Мақал-мәтел – әрбір ұлттың жеке тарихи жадысы, өткені, келешегі. «Қазақша-кәрісше сөздік» (카자흐어-한국어 사전, 2006) еңбегінен қазақ тіліндегі бірнеше мақал-мәтелдің корей тіліне мағыналас, кейде сөзбе-сөз аударылған нұсқаларын ұсынамыз. Төмендегі мақал-мәтелдердің барлығы адамның мінез-құлқына байланысты арнайы таңдалып алынды.
Ауру қалса да, әдет қалмайды – 병은 멈추기도 하지만 습관은 오래 간다 [byeong-eun meomchugido hajiman seubgwan-eun orae ganda]. Мағынасы – адам бойындағы жара, дерт уақыт өте келе жазылуы мүмкін, ал оның ішкі әлемімен байланысты әдет, күнделікті қалыптасқан әрекетті өзгертудің қиындығы жайында. Қанға сінген қасиет, ана сүтімен келген мінез тек сүйекпен кетеді деген де түсінік бар. Яғни, адамның негізгі табиғи болмысын түбегейлі өзгерту мүмкін емес. Бұл мақалдың айтар ойы – қалыптасқан әдеттерді барынша игі істерге бағыттау, жақсылық жасау.
Сынықтан басқаның бәрі жұғады – 나쁜 습관은 배우기 쉽다 [nappeun seubgwan-eun baeugi swibda]. Мағынасы – бір жерде, бір ортада жүрген адамдардың мінезі, өмірлік көзқарастарының екінші бір адамға әсер етуі жайында. Негізінен шын жақын көрген адамның ғана ойы, сөзі, қылығы жұғады. Бұл мақалдың айтар ойы – адамның барынша жақсы жандармен дос болып, барынша жақсы қасиетті көбірек өз бойына жинауы.
Жаман жақынын сыйламас – 뻔뻔한 사람은 가까운 사람조차 존경하지 않는다 [ppeonppeonhan saram-eun gakkaun saramjocha jongyeonghaji anhneunda]. Мағынасы – қасындағы адамның жақсылығын байқамай, сырт адамдарға көбірек жақсы көрінуге тырысатын адамдар жайында. Осы бір мінездің кесірінен қаншама отбасы үйлесімділік таба алмай, ақыры ажырасуға апарады. Бұл мақалдың айтар ойы – бейтаныс адамдарға емес, жаныңдағы адамдарға көбірек көңіл бөлудің маңыздылығы.
Ырыс баққан дау бақпас – 매번 논쟁을 할 수는 없다 [maebeon nonjaeng-eul hal suneun eobta]. Мағынасы – жақсы іске ұмтылған адамның ұрыс-керіске араласпайтыны жайында. Жүрегі ізгілікке толы жан айналасынан тек жақсылықты, әдемілікті көреді. Бұл мақалдың айтар ойы – барынша мағыналы іс жасауға ұмтылу, пайдасыз дау-жанжалға бос уақыт жоғалтпау.
Еңкейгенге еңкей, ол адамның құлы емес – 엎드렸던 이에게 엎드려라, 그는 너의 종이 아니다 [eopdeuryeotdeon iege eopdeuryeora, geuneun neoui jong-i anida]. Мағынасы – өзіңе сыпайылық көрсеткен жанға дәл солай қарым-қатынас жасау керектігі жайында. Әрбір іс-әрекеттің кері байланысы болу керек және ол өз орнымен болғаны дұрыс. Бұл мақалдың айтар ойы – айналаңдағы адамдарға мейірімді болсаң, олар да саған мейірім көрсетеді.
Талғат ШАЙХЫҒАЛИ.,
шығыстанушы