Қосшығұловтар әулетінің кәсіпкерлігі экранға жол тартпақ
Бөлісу
17.08.202691
ХІХ ғасырдың соңындағы Ақмоланы елестетіп көріңіз. Қалада сауда қызу жүріп жатыр. Жәрмеңкелерге алыс өңірлерден тауар келеді. Бірақ осы кезеңде қазақ кәсіпкерлерінің бірі дайын өнімді сырттан күтпей, оны өз қаласында өндіруге кірісті. Қосшығұловтар әулеті ашқан кондитерлік фабрика сол заман үшін жай ғана өндіріс орны емес, қазақ даласындағы жаңа кәсіпкерлік ойдың белгісіне айналды. Енді осы тарих «Қосшығұлов. Шоколад фабрикасы» атты тарихи фильм арқылы қайта жаңғырып жатыр.
Ақмоладағы тәтті өндірістің бастауы
ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ақмола біртіндеп сауда-саттық пен кәсіпкерлік дамыған қалалардың біріне айнала бастады. Қаланың экономикалық өмірінде жергілікті көпестердің рөлі артып, саудамен қатар өндіріс орындары да пайда болды. Сол ортада есімі ерекше аталған әулеттердің бірі – Қосшығұловтар.
Әулеттің негізін қалаған Баймұхамбет Қосшығұлов ұн тарту кәсібімен айналысып, кейін өндірісті кеңейтуге ден қояды. Оның ұлдары да отбасылық кәсіптің дамуына араласқан.
1895 жылы Ақмолада «Қосшығұлов пен ұлдары» атты кондитерлік фабрика іске қосылады. Бұл жерде бүгінгі түсініктегі бір ғана өнімге маманданған шағын цех емес, сол кезеңнің талабына сай түрлі тәтті өнім шығаратын кәсіпорын жұмыс істеген. Фабрикада пірәндік, печенье, кептірілген нан, зефир, халуа, шоколад пен кәмпиттің түрлері өндірілген.
Қосшығұловтардың кәсіпкерлігін ерекшелендіретін тұс – өндіріс пен сауданың қатар жүруі. Әулеттің Ақмолада бірнеше сауда дүкенін ұстағаны туралы деректер бар. Яғни олар тек өнім шығарып қана қоймай, оны тұтынушыға жеткізудің өзіндік жүйесін де қалыптастырған.
Бүгінгі тілмен айтқанда, Қосшығұловтар сол заманның толыққанды бизнес-моделін қалыптастыруға ұмтылған: шикізат, өндіріс, сауда және нарық – барлығы бір кәсіпкерлік жүйенің ішінде болған.
«Қазақ тек мал бақты» деген түсінікке сыймайтын тарих
Қосшығұловтар тарихының құндылығы шоколад немесе кәмпит өндірісінің өзінде ғана емес.
Қазақ қоғамының ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы экономикалық тарихы көбіне мал шаруашылығымен байланыстырыла баяндалады. Ал Қосшығұловтардың тәжірибесі қазақ арасында саудамен ғана емес, өндіріс пен технологияға қызыққан кәсіпкерлердің де болғанын көрсетеді.
Кондитерлік фабрикамен қатар әулеттің басқа да өндіріс бағыттарына қатысы болғаны жөнінде тарихи деректер кездеседі. Олардың кәсіпкерлік ауқымы тері өңдеу, кірпіш өндірісі, сауда және басқа да салаларға тараған.
Бұл – Қосшығұловтарды жай ғана «бай көпестер» ретінде емес, өз дәуіріндегі экономикалық өзгерістерді түсінуге тырысқан кәсіпкерлер ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Олардың арманы мұнымен де шектелмеген. Деректерде Қосшығұловтардың автомобиль өндірісін қолға алуды жоспарлағаны айтылады. Яғни ХХ ғасыр табалдырығында Ақмолада өмір сүрген кәсіпкерлердің ой-өрісі сол кезеңнің жаңа технологияларына дейін жеткен.
Патша сарайына жеткен Ақмола өнімі
Қосшығұловтар фабрикасының тарихындағы ең қызықты деректердің бірі – оның өнімдерінің Ресей нарығына шығуы.
1915 жылы фабрикаға «Ресей император мәртебесінің сарайына тапсырушы» деген құрметті атақ берілгені туралы мәлімет бар. Бұл сол кезеңдегі кәсіпкер үшін өнімнің сапасы мен нарықтағы беделін білдіретін жоғары мәртебелердің бірі еді.
Осылайша Ақмолада өндірілген шоколад пен кондитерлік өнімдер жергілікті қала тұрғындарының ғана емес, кеңірек нарықтың тұтынуына жол тартты.
Бүгінгі Астана мен сол кездегі Ақмоланың арасы уақыт жағынан ғана емес, экономикалық тұрғыдан да алшақ көрінуі мүмкін. Бірақ осыдан жүз жылдан астам уақыт бұрын қалада өз өнімін жасап, оны басқа өңірлерге ұсынған кәсіпкерлердің болғаны – қаланың кәсіпкерлік тарихының терең тамыры бар екенін көрсетеді.
Тарих – архивтен экранға
Қосшығұловтар туралы деректердің бір бөлігі уақыт өте келе көмескіленіп, әулеттің есімі көпшілікке кеңінен таныла бермеді. Енді бұл тарих киноға айналмақ.
Бұл фильм «Шабдалы», «Жамбыл», «Zero қарыз», «Али» фильмдерінің режиссері Жандос Құсайыновтың алты жылдық ізденісінен шыққан туынды.
Режиссер «Қосшығұлов. Шоколад фабрикасы» тарихи драмасының сценарийін жазу барысында Ресейдің Санкт-Петербург, Омбы және Мәскеу қалаларының архивтерін қазбалап үлкен ізденіспен дүниеге келген туынды – қазақ тарихында көп айтыла бермейтін кәсіпкерлік тұлғаларды экранға шығаруды мақсат еткен.
Бұл ретте фильмнің атауындағы «шоколад фабрикасы» сөзінің өзі бір әулеттің ғана кәсібін емес, тұтас дәуірдің өзгерісін білдіреді.
Өйткені фабрика – қазақ қоғамында өндірістік ойлау қалыптаса бастағанының бір көрінісі. Ал оның иелері үшін кәсіп тек пайда табудың жолы емес, жаңа мүмкіндіктерді іздеудің құралы болған.
Тарихи оқиға қайта сахналануда
2026 жылдың маусымында фильмнің түсірілімі басталды. Түсірілім жұмыстары Батыс Қазақстан облысындағы тарихи орындардың бірі – Хан Ордасы аумағында және Орал қаласында жүргізілуде. Кино тобы ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы дәуірді экранда қайта жасау үшін тарихи архитектурасы сақталған локацияларды пайдаланып отыр.
Түсірілім барысында актерлермен қатар тарихи костюм, декорация және сол кезеңнің тұрмысын қалпына келтіру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде.
Жоба Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.
Кино авторлары үшін басты міндет – Қосшығұловтарды тек бай кәсіпкерлер ретінде көрсету емес. Олардың дәуірін, ойлау жүйесін, кәсіпке деген көзқарасын және сол заманның мүмкіндіктері мен шектеулерін көрерменге жеткізу.
Бір фабриканың ар жағында – тұтас дәуір
Қосшығұловтар тарихына бүгін қайта үңілуіміздің себебі де осында.
Шоколад фабрикасы – бір қарағанда, тәтті өнім шығаратын кәсіпорын ғана. Бірақ оның тарихына тереңірек қарасақ, одан қазақ қоғамының экономикалық өзгерісін, қала мәдениетінің қалыптасуын, кәсіпкерліктің дамуын және жаңа технологияларға деген қызығушылықты көруге болады.
Бір ғасырдан астам уақыт бұрын Ақмолада фабрика ашқан Қосшығұловтар өз дәуірінің шеңберінен шығуға талпынды. Олар өнім өндірді, дүкен ашты, нарық іздеді, жаңа кәсіп түрлерін меңгерді. Ал бүгін олардың тарихы кино тілімен қайта баяндалып жатыр.
«Қосшығұлов. Шоколад фабрикасы» фильмінің құндылығы да осында: ол тарихтың оқулықтарда қысқа ғана жолмен айтылатын бөлігін тірі оқиғаға айналдырып, көрерменге бір отбасының тағдыры арқылы тұтас дәуірді сезінуге мүмкіндік береді.
Кеше Ақмоланың көшелерінде сатылған шоколад пен пірәндік бүгінде тарихтың бір бөлшегіне айналды. Ал сол тәтті өнімнің артында тұрған кәсіпкерлік идея енді экранда қайта сөйлейді.