Қазақтың амандасу әдебі қандай еді?

Бөлісу

24.08.2026 85

Қазақ қоғамында амандасу – жай ғана кездескен адамның бір-біріне сәлем беруі емес, тәрбиенің, құрметтің және адам арасындағы қарым-қатынастың көрінісі. Халқымыздың «Сәлем – сөздің анасы» деуі де осыдан. Бір ауыз сәлемнің өзінен адамның үлкенге деген құрметі, кішіге деген ізеті аңғарылған. Кеше Құрылтай сайлау барысында дауыс бергеннен кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы амандасу мәдениетіне де назар аударды. Мемлекет басшысы қазақтың дәстүрлі амандасу әдебін сақтаудың маңызын айтып, ер адамдардың құшақтасып, сүйісіп амандасуына қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, қазақы ортада қол алысып, жылы жүзбен амандасу, ал ерекше жағдайда оң қолды кеудеге қою сияқты әдеп үлгілері болған. Президенттің бұл пікірі қоғамда қызу талқыланып, қазақтың дәстүрлі амандасу мәдениеті қандай болғаны туралы мәселені қайта күн тәртібіне шығарды.


Қазақ дәстүрінде амандасу адамның жасына, жынысына, туыстық қатынасына және қоғамдағы орнына қарай қалыптасқан. Ең негізгі қағида – жасы кішінің үлкенге бірінші болып сәлем беруі. Үлкен адамның алдынан өткенде сәлемдеспей кету әдепсіздік саналған. Ер адамдардың дәстүрлі сәлемдесуінде қол алысу кең тараған. Кіші адам үлкенге «Ассалаумағалейкүм» деп сәлем беріп, қолын ұсынып, ізетін білдірген. Кей жағдайда жасы кіші адамның басын иіп, оң қолын кеудесіне қоюы да құрметтің белгісі болған. Қазақтың амандасу мәдениетінде адамның өзінен бұрын оның ел-жұртын сұрау да маңызды орын алған. «Мал-жаның аман ба?», «Ел-жұрт аман ба?», «Ағайын-туыс аман ба?» деген сұрақтар халқымыздың амандасуды әлеуметтік байланысты нығайтатын дәстүр ретінде қабылдағанын көрсетеді. Ал әйелдер мен қыздардың сәлемдесуінде де өзіндік әдеп болған. Үлкен әйелге ізет көрсету, келіннің қайын жұртына сәлем салуы – қазақ қоғамындағы сыйластықтың көрінісі. Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов те Президенттің осы пікіріне тоқталып, дәстүрлі амандасу мәдениетінің қазіргі қоғам үшін маңызды екенін айтты.

«Бүгінгі құрылтайда дауыс беру кезінде Президент дауыс беріп шыққаннан кейін журналистерге берген жауаптарының ішінде маған бір нәрсе қатты ойландырды. Ол – мына біздің амандасу дәстүріміз», – деді қаламгер.

Мереке Құлкеновтің айтуынша, қазақтың күнделікті амандасуында құшақтасып, бетінен сүйісу негізгі дәстүр болмаған.

«Шынында да қазақ бірін-бірі құшақтасып амандаспаған. Қол беріп амандасқан, тіпті болмаса жас, кіші адамдар «Ассалаумағалейкүм» деп, үлкен кісілердің алдында басын иіп, қолын кеудесіне қойған», – дейді ол.

Қаламгердің пікірінше, қыздар мен жас келіндердің де үлкендерге деген ізеті ерекше болған. Олар алыстан сәлем беріп, үлкендер олардың сәлемін алып, батасын берген. Мереке Құлкенов  «құшақтасып амандасуға» назар аударады. Оның айтуынша, бұрын қазақтың бірін-бірі құшақтауы күнделікті амандасу емес, ұзақ уақыт көріспеген адамдардың сағыныштан туған көрісуі болған.

«Бұрын қазақ бірін-бірі құшақтаған – ол алыс сапардан алты ай, бір жыл ел-жұртын көрмей кеткен адамдар өзінің туған жеріне, топырағына, үйіне келгенде ең жақын адамдарымен құшақтасып амандасқан. Бұл – басқа нәрсе, бұл күнделікті амандасу емес. Бұл – сағыныштан туған амандасу», – дейді жазушы.

Демек, мәселе құшақтасудың өзінде емес, оның қай жағдайда қолданылғанында. Жақын адамды ұзақ уақыт көрмей, сағынышпен құшақтау – бір бөлек, ал күнделікті қоғамдық немесе ресми ортада кез келген адаммен құшақтасып, сүйісіп амандасу – басқа құбылыс.

Ұлттық әдепті неге ұмыт қалдырдық?

Қазіргі қоғамда амандасудың түрлі үлгісі қатар қолданылып жүр. Жаһандану, әлеуметтік желі, кино мен шетелдік мәдениеттің ықпалы адамдардың қарым-қатынасына да әсер етті. Бұрын қазақы ортада сирек кездесетін кейбір әдеттер бүгінде күнделікті өмірдің қалыпты көрінісіне айналды. Мереке Құлкенов мұны ұлттық дәстүрдің біртіндеп көмескіленуімен байланыстырады.

«Біздің жас-кәріміз бұрынғы дәстүрімізді ұмыта бастағанымыздың бір куәсі – осы. Өйткені біз басқа, бізге қатысы жоқ дәстүрлерден, өзге мәдениеттен алған нәрселерді тезірек игеріп кетіп жатырмыз», – дейді ол.

Шын мәнінде, ұлттық мәдениет дегеніміз тек салт-дәстүрді мерекеде еске алу емес. Ол адамның күнделікті әрекетінен де көрінеді. Үлкенге қалай сәлем береміз, қонақты қалай қарсы аламыз, жасы үлкен адамға қалай құрмет көрсетеміз – мұның бәрі ұлттық тәрбиенің құрамдас бөлігі. Сондықтан амандасу мәдениеті туралы әңгімені тек «қол алысу керек пе, әлде құшақтасу керек пе?» деген мәселеге әкеліп тіреу жеткіліксіз. Оның ар жағында ұлттық әдепті сақтау, үлкен мен кішінің арасындағы сыйластықты қалыптастыру, өз мәдениетіңді білу мәселесі жатыр. Мереке Құлкеновтің пікірінше, дәстүрлі амандасу үлгісін қайта қалыптастыру қажет.

«Ол – «Ассалаумағалейкүм» деп қол беріп амандасу, болмаса алыстан «Ассалаумағалейкүм» деп сәлем беру. Қыздар сәлем бергенде «Айналайын, амансың ба?» деп алыстан сәлемін алу. Міне, бұл біздің дәстүріміз болады. Осыны қайтадан қалпына келтіруіміз керек», – дейді ол.

Бұл пікірдің астарында үлкен мәселе жатыр. Ұлттық дәстүрді сақтау дегеніміз – өткен дәуірдің барлық әдетін өзгеріссіз қайталау емес. Ең маңыздысы – сол дәстүрдің негізіндегі құндылықтарды түсіну. Ақын Ғалым Қалибекұлы да амандасуда құрмет пен ізетті бірінші орынға қою қажет екенін айтады.

«Бізге ата-бабамыздан келе жатқан амандасудың дұрыс жолдары бар. Мысалы, қолымызды кеудемізге қойып, иіліп ізет білдіру. Әйел адамға да бас иіп сәлем беру – үлкен құрмет пен ізеттің белгісі», – деді ақын.

Оның пікірінше, уақыт өзгергенімен, ұлттық дәстүрдің негізгі мәні жоғалмауы керек.

«Өзгермейтін нәрсе жоқ, бірақ біз байырғы ата-бабамыздың дәстүріне қарай бет бұруымыз керек. Сол дәстүрге құрметпен қарап, салтымызды сақтай білу қажет», – деді Ғалым Қалибекұлы.

Әдебиеттанушы Қансейіт Әбдезұлы да Мемлекет басшысының амандасу дәстүріне қатысты пікірін қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, сәлемдесу, амандық-саулық сұрасу – ата-бабадан келе жатқан маңызды мәдени құндылықтардың бірі. «Амандасудың да өзіндік әдебі бар», – дейді ғалым. Бүгінде жаһандану мен түрлі мәдени ықпалдардың әсерінен адамдардың қарым-қатынас үлгілері де өзгеріп келеді. Бұл – табиғи үдеріс. Алайда жаңашылдыққа ұмтылу ұлттық мәдениеттің өзегін ұмытумен қатар жүрмеуі керек. Нұрлан Оразалин де бұл мәселені кейінгі ұрпаққа үлгі болатын мәдениет қалыптастыру тұрғысынан қарастырады.

«Қазақстан қоғамы бұл мәселені белгілі бір дұрыс арнаға түсіріп, тағылымды, тәрбиелі, кейінгі ұрпаққа үлгі болатын дәстүрге айналдыра білуі керек», – деді ақын.

Шын мәнінде, ұлттық дәстүрді сақтау дегеніміз – өткен дәуірдің барлық әдетін сол күйінде қайталау емес. Ең маңыздысы – сол дәстүрдің астарындағы құндылықтарды түсіну. Қазақтың амандасуында үлкенге құрмет, кішіге ізет, туысқа бауырмалдық, алыстағы адамға сағыныш, ел-жұртқа деген алаңдаушылық қатар көрініс тапқан. Президенттің бұл мәселеге назар аударуы да қоғамды ойлануға шақырған пікір болды. Ал қаламгерлердің сөзі осы ойды тарихи дәстүр, ұлттық тәрбие және қоғамдық мәдениет тұрғысынан толықтыра түсті. Қазақта сәлемдесу – жай ғана әдет емес. Ол – адамның адамға деген құрметінің алғашқы белгісі.

Бөлісу