Қр Ұлттық Ғылым Академиясында II Халықаралық Shoqan Forum Басталды
Бөлісу
05.11.202684
2026 жылғы 5 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында (ҚР ҰҒА) «Шоқан Уәлиханов феномені: Ұлы даланың зияткерлік мұрасы жаһандық контексте» атты II халықаралық Shoqan Forum өтіп жатыр.
2026 жылғы 5 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында (ҚР ҰҒА) «Шоқан Уәлиханов феномені: Ұлы даланың зияткерлік мұрасы жаһандық контексте» атты II халықаралық Shoqan Forum өтіп жатыр.
Форум ҚР ҰҒА-ның 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып, отандық және шетелдік ғалымдардың, тарихшылардың, зерттеушілердің, академиялық қауымдастық, мәдениет және медиа өкілдерінің басын қосты. Қатысушылар Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасын, оның Орталық Азияны зерттеуге қосқан үлесін және еңбектерінің қазіргі заман үшін маңызын талқылауда.
Форум Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы, Almaty Management University (AlmaU)-дің «Ұлы Дала академиясы» ғылыми орталығы және креативті индустриялар орталығы, Жетісу облысы әкімдігінің қолдауымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Іс-шара Шоқан Уәлиханов ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Рәсімге Ұлттық ғылым академиясының академиктері мен Шоқан Уәлиханов атындағы екі мектептің оқушылары қатысып, ғалымның рухына тағзым етті. Оқушылар арнаулар мен өлеңдер оқып, ұрпақтар сабақтастығын айшықтады.
Форумда ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хаты таныстырылды. «Ұлттық ғылымның болашағы – тарихи мұрамызды терең танып, оны жаңа ғылыми жетістіктермен сабақтастыра білуде», – деп атап өтілген құттықтауында. Министр тарихи мұраны заманауи ғылыми ізденістермен ұштастырудың және халықаралық әріптестікті дамытудың маңызына назар аударды.
ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ахылбек Күрішбаевтың құттықтау сөзін Академияның вице-президенті Абай Серікқанов оқып берді. «Шоқан мұрасына деген қызығушылық жүйелі ғылыми ізденіске ұласқанда ғана оның мол танымдық және ғылыми әлеуеті жан-жақты ашыла түседі», – делінген құттықтауда. Сондай-ақ архив құжаттары мен қолжазбаларды ғылыми айналымға енгізу, дереккөздердің сенімділігін қамтамасыз ету және бірлескен зерттеулерді кеңейту қажеттігі атап өтілді. Ғалым мұрасын заманауи цифрлық технологиялар арқылы зерделеудің мүмкіндіктеріне тоқталып, жасанды интеллект құралдарын қолдануда ғылыми дәлдік пен жауапкершілікті сақтау маңызды екеніне назар аударылды. Сонымен қатар форум аясындағы ғылыми пікірталастар нақты зерттеу бастамаларына ұласып, отандық және шетелдік ғалымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға негіз болуы тиіс екені айтылды.
AlmaU университетінің президенті әрі негізін қалаушысы Асылбек Кожахметов өз сөзінде форумның негізгі мақсаттары мен маңыздылығына тоқталды:
«Шоқан Уәлихановтың мұрасы – Қазақстанның интеллектуалдық тарихының маңызды бөлігі және бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Осы мұраны тереңірек зерттеу және кеңінен насихаттау мақсатында AlmaU университетінде зерттеушілердің басын қосып, Ұлы даланың тарихи-мәдени мұрасын дәріптеуге үлес қосып келе жатқан «Ұлы Дала Академиясы» ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді », – деп бөлісті.
Сонымен қатар Ресей географиялық қоғамының бірінші вице-президенті Артем Манукян қатысушыларға бейнеүндеу жолдады және халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының президенті Ақтоты Райымқұлова конференцияның әлеуеті мен маңызын атап өтті.
Форумның негізгі спикерлері ретінде тарих ғылымдарының докторы, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабульдинов және жазушы, журналист әрі Орталық Азияны зерттеуші Ник Филдинг сөз сөйледі. Өз баяндамасында Ник Филдинг Шоқан Уәлихановтың ғылыми еңбектерінің XXI ғасырдағы маңызына тоқталды.
«Шоқан Уәлиханов көрнекті ғалым ғана емес, өз білімін халқының мүддесі мен мәдени мұрасын қорғауға арнаған қоғам қайраткері болды. Бүгінде оның еңбектері халықаралық деңгейде қайта зерделеуді қажет етеді, ал ғылыми ұстанымы зерттеудегі объективтілік, әлеуметтік жауапкершілік және мәдениетаралық диалогтың үйлесімін көрсететін үлгі болып қала береді» – деп атап өтті Ник Филдинг.
Форум аясында Шоқан Уәлихановтың тарихи мұрасы мен оны дәріптеудің заманауи тәсілдеріне арналған екі панельдік сессиялар өтті. Бірінші панельдік сессия Шоқан Уәлиханов зерттеулеріндегі Ұлы Дала бейнесіне арналды. Қатысушылар қазақ тарихы, тарихи әдебиеттегі Шоқан тұлғасының көрінісі, сондай-ақ оның қырғыздың «Манас» эпосын зерттеуге қосқан үлесі туралы мәселелерді талқылады.
Сессия модераторы – PhD, AlmaU жанындағы «Ұлы Дала Академиясы» орталығының директоры Нұржан Құлұмжанов. Сессияға қатысушылар Уәлихановтың ғылыми және тарихи мұрасының түрлі қырларын, соның ішінде XIX ғасырдағы қазақ халқының тарихын, сол кезеңнің геосаяси ахуалын, мәдениетаралық байланыстарды және этнографиялық зерттеулердің маңызын қарастырды.
Пікірталасқа қатысқандар қатарында: Майрам Акаева – профессор, Халықаралық шығармашылық академиясының бірінші вице-президенті. Өз сөзінде ол Шоқан Уәлихановты «даланың Леонардо да Винчиі» деп атап, оның жан-жақты ғылыми дарыны мен зияткерлік әлеуетіне тоқталды. Дәурен Ескекбаев – тарих ғылымдарының кандидаты, Тарих және әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі. Ол Шоқан өмір сүрген кезеңдегі қазақ тарихына тереңірек тоқталып, сол дәуірдің тарихи ерекшеліктерін баяндады. Владимир Фетисов – жазушы, Орталық Азияның XIX ғасырдағы тарихына арналған тарихи романдардың авторы (Ташкент, Өзбекстан). Ол «Шоқан Уәлиханов – Ұлы ойынның жарқын өкілдерінің бірі» тақырыбында баяндама жасады. Чолпон Алиева – философия ғылымдарының докторы, профессор, «Ала-Тоо» халықаралық университетінің (Бішкек, Қырғызстан) пәнаралық қоғамдық және медицина ғылымдары кафедрасының меңгерушісі. Ол мәдениетаралық диалог мәселесін және Шоқан Уәлихановтың «Манас» эпосын зерттеуге қосқан үлесін қарастырды. Сәуле Үдербаева – тарих ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы. Ол Шоқан мен Ғази Уәлихановтардың өмірі, мұрасы және олар өмір сүрген тарихи кезеңнің ерекшеліктері туралы баяндады. Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығының (AERC) ғылыми жетекшісі, «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» халықаралық қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Жақсыбек Күлекеев әлі де терең зерттеулер қажет екенің ескертті.
«Шоқан Уәлиханов көрнекті ғалым әрі ағартушы ғана емес, XIX ғасырдағы Орталық Азияның тарихи-мәдени келбетін өз туындыларында бейнелеген дарынды суретші-график те болды. Оның көркем мұрасы қазақ бейнелеу өнерінің бастауында тұрған құнды мұралардың бірі ретінде терең әрі жан-жақты зерттеуді қажет етеді» - деп атап өтті Жақсыбек Күлекеев.
Екінші панельдік сессия журналистика, кинематография және креативті индустрия өкілдерін біріктіріп, цифрлық дәуірде Шоқан мұрасын насихаттаудың жаңа форматтарын талқылауға арналды. Пікірталас барысында оның өмірбаяны мен ғылыми мұрасын деректі және анимациялық кино, сондай-ақ цифрлық платформалар арқылы жаңаша пайымдауға бағытталған жобаларға ерекше назар аударылды.
Сессия модераторы – PhD, AlmaU Жоғары бизнес мектебінің Креативті индустриялар орталығының директоры Әсел Қамза болды. Дархан Әбдік, журналист, AlmaU Media and Film School көркемдік жетекшісі, «„Аққан жұлдыз“ деректі фильмі: Шоқан Уәлихановтың өмір жолына жаңа көзқарас» тақырыбында баяндама жасады. Журналист, деректі фильм режиссері және Қазақстанның ізгі ниет елшісі Майя Бекбаева «XXI ғасырдағы көркем-деректі кино: Шоқан Уәлиханов тарихын жаңғырту» тақырыбын ұсынып, «Шоқан» атты жаңа деректі фильмі туралы әңгімеледі. Самат Әлім, «Idea Cinema» продакшн-компаниясының продюсері, «Шоқан. Қашғарияға саяхат» анимациялық фильмінің продюсері, анимациялық жобаны әзірлеу тәжірибесімен бөлісті. Ол тарихи деректерді көркемдік қиялмен ұштастыру, тарихтан фэнтези жанрына көшу және «Шоқан. Қашғарияға саяхат» анимациялық фильмін жасау үдерісі туралы баяндады. Сессияны журналист, www.shoqan.kz жобасының жетекшісі Дәурен Меркеев қорытындылады.
Форум аясында «Shoqan AI: Ғалым мұрасына жаңа көзқарас» республикалық бейнебайқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқауға еліміздің әр өңірінен 96 қатысушы жасанды интеллект технологияларын қолданып әзірлеген 90 бейнежұмыс ұсынды.
6 қарашада форум Жетісу облысы Кербұлақ ауданының Шанханай ауылындағы Шоқан Уәлиханов мемориалдық кешенінде жалғасады. Форумның Шанханай ауылында өтетін көшпелі бөлігінің Жетісу облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылуы өңірдің қазақ тарихы мен ғылымының көрнекті өкілінің есімін ұлықтау және тарихи жадты сақтау ісіндегі айрықша рөлін айқындайды.
II Халықаралық Shoqan Forum Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасын заманауи зерттеулермен сабақтастырып, оның тарихи және зияткерлік құндылығын халықаралық деңгейде жаңаша пайымдауға мүмкіндік берді. Форум отандық және шетелдік ғалымдардың ғылыми ынтымақтастығын нығайтуға, тарихи мұраны сақтау мен цифрлық кеңістікте насихаттаудың жаңа бағыттарын айқындауға, сондай-ақ жас ұрпақтың ғылымға қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды алаң болды.