“Шыңғысхан әлемді алды, бірақ артында түк қалған жоқ”
Бөлісу
02.10.2026294
Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының «Қаламгер ұстаханасы» жобасы аясында қазақ әдебиетінің классигі Төлен Әбдік арнайы лекция оқыған-ды. Жазушының лекция барысында тарих жайлы айтқан орамды ойларын оқырман қауымға ұсынғымыз келеді.
Тарихшының жауапкершілігі
Шамамен өткен ғасырдың 70-ші жылдары, тарихи тақырыпқа деген сұраныс өте үлкен болды. Оның себебі, Кеңес өкіметі тұсында тарихи шындық шектеулі болды. Ақтаңдақтар көп болды. Халық өз тарихын білгісі келді. Сол себепті тарихи тақырыпқа жазылған романдар көптеп жариялана бастады. Әлемде де тарихи тақырыптармен шыққан туындылар болды. Бірақ олардың мақсаты сәл басқаша еді. Олар тарихи тақырыпты өз идеяларына пайдаланды. Ал бізде керісінше халыққа тарихты танытамыз деген мақсатпен жазылды. Содан барып, шығарманың көркемдік жағын екінші, үшінші планға қалдырады. Шығарманы талдағанда, тарихты білуге тырысып, ана жері дұрыс емес, мына жерде былай болмады деген сияқты сөздердің төңірегінде ғана болады. Ал енді оның идеялық жағына көбіне мән берілген жоқ еді.
Шын мәнінде, әдебиет тарихты жасай алмайды. Тарих деген ол – ғылым. Тарихты ғалымдар жасайды. Тарих ғылымы жасайды. Ал әдебиетші тарихты пайдалануы мүмкін.
Әдебиет деген ішкі сезім арқылы қабылданатын дүние ғой. Әдебиетте өмірді зерттейді. Бірақ әдебиет пен өнер жүрекпен қабылданады. Адамға әсер ету керек. Ал егер адамға әсер етпесе, ол көркем шығарма емес. Философияда үлкен ойлар айтылуы мүмкін. Бірақ ол тек ақылмен ғана қабылданады. Адамды жылататын, адамды күлдіретін, адамды тіксіндіретін – әдебиет пен өнер. Мұны бір деп қояйық. Мысалы, Шекспир де тарихи тақырыпты пайдаланды. Бірақ оны халыққа таныту үшін емес, өзінің философиялық идеяларына пайдаланды. Адамның жан дүниесін ашу, адам жан дүниесіндегі толып жатқан жақсылы-жаманды құндылықтарды көрсету. Сол арқылы заман тынысын көрсете алу деген сияқты. Әдебиеттің өмірде алатын орны қандай? Осы тұста сұрақ туындайды. Көркем әдебиет деген – бұл ізгілік пен зұлымдықтың күресін суреттеу арқылы, адамның тағдыры арқылы өмірді түсінуге, адамгершілік сананы қалыптастыруға ықпал жасайтын өнер туындысы. Әдебиет өмірді түсіндіруге көмектеседі десек, өмірді түсіну деген – жамандықпен жақсылықты айыру. Мына өмірдің тірегі – жақсылық. Адамдар бір-біріне жақсылық жасауды үйренгеннің арқасында жер бетінен құрып кетпей, бүгінгі күнге дейін жетіп отырмыз. Ал егер тек жауластықпен ғана өмір сүргенде, баяғыда-ақ жер бетінен бір-бірін құртып тынатын еді. Сондықтан осы айтып отырғанымыздың бәрі де, айналып келгенде «мораль» деген бір сөзге келіп тіреледі. Бүгін қазақшаға «адамгершілік» деп аударып жүр екен. Немістің ұлы философы Иммануил Канттың сөзі бар. «Мені таңқалдыруды қоймайтын екі-ақ зат бар. Бірі – төбемдегі жұлдызды аспан, екіншісі – менің ішімдегі адамгершілік заңы»,- дейді.
Тарих және ұлтшылдық
Қарап отырсақ, бәрі айқын секілді. Жақсылықтың өмірге керек екендігі. Жақсылықтың әділ екендігі, жақсылықтың жеңіске жету керек екендігі. Бірақ бүгінгі күнге дейін жақсылық неге жеңіске жете алмайды?
Зұлымдықты қолдайтындар бізге тек зұлым адамдар секілді көрінеді. Бірақ барлық уақытта олай емес. Мысалы, кезінде Гитлерді қолдаған талай үлкен жазушылар, ғалымдар, композиторлар болған. Соның бірі – Норвегияның ұлы жазушысы Кнут Гамсун деген кісі. Сол кісінің баяғыда «Аштық» деген бір романын оқығам. Психологиялық тұрғыда жазылған өте керемет роман. Сол өзінің «Соки земли» деген эпопеясымен 1920 жылы Нобель сыйлығын алған. Осындай ғажайып жазушы Гитлерді қолдап, 1943 жылы өзінің Нобель сыйлығының медалін фашизмнің идеологы Йозеф Геббельстің қолына салтанатты түрде тапсырған жан.
Мысалы осындай істерге барған. Соғыс біткен кезде, сондай ұлы жазушының өзін соттауға мәжбүр болды. 90-ға келіп қалған қарт адам түрмеге отырмаса да, жындыханаға түсті ме, әйтеуір өмірінің соңы сондай нашар аяқталды. Екінші бір жазушы отызыншы жылдардың классигі атанған атақты жазушы Пьер Дриё ла Рошель, тіпті Гитлер туралы кітап жазған адам. «Өмірді жақсартатын үш адам бар. Ол Гитлер, Сталин и Муссолини», - деп кітап жазған. Ақыр соңында 1945 жылдары өз-өзіне қол жұмсап өлді. Мартин Хайдеггер деген ғажап философ әрі ақын нацистік партияға мүше болып кірген. Фашизм билікке келген кезде, университетке ректор болып, бүкіл студенттерді «Гитлерге адал болу керек!» деген рухта тәрбиелеген. Мінекей, енді осыдан не туындайды? Неге бұлай? Бұл сұрақтар әлі де болса, жауабын таба алған жоқ. Бұдан туындайтын бір-ақ дүние, адам әлі кемелденген жоқ. Баяғы қатыгездік, жауластық, опасыздық, сатқындық деген сынды қасиеттерден әлі арыла қойған жоқпыз. Арылу үстіндеміз.
Ал енді халық қателеспейтін ұлы данышпан деп ойлаймыз. Халық та қателеседі. Гитлерді билікке алып келген – неміс халқы. Соның зардабын бүкіл адамзат көрді. Бұл неміс халқының қателігі болатын.
Осы күнге дейін, өзінің халқынан болса болды, ол қарақшы ма, тиран ба, алаяқ па, әйтеуір белгілі адам болса болды деп, соны мақтаныш қылу әлі күнге дейін бар. Мәселен, Оңтүстік Америкадағы үндістерді қырып-тонап, айуандық әрекеттер жасаған қарақшы Христофор Колумбты көкке көтеру Еуропаның бірнеше ғасырға созылған идеологиясына айналды. Әлі де солай келе жатыр. АҚШ-та Колумб күні мемлекеттік мереке болып есептелінеді. Ал енді мына қызықты қараңыз, дәл сол кезде, Америкадағы үндістерді қорғап, Испан колонизаторлары мен Христофор Колумбтың айуандық әрекеттерін батыл сынаған, соларды сынай отырып, Испан Короліне хат жазған атақты испан доминикан монахы, тарихшы Бартоломе де лас Касаса деген діндәр жан болған. Соны біреу білсе, біреу білмейді. Ал қандықол қарақшының аты мен тарихы жер жарды. Бірақ қазір үміт жоқ емес, бар. Мысалы, 2020 жылы АҚШ-тың бірнеше штаты мен жүздеген қалалары федералды деңгейде бекітілген Колумб күнін ресми тойлаудан бас тартып, оны Жергілікті халықтар күніне ауыстырған. Осындай бір үміт күтетін оқиғалар бар. Бірақ әлсіздеу.
Шыңғысхан және оған қарсы күрескендер
Әлемде әлі де соғыс жүріп жатыр. Қоғамда экстремистік топтар көбеюде. Мысалы, қазір Ресейде өзінің халқын қырған Иван Грозный мен Сталинге ескерткіш орнатты. Сондай-ақ, былтыр ма, алдыңғы жылы ма, қазақстандық бір депутат Украинаның халқын қырып, қалаларын талқандап жатқан Ресейдің басқыншылық әрекетін қолдаймын деп жар салды. Осыны көргенде өзімді бір нақұрыстар елінде өмір сүріп жүргендей сезінгенім бар.
Ал енді Шыңғысханды қазақ қылып, бабам деп көкке көтеріп жүргенімізге қанша жыл болды?.. Шыңғысхан – зорлық-зомбылық пен империяның символы. Ал енді адамның қанын суша шашқан, миллиондаған адамдарды қырған, өркениетті жоқ қылған тиран адам бүгінгі XXI ғасырдың адамына кумир бола ала ма? Ал егер болса, дәл Шыңғысхан секілді талай қалаларды алған, елді талқандап, бүкіл әлемді жаулап алуға аз-ақ қалған, керемет қатыгездік көрсеткен Гитлерді неге кінәлаймыз, XIX ғасырда зеңбірекпен атып, халқымызды қырып, қалаларымызды басып алған Ресейдің басқыншылығын неге кінәлаймыз?
Бүгінгі Украинада болып жатқан әділетсіз қанды соғыста, басқыншылар жағына шығуымыз керек пе? Әлгі есалаң депутат секілді соларды көкке көтеріп. Онда біз кім болдық?! Мінекей, осындай мәселелер әлі күнге дейін басымызды қатырады. Осыдан келіп туындайтын сұрақ, неге XXI ғасырда зұлымдық салтанат құруға тиісті? Неге әлеуметтік желілерде кәсіби тарихшылардың үнінен, әуесқой тарихшылардың үні басым боп келе жатыр. Неге? Осының бәрін ойлағанда, бір ақылды адамның мына сөзі еске түседі. «Зұлымдықтың салтанат құруы, ол жақсы адамдардың әрекетсіздігінен» деген. Біз күресе алмаймыз. Күресе алмағандығымыздан болып жатқан дүниелер деп қараймыз. Неге Шыңғысхан қазақ деген сөзге сенеді? Кәсіби тарихшылар талай рет қайталап айтты. Мұның ешқандай негізі жоқ. Бұл бір. Екіншіден, Шыңғысхан XIII ғасырда өмір сүрген. 1227 жылы өлді. Ал қазақтың пайда болғаны XV ғасыр. Арада II ғасырдан астам уақыт бар. Шыңғысханның кезінде қазақ деген этникалық субъект болған жоқ. Бірақ осындай дәлел мен логикаға қарап жатқан ешкім жоқ.
Ал менің енді ғалымдарға айтар назым бар. Солардың арасында, ортаға шығып, билікке қарсы сөз сөйлейтін бір - екі-ақ тарихшыны білемін. Қалғандары үндемейді. Тобырдың ыңғайына жығылғылары келеді. Ал енді мынау Шыңғысханның жорығы жақсы зерттеліп жатыр. Бірақ Шыңғысханға қарсы партизандық соғыс пен күрес жүргізіп, өзінің елін қорғаған адамдар тарихта бар. Қыпшақтың екі ханы бар. Бірі – Қотан хан. Халқы қырылмас үшін Венгрияға барып,халқының жартысын аман алып қалды. Екіншісі – Бачман хан.
Ондаған жылдар бойына қарсы күресіп, ақырында тұтқынға түседі. Кейін Мөңке ханның алдына келген кезде, тізерле дегенде, сен хан болсаң, мен де ханмын, тізерлей алмаймын деген сөзді айтып, бүгілмей, еңкеймей өлген батыр. Неге осыларды зерттеп жазбайды? Неге соны халыққа бермейді? Әлгі өзінің елін қорғау үлкен миссия емес пе?!
Тарих және Алаш
Тарих деген – таза ғылым. Тарихқа келіп отырған кезде өзіңнің ұлтыңды да, патриотизмді де ұмыту керек. Әйтпегенде, тарихты бұрмалайсың.
Тарихты таза күйінде бұрмаламайтын екі адамды мысалға келтірейін. Оның бірі – Шоқан Уәлиханов. Шоқан Уәлиханов – Абылайдың шөбересі. Бірақ Абылай туралы сынап жазғандары бар. Абылай балаларына: «Рулардың мәселесін шешпе!», - дейді екен. «Сонда олар бізге бағынышты, тәуелді болады. Оларды үнемі қол астыңда ұстау үшін олардың мәселесін шешпе!», - деген Абылай атасын шөбересі сынап отыр.
Екіншісі – Әлихан Бөкейхан. Ол – Шыңғысханның тікелей ұрпағы. Сол айтады: «Шыңғысхан әлемді алды, бірақ артында түк қалған жоқ. Ал Ақсақ Темір дәл сол әлемді ала алмады. Бірақ артында медресе қалды, Самарқанд қалды. Басқа да мәдени орындар қалды. Себебі Шыңғысхан – көшпелі, ал Ақсақ Темір отырықшы болған»,- дейді. Бұл Әлиханның сөзі!
Мынау Алаштың азаматтары деген ерекше адамдар! Мен осыған ғажап қайран қалам! Мен кез келген адамға сын көзбен қарауым керек деген принциппен өмір сүріп жүрген адаммын. Бірақ алаштың азаматтарына сын көзбен қарай алмаймын. Себебі олар мен үшін ең қасиетті адамдар.
Елдің болашағы үшін жандарын қиғандар. Жаңағы Бачман туралы кім біледі? Оқыдыңыздар ма? Білмейсіздер! Себебі ол туралы тарихшылар жазбайды. Жазған жоқ ешқайсысы. Ол Джувейниде де бар, Рашид әд-Динде де бар. Гумилев оған үлкен кәдімгі тарау арнаған өз кітабында. Өзінің халқы үшін күресіп, сол үшін жан пида болған жанды жазбаймыз. Оның орнына Жошы хан тағы басқа сол сияқтыларды жаза береміз. Біз дұрыс жолға түсуіміз керек, жолдастар! Әлемді ұстайтын тек қана гуманизм, адамға деген махаббат! Адамдар үшін көмектесу, өзгелерді түсіне білу. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген дана Абай. Сондықтан айтайын деп отырғаным, өмір деген үлкен күрделі құбылыс. Толып жатқан қайшылықтары бар. Оның бәрі қалай шешіледі? Біз білмейміз. Осы мәселелерді түсінуге тырысу керек. Жиі-жиі басқосу керек.