Бір әннің тарихы: «Япурай»

Бөлісу

06.08.2026 69

«Япурай» – қазақтың дәстүрлі ән қорындағы халық әндерінің бірі. Туындының жазба дерекке түскен тарихы ХХ ғасырдың басынан басталады. Музыка зерттеушісі әрі этнограф Александр Затаевич әнді нотаға түсіріп, 1925 жылы жарық көрген «Қазақ халқының 1000 әні» атты музыкалық-этнографиялық жинағына енгізген. 


Оқи отырыңыз: Бір әннің тарихы: «Қарлығаш»

Қазақтың ән-күйлерін жинап, нотаға түсірген Александр Затаевич «Япурайдың» екі нұсқасын жазып алған. Олар 1925 жылы жарық көрген «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына №348 және №999 болып енгізілген. Зерттеушінің жазбасында әннің атауы бүгінгідей «Япурай» емес, «Я, пірім-ай» түрінде берілген. Композитор әрі ән тарихын зерттеуші Илья Жақанов келтірген дерек бойынша, бірінші нұсқаны Затаевич Орал өңіріндегі Құлсүйіндік ауылында Шомбал Доспамбаевтан жазып алған. Екінші нұсқаны Ғалымжан Шынғалиев жеткізген. Затаевичтің түсініктемесінде Шынғалиев айтқан әуенді 1920–1921 жылдары Орал губерниясында қарулы топтарға қарсы аттанған қазақтар ат үстінде саппен жүріп орындағаны жазылған. Затаевич жазып алған «Я, пірім-ай» атауы – жоғары күшке жалбарынуды немесе таңданыс, сүйсіну, өкініш пен мұң секілді сезімдерді білдіретін лепті тіркес. Қазақ тіліндегі «япыр-ай», «апыр-ай», «ойпырым-ай» секілді одағайлардың да айтылу мәнері осыған жақын. Ән ауыздан-ауызға тараған сайын «Я, пірім-ай» сөзі әуен ырғағына бейімделіп, тұтас «Япурай» немесе «Япырай» болып естілген болуы ықтимал.

Қазіргі кең тараған мәтінді ақын әрі әнші Иса Байзақов жазған. Иса Байзақов халық арасында айтылып жүрген көне әуенге жаңа поэтикалық мазмұн берген. Ақын мөлдір көлді, жел тербеткен толқынды, су бетіндегі ақ сәулені сағыныш пен махаббат сезіміне ұштастырады. Соның нәтижесінде жаңа мәтін әннің сырлы әуенімен табиғи үйлесіп, уақыт өте келе туындының төл сөзі секілді қабылданып кеткен. Дегенмен әннің бұдан бұрын айтылған өзге мәтіні де болған. Құрманбек Жандарбековтің орындауында сақталған ескі нұсқада сұлу қыздың келбеті мен ғашық жанның ынтық сезімі суреттеледі.

Музыкатанушы Борис Ерзакович 1932 жылы «Япурайды» халық әншісі Тамти Ибрагимованың орындауынан қайта жазып алған. Ғылыми зерттеу бойынша, қазіргі орындаушылар мен музыкалық өңдеулердің басым бөлігі Затаевич қағазға түсірген алғашқы үлгілерден гөрі Тамти Ибрагимовадан жазылған осы нұсқаға жақын. Ерзакович нұсқасы Затаевичтің №348 жазбасымен үндескенімен, олардың ырғақтық құрылымында айырмашылық бар. 

ХХ ғасырда әнді Иса Байзақов, Құрманбек Жандарбеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Ришат Абдуллин және Ермек Серкебаев секілді қазақ өнерінің ірі тұлғалары орындады. Әсіресе Ришат Абдуллиннің орындауы классикалық үлгі ретінде жоғары бағаланды. Кейін ән эстрадалық, хор, аспаптық және вокалды-аспаптық бағыттарда қайта өңделіп, әр буынның орындауында жаңаша сипат алды.