Қазақ түсінігінде қаза тек жеке отбасының ғана емес, бүкіл ағайын-туыс, ауыл-аймақтың ортақ қасіреті деп саналған.
Қазақ халқының салт-дәстүрінде өмір мен өлім бір-бірінен ажырамас ұғымдар. «Тумақ бар жерде өлмек бар», «Өмір бар жерде өлім бар» деген мақалдар осыны айғақтайды.
Қаза – жеке отбасының ғана емес, бүкіл ағайын-туыс, ауыл-аймақ, ел-жұрттың ортақ қайғысы саналады. Сондықтан қаза туралы хабарды жеткізудің өзіндік қатаң әдебі, жөн-жоралғысы қалыптасқан. Ол – естірту дәстүрі мен көңіл айту әдебі.
Бұған дейін осы естірту әдебі туралы сөз еткен едік. Енді осы естіртуден кейінгі рәсімдер туралы сөз қозғамақпыз.
Естіртуден кейін бірден көңіл айту басталады. Жанашырлар «Ой, бауырым!» деп жылап көріседі, қайғыға ортақтасады. Содан кейін жұбату сөздері айтылады: «Алла сабыр берсін!», «Басың аман болсын!», «Топырағы торқа болсын» және т.б.
Қазалы үй тұлданады: қара жамылады, қара ту тігіледі, тұл ат байланады. Жоқтау айтылады – марқұмның жақсылығын, ерліктерін жырлау. Жоқтау жылы өтіп, ас берілгенше жалғасуы мүмкін.
Көңіл айту – жақын адамынан айырылған адамның қайғысына ортақтасып, жұбату, сабырға шақыру, қолдау көрсету дәстүрі. Бұл – тек сөз айту емес, адамгершіліктің, жанашырлықтың, ұлттық бірліктің көрінісі. Көңіл айту естіртуден кейін басталып, жұбатумен, жоқтаумен жалғасады.
Көңіл айту – қазалы үйге барып, марқұмның жақындарына қайғыларын бөлісу, иман тілеу, тірлікке қолдау көрсету. Қазақ түсінігінде өлім жеке отбасының ғана емес, бүкіл ағайын-туыс, ауыл-аймақтың ортақ қасіреті. Сондықтан әрбір бас көтерер адамның қаралы үйге келіп көңіл айтуы – парыз саналады. Арнайы келіп көңіл айтпаған, бата оқымаған адамға өкпелеу дәстүрі болған.
Көңіл айтудың басты мақсаты:
Марқұмға иман, жәннат тілеу;
Қалғандарға сабыр, өмір, жақсылық тілеу;
Қайғыны бірге көтеріп, адамды жалғыз қалдырмау;
Тіршілікке жігер беру.
Көңіл айту рәсімдерінің тәртібі
Көңіл айту бірнеше өзара байланысты рәсімдерден тұрады:
Дауыс шығару (қара дауыс, жылау).
Көңіл айтуға келгендер үйге жақындағанда ат-көлігін кермеге байлап, «Ой, бауырым!» деп дауыс салып келеді. Бұл – қайғыға ортақтықтың белгісі. Әйелдер жоқтау айтып, зарлы дауыспен жылайды.
Көрісу.
Ер адамдар сыртта тұрып, бір-бірімен құшақтасып, қайғыларын бөліседі. Әйелдер ішке кіріп, көріседі. Көрісу – қайғыны ортақ етудің маңызды бөлігі.
Көңіл айту (жұбату, тоқтам айту).
Сабырға келгеннен кейін бір-бірлеп қол алысып, көңіл айтады. Сөздер ойлы, ұтқыр, мақал-мәтелмен астасып келеді.
Қалыптасқан көңіл айту сөздері
Қазақ тілінде көңіл айтудың бай сөздік қоры бар. Ең жиі қолданылатындар:
«Өлгеннің соңынан өлмек жоқ, өлгенге қайтып келмек жоқ».
«Ат тұяғын тай басар».
Жас ерекшелігіне қарай сөздер өзгереді:
Сәби шетінесе, «Шапағатшы болсын», «Балаларыңыз шапағатшы болсын», «Алтын босаға аман болсын» делінген
Жас адам қаза болса, «Қалған өмірін сіздерге берсін», «Көрмеген қызығын сіздер көріңіздер», деп басу айтқан.
Қарт адам көз жұмса, «Иман байлығын берсін», «Жасын берсін» дейтін болған.
Қазақ би-шешендері көңіл айтуды өнер деңгейіне көтерген. Байдалы би Айғанымға: «Үміт, сенім, тілек бар, қуантып, қуат алдырар. Жылау деген азап бар... Мен қайғыңды қозғағалы келгем жоқ, қайратыңды қолдағалы келдім» деп айтқан. Бөлтірік шешен: «Дос көтерер өлімді, бекем бу төрем беліңді!» деп жұбатқан.
Көңіл айту бірнеше кезеңге бөлінеді:
Алғашқы 3 күн – ең ауыр қайғы;
7 күн, 40 күн – арнайы ас беріліп, адамдар келіп тұрады;
Жыл асы – азалы кезеңнің аяқталуы.
Осы күндері «көңіл шай» беріледі – қайғылы үйге келгендерге шай, тамақ ұсынылады. Бұл – қолдаудың белгісі.
Бүгінгі күні техниканың дамуына байланысты естірту дәстүрі өзгеріп барады. Көп жағдайда телефонмен, WhatsApp арқылы немесе әлеуметтік желілерде бірден хабарлайтын болды. Бұл дәстүрдің мәнін жоғалтып, адамды кенеттен соққыға ұшыратады. Кейбір ауылдық жерлерде әлі де ескі жол сақталса да, қалада ол сиреп барады.
Дегенмен, естірту мен көңіл айту - қазақтың адамгершілік, жанашырлық, сөз өнерінің ең биік көріністерінің бірі. Ол адамның жанын аялап, қайғыны бірге көтеруге үйретеді. Бұл дәстүрді ұмытпау, жас ұрпаққа жеткізу – әрқайсымыздың парызы. Себебі дәстүр – халықтың рухани байлығы, ұлттық болмысының айнасы.
Қазақтың қазаны естірту әдебі – тек хабар беру емес, адамды адам ретінде құрметтеудің, қайғыны ортақ етудің, сөздің құдіретін пайдаланудың үлгісі.
Қазіргі заманда көңіл айту сақталып отыр, бірақ формасы өзгерген. Телефонмен, мессенджерлермен хабарласу кең таралды. Дегенмен, мүмкіндігінше үйге барып, бетпе-бет көңіл айту – әлі де жоғары бағаланады. Дәстүрді сақтау – ұлттық бірлікті, жанашырлықты нығайтудың жолы.
Қазақы көңіл айту – адамды жалғыз қалдырмаудың, сөздің емдік күшін пайдаланудың, қайғыны ортақ етудің үлгісі. Ол халқымыздың адамгершілік қасиетін, рухани байлығын көрсетеді.