«Киесі ұрады», «Обалына қалма», «Қасиетін аяққа баспа» деген сөздерді қазақ бала кезінен естіп өскен. Үлкендер аққуды атуға, құстың ұясын бұзуға, табиғатқа қиянат жасауға тыйым салған. Кейбір мекендерді қасиетті санап, ерекше құрмет көрсеткен. Мұның бәрі жай ғана тыйым емес, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымымен байланысты.
Қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымында кие ұғымы ерекше орын алады. Табиғаттағы кейбір тіршілік иелері мен құбылыстардың, белгілі бір заттар мен мекендердің өзгеше қасиеті бар деп сенген. «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» энциклопедиясының үшінші томында кие халықтық түсінік бойынша жанды және жансыз нәрселерде болатын ерекше тылсым күш, қасиет ретінде түсіндіріледі. Дәстүрлі наным-сенімде пайғамбарлар, әулиелер мен көріпкелдер, қасқыр, марал, аққу сияқты жануарлар мен құстар, сондай-ақ кейбір тау, өзен-көлдер мен кесенелер киелі саналған. Аспан денелеріне, адамның кәсібі мен кейбір заттарға да ерекше қасиет телінген. Халық арасында киелі нәрсені құрметтеген адамға құт-береке дариды, ал оған қиянат жасаған жан кесірге ұшырайды деген сенім қалыптасқан. Осы түсініктен «киесі ұрады» деген тіркес шыққан.
Кие ұғымын бүгінгі ғылыми түсінікпен дәлелденген тылсым күш ретінде емес, халықтың табиғатпен, қоғаммен және рухани әлеммен байланысын көрсететін дәстүрлі наным ретінде қарастырған жөн. Өйткені киелі саналатын нәрселердің барлығы бірдей емес. Бірі тіршілік көзі болғандықтан құрметтелсе, екіншісі сирек кездесетіндігімен немесе аңыздармен байланысымен ерекшеленген. Үшіншісінің маңызы ата-баба рухына, тарихи жады мен діни түсініктерге қатысты қалыптасқан.
Қазақтың наным-сенімдерін алғаш ғылыми тұрғыдан зерттеген тұлғалардың бірі – Шоқан Уәлиханов. Ғалым «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» еңбегінде халық арасында сақталған көне сенімдерге, табиғат құбылыстарына, жануарлар мен заттарға қатысты ырымдарға назар аударады.Шоқан Уәлихановтың зерттеуінде қазақтардың кейбір жануарлар мен құстарды, көшпелі тұрмысқа қажет заттарды киелі деп қастерлегені баяндалады. Ғалымның түсіндіруінше, халық киелі саналған тіршілік иесіне қиянат жасау оның қаһарын туғызады деп сенген. Мұндай сенімдегі жағымсыз салдар «кесір» ұғымымен байланыстырылған. Яғни, бұл еңбектерінің маңызды тұсы – ол қазақ қоғамындағы исламдық түсініктермен қатар, исламға дейінгі наным-сенімдердің де сақталғанын көрсетеді.
Табиғат құбылыстарын жандандырып қабылдау, кейбір жануарларға ерекше қасиет телу, аспан денелерін қастерлеу сияқты түсініктер халықтың дүниетанымында ұзақ уақыт бойы өмір сүрген. Олардың қалыптасуына әртүрлі тарихи, мәдени және діни ықпалдар әсер еткен.
Қазақ дүниетанымында айрықша құрметке ие құстардың бірі – аққу. Аққу халық поэзиясында сұлулықтың, тазалықтың, адалдық пен әсемдіктің бейнесі ретінде сипатталады. Аққудың көл үстінде қалықтап жүзуі, көркем келбеті мен жұптасып тіршілік етуі көптеген аңыздар мен көркем шығармаларға арқау болған. Халық арасында аққуға оқ атпау жөніндегі түсінік кең тараған. Оған зиян келтіруді жамандыққа балаған. Мұндай нанымның көркем әдебиеттегі ең әсерлі көріністерінің бірі – Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы. Шығармада науқас баласының өмірін сақтап қалуға шарасызданған ана көлдегі аққуды атуға мәжбүр болады. Алайда оның бұл әрекеті табиғат пен адам арасындағы қалыптасқан үйлесімді бұзады. Поэмада аққу Жетімкөлдің ажырамас бөлігі, табиғаттың тазалығы мен сұлулығын бейнелейтін тіршілік иесі ретінде суреттеледі. Ананың әрекетін біржақты қатыгездік деп бағалау қиын. Өйткені ол мұндай қадамға баласын аман алып қалуға деген үмітпен барады. Бірақ әрекеттің салдары ауыр трагедияға ұласады. Осы арқылы ақын аналық махаббат, шарасыздық, табиғатқа қиянат және киелі ұғымының арақатынасын ашып берген сияқты. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасының құндылығы да осында. Шығармадағы қайғылы оқиға оқырманды адам өмірі мен табиғат алдындағы жауапкершілік туралы ойлануға жетелейді.
Қазақтың қасқырға деген көзқарасы да басқаша. Бір жағынан, қасқыр мал шаруашылығымен айналысқан халық үшін қауіпті жыртқыш болған. Екінші жағынан, көне түркілік дүниетаным мен аңыздарда бөрі еркіндік, қайсарлық және күштің символына айналған. Көкбөрі туралы мифтер түркі халықтарының шығу тегі мен тарихи санасына байланысты әңгімелерде кездеседі. Қасқыр мен адамның қарым-қатынасы Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» әңгімесінде әсерлі суреттеледі. Шығармада адамдар қасқырдың бөлтірігін інінен алып кетіп, ауылда өсіреді. Алайда Көксеректің табиғи болмысы өзгермейді. Ақыр аяғында адамға толық бағынбай, түзге кетеді. Әңгіме трагедиямен аяқталады. Қасқырды асыраған Құрмаш оның шабуылынан қаза табады. Әрине, бұл шығарма «қасқырдың киесі ұрды» деген тұжырымға әкелмейді. Дегенмен адам мен табиғат арасындағы шекараны бұзудың ауыр салдары туралы шығарма ретінде қарастыруға болады. Адамның жабайы жануарды өз еркіне толық бағындырғысы келуі трагедияға әкеледі. Мұнда кие туралы халықтық түсінікпен үндесетін ой бар: табиғаттың өз заңы болады, оған немқұрайды қарау қауіпті.
Кие ұғымы тек жануарлар мен құстарға қатысты қалыптаспаған. Қазақ халқында қасиетті мекендерге деген құрмет те ерекше орын алған. Тау, бұлақ, өзен-көл, үңгір, тарихи кесене мен қорымдарға байланысты көптеген аңыздар сақталған. Мұндай орындардың киелі саналуы әртүрлі себеппен түсіндіріледі.
Кейбір мекендер белгілі тарихи тұлғалардың өмірімен байланысты болса, енді бір жерлер әулиелер туралы аңыздар арқылы танылған. Басқа орындардың қасиетті саналуы табиғи ерекшелігіне немесе халық жадында сақталған тарихи оқиғаларға қатысты болған. Мысалы, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі тарихи, сәулеттік және діни маңызы бар орын ретінде белгілі. Ал Маңғыстау өңіріндегі жерасты мешіттері мен қорымдар жергілікті рухани дәстүрлермен және зиярат ету мәдениетімен тығыз байланысты. Халық арасында мұндай жерлерде әдеп сақтау, айналаны ластамау, орынсыз әрекет жасамау жөніндегі түсініктер қалыптасқан. Әрине, бұл мекендердің тылсым күші бар екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген дегенді білдірмейді. Олардың киелі саналуы халықтың тарихи жады, дүниетанымы және сенім жүйесімен байланысты. Бірақ осы ұғымның маңызды қыры – адамды тарихи және табиғи мұраға құрметпен қарауға шақыруында.
Қазақтың дәстүрлі түсінігінде кие мен кесір ұғымдары бір-бірімен байланысты. Киелі нәрсені құрметтеу құт пен берекеге бастайды деп сенілсе, оған қиянат жасаудың салдары жаман болады деген наным қалыптасқан. Осыдан «киесі ұрады», «кесірі тиеді» деген тіркестер тараған. Бірақ бұл сөздер тек қорқыту мақсатында ғана қолданылмаған. Олар кей жағдайда адамның әрекетін шектеуге, оны ұқыптылыққа және жауапкершілікке тәрбиелеуге қызмет еткен. Мәселен, құстың ұясын бұзбау, жануарға жөнсіз зиян келтірмеу, суды былғамау, табиғатты қадірлеу сияқты тыйымдардың астарында тіршілік ортасына зиян келтірмеу ұстанымын да көруге болады. Мұндай тыйымдардың барлығын тек кие туралы сенімнен шықпаған. Олардың бір бөлігі обал, ысырап, тазалық, адамгершілік және тұрмыстық тәжірибемен байланысты. Дегенмен халықтық наным мен тәрбиелік талаптардың кей тұста бір-бірін толықтырып отырғаны байқалады. Кейде адам белгілі бір әрекеттің неге дұрыс емес екенін толық түсінбесе де, үлкендердің «обал болады», «киесі ұрады» деген ескертуі оны сол істен тоқтатуға ықпал еткен. Осылайша, тыйымдар ұрпақтан-ұрпаққа берілетін мінез-құлық нормаларының біріне айналған.
Қазақ тілінде кие ұғымымен қатар «обал» сөзі де жиі қолданылады. Екеуі өзара байланысты болғанымен, мағынасы бірдей емес. Кие көбіне белгілі бір жанды немесе жансыз нәрсенің ерекше қасиетті саналуы және онымен байланысты тылсым күш туралы сенімді білдіреді. Ал обал ұғымы біреуге немесе бір нәрсеге орынсыз зиян келтіру, қиянат жасау, игілікті ысырап ету сияқты әрекеттердің моральдық тұрғыдан теріс бағалануымен байланысты. Мәселен, жануарды себепсіз қинау «обал» деп бағалануы мүмкін. Ал белгілі бір құсты киелі санап, оны атқан адамның кесірге ұшырайтынына сену кие ұғымына жатады. Бұл екі түсінік халықтың адамгершілік өлшемдерінде тоғысқанымен, шығу тегі мен мазмұны жағынан ерекшеленеді. Кие – қасиетке қатысты сенім болса, обал – адамның іс-әрекетіне берілетін моральдық баға.
Қазіргі қоғамда адамдардың табиғат пен қоршаған ортаны түсіндіру тәсілі өзгерді. Бұрын тылсым күшпен байланыстырылған көптеген құбылыстар бүгінде ғылым арқылы түсіндіріледі. Жануарлардың мінез-құлқы, табиғаттағы өзгерістер, адам өміріне әсер ететін түрлі факторлар ғылыми зерттеулердің нысанына айналды. Дегенмен кие туралы халықтық түсінік толық жоғалған жоқ. Бүгінде де «киелі жер», «киелі өнер», «домбыраның киесі», «қара шаңырақтың киесі» сияқты тіркестерді естиміз. Яғни, «киелі» сөзі адамның ерекше қадірлейтін, рухани тұрғыдан бағалайтын дүниесіне қатысты қолданылады. Мысалы, домбыраны киелі аспап деп атағанда оның қазақ халқының тарихы мен мәдениетіндегі орнын, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан музыкалық мұрасын меңзейміз. Сол сияқты туған жерді киелі санау адамның өзінің шыққан ортасына, ата-баба мекеніне деген құрметімен байланысты болуы мүмкін. Қазақтың «киесі ұрады» деген сөзінің астарында осындай маңызды ой жатыр.