Ұмыт болған хандар: Батыр хан

Бөлісу

11.09.2026 113

Батыр хан да өз өмірін қазақ елінің тәуелсіздігі мен жер тұтастығы жолында құрбан еткен жауынгер хан ретінде тарих бетінде қалды. 


Біз бұған дейін Жоғалған хандар сериясымен атақты билеушілердің көлеңкесінде қалып, толық зерттелмеген, есімдері халық жадынан өше бастаған тұлғалар туралы жазуды қолға алған едік. Бүгін осы тізімді Батыр хан есімімен толықтырғалы отырмыз. 

Батыр хан (Баһадүр хан) - XVII ғасырдың екінші жартысында, атақты Салқам Жәңгір хан мен Әз-Тәуке ханның аралығында билік құрған тұлға. Яғни қазақ тарихнамасында бұл тұлға әлі де болса толық бағасын алмай, жеткілікті зерттелмей келе жатқан жұмбақ хандардың қатарына кіреді.

XVII ғасырдың ортасы Қазақ хандығы үшін геосаяси сынақтарға толы күрделі дәуір болды. 1628–1652 жылдары билік құрған, жоңғар басқыншыларына қарсы күресте «Салқам» атанған Жәңгір хан 1652 жылы жоңғарлармен шайқаста қаза тапты. Осыдан кейін қазақ ұлысында билік үшін алмағайып заман орнады.

Көбінесе тарих оқулықтары мен зерттеулерде Жәңгірден кейін билік тізгінін оның ұлы Әз-Тәуке хан (шамамен 1680 жылдан бастап) ұстады деген сызықтық пікір қалыптасқан. Алайда мұрағаттық деректер, орыс елшіліктерінің құжаттары мен кейінгі шежірелік материалдар бұл аралықта (шамамен 1652–1672/1680) басқа да хандардың, соның ішінде Батыр ханның саяси сахнада маңызды рөл атқарғанын көрсетеді.

Батыр ханның шығу тегі нақты белгісіз. Негізгі болжамдар бойынша ол II Жәнібек ханның немесе Есім ханның ұрпағы болуы мүмкін. Ж. Сәбитов болжамында Батыр хан Шибанидтер әулетінен шыққан. Шоқан Уәлихановтың кейбір шежірелік жазбаларында оны Болекей сұлтанның ұлы ретінде көрсетіліп жүр. 

Оқи отырыңыз: Ұмыт болған хандар: ІІ Жәнібек хан

Жәңгір ханның ұлдары – Тәуке, Аппақ және Уәли сұлтандар әлі жас болғандықтан, жасы үлкен туыстары тірі кезінде жоғарғы билікке таласа алмады. Осы жағдайда Батыр хан қазақтың аға ханы болып сайланған. Кейбір деректерге қарағанда, оның тұсында Тәуке Кіші жүздің сұлтаны (немесе тең билеушісі) болған.

Мұрағаттық деректер не дейді?

Батыр ханның билігі туралы деректер өте аз. Батыр хан туралы алғаш рет – 1735 жылы Уфіге Жолбарыс ханнан елші болып келген сарт Нұрмұхаммед Әлиев айтқан деректерден мәлімет қалған.

Негізгі белгілі оқиғалар: 

1654 жылғы жорық. Қазақтар жоңғарларға қарсы сәтті жорық жасады. Бұл 1643 жылғы Орбұлақ шайқасынан кейінгі қазақтардың алғашқы ірі жеңісі еді. Сол шайқастан бері қазақтың екі ханы – II Жәнібек пен Жәңгір қаза тауып, хандық жерлерінің біраз бөлігін жоғалтқан еді. 

Жоңғарлардың ішкі жанжалын пайдаланып, 1654 жылғы жорық нәтижесінде Жетісу мен Шығыс Қазақстандағы аумақтар қайтарылды. Сондай-ақ жоңғарлардың беделді әмірі Ондон шайқастардың бірінде тұтқынға түсіп, үш жылдан кейін ғана қайтарылды.

1671 жыл. Бұхарадағы Ресей елшісі Борис Пазухиннің айтуынша, қазақтар Аштраханидтер арасындағы (жоғарғы хан Абдулазиз бен оның інісі Балх билеушісі Субханкули) қақтығыстарға қатысқан. 

Қазақтар мен қарақалпақтардың қолдауына қарамастан, Абдулазиз бауырын жеңе алмай, Бұхара хандығы шағын хандықтар мен әмірліктерге біртіндеп ыдырауын жалғастырды.

Батыр ханның нақты қайтыс болған күні мен ұрпақтары туралы мәліметтер де мардымсыз. 1680 жылдан кейін деректерде оның аты мүлдем аталмайды, ал 1672 жылдан бастап жоғарғы хан ретінде Тәуке хан атала бастайды. Яғни Батыр хан осы уақытта аралығында биліктен кеткен немесе көз жұмған деп есептелінеді. 

Батыр хан тарихта қалмауына мынадай объективті себептер бар:

Деректердің аздығы мен шашыраңқылығы. Қазақ хандығы кезеңінде жазба мәдениеттің шектеулі болуы, басты мұрағаттардың Ресей, Қытай және Орта Азия қалаларында шашырап жатуы оның өмірбаянын тұтас қалпына келтіруге кедергі келтіреді.

Тәуке хан дәуірінің көлеңкесінде қалды. Тәуке ханның ұзақ әрі табысты билік құруы («Жеті жарғының» қабылдануы, қазақ жүздерін орталықтандыруы) оған дейінгі қысқа мерзімді немесе дағдарысты кезеңде билік еткен хандардың есімдерін тарих сахнасынан ығыстырып, көлеңкеде қалдырды.

Кешенді зерттеулердің жоқтығы. Кеңестік кезеңдегі тарихнамада Қазақ хандығының феодализм дәуірі көбінесе сыңаржақ бағаланып, жекелеген хандардың ішкі саяси күрестері терең зерттеле қойған жоқ. 

Тәуелсіздік алғаннан кейін де бұл тұлғаға арналған арнайы монографиялар мен терең зерттеулер әлі де аз.

Батыр хан да өз өмірін қазақ елінің тәуелсіздігі мен жер тұтастығы жолында құрбан еткен жауынгер хан ретінде тарих бетінде қалады. Жәңгір мен Әз-Тәуке сияқты алыптардың арасындағы көпір іспетті, қазақ мемлекеттілігінің үзіліп қалмауы үшін жауапкершілік арқалаған күрделі дәуірдің өкілі. Оның өмір жолын, билік еткен жылдарын және нақты аумағын түбегейлі зерттеу бүгінгі отандық тарих ғылымының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі.

Бұл тұлғаны ұмыт қалдырмай, ғылыми айналымға қайта қосу – қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін түгендеудің және ұлттық жадты жаңғыртудың кепілі. Болашақта орыс, парсы, қытай және ортаазиялық мұрағаттардан жаңа деректер табылуы мүмкін. 

Бөлісу