Абай қалдырған сарқылмас қазынаға терең бойлаған сайын, Абай ілімінің шексіздігі мен тереңдігі таң қалдырып, өзіне баурап-тартып, қанша уақыт өтсе де өзектілігін жоймайтын, ұрпақтан-ұрпаққа қастерлеп жеткізетін білім екенін бар болмысыңмен ұғына түсесің. Тіршіліктің қай саласынан да өзекті жауап таба алатын дана ойшылдың еңбектері барлық тақырыпты қамтыған тәрбиелік шығармалар. Әр сөзі ғибрат! Бүгінгі тақырыбымда Абай шығармашылығының ішінен тек бірнеше қара сөздеріне сүйене отырып, ойшылдың толық адамдық, кемел мұсылмандық сипатына ғана тоқталмақпын.
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
«Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз»
(Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев
«Egemen Qazaqstan» газеті, 09 қаңтар, 2020)
Араб, парсы, түрік, орыс тілдерін меңгерген Құран мен хадисті, Ғазалидің еңбектерін зерделеген Абай философиясы терең, рухы биік толық адам, кемел мұсылман. Кемел мұсылмандық – бұл берік иман. Жалпы, иман (إيمان – сенім:сену, илану, қабылдау) ұғымы - сену, нану, шын көңілімен қабыл ету, күмәнға жол берместен нақты, жүрекпен, шын ықыласпен сену деген мағыналарды беретіні баршамызға аян. Сол сенім, шынайы иман болғанда ғана пендесі Жаратушының ғажайып тылсымына тереңдеп, құдыретіне бас иеді емес пе?.
Шынайы иманның - ақыл мен жүрекпен қабылданған иман екенін айтып, Аллаға шын ықыласпен құлшылық еткен адам – оған ақылымен де, жүрегімен де, ісімен де қызмет етеді дейді Абай.
«Жүрегінде бидайдай, арпадай иманы болып: «Алладан басқа тәңірі жоқ, Мұхаммед (с.ғ.с.) оның елшісі» деген адам жәһәннамнан шығады» (Бухари, Иман-33; Тирмизи, Жәһәннам-9; Ибн Мажа, Зухд-37) деген. Осы шынайы иманның тілдің ұшында, амалдың үстінде емес, жүректің ішінде екенін Абай 12-ші қара сөзінде: 12. «Кімде-кім жақсы-жаман ғибадат қылып жүрсе, оны ол ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз. Ләкин, сондай адамдар толымды ғибадатқа ғылымы жетпесе де, қылса екен. Бірақ оның екі шарты бар, соны білсе екен. Әуелі - иманның иғтиқатын махкамлемек керек, екінші - үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене берсе керек. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды. Уа-ләкин, кімде-кім иманның неше нәрсе бірлән кәмәләт табатұғынын білмей, қанша жерден бұзылатұғынын білмей, басына шалма орап, бірәдар атын көтеріп, оразашыл, намазшыл болып жүрген көңілге қалың бермей тұрып, жыртысын салғанға ұқсайды. Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды, ықыласыменен өзін-өзі аңдып, шын діни шыншылдап жаны ашып тұрмаса, салғырттың иманы бар деп болмайды», деп көркемдейді.
Ижмали иман, тафсили иман, тақлиди иман, тахқиқи иман деп ғалымдарымыз түсінік берген иманның түрлерін Абай атамыздың меңгергенін иман негіздерін сипаттаған 13-ші қара сөзінен көре аламыз: 13. «Иман деген - алла табарака уа тағаланың шәриксиз, ғайыпсыз бірлігіне, барлығына уа әр түрлі бізге пайғамбарымыз саллалаһу ғалайһи уәссәлләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инанмақ. Енді бұл иман дерлік инануға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі - не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел - испат қыларға жараса, мұны якини иман десе керек. Екіншісі - кітаптан оқу бірлән яки молдалардан есту бірлән иман келтіріп, сол иман келтірген нәрсесіне соншалық берік боларға керек. Біреу өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де, соған айнып, көңілі қозғалмастай берік болу керек. Бұл иманды иман таклиди дейміз».
Терең мағыналы қара сөздерімен иманның толық сипаттамасын, сенім мәселесін айшықтаған данагөй жаратушыны тану тереңдігінің - иманның беріктігіне тікелей байланысын ашады. Терең танымы - діншілдік пен білімсіз, өзгенің ықпалымен орындайтын ритуалдары толық, бірақ кеудесі қуыс мұсылман болып жүрген жоқпыз ба? деп, әр пенденің өзіне сұрақ қойып, еш жамандығы болмаса да, пайда бермейтін іспен құр айналысып жүрмегеніне ой салуына түрткі болады. Дінді жаңа үйренуші ғана болсақ, Абай атамыз ескерткендей, үйренген үстіне үйреніп, білім алып, ниетімізді тураласақ нұр үстіне нұр болар.
Мағауия (р.а): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алла Тағала кімге жақсылық қаласа, соған дінді кеңінен, терең түсінуді нәсіп етеді» - деп айтты», деген (Бұхари, ильм10; Муслим, имара 175). Әр сөзінен Алланың кәләмі мен хадистің лебін сезінетін ұлтымыздың маңдайына біткен біртуар ойшыл жанға берілген Жаратқанның нығметіне, әрі Пайғамбарымыз (с.ғ.с) салып кеткен сара жолда терең имани біліммен өзі де сусындап, жақсылығын ұрпағына да мұра еткеніне көз жеткіземіз.
Шығармаларында «надандықты» сипаттайтын тұстарда ойшыл осы имани қараңғылықты сынап-сөгеді. Шынайы, кіршіксіз сенімге ие болғанда ғана, жасаған амалдарымыздың Алланың разылығына апаратынын ұғындырады. 34-ші қара сөзінде «34. Жұрттың бәрі біледі өлетұғынын және өлім үнемі қартайтып келмейтұғынын, бір алғанды қата жібермейтұғынын. Қазақ осыған да, амал жоқ, нанады, анық өз ойына, ақылына тексертіп нанбайды. Және һәмманы жаратқан құдай бар, ахиретте сұрау алады, жамандыққа жазғырады, жақсылыққа жарылғайды, жазғыруы да, жарылғауы да пенде ісіне ұқсамайды, бегірек есепсіз қинауы да бар, бегірек есепсіз жетістіруі де бар деп - бәріне сендік дейді. Жоқ, онысына мен сенбеймін? Олар сендім десе де, анық сенген кісіге уайым ойлап не керек? Осы екеуіне лайықты жақсылықты өздері де іздеп таба береді. Егерде осы екеуіне бұлдыр сеніп отырса, енді неге сендіре аламыз? Оны қайтіп түзете аламыз? Оларды мұсылман деп, қалайша иманы бар ғой дейміз? деп соқыр (бұлдыр) сенімнен алшақтауды ұғындырады.
Біреуді төмендетіп (қор қылып), енді біреуін көтереді (мерейін өсіреді) (56-3), сендер үш топқа бөлінгендеріңде (56-7) деп қиямет күнін арқау еткен Уақиға сүресін оқи отырып, осы сүремен тығыз байланыстылық бардай сезім қалдырған мынадай қара сөзі бар. Дана Абай 35-ші қара сөзінде жатық тілде ерекше көркем қалай жеткізгенін қараңызшы: Махшарға барғанда құдай тағала қажы, молда, сопы, жомарт, шейіт - соларды қатар қойып, сұрар дейді. Дүниеде ғиззат үшін, сый-құрмет алмақ үшін қажы болғанды, молда болғанды, сопы болғанды, жомарт болғанды, шейіт болғандарды бір бөлек қояр дейді. Ахиретке бола, бір ғана құдай тағаланың разылығын таппақ үшін болғандарды бір бөлек қояр дейді.
Дүние үшін болғандарға айтар дейді: «Сендер дүниеде қажеке, молдеке, сопеке, мырзеке, батыреке аталмақ үшін өнер қылып едіңдер, ол дүниең мұнда жоқ. Сендердің ол қызықты дүниең харап болған, сонымен қылған өнерлерің де бітті. Енді мұнда құрмет алмақ түгіл, сұрау беріңдер! Мал бердім, өмір бердім, не үшін сол малдарыңды, өмірлеріңді, бетіңе ахиретті ұстап, дін ниетің дүниеде тұрып, жұртты алдамақ үшін сарып қылдыңдар?» деп.
Ана шын ниетіменен орнын тауып, бір құдайдың разылығы үшін өнер қылғандарға айтар дейді: «Сендер бір ғана менің разылығымды іздеп малдарыңды, өмірлеріңді сарып қылып едіңдер, мен разы болдым. Сіздерге лайықты құрметті орным бар, дайын, кіріңдер! Һәм ол разылықтарыңнан басқа осы махшар ішінде, сендердің осы қылғаныңа өзі қылмаса да, іші еріп, ынтық болған достарың табылса, шафағат қылыңдар!» - деп айтар дейді.
Абай шығармашылығы имандылықтың сырын ашып, кемел мұсылманның жүректен шыққан сөздері елітіп әкетеді. Сократ пен Аристодемнің диалогы етіп құрған 27-ші қара сөзі, «Әуелі иманды түзетпей жатып, қылған ғибадат не болады?» деген 28-ші қара сөзі мен «Біз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз. Сол махаббат пен ғадаләтке қарай тартпақпыз, сол алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады. Инандым, сендім демек инандырамын, сендіремін деген емес» деген 45-ші қара сөзінен сезім шыңын бағындырған Абай атамыздың, дәл сол деңгейде өзгелердің де кәміл сенімге жетіп, ғайыпқа сенген адам баласын екі дүниеде де бақытты ететін терең білімді ұғындыруға тырысқан жан-дүниесі сезіледі.
Ал, терең тағлымға толы 38-ші қара сөзі – том-том еңбекке арқау болатын құнды мұра. Күрделі де ерекше, тереңіне бойлап, әр сөзіне мән бере түссек, әр қырынан зерттеуге арқау болатын шығарма. Әр оқыған сайын жан-дүниеңді толқытып, Алланың мұғжиза болған кәләмін, Жаратқанның көркем есімдерін, Пайғамбарымызды (с.ғ.с.), сахабалардың есімдерін әкеле отырып, терең ғылым мен білімге ұмтылып, шынайы махаббатты сезініп, ізденуіңе жетелейді. Құранда «Сендер (Раббыларыңның қалауларымен) күллі адамзаттың игілігі үшін жаралған ең қайырлы үмбетсіңдер. Үнемі жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыясыңдар, Аллаға кәміл сенесіңдер» (3-110) деген мүмін сипатын толықтыратын адамгершілікті биік рухының, терең танымының биігінен түсіндірген Абай 38-ші қара сөзінде «Ей, жүрегімнің қуаты, перзентлерім! Сіздерге адам ұғылының мінездері туралы біраз сөз жазып ядкар қалдырайын» деп кәміл иманын халқының жүрегіне жеткізе, иманның негіздерін, мұсылманның парыздарын қамтыған біртұтас уағыз ретінде баршамызға бағыттайды:
Әуелі дін исламның жолындағы пенделер иманның хақиқаты не сөз екенін білсін. Иман дегеніміз бір ғана инанмақтық емес, сен алла тағаланың бірлігіне, уә құранның оның сөзі екендігіне, уә пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа салаллаһу ғалайһи уәссәлләм оның тарапынан елші екендігіне инандың. Жә, не бітті? Сен алла тағалаға алла тағала үшін иман келтіремісің я өзің үшін иман келтіремісің? Сен иман келтірмесең де, алла тағалаға келер ешбір кемшілік жоқ еді. Өзің үшін иман келтірсең, жә инандың. Ол инанмақтығың құр ғана инанмақтықпен қалса, саған пайда бермейді. Оның үшін сен өзің инанмақтығыңнан пайда ала алмадың, пайдаланамын десең, пайда береді, кәміл иман болады. Пайданы қалайша алуды білмек керек. Сіз «Әмәнту биллаһи кәмаһуә би әсмайһи уасифатиһи» дедіңіз. Ол есім аллалар һәмма ол алла тағаланың фиғыл ғазимләрінің аттары, олардың мағынасын біл һәм сегіз сифат затиялары не деген сөз, кәміл үйрен, деп Алланың шексіз құдыретін «Алла тағала - өлшеусіз, біздің ақылымыз - өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды» дейді. Алланың көркем есімдерін жаза отырып: «... алла тағаланың Рахман, Рахим, Ғафур, Уадуд, Хафиз, Сәттар, Раззақ, Нафиғ, Уәкил, Латиф деген есімдеріне бинаһи бір ұлығ сипатынан хиссаптауға жарайды. Бұл сөзіме нақлия дәлелім - жоғарыдағы жазылған алла тағаланың есімдері. Ғақлия дәлелім құдай тағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісіммен жаратқан, онан басқа, бірінен бір пайда алатұғын қылып жаратыпты» деп Алланың шексіз құдыретін жеткізеді. Алла тағаланың бұлттардан жаңбыр жаудырып, бау-бақшаны өсірдік деп келетін Құранның Нәбә сүресінің 14,15,16 аяттарын сипаттағандай сезім тудыратын сөздері: «Ақыл көзімен қара: күн қыздырып, теңізден бұлт шығарады екен, ол бұлттардан жаңбыр жауып, жер жүзінде неше түрлі дәндерді өсіріп, жемістерді өндіріп, көзге көрік, көңілге рахат гүл-бәйшешектерді, ағаш-жапырақтарды, қант қамыстарын өндіріп, неше түрлі нәбатәттәрді өстіріп, хайуандарды сақтатып, бұлақтар ағызып, өзен болып, өзендер ағып дария болып, хайуандарға, құсқа, малға сусын, балықтарға орын болып жатыр екен. Жер мақтасын, кендірін, жемісін, кенін, гүлдер гүлін, құстар жүнін, етін, жұмыртқасын; хайуандар етін, сүтін, күшін, көркін, терісін; сулар балығын, балықтар икрасын, хатта ара балын, балауызын, құрт жібегін - һәммасы адам баласының пайдасына жасалып, ешбірінде бұл менікі дерлік бір нәрсе жоқ, бәрі - адам баласына таусылмас азық» дейді. Қиянаттан ада боп, адамдықтың биік үлгісін мақсат тұтуды жеткізе отырып, пенденің имани дәрежесінің тәрбиесіне ат салысқан тұлға осы қара сөзінде «Қиянатшылыққа бір қарар тұрған адам - я мұсылман емес, ең болмаса шала мұсылман. Алла табарака уатағаланың пенделеріне салған жолы қайсы? Оны көбі білмейді. «Тәфаккару фиғла иллаһи» деген хадис шарифтің «инналаһу йухиббул муқситин» деген аяттарға ешкімнің ықыласы, көңілі менен ғылымы жетіп құптағанын көргенім жоқ. «.... инналаһу йухиббул мұхсин» (2-195), «уәлләзинә әмәну уәғәмилу салихати улайна асхабул жәннәти һәм фиһа халидун» (2-82) деген аяттар құранның іші толған ғамалус-салих не екенін білмейміз. «Уа әммәлзина амәну уәғамилус саликати фәйуәффиһим ужурәһум уаллаһу лә йүхиб-буз-залимин» (3-57) аятына қарасаң, ғамалус-салих залықтықтың зидды болар. Олай болғанда ғадаләт рафғат болуға кімде-кімнің әділеті жоқ болса, оның хаясы жоқ, кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы жоқ деген, пайғамбарымыздың салаллаһу ғалайһи уәссәлләмнің хадис шарифі «мән-лә хаяун лаһу» деген дәлел дүр, - деп Бақара, Имран сүрелерінен аят келтіре отырып, әр сөзін хадиспен қуаттауы Құранды меңгергенін білдіреді емес пе?
«Енді біліңіздер, ей, перзенттер! Құдай тағаланың жолы деген жол алла тағаланың өзіндей ниһаятсыз болады. Оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді». Байқасақ дәл осы жерде бізге тағы да таза мұсылман ғана толық адам, яғни кемел адам бола алатынын жеткізіп отыр. Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаң болса - өзің ниһаятлысың, ол жол құдайдың жолы емес. Ғаламнан жиылсын, маған құйылсын, отырған орныма ағып келе берсін деген ол не деген нысап? Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан ғадаләт, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол - құдайдың жолы. Ол ниһаятсыз жол, сол ниһаятсыз жолға аяғыңды берік бастың, ниһаятсыз құдаға тағырып хасил болып хас езгу құлдарынан болмақ үміт бар, өзге жолда не үміт бар? Кейбіреулердің бар өнері, мақсаты киімін түзетпек, жүріс-тұрысын түзетпек болады да, мұнысын өзіне бар дәулет біледі. Бұл істерінің бәрі өзін көрсетпек, өзін-өзі базарға салып, бір ақылы көзіндегі ақымақтарға «бәрекелді» дегізбек. «Осындай болар ма едік» деп біреулер талаптанар, біреулер «осындай бола алмадық» деп күйінер, мұнан не пайда шықты? Сыртқа қасиет бітпейді, алла тағала қарайтұғын қалыбыңа, боямасыз ықыласыңа қасиет бітеді. Бұл айнаға табынғандардың ақылы қаншалық өсер дейсің? Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүймектікпен өсер. Мән берсек, Алланың біздің жүректерімізге қарайтынын, сырт көз үшін, біреудің «бәрекелдісі» үшін жасалған ісіміздің еш пайдасы жоқтығын қандай көркем түсіндіріп тұр. Ал енді, мұсылман болған соң, ораза тұтмақ, намаз оқымақ керек, ғибадатқа жетпесек кемшілік емес пе?, деп ғибадаттың бағытында айшықтап, ашып береді.
Парыз болған намазымызды оқуға, намаз алдында дәретті міндеттеген қасиетті Құранды (Бақара -238), (Маида-6), намаздың парыздары мен ретін де, дәрет алуды да Хакім Абай толыққанды түсіндіріп, толық нұсқаулығын осы 38-ші қара сөзінде жазады:
«Бұл ғибадаттан бір үлкені - намаз, ол намаздан әуелі таһарат алмақ, онан соң намазға шұруғ қылмақ...
Енді намаздың аты - салауат, дұға мағынасында деген:
Аяқта, мойында болған мәсхлар - ол жумақ емес, өздері де жуулы деп көрсеткен ишараты.
Намаздан әуелі құлақ қақтыңыз - егер алла тағаланы жоғарыда деп, мәкән исфат етпесең де, бегірек созу әдепсіз болып, күнә дариясына ғарық болдым, яғни дүние әуесіне ғарық қылмай қолымнан тарт, яғни құтыларлық жәрдемдерінің ишараты*.
Онан соң қиямда тұрып қол бағламақ - құл қожа алдында тұрмақ - бұқара патша алдында тұрғаннан артық алланың қадірлігіне өзінің ғажиздығына ыкрарының беріктігін көрсеткен ишараты.
Қыбылаға қарамақ - әрине, құдай тағалаға ешбір орын мүмкін емес болса да, зиратын парыз еткен орынға жүзін қаратып, сондағы дұғадай қабылдыққа жақын болар ма екен деген ишараты.
Онан соң қира әт, яғни сураһи фатиха оқисың, мұнда бірақ сөз ұзарады. Ол фатиха сүресінің мағыналарында көп сыр бар.
Руқүғ бас ұрмақ - алдында құда хазірге ұқсас, ол да ишарат.
Сәжделер - әуелі жерден жаралғанына ықырары, екіншісі - және жерге қайтпағына ықырары, бас көтермек және тіріліп, сұрау бермегіне ықырарының ишараты.
Қағадат ул-ахир - дұғаның ақырында аллаға тахият, одан тәшәһһуд, одан салауат, пайғамбарымыз саллаллаһу ғалайһи уәссәлләмге айтпақ үшін ең ақырғы сәлемменен тауысасыз, яғни алла тағаладан не тілеп дұға қылдыңыз. Ол дұға қазинасы күллі мұсылмандарды ортақтастырып, оларға да сәләмәтшілік тілеп һәм рахмет тілеп бітіресіз. Мәні мен мағынасы тереңде жатырған қара сөздерінің қайсысына үңілсек те, ойшылдың өз елі мен халқы, жамағаты үшін толассыз еңбектер жазып қалдырғанын ұғамыз. Ата-анадан, ұстаз бен өз ортамыздағы адамдардан естіп, көріп, үйреніп, еліктей жүріп келтірген иманды қуаттау үшін Абайдың сөзі - күш-қайрат дер едім. Құран араб тілінде түскен мұғжиза болғандықтан, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оқығанда сахабаларымыздың бұл ғажап та көркем сөздерге дереу бойұсынып, иман келтіруі сол тілді терең түсінуінен. Араб тілін меңгерген Абай Құранды жүрек көзімен оқып, маңызына терең үңіліп, биік танымымен, терең ұғымымен, болмысымен түсініп, оны бізге қара сөзімен жеткізе білген. Ал біз, құран оқығанда дереу оның бәрін толық түсініп, толық сезініп те кете алмаймыз. Әлбетте, біз құранды дәл солай түсіне алуымыз үшін, бар ғаламатын сезіне алуымыз үшін тілді меңгеріп, терең рухани білім алу қажетпіз. Сол олқылығымызды Абай шығармасы толықтырып, білімге шақырып тұрғандай. Сол көпшілік қолы жете бермес ғаламатты Абай құдды бір өз ұлтына өз терең білімімен, биік рухымен, жүрек көзімен және көркем де бай ана тілімен өз шығармаларында жеткізіп тұрғандай. Ғайыпқа иман етудің құдыретін жеткізеді. Кім сені сүйсе, оны сүймектік қарыз емес пе?, деп махаббатың шыңы Аллаға деген махаббат екенін жүрегімізге салып, ойландырады. Оқығанын тоқыр жанға бұл ғибратқа толы уағыз.
Біртуар дана, хакім Абай – құранды толық меңгерген, хадистерді бойына сіңірген, және алған іліміне сай толық амал еткен кемел иманды мұсылман болғанына шәк жоқ. Иә, Абай әлеміне бойлаған сайын Абай қалдырған сарқылмас қазына тұлғалық дамудың қайнар көзі екенін толық ұғынасың. Әр сөзіне зер салған сайын көкірегіңде жаңа леп, жаңа тыныс сезіле түседі. Алланың рақымымен, осы шығармамды жаза отырып, өзімді түсінуде, танымым да бір баспалдаққа болса жылжығандай сезіммен отырдым. Көзі қарақты жанның жүрек көзінің жарқырай түсуіне, Абай шығармашылығын зерделей түсуге бұл еңбек те септігін тигізсе, мендегі мақсаттың орындалғаны, оқырманым!
«Облыстық дарынды балаларға арналған
Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты» КММ тәрбиешісі,
педагогика ғылымдарының магистрі, дінтанушы, Нұрлан Саматұлы Қабыкешов.