Бөкей Ордасына сапарымызды әрі қарай жалғастырамыз.Бұл жолғы аялдамамыз – Хан Ордасы ауылынан шамамен төрт шақырым жердегі Хан қорымында орналасқан Жәңгір хан кесенесі. Маңғыстаудың ақ ұлутасынан бой көтерген биік күмбезді құрылыс бүгінде Бөкей Ордасының тарихын танытатын маңызды мемориалдық нысандардың бірі саналады. Кесене орналасқан қорымда Жәңгір ханның отбасы мүшелері мен жақын туыстары жерленген, ал оның маңында күйші Дәулеткерей Шығайұлы мен ғалым-этнограф Мұхамед-Салық Бабажановтың кесенелері тұр.
* Жәңгір хан кесенесі туралы фоторепортажды арнайы бөлімнен көре аласыздар
Жәңгір Бөкейұлы – Бөкей ханның ұлы, 1823–1845 жылдары Ішкі Орданы басқарған соңғы хан. Ресей императоры І Александр 1823 жылғы 22 маусымда оны хан деп тану туралы грамотаға қол қойып, 1824 жылғы 26 маусымда Орал қаласында Жәңгірді хан тағына отырғызу рәсімі өткен. Әкесі Бөкей 1815 жылы қайтыс болған кезде Жәңгір әлі жас болғандықтан, хандықты уақытша Бөкейдің інісі Шығай сұлтан басқарған еді. Жәңгір ханның тұсында Жасқұс мекенінде тұрақты хан ордасы құрылып, бұл жер біртіндеп Ішкі Орданың әкімшілік, сауда, білім және мәдениет орталығына айналды. 1828 жылдан он екі биден тұратын Хан кеңесі жұмыс істей бастады. Жәрмеңке істерін жүргізетін уәзір сұлтандар мен сыртқы жер дауларын реттеуге жауапты депутат сұлтандар тағайындалды.
Жәңгір хан 1845 жылғы 11 тамызда Тарғынөзені бойындағы жазғыордасында кенеттен қайтысболды. Бұл жер қазіргі Ресей Федерациясының Волгоград облысы, Палласовка ауданына қарасты Савинка ауылының маңында орналасқан. Жолдың алыстығы мен жазғы ыстыққа байланысты ханның денесін бірден Хан Ордасына жеткізу мүмкін болмай, ол алғашында дүние салған жеріне жерленген. 1848 жылы Жәңгірдің туыстары оның мүрдесін Хан Ставкасындағы әулеттік қорымға көшіруге рұқсат сұрап, Орынбор әскери губернаторына өтініш жолдаған. Келесі жылы ханның ұлы Ибрахим де әкесін туған-туыстарының жанына қайта жерлеу туралы мәселені көтереді. Ресей империясының Ішкі істер министрлігі 1849 жылғы наурызда мүрдені көшіруге ресми рұқсат берген. Жәңгір ханның денесін Тарғыннан әкелу жұмыстары сол жылдың күзінде жүргізілген. Мүрде арнайы табытқа салынып, 29 қазанда Хан қорымындағы туыстарының жанына қайта жерленген. Рәсімді Ордадағы жәми мешіттің ахуны Жәбир Хамадұлы жүргізген. Жәңгір ханның алғашқы мазары ағаштан қиылып салынған. Оның қабірінің айналасы қоршалып, ағаш отырғызылғаны жөнінде XIX ғасырдағы жазбаларда кездеседі. Ханның қасына жұбайы Фатима ханым, балалары мен әулет мүшелері жерленген.
Хан басындағы ағаш мазар ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне дейін сақталған. Алайда 1933 жылы жергілікті кеңес қызметкерлері құрылысты бұзып, оның ағаштарын шаруашылық қажеттілігіне пайдаланған. Соның салдарынан хан қабірінің үстіндегі тарихи құрылыс жойылып, қорымда негізінен құлпытас пен жерлеу орны ғана қалған. Кеңес дәуірінде Жәңгір ханға деген ресми көзқарас негізінен Исатай мен Махамбет көтерілісіне қарсы тұрған билеуші бейнесімен шектелді. Оның білім, медицина, сауда, басқару және елді отырықшылыққа бейімдеу бағытындағы бастамалары толық зерттелмеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін Бөкей Ордасының тарихын қайта қарастыру, тарихи ғимараттар мен әулеттік қорымды қалпына келтіру жұмыстары жандана бастады.
Жәңгір ханның қабірі үстіне жаңа кесене тұрғызу жұмыстары 1990-жылдары қолға алынды. Жергілікті тұрғындар тарихи орынды қалпына келтіру жөнінде ұсыныс білдіріп, бұл бастаманы Батыс Қазақстан облысының басшылығы қолдаған. Кесененің жобасын жасаған әрі құрылысын жүргізген сәулетші – Көпбол Демесінов. Құрылысқа Маңғыстау өңірінен жеткізілген ақ ұлутас пайдаланылды. Кесене төртбұрышты тұғыр үстіне салынған, кіреберісі аркамен көмкеріліп, жоғарғы бөлігі биік дулыға тәрізді күмбезбен аяқталады. Құрылыстың ашық түсті тасы күн сәулесіне қарай әртүрлі реңк беріп, Нарын құмының табиғатымен үйлесіп тұрады. Жаңа кесене 1997 жылы аяқталды. Сол жылы Жәңгір хан кесенесі мен Бөкей Ордасының тарихи нысандарын қамтыған музей кешенінің салтанатты ашылуына Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
Қазіргі кесене 1997 жылы салынған нысан ретінде республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Ол Хан сарайы, хан мешіті, қазынашылық ғимараты, тарихи мектептер мен басқа да құрылыстарды қамтитын «Хан Ордасы» тарихи-мәдени музей-қорығы кешенінің құрамына кіреді.
Хан қорымында Жәңгірдің басқа да туыстары мен балаларының қабірлері бар. Кесененің оң жағында Жәңгір ханның туысы, қазақтың әйгілі күйші-композиторы Дәулеткерей Шығайұлының кесенесі орналасқан. Дәулеткерей – төре күйлерінің көрнекті өкілі, «Жігер», «Бұлбұл», «Көрұғлы», «Қосалқа» секілді шығармаларды қалдырған тұлға. Оның қазіргі кесенесі 2000 жылы тұрғызылған.
Осы мемориалдық аумақта Жәңгір хан мектебінің түлегі, этнограф, тарихшы және ағартушы Мұхамед-Салық Бабажановтың кесенесі де бар. Ол қазақ халқының тұрмысы, салт-дәстүрі, шаруашылығы мен ауыз әдебиеті туралы ғылыми еңбектер жазған. Бабажановтың кесенесі 2001 жылы салынған.
Осы үш кесене – Жәңгір хан, Дәулеткерей және Мұхамед-Салық Бабажанов мемориалдары Хан Ордасының тарихи пантеонын құрайды.
Кесене салынғаннан кейін табиғи климаттың әсерінен оның сыртқы бөліктері мен құрылыс материалдары уақыт өте келе тоза бастаған. Осыған байланысты 2025 жылы Жәңгір хан кесенесіне ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Жобаны тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтірумен айналысатын «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны жүзеге асырды.
Осылайша Жәңгір ханның жерлеу орны бірнеше тарихи кезеңді бастан өткерді. Хан 1845 жылы Тарғын бойына жерленіп, 1849 жылы Хан Ордасындағы әулеттік қорымға қайта әкелінді. Оның басына тұрғызылған ағаш мазар 1933 жылы бұзылды. 1997 жылы жергілікті халық пен облыс басшылығының қолдауымен жаңа кесене салынып, ал 2025 жылы нысанға толық ғылыми реставрация жүргізілді. Бүгінде Жәңгір хан кесенесі – Бөкей Ордасының хандық дәуірі, ағартушылық тарихы және қазақтың күйшілік әрі ғылыми мұрасы тоғысқан тұтас мемориалдық кешен. Хан Ордасына келген саяхатшылар осы жерде Жәңгір хан мен Фатима ханымға, Дәулеткерей Шығайұлына және Мұхамед-Салық Бабажановқа тағзым етіп, ХІХ ғасырдағы Ішкі Орда тарихымен жақын таныса алады.
* Жәңгір хан кесенесі туралы фоторепортажды арнайы бөлімнен көре аласыздар