Қазақстан авиакомпанияларының тағдыры

Бөлісу

14.07.2026 57

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан аспанында негізінен кеңестік Ан, Ил, Ту және Як ұшақтары ұшса, бүгінде жолаушылар Boeing 787, Boeing 737 MAX, Airbus A321LR тәрізді жаңа буын лайнерлерін күтетін деңгейге жетті. 2025 жылы қазақстандық әуе компаниялары 15,4 миллион жолаушы тасымалдаған. Ал 2026 жылдың алғашқы төрт айында отандық тасымалдаушылардың қызметін 4,6 миллион адам пайдаланған. 2026 жылғы мамырда коммерциялық әуе тасымалдарына тартылған қазақстандық ұшақтардың жалпы саны 111-ге жетті. Бұл көрсеткішке жолаушылар лайнерлерімен бірге чартерлік, іскерлік және арнайы мақсаттағы коммерциялық әуе кемелері де кіреді. Қазіргі таңда Қазақстанның қарапайым жолаушыларға билет сататын негізгі тасымалдаушыларының қатарында Air Astana, FlyArystan, SCAT, Vietjet Qazaqstan, «Оңтүстік аспан», «Жезқазған-Эйр» және «Жетісу» бар. 


Air Astana

Қазақстандағы ең ірі толық сервистік әуе компаниясы Air Astana 2001 жылғы қыркүйекте құрылды. Компания Қазақстан үкіметі мен британдық BAE Systems компаниясының бірлескен жобасы ретінде ашылды. Алғашқы коммерциялық рейс 2002 жылғы 15 мамырда Алматыдан Астанаға орындалды. Ол кезде жаңа тасымалдаушының қарамағында жалға алынған екі Boeing 737 ұшағы ғана болған. Компанияның халықаралық бағыттағы алғашқы рейстерінің бірі 2002 жылдың қыркүйегінде Алматыдан Дубайға орындалды. Осыдан кейін Air Astana халықаралық бағыттарды кезең-кезеңімен көбейтіп, Еуропа, Азия, Кавказ, Таяу Шығыс және Үндістан бағыттарына шыға бастады.

Air Astana тарихындағы маңызды өзгерістердің бірі – әуе паркін біртіндеп кеңестік техникадан толықтай батыстық ұшақтарға көшіруі. Компания Airbus A320 ұшағын 2006 жылы қабылдады. 2016 жылы Airbus A320neo пайдалануға берілсе, 2019 жылы алыс бағыттарға арналған Airbus A321LR ұшағы әкелінді. LR белгісі Long Range, яғни «алыс қашықтық» дегенді білдіреді. Бұл ұшақтың арқасында сыйымдылығы аса үлкен емес бағыттарда да бірнеше сағаттық тікелей рейстер ашуға мүмкіндік туды. 2025 жылдың соңында Air Astana-ның өз паркінде 34 әуе кемесі болды. Оның ішінде үш Boeing 767-300ER, үш Airbus A320 және A321 үлгісіндегі бұрынғы буын ұшағы, сондай-ақ 28 Airbus A320neo, A321neo және A321LR болған. 

Компанияның ең ірі ұшағы – Boeing 767-300ER. Ол жолаушыларды алыс халықаралық бағыттарға тасымалдауға арналған кең фюзеляжды лайнер. Алайда бұл ұшақтар біртіндеп жаңа Boeing 787-9 Dreamliner үлгісімен алмастырылмақ. Алғашқы екі Dreamliner 2026 жылдың екінші жартысында жеткізіледі деп жоспарланған. Жаңа лайнерлер әуе компаниясына Солтүстік Америка мен Шығыс Азияға дейінгі ұзақ бағыттарды аялдамасыз орындауға мүмкіндік береді. Air Astana алдағы жылдарға жалпы саны 18-ге дейін Boeing 787-9 ұшағын алу жөнінде келісімдер мен жоспарлар жасаған. 

FlyArystan

FlyArystan – Қазақстандағы алғашқы төмен тарифті әуе компаниясы. Оның алғашқы рейстері 2019 жылғы мамырда орындалды. Жұмысын небәрі екі Airbus A320 ұшағымен бастаған компания Алматыдан Астана, Тараз, Орал, Қарағанды, Павлодар және Шымкент қалаларына алты бағыт ашты.

Төмен тарифті модельдің басты ерекшелігі – жолаушы тек өзіне қажетті қызметке ақша төлейді. Негізгі билет құнына көбіне тек ұшу мен шағын қолжүк кіреді. Тіркелетін жүк, ұшақтағы тамақ, орынды алдын ала таңдау немесе кезектен тыс тіркелу сияқты қызметтер бөлек сатып алынады. Осындай жүйе базалық тарифті төмендетуге мүмкіндік береді.

FlyArystan 2025 жылғы қаңтардан бастап Air Astana сертификатының аясында емес, өзінің жеке эксплуатант сертификатымен және FS халықаралық кодымен рейс орындай бастады. Бұл өзгеріс компанияның операциялық тұрғыдан дербес тасымалдаушыға айналғанын көрсетті. Соған қарамастан, FlyArystan Air Astana тобының құрамында қалды. 

2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша FlyArystan паркінде 28 Airbus A320 ұшағы болды. 2025 жылдың соңындағы бөлініске қарағанда, соның 16-сы Airbus A320ceo, ал 12-сі үнемдірек қозғалтқыштармен жабдықталған Airbus A320neo еді. A320ceo ұшақтарына 180, A320neo лайнерлеріне 188 жолаушы сыяды. 

2025 жылы FlyArystan 4,5 миллионнан астам жолаушы тасымалдады. Бұл – отандық әуе компаниялары тасымалдаған барлық жолаушының шамамен 29 пайызы. Бірнеше жыл ішінде компания Қазақстанның ірі қалаларын ғана емес, Ақтау, Ақтөбе, Қостанай, Өскемен, Қызылорда, Түркістан сияқты өңірлерді де халықаралық бағыттармен байланыстыра бастады. 

SCAT

SCAT әуе компаниясының тарихы 1997 жылы Шымкентте басталды. Оны авиация саласында еңбек еткен ұшқыштар, инженерлер мен мамандар тобы құрды. Компанияның алғашқы тұрақты рейсі 1998 жылы Ан-24 ұшағымен Алматы – Қызылорда – Алматы бағыты бойынша орындалды. 

SCAT атауы ағылшын тіліндегі Special Cargo Air Transport сөздерінің қысқарған нұсқасы ретінде пайда болған. Компания алғашқы кезеңде жүк және чартерлік тасымалдарға көбірек ден қойса, кейін Қазақстанның ішкі бағыттарында тұрақты жолаушылар рейстерін дамытты. Тасымалдаушының дамуындағы маңызды кезең – Boeing ұшақтарына көшуі. Қазіргі парктің негізін Boeing 737 отбасының ұшақтары құрайды. Компанияда Boeing 737-300, 737-500, 737-700, 737-800 және жаңа буындағы 737 MAX 8 үлгілері пайдаланылып келеді. Ұзақ әрі жолаушысы көп бағыттарда Boeing 757-200 және кең фюзеляжды Boeing 767-300ER ұшақтары қолданылады. Өңірлік желіде Bombardier CRJ200 ұшақтары да бар. 

SCAT 2018 жылы посткеңестік кеңістікте Boeing 737 MAX 8 ұшағын алғаш қабылдаған тасымалдаушы болды. Бұл ұшақ бұрынғы Boeing 737 үлгілеріне қарағанда отынды аз жұмсайды және ұшу қашықтығы ұзағырақ.  2026 жылы компания қосымша бес Boeing 737 MAX 9 ұшағына тапсырыс берді. Сонымен бірге бұрын жасалған бес Boeing 737 MAX 8 тапсырысын үлкенірек MAX 9 үлгісіне ауыстырды. Осылайша SCAT-тың болашақ паркіне арналған MAX 9 ұшақтарының жалпы саны онға жетті. Бұл лайнерлер алыс халықаралық және транзиттік бағыттарды дамытуға пайдаланылмақ.

SCAT-тың тағы бір ерекшелігі – Sunday Airlines туристік бренді. Sunday Airlines жеке эксплуатант сертификаты бар бөлек әуе компаниясы емес. Ол SCAT-тың демалыс орындарына ұйымдастырылатын чартерлік рейстерге арналған бренді ретінде жұмыс істейді.

Vietjet Qazaqstan (бұрынғы Qazaq Air)

Qazaq Air 2015 жылғы 1 сәуірде құрылды. Компанияны ашудағы негізгі мақсат – Астана мен Алматыдан шалғай орналасқан облыс орталықтарын, шағын қалаларды және халқы аз өңірлерді әуе қатынасымен байланыстыру еді. Оның алғашқы рейсі 2015 жылғы 27 тамызда Алматыдан Астанаға орындалды. Рейске Bombardier Q400 NextGen ұшағы пайдаланылды. 

Компания әуел бастан турбовинтті Q400 ұшақтарына басымдық берді. Бұл үлгі реактивті лайнерлерге қарағанда баяуырақ болғанымен, қысқа қашықтыққа ұшқанда отынды аз жұмсайды. Сонымен бірге ұшу-қону жолағы қысқа өңірлік әуежайларда жұмыс істеуге бейімделген. Сондықтан Q400 Қазақстанның облыс орталықтары мен шағын қалаларын байланыстыруға қолайлы болды. 2024 жылдың соңында Qazaq Air паркінде өзіне тиесілі бес De Havilland Canada Dash 8 Q400 NextGen ұшағы болды. Bombardier Q400 атауымен танылған бұл үлгі кейін өндіруші компанияның өзгеруіне байланысты De Havilland Dash 8-400 деп атала бастады. 

2025 жылы қазақстандық тасымалдаушыға вьетнамдық Vietjet компаниясы стратегиялық инвестор ретінде кірді. Осыдан кейін Qazaq Air рейстері Vietjet Qazaqstan сауда белгісімен орындала бастады. Компанияның заңды атауы бұрынғыдай Qazaq Air болып сақталғанымен, жолаушыларға ұсынылатын бренд өзгерді. 

Жаңа даму жоспары бойынша компания 2030 жылға дейін әуе паркін 20 ұшаққа жеткізуді көздейді. Қазіргі Q400 ұшақтарымен қатар Boeing 737 MAX лайнерлерін енгізу жоспарланған. Бұл Vietjet Qazaqstan-ға тек өңірлік емес, жолаушысы көп халықаралық бағыттарды да ашуға мүмкіндік береді. 

«Оңтүстік аспан»

«Оңтүстік аспан» әуе компаниясы 2014 жылы Шымкентте құрылды. Оның пайда болуы SCAT паркінің жаңаруымен тікелей байланысты. SCAT өзінің Ан-2, Ан-24 және Як-42 ұшақтарын негізгі парктен шығарған кезде, оларды ішкі және арнайы бағыттарда пайдалану үшін еншілес «Оңтүстік аспан» компаниясына берді. Компания алғашқы кезеңде санитарлық авиация, чартерлік және арнайы рейстер орындады. 2016 жылдан бастап тұрақты жолаушылар тасымалына кірісті. Оның бағыттары көбіне ірі әуе компаниялары үшін коммерциялық тұрғыдан тиімсіз, бірақ өңір тұрғындары үшін маңызды қалаларды қамтыды.

«Оңтүстік аспан» паркінде Ан-24 турбовинтті ұшақтары пайдаланылады. Ан-24 – қысқа және орта қашықтықтағы бағыттарға арналған, күрделі ауа райы мен шағын әуежайларда жұмыс істеуге бейім ұшақ. Зайсан, Үржар, Семей, Түркістан мен басқа да қалаларға орындалған бағыттар тұрғындарға облыс орталығына немесе елордаға автомобиль жолымен ұзақ уақыт жүрмей жетуге мүмкіндік береді.

«Жетісу»

«Жетісу» әуе компаниясы 1996 жылы құрылып, Талдықорған әуежайында базаланды. Компания тұрақты жолаушылар тасымалымен қатар әуежай қызметін ұйымдастыру, жүктер мен поштаны жеткізу жұмыстарын да атқарады. Оның негізгі міндеттерінің бірі – әлеуметтік маңызы бар өңірлік бағыттарға қызмет көрсету. Компания ұзақ уақыт Як-40 ұшақтарын пайдаланды. 2019 жылы оның паркі 19 жолаушыға арналған екі L-410UVP-E20 ұшағымен толықты. L-410 шағын әуежайларға, қысқа ұшу-қону жолақтарына және жолаушы саны аз бағыттарға арналған. Бұл ұшақтар Талдықорғаннан Үшарал тәрізді өңірлік бағыттарға рейс орындауға қолайлы.  

«Жезқазған-Эйр»

«Жезқазған-Эйр» компаниясының негізі Жезқазғандағы авиациялық кәсіпорыннан бастау алады. Қаладағы алғашқы әуежай 1949 жылы ашылса, 1970-жылдары Жезқазған біріккен авиаэскадрильясы құрылды. Қазіргі әуе компаниясы 1996 жылғы қазанда жеке заңды тұлға ретінде тіркелді.  Компанияның қызметі Жезқазған, Қарағанды және Балқаш тәрізді өнеркәсіптік қалалар арасындағы байланысты қамтамасыз етуге бағытталды. Тарихында Як-40 және L-410 ұшақтары пайдаланылған. «Жезқазған-Эйр» сияқты шағын тасымалдаушылардың рейстері жолаушы саны жағынан Air Astana немесе SCAT-пен салыстыруға келмейді. Бірақ олардың қызметі теміржол немесе автомобиль жолымен бірнеше сағат жүретін өңірлерді қысқа уақытта байланыстыруымен маңызды.

Қазақстанда жоғарыда аталған жеті компаниядан бөлек, коммерциялық әуе тасымалына немесе арнайы рейстерге сертификат алған операторлар бар. Олардың қатарында Comlux-KZ, Prime Aviation, Alpha Sky, «Беркут», Alaman Air, Burundaiavia, Altair Airlines, Tamga Jet, ART-Line Wings, Vega Jet және Air Tengri секілді компаниялар кездеседі. Бірақ бұлардың барлығы тұрақты бағыттар бойынша билет сатпайды. Кейбірі іскерлік авиациямен, мемлекеттік рейстермен, тапсырыстық чартерлермен, мұнай-газ компанияларының қызметкерлерін тасымалдаумен немесе авиациялық жұмыстармен айналысады. 

Тарихта қалған алғашқы ұлттық тасымалдаушы

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін құрылған алғашқы ұлттық әуе компаниясы – Kazakhstan Airlines. Ол 1991 жылы бұрынғы «Аэрофлоттың» Қазақ КСР аумағындағы бөлімшелерінің негізінде құрылды. Компанияның паркінде Ан-24, Ан-26, Ил-18, Ил-76, Ил-86, Ту-134, Ту-154, Як-40 және Як-42 секілді кеңестік ұшақтар болды. Kazakhstan Airlines батыстық ұшақтарды да пайдалануға тырысты. Оның тарихында Boeing 747SP және Boeing 757-200 лайнерлері кездеседі. Boeing 747SP – сол кезеңдегі алыс бағыттарға арналған ерекше қысқартылған кең фюзеляжды ұшақ еді. Мұндай ұшақтың Қазақстан туымен ұшуы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы авиация үшін елеулі оқиға болды.

1996 жылғы 12 қарашада Kazakhstan Airlines-тің Ил-76 ұшағы Үндістандағы Чархи-Дадри аумағында Saudi Arabian Airlines компаниясының Boeing 747 лайнерімен әуеде соқтығысты. Бұл оқиға азаматтық авиация тарихындағы ең ауыр әуедегі соқтығысу ретінде қалды. Апат компания қызметінің соңғы кезеңімен тұспа-тұс келді. 1996 жылы Kazakhstan Airlines жұмысын тоқтатып, ұлттық тасымалдаушы міндеті жаңадан құрылған Air Kazakhstan компаниясына берілді. Компанияның жабылуын тек бір апатпен байланысты емес. Сол кезеңде әуе паркінің ескіруі, қаржылық қиындықтар мен басқару құрылымының өзгеруі қатар жүрді.

Air Kazakhstan

Air Kazakhstan 1996 жылғы тамызда үкімет шешімімен құрылды. 1997 жылғы наурыздан бастап осы атаумен тұрақты рейстер орындай бастады. Компания Kazakhstan Airlines мұрагері ретінде елдің ұлттық тасымалдаушысы мәртебесін алды. Air Kazakhstan паркінде Airbus A310 сияқты батыстық кең фюзеляжды лайнерлермен қатар Ту-134, Ту-154, Ил-86 және Як-40 секілді кеңестік ұшақтар болды. Компания Еуропа, Ресей, Қытай, Үндістан және Таяу Шығыс бағыттарына рейстер орындады. Кей кезеңде оның балансындағы ұшақ саны үш ондыққа жуықтаған. Алайда ескі ұшақтарды күтіп ұстау шығыны, берешек, бағыттардың тиімсіздігі және қаржылық басқарудағы мәселелер компанияны қиын жағдайға жеткізді. Air Kazakhstan-ның соңғы рейсі 2004 жылғы 29 ақпанда Ганноверден Алматыға орындалды. Компанияның қарызы шамамен 60 миллион долларға жеткен. 2004 жылғы сәуірде сот Air Kazakhstan-ды банкрот деп таныды. Сол кезде кәсіпорында екі мыңға жуық қызметкер жұмыс істеген. Ұлттық тасымалдаушының орнын 2002 жылдан бері рейс орындай бастаған Air Astana басты. 

Bek Air

Bek Air тарихы 1999 жылы Berkut Air атауымен басталды. Алғашында компания іскерлік авиация мен тапсырыстық рейстерге маманданды. 2011 жылы атауын Bek Air деп өзгертіп, Қазақстанның ішкі бағыттарында тұрақты жолаушылар тасымалына кірісті. Компания паркінің негізгі әрі жалғыз үлгісі Fokker 100 болды. Нидерландта шығарылған бұл реактивті ұшақ шамамен жүз жолаушыға арналған. Fokker компаниясы ұшақ өндірісін 1990-жылдары тоқтатқанына қарамастан, Bek Air бұрын пайдаланылған лайнерлерді сатып алып, ішкі бағыттарда қолданды.

2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматыдан елордаға бағыт алған Bek Air ұшағы көтеріле алмай, әуежай маңындағы ғимаратқа соғылды. Адам шығынына әкелген апаттан кейін компанияның барлық рейсі тоқтатылып, техникалық және операциялық аудит басталды. Тексеру нәтижесінде компанияның ұшақтарға техникалық қызмет көрсетуі, мұзға қарсы өңдеу рәсімдері, экипаж даярлығы және құжат жүргізу жүйесіне қатысты елеулі мәселелер анықталды. Авиациялық әкімшілік берген кемшіліктерді жою туралы нұсқаулар толық орындалмады.

2020 жылғы сәуірде Bek Air компаниясының эксплуатант сертификаты ресми түрде қайтарып алынды. Сонымен бірге компанияға тиесілі тоғыз Fokker 100 ұшағының ұшуға жарамдылық сертификаттары күшін жойды. Осы шешімнен кейін тасымалдаушы қызметін қайта жалғастырған жоқ. 

Sayakhat

Sayakhat Airlines 1989 жылы құрылып, 1991 жылғы 30 маусымда коммерциялық рейстер орындай бастады. Ол Қазақстандағы алғашқы жекеменшік әуе компанияларының бірі саналады. Компанияны азаматтық авиация мамандары Владимир Куропатенко мен Николай Кузнецов құрған.  Sayakhat жолаушылар тасымалымен қатар жүк және чартерлік рейстер орындады. Оның паркінде төрт Ил-76ТД жүк ұшағы және үш Ту-154М жолаушылар лайнері болған. Ил-76 ұшақтары ауыр және көлемді жүктерді тасымалдауға пайдаланылса, Ту-154 ұшақтары орта қашықтықтағы жолаушылар бағыттарына шықты. Компания 2012 жылы жұмысын тоқтатты. 

Atyrau Airways

Atyrau Airways 1996 жылы Атырауда құрылды. Компания Қазақстанның батысындағы мұнайлы өңірлерді Алматы, Астана және ТМД қалаларымен байланыстыратын тұрақты әрі чартерлік рейстер орындады. Әуе паркінің негізін төрт Ту-134А ұшағы құрады. Бұл ұшақ кеңестік кезеңде қысқа және орта қашықтықтағы бағыттар үшін көп пайдаланылғанымен, 2000-жылдары оның отын шығыны мен техникалық қызмет көрсету құны жаңа лайнерлермен салыстырғанда жоғары еді. 1999 жылы Atyrau Airways Air Kazakhstan тобына қосылды. Кейін компанияның мүлкі мен бағыттарының бір бөлігі Euro-Asia Air құрылымына берілді. 2009 жылы тасымалдаушының лицензиясы мен сертификаты қайтарып алынып, қызметі тоқтатылды. Сол кезеңде қазақстандық бірқатар шағын әуе компаниясының техникалық жағдайы мен қауіпсіздік стандарттарына қатысты талаптар күшейтілген еді. 

2009 жылғы жабылулар толқыны

2009 жыл Қазақстанның шағын әуе компаниялары үшін күрделі кезең болды. Авиациялық бақылау күшейіп, техникалық қызмет көрсету мен ұшу қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келмеген бірқатар тасымалдаушының лицензиясы қайтарып алынды.

Aerotur-KZ компаниясы 2006 жылдан 2009 жылға дейін жұмыс істеді. Оның паркінде екі Ту-154 ұшағы болған. Компанияның лицензиясы 2009 жылғы 1 сәуірде қайтарып алынды. 

Starline.kz 2007 жылы құрылып, екі Boeing 737-200 ұшағын пайдаланды. Оның да лицензиясы 2009 жылғы 1 сәуірде тоқтатылды. Boeing 737-200 өз дәуірінде сенімді ұшақ болғанымен, 2000-жылдардың соңына қарай отын үнемділігі мен шу деңгейі бойынша жаңа үлгілерден айтарлықтай артта қалған еді. Сол кезеңде Kazair West, Tulpar Air Service және басқа да шағын операторлардың қызметі тоқтады. Олардың бір бөлігі техникалық талаптарға сай келмесе, енді бірі қаржылық қиындықтар мен әуе паркінің ескіруіне байланысты нарықтан кетті.

Бөлісу