Алтай пірін Осман сұлтаны не үшін марапаттады?

Бөлісу

26.08.2026 441

Осман архивінен Мұхаммед Момын хазіретке III дәрежелі Межидие ордені берілгенін растайтын құжат табылды. 


Алтай мұсылманшылығының алтын тұтқасы

Алтай қазақтарының XIX ғасырдың соңы мен XX ғасыр басындағы діни өмірінде сейіт қожа Мансұр ұлы Мұхаммед Момын хазіреттің орны айрықша. Нақшбандия тариқатының пірі болған ол мешіт-медресе ісін өрістетіп, шәкірт тәрбиелеп, елдің діни сауатын көтеруге еңбек сіңірді. Алтай қазақтарының қажылыққа баруына жол ашып, бірнеше рет қасиетті сапарға аттануы да оның қызметінің үлкен бір қыры еді.

Мұхаммед Момын туралы бізге жеткен ең көлемді әрі оқиғаларға хронологиялық жағынан жақын жазба деректердің бірі – Ақыт қажы Үлімжіұлының «Манақиб пирон ғазизан» еңбегі. Ақыт өзінің пірі әрі ұстазы Мұхаммед Момын хазіретке арналған бұл еңбекті һижраның 1321 жылы, яғни 1903 жылы жазған. Шығарма 1909 жылы Қазанда Шамсиддин Хұсаинов мұрагерлері тарапынан Император университетінің типо-литографиясында басылған (Ақыт Үлімжіұлы. Манақиб пирон ғазизан. Қазан, 1909).

Кітаптың алғашқы бетінде: «Аууалуһум Мухаммад Расул Алла саллаллаһу алейһи уа саллам, уа ахируһум керей ишаны Мухаммад Мү’мин Хазрат пир» деп жазылған. Мағынасы: «Әуелі – Алланың елшісі Мұхаммед, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, соңында – керей ишаны Мұхаммед Момын хазірет пір».

Бұған дейін «Манақиб пирон ғазизанның» 1909 жылғы түпнұсқасын текстологиялық тұрғыдан қарастырғанымызда, кітаптың кейінгі басылымдарда өзгеріске түскен тұстары мен бастапқы құрылымына арнайы тоқталған едік (Мырзақұлов Б.Т. Ақыт Үлімжіұлының «Ғазиз пірлер естелігі» («Манақиб пирон ғазизан») кітабының текстологиялық мәселелері // «Керуен» журналы. – 2022. – Т. 77. – № 4. – 239-253 бб.). Енді Осман архивінен табылған жаңа құжат Ақыт еңбегінің тарихи деректік қырын тағы бір жағынан ашып отыр.

Нақшбандияның Алтайдағы пірі

«Манақиб пирон ғазизанда» Нақшбандия тариқатының пірлер силсиласы арнайы таратылып, рухани сабақтастық Мұхаммед Момынға дейін жеткізіледі. Ақыт бұл жолда оның ұстазы Абдусаттар Махзұмды айрықша атайды. Оны Бұхарадағы «мүршид кәміл», Нақшбандия жолының көрнекті пірі ретінде дәріптеп:

Мүкәммал кәміл пір мүршид,

Нақшбандия ахуалы –

Тариқаттың кені екен, – деп сипаттайды. Ақыттың дерегінше, Абдусаттар Махзұмнан кейін Ешмұхаммед пір халифа болған. Мұхаммед Момынның рухани жолын да осы арнамен байланыстырып:

Мұхаммед Момын пір ишан

Солардан шығып таралып,

Керейге сонан дін қонған, – дейді. Мұны шығарманың басқа бір тұсындағы «Сол пірге қол тапсырған Хазірет атаң» деген жол да нақтылай түседі. Яғни Ақыт Мұхаммед Момынды Алтайдағы жеке дара ишан ретінде емес, Бұхарадағы Нақшбандия мектебінен рухани жол алған пір ретінде таныстырады.

Ақын оның Алтайдағы қызметін де осы тариқаттық міндетпен байланыстырады. Мұхаммед Момынды «Керейдің пір атасы», «керейге жолбасшы» деп атап:

Керейді пір әмірімен қылған орын,

Ұстаған ұлық пірдің әмір жолын.

Әулиелік шарапаты мағлұм болып,

Тапсырды тариқатқа әркім қолын, – деп жырлайды.

Бұл мәліметтің мәні Станбұлдан табылған ресми құжатпен салыстырғанда арта түседі. Өйткені 1895 жылғы Осман құжатында Мұхаммед Момын да дәл осы қырынан – «Tarîkat-ı âliyye-i Nakşibendiyye meşâyihinden», яғни «Ұлы Нақшбандия тариқатының шейхтерінің бірі» деп таныстырылған. Демек, Ақыт көрсеткен Мұхаммед Момынның тариқаттық мәртебесі Османның ресми құжатында да оның негізгі сипаты ретінде тіркелген.

Алтай қазақтарын қажылыққа бастаған

Ақыт Мұхаммед Момынның қажылық қызметіне арнайы тоқталады. Оның айтуынша, ишан әуелі өзі қасиетті сапарға барып, кейін елден қажылар бастап апарған:

...Меккеге тәуап қылды халқын бастап,

Әуелі жеке барды елін тастап.

Екі-үш жол аман барып, аман келді,

Келгенін аман-есен халық көрді.

Еліне әмір қылып жүр деген соң,

Ақырда әрбіреуі қасына ерді.

Ақын оны халықты Бәйтуллаға бастаған жолбасшы ретінде сипаттайды:

Һәди боп һидаятқа дін таптырып,

Бастады Байтоллаға тәмәм елді.

Мұхаммед Момынның қажыларға жасаған үлкен қызметінің бірі – Меккеден арнайы тәкие сатып алуы:

Меккеден тәкиәні алды сатып,

Қазақ ел – керей қауым тұрсын жатып.

Демек, Ақыттың айтуынша, бұл орын жеке басының қажетіне емес, кейінгі қазақ қажылары аялдайтын тұрақ ретінде алынған. Бұл мәліметті Дәлелхан Жаналтайдың естелігі де толықтыра түседі. Ол 1937 жылы әкесі Жанымхан Тілеубайұлымен қажылыққа барған сапарында Меккеден Мұхаммед Момын хазіреттің «Қазақ теккесі» аталған ғимаратын тапқанын жазады. Алайда ол кезде текке хазіреттің өзбек досы Арифхан ишанның иелігіне өтіп, онда басқа адамдар тұрып жатқан екен. Жаналтай хазірет заманынан қалған ыдыс-аяқтарды көргенін, ал қазақ қажыларының қатынасы сиреген соң теккенің қараусыз қалғанын да айтады (Delilhan Canaltay. Altaylardan İstanbul’a Göç Hatıraları: Çetin Zaman Zor Günler. Haz. Tekin Tuncer. – İstanbul: Altay Yayınları, 2019. – 42 s.).

«Меккеге алты жарым барған екен»

Ақыт Мұхаммед Момынның қасиетті жерге сапарының санын да көрсетеді:

Меккеге алты жарым барған екен.

Жарымы жетпей қайтты орта жолдан,

Алтауында зиратқа кәміл толған.

Яғни ақынның баяндауынша, Мұхаммед Момын алты рет қасиетті жерге толық жетіп, тағы бір сапарында орта жолдан қайтқан.

Алтыншы сапарға байланысты Ақыт Арафаттағы бір оқиғаны арнайы манақиб ретінде баяндайды. Қатты аптапта қажылар қиналып, Мұхаммед Момыннан дұға сұрайды. Ақынның айтуынша, ишан дұға қылған соң:

...Сол кезде көк жүзіне бұлт шығып,

Салқын боп жер жүзіне жаңбыр құйды.

...Бұлт боп Арафаға болды салқын,

Халайық шат болды көңілі жарқын.

Манақиб жанрының табиғатына сай Ақыт бұл оқиғаны ишанның кереметі ретінде түсіндіреді. Біз үшін маңыздысы – ақынның сұлтан көрсеткен құрметті осы беделмен тікелей байланыстыруы:

Таныды мұсылмандар караматын,

Бар Құдай шығармасын жаман атын.

Сұлтанның күткені сол себептен,

Білген соң мұндай-мұндай ғаламатын.

Ақыт Мұхаммед Момынның атағы Меккемен ғана шектелмей, Станбұлға да жеткенін «Қол берген Станбұлда талай адам, жайылып шұһраты әр тарапқа» деген екі жолмен аңғартады. Мұндағы «қол беру» – тариқат жолында пірге қол тапсыру мағынасында. Осылайша ақынның баяндауында Мұхаммед Момын қажылар арасында ғана емес, Станбұлдағы сопылық ортада да танылған тұлға ретінде көрінеді.

Сұлтан берген «нышан»

Ақыт Осман сұлтанының Мұхаммед Момынға көрсеткен құрметін былай жырлайды:

Халифа сұлтан көрді асыл затты,

Керемет сахыбы деп сұлтан тапты.

«Бұл өзі құтып пір» деп, нышан беріп,

«Тақсыр» деп, фатихасын алып қапты.

...Алтыннан медаль берді осы жолда,

Өзге жұрт қойдай шулап бәрі сонда.

Басқа бір тұста: Қай патша мұндай шен берген екен, – десе, тағы бір жерде: Сұлтанның һәдиясы үлкен дәлил, –  дейді.

Сонымен, Ақыт бір марапатты «нышан», «медаль», «шен», «сұлтанның һәдиясы» деп бірнеше атаумен сипаттаған. Оның нақты қандай марапат болғанын енді Осман архивінің құжаты анықтап отыр.

1895 жылғы Осман құжаты

Түркия Республикасы Президенті Мемлекеттік архивтер басқармасының Осман архивінде сақталған İ.TAL 75/40 құжатында:

«Ma‘rûza-i çâkiredir ki: Tarîkat-ı âliyye-i Nakşibendiyye meşâyihinden Çinli Muhammed Mü’min bin Mansûr Efendi’ye üçüncü rütbeden Nişân-ı Zîşân-ı Mecîdî ihsân buyurulmasına mebnî muâmele-i lâzımenin îfâsı husûsuna müteallik şeref-sudûr buyurulan irâde-i seniyye-i cenâb-ı hilâfet-penâhî iktizâ-yı âlîsinden bulunmakla, ol bâbda emr ü fermân hazret-i veliyyü’l-emrindir» – деп жазылған.

Қазақшасы:

«Баяндалады: Ұлы Нақшбандия тариқатының машайықтарының бірі, қытайлық Мұхаммед Мүмин бин Мансұр әфендіге Үшінші дәрежелі даңқты Межидие орденін сыйлау туралы Халифат панасы болған мәртебелі падишахтың жоғары ирадәсі шыққандықтан, соған сәйкес қажетті ресми рәсімдерді орындау қажет. Бұл жөніндегі әмір мен пәрмен ұлық билік иесі хазіреттеріне тән».

Құжаттың соңында 7 шәууәл 1312 жыл даталары көрсетілген. Ол қазіргі күнтізбемен 1895 жылғы 2 сәуірге сәйкес келеді. Бұл кезде Осман тағында II Абдулхамид отырған.

Демек, Ақыт жырлаған «нышанның» нақты атауы – III дәрежелі Межидие ордені.

Мұнда Ақыттың дәл «нышан» сөзін қолдануы назар аудартады. Өйткені Осман құжатында марапаттың ресми атауы да «Nişân-ı Zîşân-ı Mecîdî». Бұл Ақыттың Осман ортасында қолданылған нақты атауды сақтап жеткізгенін аңғартуы мүмкін.

Межидие орденінің қадірі қандай еді?

Межидие орденін Сұлтан Абдулмажид 1852 жылы енгізген. 29 тамыз 1852 жылы қабылданған низамнама бойынша ол бес дәрежеге бөлініп, Осман мемлекетінің маңызды марапаттарының біріне айналды. Орден мемлекетке түрлі салада қызмет көрсеткен азаматтық және әскери тұлғаларға, сондай-ақ арнайы құрметке ие болған шетелдіктерге берілді.

Алғашқы ереже бойынша орден иелерінің саны да шектелген: I дәрежелі – 50, II дәрежелі – 150, III дәрежелі – 800, IV дәрежелі – 3000, V дәрежелі – 6000 адам. Шетелдіктер бұл шектеуге кірмеген. Мұхаммед Момынға осы бес сатылы жүйенің III дәрежесі берілген (Metin Erüreten, Osmanlı Madalyaları ve Nişanları: Belgelerle Tarihi. – İstanbul: 2001. – S. 212-219).

III дәрежелі Межидие ордені арнайы лентамен мойынға тағылған. Орден жеті сәулелі жұлдыз пішінінде жасалып, сәулелерінің арасына ай мен жұлдыз бейнелері орналастырылған. Ортасында Сұлтан Абдулмежидтің туғрасы, айналасындағы қызыл эмальды бөлікте «Hamiyet – Gayret – Sadakat» («Ар-намыс – Қайрат – Адалдық») сөздері мен орденнің енгізілген 1268 һижри жылы жазылған.

III дәрежелі Межидие орденінің тарихи үлгісі. Мұхаммед Момын хазіретке берілген орденнің қазіргі сақталған орны белгісіз.

Орденнің жасалу материалы Ақыттың бір дерегіне ерекше назар аудартады. Ол Мұхаммед Момынға берілген марапатты:

Алтыннан медаль берді осы жолда,

Өзге жұрт қойдай шулап бәрі сонда, – деп сипаттайды. 1852 жылғы низамнамаға қатысты деректер бойынша Межидие орденінің I-IV дәрежелерінде туғра орналасқан бөлік алтыннан жасалуға тиіс болған, ал кейінгі үлгілердің бірқатарында күміс негізге алтын жалату да қолданылған. Орден жасауда алтын, күміс және эмаль пайдаланылған. Сондықтан Ақыттың «алтыннан медаль» деуі марапаттың алтын бөліктері мен сыртқы көрінісіне байланысты айтылған болуы ықтимал.

Демек, Мұхаммед Момынға берілген «нышан» жай естелік медаль емес, Осман мемлекетінің бес дәрежелі беделді орденінің III дәрежесі еді. Оның үстіне Мұхаммед Момынға қатысты ресми құжатта марапаттың сұлтан пәрменімен берілуі көрсетілген. Осы тұрғыдан Ақыттың: «Қай патша мұндай шен берген екен...» – деп таңдануының тарихи негізі айқындала түседі.

Сұлтанның басқа сыйлары

Ақыттың мәліметі Межидие орденімен шектелмейді. Оның айтуынша, кейінгі сапарлардың бірінде сұлтан Мұхаммед Момын арқылы Алтайдағы елге діни кітаптар да жіберген:

...Екінші жол еліңе тағлым қыл деп,

Беріпті «Дәләиіл» мен Кәләм Алла.

...Отыз Құран, «Дәләиіл» екі жүз бар,

Таратып жер жүзіне айлаңыз жар.

Ақын нақты сан көрсетеді: отыз Құран және екі жүз «Дәләиіл». Мұндағы «дәләиіл», сірә, XV ғасырда өмір сүрген Марокко сопысы Мұхаммед ибн Сүлеймен әл-Жазулидің (ө. 1465) Мұхаммед пайғамбарға арналған салауаттар мен дұғалар жинағы – «Дәләил әл-хайрат» еңбегін меңзесе керек. Мұсылман әлеміне кең тараған бұл шығарма Осман дәуірінде «Дәләил» деген қысқартылған атаумен де белгілі болған. Ақыт бұдан бөлек «көп кітап, асыл хадис» берілгенін де айтады.

Сұлтанның тағы бір ерекше сыйы – Пайғамбардың сақал түгі. Ақыт Мұхаммед Момынның пайғамбарға деген ықыласын білген сұлтанның бұл қасиетті жәдігерді қазынадан арнайы шығартып бергенін жазады:

...Расулдың бір белгісін мен берейін,

Жан екен ғашық болған барған сайын.

...Сұлтанға Тәңірім берді осындай ой,

Ойласаң керей байғұс мереке той.

Шығарып қазынадан берді сұлтан,

«Лиһят ән-нәби, мүбарак мой».

...Осы мой пайғамбардың сақал түгі,

Шығарды қазынадан сұлтан мұны.

Мұндағы «лиһят ән-Нәби» (لحية النبي) – «Пайғамбардың сақалы» деген мағынада. Алтай қазақтары арасында бұл қасиетті жәдігер «мүй мүбәрак» деген атпен белгілі болған. Ақыт оның арнайы күмбезде сақталғанын да:

Күзетті «мой мүбарак» күмбез салып,

Шаттанды жақсылықтың кенін алып, – деп көрсетеді.

Мүй мүбәрак пен оған арналған күмбез туралы деректер Мұхаммед Момын хазіреттің ұрпағы Мархамет Жанасұлы Шаһхайымтегінің еңбегінде де кеңірек баяндалады (Жанасұлы Шаһхайымтегі М. Алтай қазақтарының дін тұтқасы – Мұхаммед Мүмин хазірет. – Астана: «Алтай print», 2025. – 110 б.). Ондағы дерек бойынша, 1898 жылы Қыран бойында Ақмешіт салынып, мүй мүбәракқа арнайы күмбез тұрғызылған. Кейін Мұхаммед Момынның ұлдары Мұхаметқали мен Қалиолла қажылық сапарынан қайтар жолында Станбұлдан қасиетті жәдігерді алып келген. Мүй мүбәрак осы күмбезде сақталып, діни мерекелерде халыққа көрсетіліп отырған. Күмбез бүгінге дейін жеткен. Алтайға барған сапарымда осы тарихи орынды өз көзіммен көрудің де сәті түсті.

Сонымен, Мұхаммед Момын хазіретке III дәрежелі Межидие орденінің берілуі 1895 жылғы Осман құжатымен нақты расталып отыр. Ал Құран, «Дәләил әл-хайрат» кітаптары мен мүй мүбәрактың берілуі әзірге Ақыттың 1903 жылғы жазба дерегі және кейінгі естелік мәліметтер арқылы белгілі. Бұл деректерді Осман архиві материалдары арқылы одан әрі нақтылау алдағы зерттеулердің еншісінде. 

Ақыт дерегін архив құжаты толықтырды

Ақыт қажы Үлімжіұлы «Манақиб пирон ғазизанды» 1903 жылы, Мұхаммед Момынға Межидие ордені берілгеннен кейін небәрі сегіз жыл өткенде жазған. Сондықтан шығармадағы сұлтанның «нышан», «медаль», «шен» бергені туралы жолдардың тарихи негізі болуы заңды. Енді Осман архивінен табылған 1895 жылғы ресми құжат сол мәліметтің ең маңызды бөлігін нақтылап отыр: Ақыт жырлаған «нышан» – Осман мемлекетінің III дәрежелі Межидие ордені.

Бұл жаңалық Мұхаммед Момын хазіреттің өмірбаянындағы көмескі бір тұсты ғана айқындамайды. Ол XIX ғасырдың соңындағы Алтай қазақтарының діни ортасы Алтай – Бұхара ­– Мекке – Мәдина – Станбұл бағытындағы кең мұсылмандық байланыстар жүйесіне енгенін де аңғартады. Елге діни білім таратқан, қажыларды қасиетті сапарға бастаған, Меккеден қазақтарға тәкие сатып алған сейіт қожа Мұхаммед Момын хазіреттің беделі Станбұлға дейін жетіп, Осман мемлекеті тарапынан ресми мойындалған.

Ақыт бір ғасырдан астам уақыт бұрын:

Керемет сахыбы деп күткеніне,

Сұлтанның һәдиясы үлкен дәлил, – деп жазған еді.

Бүгінде сол «дәлилдің» (дәлелдің) бірі Осман архивінен табылып отыр. Әдеби мұрада сақталған дерек пен архив құжатының осылайша тоғысуы Мұхаммед Момын хазіреттің ғана емес, Алтай қазақтарының қажылық тарихы мен Осман дүниесімен байланысын жаңаша зерделеуге жол ашады. 

 

Бауыржан МЫРЗАҚҰЛ,

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және 

өнер институтының ғылыми қызметкері, 

PhD докторант.

Бөлісу