіреттің соңғы сапарға аттанғанын, орнына Халилулла Махзүмді қалдырғанын жазады. Ол өз заманының құтыбы сияқты берекелі адам еді. Көздері жасқа толып тұратын. Бірде жылап, бірде күлімсіреп отыратын. 70 жылдан астам қазақтар арасында рухани жетекші болды. Керей тайпасына ислам дінін үйретіп, ұстаздық етті. Ел ішіндегі атақты әрі беделді адамдардың бәріне ат қойып, олардың барлығын өз баласындай тәрбиелеп өсірген. Сондықтан бүкіл керей тайпасы оны «Ата» деп атаған береке дарыған ұлы тұлға еді. Ол жүз жасқа бір жыл жетпей қайтыс болды. Дүниелік мәртебе бойынша ақсүйек дәрежесіне жетті. Көзі тірісінде жүзден астам ұл-қыз, немере және шөбере сүйген еді деп жазады тарихшы Құрбанғали Халиди [2].
Алтай қазақтарына өлшеусіз еңбек еткен, Ақыттай ұлы тұлға пір тұтқан, Кенесарының ұлдары Ахмед, Сыздық сұлтандарды оқытқан, Қазанда туып, Меккеде сабақ берген, Шәуешекте қайтыс болған тарихшы, ғалым Мұрад Ремзи сияқты ғалымның құрметтеуі, Осман империясы сұлтаны Абдулхамит ІІ-ден 3-дәрежелі өрден алуы, Әлемнің санаулы елдерімен тұлғаларына сыйыға берілетін Мой Мүбәракты Алтайға жеткізуі, тарихшы, ғалым Құрбанғали Халидидің құрметпен еске алуы — Керей ишаны атанған Мұхаммед Мүмін қазіреттің қатардағы қарапайым ғалым емес екендігінің айқын дәлелі. Оны ары қарай зерттеу көз қарақты оқырман мен зерттеуші ғалымдардың еншісінде.
Манапхан Кенжеханұлы
Теолог, зерттеуші
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Асқар Татанайұлы («Тарихи дерек,Келелі кеңес 1 кітап,1-18бет»).
2. An Islamic Biographical Dictionary of the Eastern Kazakh Steppe, 1770–1912. By Qurbân-'Alî Khâlidî. Edited by Allen J. Frank and Mirkasyim A. Usmanov. Brill'i Inner Asian Library, no. 12. Leiden and Boston: Brill, 2004.155-156 бб.
3. الذهبي سير أعلام النبلاء 255/6
4. М.Х. Дулати Тарих-и рашиди- Алматы: М.Х. Дулати қоғамдық қоры, 2003. 175/216 бб.
5. Hoca-zâde Ahmed, Hadîkatü’l-Evliyâ, s. 104.
6. Temir, Ahmet. “Doğumunun 130. ve Ölümünün 50. Yılı Dolayısıyla Kazanlı Tarihçi Murad Remzi (1854–1934).” Belleten, Cilt 50, Sayı 197, 1986, s. 495–506.
7. Мырзақұл Б. Алтай пірін Осман сұлтаны не үшін марапаттады? // Qazaqstan tarihy. – 26 тамыз 2026 жыл. – URL: https://e-history.kz/kz/news/show/50001920
8. Ақыт Қажы Ұлімжіұлы ,Манақиб пиран ғазизан 1-18бет.
9. Ақыт қажы Үлімжіұлы. «Манақиб пиран азизан», Қазан, 1909 ж.
10. Мәдениет Мұқатай. «Іле тарихи материалдары», Іле тарихи материалдары баспасы, 91 б.
11. Мұрад Ремзи («تلفيق الاخباروتلقيح الآثار في وقائع قزان وبلغار وملوك التتار Орынбор, 1908 ж.»).
12. Сауырқан Е. Шығыс Түркістан қазақтарының білім беру тарихы (1900–1950 жж.). Магистрлік диссертация. – Конья: Неджметтин Эрбакан университеті, Әлеуметтік ғылымдар институты, 2019.
[1] Цин империясы кезінде берілген Мәнжүрше-қытайша шен атауы.