Түркістан облысының тауларынан антикалық дәуірге тиесілі артефакт табылды
Бөлісу
23.07.202693
Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы Үшбастөбе қалашығында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының кезекті маусымы аяқталды. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті мен «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының мамандары бірлесіп жүргізген зерттеу барысында Қаңлы мемлекеті тұрғындарының тұрмысы мен шаруашылығына қатысты құнды деректер табылды.
Қаңлы мемлекеті қазіргі Қазақстан аумағында б.з.д. II ғасырдан б.з. IV ғасырына дейін өмір сүрген. Биылғы қазба жұмыстары көне қаланың цитаделінің орталық бөлігінде жүргізілді. Археологтар қорғаныс құрылысын екі бөлікке бөліп тұрған кең дәлізді және қабырғалары ірі тастардан қаланған бірнеше бөлмені аршыды. Табылған жәдігерлердің арасында ішінде өртенген органикалық заттың қалдықтары сақталған тас ыдыс ерекше назар аударды. Ғалымдардың пайымдауынша, ол от культіне байланысты діни рәсімдер кезінде қолданылған болуы мүмкін. Сондай-ақ қыш ыдыстардың бетінен таңбаға ұқсас белгілер анықталды.
Зерттеу маусымындағы ең құнды олжалардың бірі антикалық дәуірге жататын шынының сынығы болды. Экспедиция жетекшісі, профессор Александр Подушкиннің айтуынша, Үшбастөбе қалашығында жиырма жылға жуық уақыттан бері жүргізіліп келе жатқан зерттеулер барысында мұндай артефакт алғаш рет табылып отыр. Мамандар шыны бұйым өңірге Қаңлы тұрғындарының сарматтармен және антикалық әлем халықтарымен арадағы сауда-саттық әрі көші-қон байланыстары арқылы жеткізілуі мүмкін деп есептейді.
Сурет: Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті
Қазба кезінде сәбиге күтім жасауға арналған «шүмек-сүмек» деп аталатын қыштан жасалған құрал да табылды. Зерттеушілер мұндай бұйымдар ежелгі өңір тұрғындарының тұрмысы мен қазақ халқының дәстүрлі өмір салты арасында мәдени сабақтастық болғанын көрсететінін айтады.
Археологиялық зерттеулер Үшбастөбе тұрғындарының шаруашылығы жоғары деңгейде дамығанын да аңғартты. Табылған диірмен тастары мен дән үккіштер бұл жерде егіншілік кең тарағанын дәлелдейді. Ал өндірістік нысандардың қалдықтары көне қала тұрғындарының темір кенін өндіруден бастап, оны балқытып, дайын бұйым жасауға дейінгі толық технологиялық үдерісті меңгергенін көрсетеді.
Ғалымдардың пікірінше, Үшбастөбеде жасалған металл бұйымдар көршілес аймақтарға да шығарылған болуы ықтимал. Ірі тас құрылыстар, дамыған қолөнер мен металлургия, сондай-ақ бұған дейін табылған жазу белгілері Қаңлы мемлекетінің қоғамдық және шаруашылық тұрғыдан жоғары деңгейде дамығанын айғақтайды.