«Ұлттық пантеонда ұлы тұлғалар»: Астанада маңызды танымдық шара өтті

Бөлісу

13.11.2026 45

Астана халықаралық университетінің (AIU) Педагогикалық институты, «Мұрагерлер» үйірмесі және «Күй анасы» қоғамдық қоры бірлесіп, «Ұлттық пантеонда ұлы тұлғалар» тақырыбында сұхбат фильмін көру және талқылау шарасын өткізді.


 Басқосуға Қазақстан Журналистер академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тележурналист Махат Садықтың сұхбат фильмі негіз болған. 

Кездесуге AIU университетінің тарих мамандығының студенттері, оқытушылар және қоғамдық өмір мәселелеріне қызығушылық танытатын жастар қатысты. Сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткері, заңгер Ирак Елекеев, мемлекет және қоғам қайраткері, инженер-экономист Зейнолла Алшынбаев сынды ел ағалары қатысты.

Жиынның басты мақсаты — Ұлттық пантеонның мемориалдық маңызын, Қабанбай батырдың тарихи тұлғасын және ел дамуына үлес қосқан қайраткерлердің қоғамдық қызметін талдау арқылы студенттердің тарихи санасын, азаматтық жауапкершілігін және зайырлы дүниетанымын қалыптастыруға ықпал ету.

Кездесу барысында тележурналист Махат Садық оқу орнының студенттерімен ашық-жарқын әңгіме өткізді. Ардагер журналистің айтуынша, Астана маңында, Қабанбай батыр кесенесінің төңірегінде орналасқан Ұлттық пантеон тарихи жады мен ұрпақтар сабақтастығын зерделеуге мүмкіндік береді.

Кездесуде оның елге қызмет еткен адамдардың өмірі мен мұрасын танытатын мемориалдық кеңістік ретіндегі ерекшелігі жан-жақты сөз болды. Пантеонда жерленген тұлғалардың қоғамдық рөлі олардың лауазымы мен атақтары арқылы ғана емес, мәдениетке, ғылымға, мемлекеттік және қоғамдық өмірге қосқан нақты үлесі тұрғысынан талқыланды.

«Қабанбай батыр тұлғасының тәрбиелік мәні ел қорғау, жауапкершілік, ерлік және бірлік құндылықтарымен сабақтасып жатыр. Қазақтың бас батыры – Қабанбай батыр айтты дейтін:

Алыс-жақын демеймін, Мұсылман-кәпір демеймін. Атымды кім бірінші атаса, Соны қолдап жебеймін деген тәмсіл-сөз бар.

Ұлттық пантеон Астана маңында орналасқан, Қабанбай батыр кесенесінің айналасына салынған. Ол жерде мемлекеттің, ғылымның, мәдениеттің көрнекті қайраткерлерін, сондай-ақ Қазақстанның дамуына үлес қосқан тұлғалар жатыр. Бүгінгі күнге дейін онда мәдениет қайраткерлері Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Қонысбай Әбіл, Әнес Сарай жерленген. Ол жерде мұсылман-христиан деп бөлінбейді», — дейді Махат Садық.

Шараның көркін қыздырған арнайы қонақтардың бірі — қазақстандық танымал «Ashina» этно-тобының негізін қалаушы, жетекшісі және вокалисі, Жастар сарайының «Жігер» эстрадалық-джаз ансамблінің солисі Нұрлыбек Асылбекұлы Закенов болып, ол қатысушыларға «Алты Алаш» авторлық туындысын орындап берді.

Ел ағаларының естеліктері мен пантеонның ашылу тарихы

Кездесуге қатысқан белгілі қоғам қайраткерлері Ирак Елекеев пен Зейнолла Алшынбаев өз естеліктерімен бөлісіп, пантеонның ашылу тарихына тоқталды.

«Кезінде осы пантеон мәселесін парламент төрінде алғаш болып көтерген едім», - дейді Ирак Елекеев ол жерді ұлттық пантеонға айналдыру мәселесінің неден туындағанын еске алып.

Оның айтуынша, бұл бастама Алаш арысы Смағұл Сәдуақасұлының сүйегін елге әкелуден басталған.

«Мәскеудің түбінде Кремльде жатқан жерінен алып келдік туған еліне. Күлі ғана. Алып келген соң қай жерге қоямыз деген мәселе басталды. Сол кезде кейбір кісілер, белгілі азамат Еркеғали Рахмадиев ағамыз, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров сынды азаматтар Қабанбай батыр кесенесінің қасына жерлейік деген ұсыныстар айтты. Пантеон салу мәселесі осылай басталды», - дейді Ирак Қасымұлы.

Сондай-ақ қайраткер бұл шешімнің тарихи маңызына тоқталды.

«Бұл біздің тарихымызда қалатын нәрсе. Себебі, оған себеп болған бір жағдайды айтайын. Осы жерге келгеннен кейін 97-ші жылы біз көшіп кеттік қой Алматыдан. Сол кезде өмірден кеткен зиялылардың бәрін Алматыға алып барып қоятын. Ақселеу Сейдімбек бастаған ағаларымызды сонау жыраққа апарып қойдық. Әзірбайжан Мәмбетовті алып кетті Алматыға. «Бұл өзі қандай жер, астана емес пе, зиялыларын қоятын жер жоқ па?» дедік. Бірақ ол жер шенеуніктер жататын жер емес, Әбіштей абыздар жататын жер болуы тиіс», — дейді ол.

Ирак Елекеевтің бұл ұсынысын ел ағасы Зейнолла Алшынбаев та толық қолдады. Оның айтуынша, бастапқыда ол маңда Қабанбай батыр кесенесі ғана тұрған, басқа ешқандай зират болмаған. Кейін бұл жерге ұлт зиялыларын қою туралы бастама көтеріліп, қоғамдық тыңдаулардан кейін үлкен пантеон ашылған.

«Пантеон деген – ұлт мақтанышы. Ол шенеуніктер жататын жер болмауы тиіс, Әбіш Кекілбаев сынды ұлы тұлғалар жататын қасиетті жер болуы тиіс. Тарихи жағынан мәңгі сақталатын сондай тұлғалар», — деп атап өтті Зейнолла Өтежанұлы.

«Мұрагерлер» үйірмесінің тұсаукесері

Шара аясында «Мұрагерлер» үйірмесінің тұсаукесері өтіп, қатысушылар оның мақсаты, міндеттері және алдағы жұмыс бағыттарымен танысты.

Үйірменің негізгі мақсаты мен бағыттары:

Ұлттық тарихи-мәдени мұраны зерделеу және оны заманауи өмірмен сабақтастыру арқылы жастардың тарихи санасын, зайырлы дүниетанымын және қоғамдық белсенділігін дамыту.

Тарихи тұлғалар мен ұлттық мұраны ғылыми деректер негізінде таныту, жастардың зерттеушілік және сыни ойлау дағдыларын дамыту.

Күй, жыр, дәстүрлі ән және ұлттық өнер арқылы мәдени сабақтастықты нығайтып, жастардың шығармашылық бастамаларын қолдау.

Кездесулер, пікірталастар, танымдық сапарлар және медиажобалар арқылы азаматтық жауапкершілік пен зайырлы дүниетанымды қалыптастыруға ықпал ету.

Мәдени сабақтастықты, қоғамдық серіктестікті және білім жолындағы жастарға меценаттық демеу жүйелерін дамытуды мақсат тұтады.

Кездесу әрі қарай Махат Садықтың журналистік тәжірибесі аясында отандық журналистиканың жастар мәдениеті мен дүниетанымына тигізетін ықпалы жайлы өрбіді. Деректі фильм жасау, сұхбаттың тарихи тұлғаны танытудағы мүмкіндіктері, журналистің қоғамдық жауапкершілігі, ақпаратты тексеру және медиамәтінді сыни қабылдау мәселелері көтерілді.

Шара соңында студенттер тарихи-мәдени мұраны жастарға танытудың тәсілдері туралы өз ұсыныстарын ортаға салып, талқылау қорытындылары «Мұрагерлер» үйірмесінің алдағы танымдық жұмыстарына негіз болатыны айтылды.

Бөлісу