Хан сарайы: Түркістаннан 1500 жылдық тарихы бар жұмбақ қала табылды
Бөлісу
19.08.202648
Түркістан облысы аумағындағы археологиялық зерттеулер тағы бір сенсациялық жаңалықпен толықты.
Отандық ғалымдар мен зерттеушілер өңірдегі тасжолға жақын маңнан шамамен 1500 жылдық тарихы бар көне қала жұртын тапты. Ежелгі өркениеттің іздері сайын даладағы қарапайым жолдың шетінде жатқан.
Зерттеушілердің айтуынша, бұл жаңалық Ұлы Жібек жолы бойындағы қала мәдениеті мен көшпелілер мен отырықшылардың өзара байланысын жаңа қырынан тануға жол ашып отыр.
Бірлік ауылының маңында орналасқан бұл ортағасырлық көне қалашық ғылыми әдебиеттерде бұрыннан белгілі болғанымен, оның ауқымы мен терең тарихы осы жолы толыққанды зерттеле бастады. Археологиялық жұмыстардың тиімділігін арттыру үшін мамандар озық технологияларды — дрондар мен геоақпараттық жүйелерді (ГАЖ) кеңінен қолданған.
Зерттеушілердің айтуынша, бұл - ортағасырлық Ақтөбе қалашығы болуы мүмкін. «Бұл қалашықты кезінде 1962 жылдары Николай Подушкиннің зерттеуінде 8-12 ғасырлар болып көрсетілген болатын. Қала кезінде қаңлы заманында іргесі қаланып, оғыз дәуірінде қараханидтер кезеңінде Алтын Орда дәуірінде әсіресе Қазақ хандығының дәуірінде күшейгенін дәлелдейтін нақты материалдар бүгінгі күнде табылып отыр. Олардың барлығы осы қала тұрғындарының мәдениетінен, олардың заттық мәдениетінен, рухани дүние танымынан мол мәліметтер береді. Бұған дейін бұл аумақта археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмеген», - дейді тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Досбол Байғонақов.
Ескерткіштердің бір бөлігі заманауи құрылыстардың салдарынан жойылып кеткен. Әуеден сканерлеу жұмыстарының нәтижесінде көзбен бірден байқала бермейтін жер бедерінің ерекшеліктері анықталып, қаланың классикалық үш бөліктен тұрғаны нақтыланған.
Мамандардың айтуынша, көне қала үш бөліктен — цитадель, шахристан және рабадтан тұрған.
Цитадель: Қаланың әкімшілік және әскери орталығы. Мұнда қалыңдығы шамамен бір метрге жететін қорғаныс қабырғасы мен мұнараның қалдықтары табылды.
Шахристан: Тұрғындар өмір сүріп, қолөнер мен сауда қайнаған орталық бөлігі (кейінгі кезеңдерде бұл аумақ зиратқа айналған).
Рабад: Қолөнершілер мен егіншілер мекендеген сыртқы аумақ (қазіргі таңда бұл бөлік егістік алқаптың астында жатыр).
Шахристан аумағы кейін зиратқа айналса, рабадтың орны бүгінде егістік алқаптың астында жатыр.
Қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер
Археологтар қазба тереңдеген сайын, қаныға түсті. Тұрғын үйлердің қалдықтары, сандалдар, керамика сынықтары мен темір еңбек құралдары табылды.
Археологтардың айтуынша, қазба жұмыстары тереңдеген сайын тарихтың тылсым сырлары ашылып жатыр. көне қаланың жаңа құпияларына Атап айтқанда:
Көне тұрғын үйлердің қалдықтары мен іргетастары;
Ежелгі пештің бір түрі — «сандалдар»;
Түрлі қыш ыдыстар мен олардың сынықтары;
Шаруашылыққа қажетті темір еңбек құралдары табылды.
Табылған жәдігерлер бұл мекеннің тек бір дәуірмен шектелмей, ғасырлар бойы өмір сүргенін көрсетті.
Қаңлы дәуірінен Қазақ хандығына дейінгі уақытты қамтиды
Бұл қалашық алғаш рет 1962 жылы белгілі археолог Николай Подушкин тарапынан зерттеліп, ол кезде ескерткіштің мерзімін VIII–XII ғасырлар деп белгілеген болатын. Алайда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Досбол Байғұнақов бастаған зерттеушілер тобының жаңа деректері бұл тұжырымды тереңдете түсті.
«Бүгінгі зерттеулеріміз қаланың одан да ерте кезеңде, яғни Қаңлы дәуірінде іргесі қаланып, қоныстанғанын көрсетіп отыр. Кейін бұл шаһар Қарахан мемлекеті мен Алтын Орда заманында қарқынды дамып, Қазақ хандығы тұсында да өз маңызын жоғалтпаған», - дейді профессор Досбол Байғұнақов.
Бұл мекеннің Қазақ хандығы дәуірінде де әр түрлі тайпалардың қонысы болғаны және аймақтағы саяси-экономикалық үдерістерге белсене қатысқаны анықталып отыр.
Басты жұмбақ: Хан сарайы болуы мүмкін бе?
Ғалымдар мен студент-археологтарды қызықтырып отырған басты жұмбақтардың бірі - бұл аумақта ежелде хан сарайы болған деген аңыздың бар-жоғы. Жергілікті аңыздар мен халық арасындағы әңгімелердің шындыққа қаншалықты сәйкес келетінін дәлелдеу үшін қазба жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
«Бірінші мақсатымыз біз тұрған Ақтөбенің негізгі тарихы шындыққа ерте кездегі Хан сарайы болған деген аңыз әңгіме шындыққа сәйкес келе ме, келмей ме бұның тарихы біздің қазақ елінің, қазақ халқының тарихына бір құнды дерек ретінде ене ме деген бастама болды. Бүгінгі таңда қазу жұмыстарының нәтижесінде қазба жұмыстарының өте нәтижелі шыққандығын және тарихи құнды деректердің, заттардың шыққандығын біз бүгін де көріп отырмыз, зерделеп отырмыз. Яғни біздің келгендігіміздің негізгі бағыты анықталды», - дейді, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттік қалашығы директорының орынбасары Есенғали Қалшаев.
Қазіргі уақытта табылған барлық артефактілер мен жәдігерлер арнайы зертханалық зерттеулерге жіберілуде. Олардың нақты жасы, құрамы және жасалу технологиясы жан-жақты зерделенеді.
Жалпы Түркістан өңірі әсіресе Оңтүстік Қаратау беткейлері мен етегі әлі де толық зерттелмеген жұмбаққа толы мекен. Отырар мен қасиетті Түркістан қаласының төңірегіндегі мұндай жаңалықтар ел тарихының ақтаңдақ беттерін толтырып, ұлттық мұрамызды түгендеуге өлшеусіз үлес қосары сөзсіз. Алдағы археологиялық маусымдарда бұл көне қалашықтан тағы да қандай құнды деректер шығатыны тіпті кәсіби археологтардың өзін қызықтырып отырған сыңайлы.