«Қазақ халқы Анна Панкратоваға қарыздар, ол кісіге ескерткіш қойылуы керек» – тарихшы
Бөлісу
12.11.202694
Қазақ халқы КСРО тарихшысы, академик Анна Панкратоваға қарыздар, ол кісіге ескерткіш қойылуы керек. Бұл туралы белгілі тарихшы Құндызай Ерімбетова Қазақстан тарихы порталына берген сұқбатында айтты, деп хабарлады e-history.kz.
Тарихшының айтуынша, Панкратова болмаса, қазақтың ұлттық тарихы жазылмас еді.
«Ғылымға келмей тұрып, Манаш Қозыбаев пен Зардыхан Қинаятұлы бастаған аға буын академиктердің «Анна Панкратоваға қарыздармыз» деген сөзін талай рет естідім. Кейін біржолата ғылымға бет бұрған соң, «күллі академиктер бас иетіндей, бұл Анна Михайловна не еткен тұлға?» деген ой мазалай берді. Белгілі академик Кеңес Нұрпейісұлының «Біз қарыздармыз» атты мақаласындағы: «Анна Михайловнаның бейнесі ұмытылмауы тиіс. 1937–1938 жылдары барлық интеллигенция өкілдерінің қуғын-сүргінге ұшырап, Асфандияров, Тынышбаев сынды тұлғалардың атылып кеткенін көріп отырып, Қазақстан тарихына жауапкершілік алу – бұл оның ерлігі. Мұны екінің бірі жасай алмайды» деген сөзі мені терең ізденіске жетеледі.
Шынында да, бұл кісі кейбір профессорлар мен академиктер жасай алмаған ерен ерлік жасап, қазақтың академиялық тарихының жарық көруіне тікелей мұрындық болды», – дейді Ерімбетова.
Панкратова бұл істе өз басын қатерге тіге отырып, батылдыққа барған.
«Тарихқа үңілсек, ол 1944 жылы Қазақстан тарихын қорғауға байланысты Сталин мен Маленковқа жиырмадан астам хат жазған. Хаттарында: «Мыналар Қазақстан тарихы жоқ деп жатыр, осындай ғажайып елдің тарихы болмауы мүмкін емес, тарихты жоғалтуға болмайды» деп қадап айтты. Алайда ол кезде бұл әрекет оңайға түскен жоқ. Ленинград пен Мәскеудің талай атақты академиктері: «Сен ұлты жоқ, мемлекеті жоқ біреулерді тауып алып, оның ұлты бар, мемлекеті құрылды, терең тарихы бар деп отырсың! Ол аз болса, солардың ешкімге керек емес тарихын академиялық деңгейде шығарып отырсың. Бұл – кеңес халқына қарсы пропаганда» деп Панкратованы мазақ қылып, қарсы шықты. Мұндай идеологиялық қысымға қарсы тұрудың өзі үлкен батылдық еді», – дейді ол.
Айтуынша, бұл еңбектің дүниеге келуі де оңай болған жоқ. Сондай-ақ, бұл соғыстың аса ауыр жылдарында, идеологиялық қысым мен цензураның күшейген тұсы еді.
Бірақ соған қарамастан ұлт зиялылары «Қазақ КСР тарихының» (көне заманнан біздің заманға дейін) алғашқы академиялық жинағын дайындауға бел буады.
Оған Мұхаммеджан Әбдіхаликов, Ермұхан Бекмаханов, Әлкей Марғұлан бастаған ұлт қаймақтары, маңдайалды ғалымдары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Алайда қажырлы еңбек пен үлкен ізденіспен келген тарихты орталыққа өткізу мүмкін болмайды.
«Мәскеуге келген 10 маман орталық комитеттен, не Тарих институтынан, не Оқу бөлімінен қолдау таба алмай, қонақүйде 10 күн қаңғып қалды, қалталарындағы ақшалары да таусылды. Ондай қиын сәтте Панкратова оларға қол ұшын созып, Мұхаммеджан Әбдіхаликовпен бірлесе отырып жол тапты. Сол кездегі жиналыстардағы тартыстарда Анна Михайловна өз басын қатерге тіге отырып, еңбекті өз қорғауына алды.
Ақыры мойындатты. 1943–1944 жылдары жарық көрген бұл жинақтың маңызы орасан зор болды. Әскери құрамаларға таратылған кітапты оқығандардың көзіне жас алғаны да тегін емес. Өйткені бұл еңбекте ешкімге ұқсамайтын ерекшеліктер бар еді:
Біріншіден, алғысөзінің тақырыбының өзі «Қазақ КСР-і – қазақ халқының қайта түлеген республикасы» деп аталып, басты акцент ұлтқа берілді.Екіншіден, кіріспесі біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырдан басталып, антикалық, қытай, араб деректеріне, шежірелерге және қазақтың ұлттық ауыз әдебиетіне сүйенді.
Мұның бәрі Санжар Асфандияров, Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев бастаған зиялылардың еңбектері мен идеяларының негізінде қаланды. Мұхаммеджан Әбдіхаликов редакторлықты мойнына алып, ал Панкратова барлық саяси жауапкершілікті өзіне алды.
Өкінішке қарай, кейінгі кезеңде бұл тарихи қабаттарды қайтадан бұрмалап, тайпалық бірлестіктерді, Түркі қағанатын, Қараханидтер мемлекетін оқулықтардан алып тастағысы келген әрекеттер болды. Бірақ кітап шығып үлгергендіктен, тамырын түбегейлі кесіп тастау мүмкін емес еді. Қазақстан Ғылым академиясының атқарған қызметі – сол тамырдың үзіліп кетпеуіне қалқан болғаны», – дейді Ерімбетова.