Қыран баптаған қазақ: саятшылықта қолданған құрал-жабдықтар

Бөлісу

02.10.2026 99

Қазақ саятшылығы тек қыранды аңға салумен шектелмейді. Құсты қолға түсіргеннен немесе балапан кезінен баули бастағаннан аңға әбден түскенге дейін ұзақ күтім мен үйрету кезеңі өтеді. Сол себепті бүркітшінің құрал-жабдығы да құсты ұстау, баптау, тынықтыру, тасымалдау, жемдеу және аңға салу сияқты әртүрлі міндетке бейімделген. 


Томаға – қыран құстың басына кигізіліп, екі көзін жауып тұратын арнайы жабдық. Ол көбіне жұмсақ былғарыдан немесе жақсы иленген көннен тігіледі. Томағаның пішіні құстың басына дәл келуі, көзін, қабағын немесе тұмсық маңын қажамауы керек. Тұмсық шығатын тұсы ашық қалдырылады, ал төменгі жағындағы бау арқылы томаға басқа бекітіледі. Үстіңгі бөлігінде оны саусақпен оңай шешуге арналған ілмек немесе айдар жасалады.

Томағаның негізгі міндеті – бүркітті тыныш ұстау. Қыранның көзі өте қырағы болғандықтан, айналасындағы қозғалысты, малды, итті немесе ұшқан құсты көрсе елеңдеп, ұмтылуы мүмкін. Томаға кигізілген кезде сыртқы қозғалыстарға алаңдамайды, күшін босқа шығындамайды және құсбегінің қолында сабырлы отырады. Саятқа шыққанда да бүркіт аң көретін немесе ұшырылатын сәтке дейін томағамен ұсталады. Аңға жіберер алдында томаға алынады. 

Бүркіттің аяғы қуатты, ал тегеуріні мен тырнағы өте өткір. Сондықтан құсты жалаң қолға қондыру қауіпті. Құсбегі қыранды қолға отырғызғанда арнайы қалың қолғап – биялай киеді. Дәстүрлі биялай жұмсақ иленген, бірақ мықты теріден тігіледі. Ішіне киіз, жүн немесе басқа жұмсақ материалдан астар салынады. Кейбір үлгілері бірнеше саусаққа бөлініп тігілген. Білезік тұсы ұзындау әрі кең жасалып, қолдың білекке дейінгі бөлігін қорғайды. Биялайдың екі қызметі бар. Біріншіден, ол бүркіттің өткір тырнағынан қолды қорғайды. Екіншіден, қыранға берік әрі жұмсақ қонар орын болады. Бүркітші ат үстінде келе жатқанда биялай киген қолына қыранды отырғызып, сол қолын балдаққа тірейді.

Бүркіттің салмағын ұзақ уақыт қолмен көтеріп жүру оңай емес. Әсіресе ат үстінде бірнеше сағат бойы қыран ұстап жүру құсбегінің қолын тез талдырады. Осындай кезде балдақ қолданылады. Балдақ – бүркіт қондырылған қолды сүйеп отыратын айыр басты тіреу. Дәстүрлі балдақ ағаштан жасалып, жоғарғы айыр бөлігі биялай киген қол ыңғайлы орналасатындай етіп дайындалған. Ағаштың қолға тиетін жеріне жұмсақ төсеніш салынған. Кей жағдайда балдақ мүйізден де жасалған. Балдақ аттың еріне арнайы баулармен бекітіледі. Құсбегі бүркітін биялайлы қолына қондырып, сол қолын немесе білегін балдаққа тірейді. Осылайша қыранның салмағы түгелдей қолға түспей, тіреуге беріледі. Бұл ұзақ жолда да, аң іздеп жүрген кезде де бүркітшінің күшін үнемдейді.

Тұғыр – бүркіт тынығып, қонып отыратын арнайы жабдық. Ол үй маңында, құс ұстайтын орында немесе уақытша аялдаған жерде қолданылады. Тұғырдың биіктігі бүркіт отырған кезде оның қанат-құйрығы жерге сүйретілмейтіндей есептеледі. Төменгі бөлігі берік әрі орнықты жасалады. Көбіне үш немесе төрт аяқты болып келеді. Жоғарғы жағында құстың тұяғымен бүріп ұстайтын құсқонар немесе текше табан орналасады. Оның пішіні бүркіттің аяғына қолайлы, таймай отыратындай болуы керек. Қыран тұғырда ұзақ уақыт өткізетіндіктен оның беріктігі ерекше маңызды. Бүркіт тыныққанда, жемнен кейін отырғанда немесе аңға шығуға дайындалғанда осы тұғырға қонады. Құс аяқбауы арқылы тұғырға бекітіліп, ұшып кетуден сақталады.

Құсбегіліктегі ең маңызды жабдықтардың бірі – бүркіттің аяғына тағылатын баулар. Балақбау, кейде аяқбау немесе білезікбау деп те аталады, бүркіттің екі жіліншігіне жеке-жеке тағылатын жабдық. Ол қыранның аяғын қатты қыспайтын, еркін қозғалуына кедергі келтірмейтін етіп жасалады. Балақбаудың аяқты орайтын бөлігі жұмсақ материалдан дайындалады. Киіз немесе жұмсақ тері астарланып, сырты былғары не иленген қайыспен қапталуы мүмкін. Мұндағы басты талап – қыран қозғалған кезде баудың жіліншігін қажамауы.

Балақбауға жалғанатын қысқалау қайыс шолақ аяқбау деп аталады. Құсбегі бүркітті қолға қондырғанда осы баудан ұстап, оның қозғалысын бақылай алады. Шолақ аяқбау қыранға аяғын қозғалтатындай еркіндік бергенімен, құсбегінің оны бақылауынан шығармайды. Оның екінші ұшында басқа бауды өткізуге арналған шығыршық болуы мүмкін. Бұл бау бүркіттің аяғында балақбаумен бірге қала береді.

Іргебау – шолақ аяқбауға жалғанатын ұзындау бау. Оның негізгі қызметі – бүркітті тұғырға немесе белгіленген орынға бекіту. Үйде қыран тұғырда отырғанда іргебау арқылы байланып қойылады. Ал бүркітті аңға жіберер алдында ұзын іргебау шешіледі. Себебі ұшып бара жатқан құстың аяғындағы ұзын бау бұтаға, тасқа немесе басқа кедергіге ілінуі мүмкін.

Шыжым – бүркітті баулу кезінде қолданылатын ұзын жіп немесе жіңішке арқан. Ол, әсіресе, жаңа үйретіліп жүрген құсты шақыруға, шырғаға түсіруге жаттықтырғанда қажет. Шыжым шолақ аяқбаудың ұшындағы шығыршыққа жалғанады. Құс ұшуға әрекет жасаған кезде оған белгілі бір қашықтыққа дейін мүмкіндік береді, бірақ мүлде ұзап кетуіне жол бермейді. Осылайша құсбегі жас немесе түзден жаңадан ұсталған қыранды біртіндеп өзіне шақыруға және белгіленген нысанға ұмтылуға үйретеді.

Қыранды баптаудың маңызды бөлігі – дұрыс жемдеу. Бүркітке арналған жемді салатын арнайы ыдыс жем саптыаяқ, жемаяқ, құсаяқ немесе жай ғана саптыаяқ деп аталған. Жем саптыаяқ дәстүрлі түрде ағаштан ойылып жасалады. Қарағай, қайың, терек тәрізді ағаш түрлері пайдаланылған. Оның бір шетінде қолға ұстауға ыңғайлы сап болады. Сапқа қайыс бүлдіргі өткізіліп, ыдысты ілуге немесе алып жүруге мүмкіндік жасалған. Жем саптыаяқтың іші құс жемді еркін шоқып жей алатындай кең әрі шұңғыл келеді. Жеңіл болуы да маңызды, өйткені саят кезінде бүркітшінің алып жүретін өзге құралдары аз емес.

Жем қалта – аңға шыққанда бүркітке арналған жемді алып жүруге арналған арнайы қалта. Оның ішінде көбіне қыранды шақыру кезінде пайдаланылатын шағын ет кесектері сақталады. Бүркіт аңға түспей, алыстағы тасқа немесе төбеге барып қонған жағдайда оны қайта қолға шақыру қажет болады. Құсбегі жем қалтадағы етті көрсетіп немесе қолына алып қыранды шақырады. Үйретілген құс жем алатынын біліп, иесінің биялайлы қолына қайта келіп қонады.

Саятшылық құралдарының ішінде қызметі ерекше жабдықтың бірі – ырғақ. Ол түзден ұсталған, адамға әлі үйренбеген асау қыранды біртіндеп қолға көндіру кезінде қолданылған. Ырғақ орнықсыз, қозғалып тұратын қондырғы түрінде жасалады. Оның қарапайым нұсқасында екі тіреудің арасына арқан керіліп, құс соған отырғызылады. Тағы бір түрінде қыран қонатын жұмыр ағаш екі жағынан жіппен асылып, әткеншек сияқты қозғалып тұрады. Жаңадан ұсталған бүркіт ырғаққа томағамен отырғызылады. Қондырғы қозғалған кезде құс тепе-теңдігін сақтап отыруға тырысады. Осы жаттығу барысында ол бір жағынан адамға жақын ортаға үйренсе, екінші жағынан құсбегінің бақылауында отыруға бейімделеді. Ырғақ түз қыранын баулудың алғашқы кезеңдерінде қолданылатын құралдардың бірі болған.

Бөлісу