Майдангер ғалым - Сақтаған Бәйішев

Бөлісу

01.10.2026 46

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Сақтаған Бәйішевтің туғанына 117 жыл толып отыр. 


Ұлағатты ұстаздың өмірдерегі

Сақтаған Бәйішұлы Бәйішев - 1909 жылғы 18 қыркүйекте (1 қазанда) Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Ақжар ауылында дүниеге келген. Кәсіби еңбек жолын Қарсақпайда бастап, мыс қорыту зауытында жұмыс істеді және қоғамдық қызметпен айналысып, аудандық жас пионерлер бюросын басқарды. Алматы қаласындағы Марксизм-ленинизм институтын бітірген. 1930 жылы Түркістан қаласында БЛКЖО аудандық комитетінің хатшысы болып істеген. Осы жұмыстарда жүргенде-ақ С.Бәйішев экономикалық зерттеулермен шұғылдана бастайды. Кейін республикалық жастар газеті - «Лениншіл жаста» жұмыс істеп, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары қызметтерін атқарды.

Сақтаған Бәйішұлы - қоғам қайраткері, ғалым, экономика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстан еңбек сіңірген ғылым кайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты.

Журналистикадан саяси қызметке дейін…

Сақтаған Бәйішұлы  республикалық «Лениншіл жас» жастар газетінде жұмыс атқара жүріп, қоғамдық-саяси қызметтерге де белсенді араласты. 1937 жылы ол Қазақстан КП(б) ОК жанындағы Алматы марксизм-ленинизм институтын үздік бітіріп, сол жылы Қазақстан КП(б) ОК жанындағы Маркс, Энгельс және Ленин институтының Қазақ филиалының директоры болып тағайындалды.   1938-1941 жылдары - «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің жауапты редакторы. 1941-1945 жылдары - Кеңес Армиясы қатарында әскери құраманың комиссары, саяси бөлім бастығы, Кеңес Армиясының Саяси Басқармасы аппаратының жауапты қызметкері.  Сақтаған Бәйішев 1938 жылы Қазақстан КП(б) ОК құрамына кіріп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бірінші шақырылымының депутаты болып сайланды. 

Саяси жұмыстан Берлинге дейін

Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы жылдарынан бастап Сақтаған Бәйішев майданда болды. 1941-1945 жылдары ол 100-атқыштар бригадасы құрамында әскери комиссар қызметін атқарып, жауынгерлік жолдан өтті. 364-атқыштар дивизиясының саяси бөлім бастығы, Кеңес Армиясы Саяси бас басқармасы аппаратында жауапты қызметкер болды. Кейін Қызыл Армияның саяси органдарында түрлі қызметтер атқарды. Майданда бірге болған жауынгерлердің естеліктерінде Бәйішев саяси қызметкер ғана емес, ең қиын сәттерде жауынгерлердің жанынан табылуға тырысқан батыр ретінде сипатталады. Жауынгерлер оның сабырлы сөйлейтінін, сарбаздарға қолдау көрсете білетінін және олардың күнделікті жағдайына көңіл бөлгенін еске алған. Майдангер С. Бәйішевтің  жауынгерлік жолы Германияда аяқталды. 3-ші екпінді армия құрамында болып, Берлин қаласына дейін жетіп, ерлік көрсетті.  

Соғыстан кейін Бәйішев мемлекеттік және ғылыми қызметіне қайта оралды. 1946 жылға дейін Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Өнер істері басқармасын басқарды. Кейін он жыл бойы Қазақстан КП(б) ОК жанындағы Маркс, Энгельс және Ленин институтының Қазақ филиалына жетекшілік етті. Осы кезеңде ғылыми жұмыс оның қызметінің маңызды бағытына айнала түсті. 1948 жылы С. Бәйішев кандидаттық диссертациясын қорғады. 1956 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі және вице-президенті болып сайланды. 1962 жылы докторлық диссертациясын қорғап, 1963 жылы экономия ғылымдары бойынша  профессор атағын алды.

Ғалым  Сақтаған Бәйішев Қазақ КСР Ғылым академиясының Экономика институтын басқарды. Ол ғылыми зерттеулерді дамытуға және мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлді. Оның қатысуымен институтта кандидаттық және докторлық диссертацияларды дайындау мен қорғау жұмыстары дамып, баспа қызметі кеңейіп, экономикалық зерттеулердің жаңа бағыттары қалыптасты. Бәйішев ғылыми қызметін мемлекеттік жұмыспен қатар алып жүрді. 1959-1963 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болды, ал 1967 жылдан бастап Қазақ КСР Ғылым академиясы Президиумының құрамына кірді. 

Ғалым және аудармашы

Сақтаған Бәйішевтің ғылыми қызметі оның мұрасының маңызды бөлігіне айналды. Еңбек жолы жылдарында ол 300-ден астам ғылыми еңбек, оның ішінде жеті монография жариялады. Оның белгілі еңбектерінің қатарында «Қазақстандағы социализмнің жеңісі», «Коммунизм және экономика» және «Советтік Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы» атты еңбектері бар.

Аударма жұмысы да оның қызметінде елеулі орын алды. Бәйішев Карл Маркстің «Капитал» еңбегін, Карл Маркс пен Фридрих Энгельстің екі томдық таңдамалы шығармаларын, сондай-ақ Владимир Лениннің «Россияда капитализмнің дамуы» және «Империализм - капитализмнің ең жоғарғы сатысы» атты еңбектерін қазақ тіліне аударды.

Сақтаған Бәйішев 1982 жылғы 18 маусымда Алматыда қайтыс болды. Оның есімі Қазақстандағы көшелер мен білім беру мекемелерінің атауларында сақталған.

Алматы қаласында оның есімімен аталған көше бар. Сондай-ақ ол тұрған әрі жұмыс істеген Жібек жолы көшесіндегі №60 үйге мемориалдық тақта орнатылған. Бәйішевтің есімі Ақтөбе облысындағы Темір орта мектебіне, С. Бәйішев атындағы Ақтөбе жоғары колледжіне және С. Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына берілген. Бәйішевтің есімі ғылыми ортада да сақталып келеді. Оның еңбектері, педагогикалық қызметі және экономикалық ғылымның дамуына қосқан үлесі отандық ғылым мен білім тарихының бір бөлігіне айналды. Журналист, майдангер, мемлекет қайраткері және ғалым ретінде өткен өмір жолы Қазақстан тарихының маңызды кезеңдерімен сабақтас.

Дереккөздер:

Қазақша Уикипедия. «Сақтаған Бәйішұлы Бәйішев».«Казахстанская правда». «Комиссар Сактаган Баишев».

Азиза Сафиоллина 

Бөлісу