ХVІ ғасырда Англия патшайымына кеңесші болған қазақ аруы кім?

Бөлісу

10.08.2026 134

XVI ғасырда Ұлы Дала мен Батыс Еуропа арасындағы саяси және сауда байланыстары жаңа арнаға түсе бастады. Сол кезеңдегі ағылшын деректерінде есімі Aura Soltana, Aru Soltana, Ipolitan немесе Ippolyta the Tartarian түрінде жазылған Ару Сұлтан Англия патшайымы I Елизаветаның сарайында өмір сүрген. Ол король сарайындағы беделді әйелдердің қатарына еніп, патшайымнан бағалы сыйлықтар алған, сарайдың киім мәдениетінде өзіндік із қалдырған. Қазақстандық зерттеулерде оның есімі Хақназар хан дәуіріндегі қазақ дипломатиясымен және XVI ғасырдағы Қазақ мемлекетінің Еуропамен байланысымен сабақтастырылады. Бүгін сол тарихи тұлғамен жақынырақ таныспақпыз. 


Ару Сұлтан өмір сүрген кезең Қазақ хандығын Хақназар хан басқарған уақытпен тұспа-тұс келді. Хақназар хан 1538–1580 жылдары билік жүргізіп, Қазақ хандығының саяси ықпалын күшейтті. Дәл осы уақытта Англия да Шығыс елдерімен тікелей сауда қатынастарын жолға қоюға күш салған еді. Елизавета I тұсында ағылшын көпестері мен дипломаттары Ресей арқылы Каспийге, Орталық Азия мен Парсы жеріне шығатын жаңа бағыттарды зерттей бастады. Осы сапарлармен тікелей байланысты тұлғаның бірі — ағылшын саяхатшысы, дипломат және картограф Энтони Дженкинсон. Ол Muscovy Company мүддесімен Ресей мен Орталық Азияға бірнеше мәрте сапар шеккен. Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың зерттеуінде Дженкинсонның 1557–1572 жылдар аралығындағы сапарлары қазақ жерімен және Хақназар хан тұсындағы Қазақ мемлекетімен байланысты қарастырылады. Зерттеуші 1561 жылы Лондонға аттанған қазақ дипломатиялық миссиясын Ару Сұлтан басқарғанын жазады. Ару Сұлтан 1561 жылы Энтони Дженкинсонмен бірге Лондонға келеді. Сыдықназаров оны Хақназар ханның жақын ортасындағы, жоғары ақсүйектер тобына жататын әйел ретінде сипаттайды. Оның зерттеуінде Ару Сұлтан 1561–1576 жылдары Англиядағы қазақ дипломатиялық өкілдігін атқарған тұлға ретінде көрсетілген.

Ару Сұлтан тарихы Энтони Дженкинсон жасаған әйгілі картамен де байланысты. 1562 жылы Лондонда Дженкинсон мен Николас Рейнолдус дайындаған Nova Absolutaque Russiae, Moscoviae et Tartariae descriptio картасы жарық көрді. Картада Қазақ мемлекетіне қатысты аумақ «Cassackia» атауымен көрсетілген. Сыдықназаров зерттеген нұсқа Вроцлав университеті кітапханасының картографиялық коллекциясында сақталған. Картаның ерекшелігі — онда географиялық мәліметтермен қатар дала халқының тұрмысы, киімі, шаруашылығы мен қоғамдық өмірін бейнелейтін иллюстрациялар берілген. Онда сәбиін көтерген ана, ат үстіндегі әйелдер, бие сауып отырған әйел, дастарқан басындағы ақсүйек әйел, көшпен бірге келе жатқан әйелдер сияқты қазақ әйелдерінің де бірнеше бейнесі кездеседі. Сыдықназаров өз зерттеуінде картадағы Қазақ мемлекетіне қатысты мәліметтерді жүйелеу барысында Ару Сұлтанның Дженкинсонға ақпарат бергенін жазады. Бұл карта Ару Сұлтан өмір сүрген дәуірдің тағы бір маңызды куәлігі саналады. 1562 жылғы туындыда Қазақ мемлекетінің атауының арнайы берілуі, оның аумағы мен тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінің еуропалық картографияда бейнеленуі XVI ғасырдағы дала туралы Англиядағы білім қорының ауқымын көрсетеді.

Лондонға келгеннен кейін Ару Сұлтанның өмірі король сарайымен тығыз байланысады. Ағылшын құжаттарында оның есімі Aura Soltana, кейін Ipolitan немесе Ippolyta the Tartarian деген нұсқалармен кездеседі. Елизавета дәуірін зерттеген профессор Бернадетт Андреа еңбектерінде де Ippolyta the Tartarian мен Aura Soltana бір тұлға ретінде қарастырылған. 1561 жылғы 13 шілдеде оның шоқындыру рәсімі өтіп, осы оқиғаға байланысты I Елизавета атынан оған алтын шынжыр, алтын тақташа және медальон берілген. Бұл мәлімет король сарайының сыйлықтары тіркелген жазбаларда сақталған. Ару Сұлтанға қатысты құнды деректердің бірі — Harley Roll V 18 деп аталатын 1562 жылғы сарайлық сыйлықтар тізімі. Онда 1561 жылғы сәуір мен 1562 жылғы мамыр аралығында жасалған сыйлықтар мен шоқындыру рәсімдеріне арналған тартулар тіркелген. Ару Сұлтан Ипполитаның есімі де осы құжаттан орын алған. Кейінгі жылдары оған берілген заттардың қатары көбейе түскен. 1564 жылғы сарай жазбаларында Ару Сұлтанға арналған киімдердің толық тізімі кездеседі. Оның ішінде барқыт жиекті дамаск көйлек пен киртл, шамле матасынан тігілген киімдер, қызыл белдемше, фартингейл, голланд зығырынан жасалған жейделер мен жеңдер, орамалдар, жібек жіптер, алтын жіп және барқыт қалпақ болған. Басқа жазбаларда алтын, күміс және жібек аралас шаш әшекейлері де аталады. Бұл заттардың барлығы сарай есебінде жеке-жеке тіркелген. Яғни Ару Сұлтанның Англиядағы өмір жолын тек кейінгі әңгімелерден емес, Тюдорлар сарайындағы қаржы, киім және сыйлықтар құжаттары арқылы да бақылауға болады.

Ару Сұлтанға қатысты ең қызықты деректердің бірі оның аяқкиім мәдениетімен байланысты. XVI ғасырдағы Елизавета I гардеробын егжей-тегжейлі зерттеген ағылшын костюм тарихшысы Джанет Арнольд Ару Сұлтанға король етікшісі Гаррет Джонсонның бірнеше жұп аяқкиім дайындағанын көрсетеді. Олардың арасында былғары, испан былғарысынан тігілген аяқкиімдер, былғары және барқыт пантофлилер болған. Сол кезеңге дейінгі Елизаветаның сарайлық аяқкиімдерінің негізгі бөлігі барқыттан тігілген. Кейін патшайымның гардеробында испан былғарысынан жасалған аяқкиімдер пайда болады. Джанет Арнольд Ару Сұлтанның киім үлгісі патшайымның аяқкиім таңдауына әсер еткенін атап көрсеткен. Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың зерттеуінде де Ару Сұлтан Елизавета I-нің сән мәселелері жөніндегі кеңесшісі ретінде сипатталады.

Ару Сұлтанның есімі де оның тұлғасын тануда маңызды. Сыдықназаров ғылыми еңбегінде «Ару» сөзін «сұлу», «көрікті әйел», ал «сұлтан» атауын жоғары ақсүйек орта мен Шыңғыс хан әулетінен тараған төрелерге тән титул ретінде түсіндіреді. Түркі тілдерінде грамматикалық жыныс категориясы болмағандықтан, «сұлтан» атауы тарихи деректерде ерлердің де, әйелдердің де есімінде кездеседі. Зерттеуші осы ерекшеліктерді Ару Сұлтанның қазақ ақсүйектері ортасынан шыққанын көрсететін маңызды белгілердің қатарына қосады. Оның Хақназар ханның жақын ортасынан шыққанын да өзінің ғылыми мақаласында арнайы атап өтеді.

Ару Сұлтан есімі Лондондағы Хэмптон-Корт сарайында сақталған үлкен көлемді әйел портретімен де байланыстырылып келеді. Маркус Герардс Кішіге тиесілі картина Royal Collection Trust қорында «белгісіз әйелдің портреті» ретінде тіркелген. Сыдықназаровтың зерттеуінде және Ару Сұлтан туралы кейінгі жарияланымдарда бұл бейне оның тұлғасымен байланыстырылады. Картинадағы әйел шығыстық үлгідегі ұзын киіммен және биік бас киіммен бейнеленген. Сыдықназаров еңбегінде бас киім қазақтың сәукелесімен, ал сырт киім қазақтың дәстүрлі халат үлгісімен салыстырылады. Портрет қазіргі кезде де Хэмптон-Корт сарайының коллекциясында сақтаулы.

Бес ғасырға жуық уақыт бұрын Ұлы даладан Лондонға жеткен Ару Сұлтанның есімі бүгінде қазақ дипломатиясының, әйелдер тарихының және Қазақстан мен Еуропа арасындағы ерте байланыстардың маңызды парақтарының бірі ретінде қайта жаңғырып отыр. Оның тағдырынан Хақназар хан дәуіріндегі Қазақ мемлекетінің сыртқы байланысын да, сол кезеңдегі қазақ әйелінің халықаралық кеңістікке шыққан бейнесін де көруге болады. 

*  суреттер ашық дереккөзден алынды

Бөлісу