XIX ғасырда бір адамның фотосын түсірудің өзі арнайы құрал-жабдықты, химиялық ерітінділерді және біраз уақытты қажет ететін күрделі жұмыс болған. Фотография қазақ даласына да XIX ғасырдың ортасында келді. Ал қазақтың өз ішінен фотографиямен кәсіби түрде айналысқан алғашқы тұлғалардың бірі – ақын Шәңгерей Бөкеев.
Фотографияны адамзат қашан ойлап тапты?
Фотография бір күнде пайда болған жоқ. Оның негізінде жарықтың заттың бейнесін қалыптастыру қасиеті жатыр. Адамдар жарықтың бейне түсіре алатынын ерте кезден байқаған. Соның бір мысалы «қараңғы бөлме». Оның жұмыс істеу принципі қарапайым: қараңғы бөлменің немесе жәшіктің бір қабырғасындағы кішкентай саңылаудан жарық кірсе, сырттағы заттардың бейнесі қарсы қабырғаға төңкеріліп түседі. Бұл әдіс Еуропада XV–XVI ғасырларда суретшілерге нысанды дәл көшіруге көмектесетін құрал ретінде кең қолданылған. Бірақ қабырғада пайда болған бейнені сол күйінде сақтап қалу мүмкін емес еді.
Осы мәселені шешуге XIX ғасырдың басында француз өнертапқышы Жозеф Нисефор Ньепс кірісті. Ол жарыққа сезімтал заттарды пайдаланып, камерада пайда болған бейнені тұрақты түрде бекітуге тәжірибе жасады. Ньепстің 1826–1827 жылдары алған «Le Gras терезесінен көрініс» фотосуреті тарихта сақталған ең алғашқы фотосурет ретінде кеңінен танылады. Ол үшін Ньепс камера-обскураны және жарыққа сезімтал битум жағылған қалайы пластинаны пайдаланған.
Le Gras терезесінен көрінісі
Ньепстің әдісі қазіргі фотографиядан әлдеқайда күрделі еді. Оның үстіне сурет алу үшін өте ұзақ экспозиция қажет болды. Сондықтан бұл технологияны күнделікті қолдануға әлі ерте болатын. Ньепс кейін француз суретшісі әрі өнертапқыш Луи Дагермен жұмыс істей бастады. 1829 жылы екеуі серіктестік құрды. Ньепс 1833 жылы қайтыс болғаннан кейін Дагер тәжірибелерді жалғастырып, жаңа әдісті жетілдірді. Нәтижесінде дагеротип пайда болды. 1839 жылы 7 қаңтарда Дагердің жұмыстары Париждегі Француз ғылым академиясында таныстырылды. Ал сол жылдың 19 тамызында дагеротип жасау әдісі ресми түрде жарияланды. Бұл дата фотографияның қоғамдық тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі саналады. Дагеротиптің ерекшелігі – сурет күміспен қапталған мыс пластинаға түсірілді. Әрбір сурет бірегей болатын: қазіргі фотосурет сияқты бір негативтен ондаған көшірме жасау мүмкін емес еді. Соған қарамастан технология өте тез тарады. 1840-жылдары Еуропа мен Америкада фотостудиялар ашылып, адамдар алғаш рет өз портретін салыстырмалы түрде дәл бейнеде қалдыру мүмкіндігіне ие болды. Осы кезең фотографияның нақты технология ретінде қалыптасуындағы негізгі кезеңдердің бірі саналады. Ал фотография Қазақстанға көп ұзамай жетті.
Тұңғыш қазақ фотографы?
Шәңгерей Бөкеев – Жәңгір ханның немересі, ақын, ағартушы. Оның көп айтыла бермейтін қырларының бірі – фотографиямен айналысқаны.
Шәңгерейдің фотоаппаратқа қалай ие болғаны туралы дерек 1901 жылмен байланысты. Сол жылы Бөкей Ордасының құрылғанына 100 жыл толуына орай Санкт-Петербургте мерекелік шаралар өтіп, оған Бөкей әулетінің өкілдері шақырылған. Сол сапарға Шәңгерей Бөкеев те барған.
Қазақстан тарихы порталындағы Шәңгерей Бөкеев музейі туралы материалда ІІ Николай Шәңгерейге фотоаппарат пен қажетті құрал-жабдықтарды сыйға тартқаны жазылған. Елге оралғаннан кейін Шәңгерей фото түсіруді меңгеріп, айналасындағы адамдар мен тарихи ортаны суретке түсіре бастаған.
Бұл мәліметті бірнеше қазақстандық дереккөз қайталайды. Мысалы, «Жайық Пресс» 1901 жылы Петерборда Николай ІІ Шәңгерейге барлық құрал-жабдығымен бірге фотоаппарат сыйлағанын жазады. «Egemen Qazaqstan» да осы деректі келтіреді. Президенттік орталықтың 2024 жылғы фотоаппараттар көрмесі туралы материалында да 1901 жылғы оқиға дәл осылай сипатталған.
Бірақ мұнда бір ескертуді ұмытпаған жөн. Қазіргі ашық деректерден фотоаппаратты сыйға тарту рәсімінің ресми хаттамасы немесе Николай ІІ-нің қолы қойылған сыйлық құжаты табылған жоқ. Сондықтан бұл мәліметті «патша мұрағатындағы құжатпен дәлелденген факт» деп емес, Шәңгерейдің өмірбаянына қатысты қалыптасқан тарихи дерек ретінде берген дұрыс.
Сонымен қатар фотографтың өзі де бұл іске кездейсоқ қызықпаған сияқты. Шәңгерей жаңалыққа бейім адам болған. Оның үйінде фонограф, рояль, үлкен фотоаппарат және оған қажетті түрлі құрал-жабдықтарболғаны туралы Шәңгерейдің ұрпағы Шолпанай Аманжолованың естелігі жарияланған. Ол Шәңгерейдің фонографты, фотоаппаратты және велосипедті пайдаланғанын айтады.
Ол кездегі фотоаппарат қандай болды?
Шәңгерей пайдаланған фотоаппараттың нақты маркасы мен моделі туралы ашық дерек әзірге жоқ. Сондықтан оның қандай камера болғанын дәл атап айту қиын. Бірақ 1901 жылы Шәңгерей фотографиямен айналыса бастаған кездегі фотоаппараттардың қандай болғанын сол кезеңде шығарылған камералар арқылы шамалауға болады. Ол кездегі камера қазіргі телефоннан ғана емес, бүгінгі кәсіби фотоаппараттардан да мүлде бөлек еді. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында кең тараған камералардың бірі – ағаш қорапты, гармошка тәрізді созылып-жиналатын мехі бар пластинкалы камералар еді. Алдыңғы жағында объектив, артқы жағында фотопластина орналасатын. Камера әдетте штативке қойылатын. Мысалы, Смитсон институтының коллекциясындағы 1880-жылдардағы Eastman камерасы ағаш, металл және шыныдан жасалған, өлшемі шамамен 30 × 23,5 × 60 сантиметр. Мұндай камералар 1880-жылдардан XX ғасырдың басына дейін кәсіби және әуесқой фотографтар арасында қолданылған. Камераның ішінде бүгінгідей пленка болмады. Оның орнына жарыққа сезімтал шыны пластиналар қолданылды. Фотограф түсірілім алдында пластинаны арнайы ұстағышқа орналастырып, оны камераның артқы жағына бекітетін. Объектив арқылы жарық түскен кезде бейне осы шыны пластинаға жазылатын. Мысалы, 1884 жылы шығарылған American Optical камерасы дәл осындай 4×5 дюймдік шыны пластиналармен жұмыс істеген.
Eastman камерасы. Сурет time.com сайтынан алынды
Шынының өзі жұқа болғанымен, оны бірнеше данамен алып жүру ыңғайлы емес еді. Оның үстіне пластиналарды шаңнан, соққыдан және жарықтан қорғау керек болды. Сондықтан фотографтың сөмкесінде камерадан бөлек пластина салынған қораптар, штатив және басқа да керек-жарақтар болған.
Ал сурет қалай түсірілді?
Фотограф алдымен камераны штативке орналастырады. Нысанды таңдап, жарықты реттейді, камераны фокусқа келтіреді. Содан кейін жарыққа сезімтал шыны пластина камераға салынып, объектив ашылады. Пластинадағы көзге бірден көрінбейтін бейнені химиялық жолмен өңдеу керек болды. Сол үшін арнайы қараңғы бөлме қажет еді. Фотограф пластинаны жарық түспейтін жерде химиялық ерітінділермен өңдеп, бейнені шығаратын. Кейін оны бекітіп, жуып, кептіріп, сақтайтын. Осы процестің күрделілігін түсіну үшін бір мысал жеткілікті: XIX ғасырдың ортасында кең тараған ылғалды коллодион процесінде шыны пластинаны түсірілімнің алдында дайындап, сурет түсірілгеннен кейін оны бірден өңдеу қажет болған. Сондықтан фотографтар сапар кезінде өздерімен бірге шағын көшпелі қараңғы бөлмелер де алып жүрген. Кейін құрғақ фотопластиналар пайда болған соң жұмыс біршама жеңілдеді. Пластинаны алдын ала дайындап қоюға болатындықтан, фотографқа әр түсірілім алдында химиялық процесті орындаудың қажеті азайды. Бұл фотографияның кәсіби және әуесқой ортада кең таралуына әсер етті.
Неге фотографтың басына қара мата жабылатын?
Ескі фотосуреттер мен фильмдерден фотографтың камераның артына қара мата жауып отырғанын жиі көреміз. Фотограф камераның артындағы фокустау экранына түскен бейнені көруі керек болды. Ал сырттан түсетін жарық экрандағы кескінді нашарлататын. Сондықтан фотограф қара матаның астына кіріп, бейнені қарап, камераны қажетті деңгейде реттейтін. Мұндай камералардың кейбірінде объективтің фокусын алға-артқа жылжыту арқылы өзгертуге мүмкіндік беретін арнайы механизм болған. XIX ғасырдың соңындағы камералардың музейлік үлгілерінде ағаш корпус, жиналмалы штатив, объектив және қара матадан жасалған қап сияқты керек-жарақтардың бірге қолданылғаны көрінеді.
Шәңгерейдің қараңғы бөлмесі
Шәңгерейдің фотографиямен айналысқаны жайлы деректерде оның суретті өзі өңдегені және бұл үшін арнайы жағдай жасағаны айтылады. Бүгінде Шәңгерей Бөкеев музейінің экспозициясында сол кезеңдегі фотографиялық жұмысты көрсету үшін қараңғы бөлменің үлгісі жасалған. Яғни Шәңгерей үшін фотография фотоаппаратты ұстап, сурет түсірумен ғана шектелмеген. Ол кезде фотограф бір мезгілде камерамен жұмыс істейтін, фотопластинаны дайындайтын және алынған кескінді өңдейтін адам болуы керек еді.
Шәңгерейдің фотографияға арналған бөлмесінің макеті
Фотография Қазақстанда қалай тарады?
Фотография Қазақстанға келгеннен кейін бірден жаппай тарала қойған жоқ. Алғашқы кезде фотоаппарат пен оған қажетті химиялық заттарды жеткізу қиын болды, ал фотографияның өзі арнайы білімі мен жабдығын қажет ететін кәсіп еді. Соған қарамастан XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанның ірі қалаларында фотосалондар мен жеке шеберханалар пайда бола бастады. Фотографияның таралуында Семей, Верный, Омбы, Орынбор сияқты қалалардың рөлі ерекше болды. Бұл қалаларда сауда, әкімшілік және мәдени байланыстар дамығандықтан, жаңа технологиялар да салыстырмалы түрде тез орнықты.
Верныйдағы Лейбиндер әулеті
Қазақстандағы ерте фотография тарихында Лейбиндер әулетінің орны ерекше. Соломон Лейбин XIX ғасырдың екінші жартысында Семейде фотографиялық кәсіппен айналысқан. Кейін оның отбасы Верныйға көшіп, 1873 жылы фотосалон ашқан. Бұл қазіргі Алматы аумағындағы алғашқы фотостудиялардың бірі саналады. 2019 жылғы ғылыми мақалада да Соломон Лейбиннің 1873 жылы Верныйда алғашқы фотостудиялардың бірін ашқаны көрсетіледі. Лейбиндер портретпен ғана шектелмеді. Олардың фотосуреттерінде Верный қаласы, Жетісудың табиғаты, көшелері мен ғимараттары да сақталған. Кейін отбасы ашық хаттар шығарып, өңірдің көріністерін кеңірек тарата бастады. Лейбиндер түсірген Жетісу көріністерінің Ресейден тыс жерлерге де тарағаны туралы деректер бар..
Шәңгерейден кейін кімдер келді?
Шәңгерей Бөкеев қазақ фотографиясының алғашқы кезеңіндегі маңызды тұлғалардың бірі болғанымен, Қазақстандағы фотографияның дамуы онымен аяқталған жоқ. XX ғасырдың басында фотография біртіндеп жеке кәсіптен кәсіби қызметке, одан әрі дерек жинаудың бір тәсіліне айнала бастады. Осы кезеңдегі ең белгілі есімдердің бірі – Дмитрий Багаев. Дмитрий Багаев 1905 жылы Павлодарда алғашқы фотосалонын ашты. Ол кезде «фотосалон» деген қазіргі атау әлі қалыптаспаған, фотограф өзінің жеке шеберханасында жұмыс істейтін. Багаевқа жұмыс істеуге рұқсатты сол кездегі әкімшілік берген. Алғашқы кезде оның негізгі кәсібі портрет түсіру болды. Бірақ Багаевтың жұмысы уақыт өте келе кеңейді. Ол қала тұрғындарын ғана емес, Павлодар өңірінің ауылдарын, табиғатын, өндіріс орындарын және қарапайым халықтың тұрмысын да түсірді.
Дмитрий Багаев. Сурет esquire.kz сайтынан алынды
Оның 1905–1958 жылдар аралығындағы мұрасында 3000-нан астам негатив сақталған. Бүгінде бұл материалдар Павлодар өңірінің тарихын зерттеудегі маңызды визуалды қорлардың бірі саналады. Багаевтың тағы бір ерекшелігі – ол фотоаппаратты студиядан тыс жерге алып шықты. 1928 жылдан бастап ол өз қаражатына экспедицияларға шығып, қазақ ауылдарының тұрмысын, адамдарын, дәстүрін және өңірдің табиғатын түсірді. Оның архивінде бай отбасылардың да, қарапайым ауыл тұрғындарының да фотосуреттері бар. Осы тұрғыдан Багаевтың фотографиясы сол кездегі қазақ қоғамының әлеуметтік құрамын да көруге мүмкіндік береді. Багаевтың үй-музейінде оның пайдаланған фотографиялық техникасының бір бөлігі де сақталған. Мысалы, музейде 1907 жылы шығарылған Voigtländer & Sohn фирмасының павильондық фотоаппараты бар. Багаев бұл камераны 1928 жылы Мәскеуде фотограф Моисей Наппельбаумнан сатып алған. Бұл деталь сол кезеңдегі фотографияның қалай жұмыс істегенін түсінуге көмектеседі. Мұндай камералар үлкен павильонда штативке орнатылып, негізінен портрет түсіруге пайдаланылды.