Қазақ халқының тарихы мен мәдениеті – ғасырлар бойы қалыптасқан, өзіндік қолтаңбасы бар терең қазына. Бүгінде ұмытылып бара жатқан ата-баба кәсібін қайта жаңғырту және оны әлемдік деңгейде насихаттау өзекті мәселенің бірі. Осы орайда, Астана халықаралық университетінде (AIU) ұйымдастырылған Халықаралық жазғы мектеп аясында шетелдік студенттерге арналған ерекше шеберлік сыныптары өтті. Шетелден келген жастар қазақтың байырғы жүн өңдеу және зергерлік өнерінің қыр-сырымен танысып, ата-бабамыздан қалған асыл мұраны өз қолдарымен сезініп көрді.
Тарих парақтарына үңілсек, көшпенділер мәдениетінің өзегі – тұрмысқа қажетті дүниені табиғи шикізаттан, әсіресе жүн мен металдан иіріп, соғумен тығыз байланысты. Шеберлік сабағына қатысқан италиялық, қытайлық және өзге де елдердің студенттері тек бақылаушы ғана емес, өздері де тікелей өндіріс процесіне араласты.
Сабақ барысында өз тәжірибесімен бөліскен белгілі этнодизайнер, педагог Бибігүл Лаубайқызы жүн өңдеу өнерінің тарихи және медициналық маңызына тоқталды:
«Бүгінгі біздің сабағымыз көшпенділер мәдениетінің өзегі – жүн өңдеу өнеріне арналған. Археологиялық қазбалар дәлелдегендей, бабаларымыздың бас баспанасы киіз үйден бастап, бүкіл тұрмыстық заттары осы жүннен жасалған. Ұрпақтан ұрпаққа мұра боп қалған осы төл қолөнерімізді бүгін біз әлемге паш етіп, қайта жаңғыртудамыз. Сабақ барысында ең бірінші көрсететінім – қасиетті текемет. Текеметтің адам денсаулығына пайдасы орасан: аяққа басқанға өте жұмсақ әрі киіз болғандықтан кез келген ауа райында бір қалыпты температураны сақтайды. Шаршап келген адам текемет үстіне жатса, бойына қуат алады. Себебі мал табиғаттың ең шүйгін, нәрлі шөптерімен қоректенеді, ал жүнді қырқу процесі қойға ешқандай зиян әкелмейді. Сондықтан ата-бабамыз жүнді «тірі», киелі деп бағалаған», - деді ол.
Шебердің айтуынша, жүнмен жұмыс істеудің адам психологиясына да, денсаулығына да пайдасы ғылыми дәлелденген. Шара барысында әр студентке 30 граммнан жүн беріліп, олар 30 сантиметрлік шағын текемет басып шығарған. Ою-өрнектердің сырына тоқталған этнодизайнер: «Қазақ оюлары жайдан-жай тумаған. Әжелеріміз оны жел соққандағы шөптердің иіріліміне, судың толқынына, яғни табиғаттың өзіне қарап сызған. Бүгін студенттер «қошқармүйіз», «құсқанат», «қарлығаш» және «әйел бақыты» сияқты мағыналы оюларды салды. Мен әлемнің 80 мемлекетінде дәріс берген маман ретінде айтарым — адамның таңдаған оюына қарап, оның ішкі жан дүниесін түсінуге болады», – деп асыл мұраны жандандырудың маңызын атап өтті.
Сонымен қатар, шара аясында шетелдік қонақтар металдан бұйым соғу, яғни төл зергерлік өнерімізбен де танысты. Белгілі зергер Бекболат мырза бүгінгі таңда бұл өнерге сұраныстың азайып бара жатқанына қынжылыс білдіре отырып, бұл жобаның халықаралық насихат үшін үлкен мүмкіндік екенін жеткізді:
«Бұл іс-шараны ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – жай ғана шеберлік сыныбын өткізу емес, ата-бабамыздан қалған, тамыры терең, бірегей зергерлік өнерді көрсету. Мойындау керек, бұл – әлемнің басқа ұлттарында кездесе бермейтін, тек көшпенділерге тән ерекше қолөнер. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта бұл өнерге сұраныс азайып, жастар арасында оны жасауға қызығушылық танытып, айналысып жүргендер өте аз. Сондықтан біз бабаларымыздың қаншалықты жоғары талғам мен асқан шеберлікке ие болғанын паш ету үшін осы білезік соғу сабағын қолға алдық».
Шеберлік сабағына арнайы дайындалып әкелінген 40 білезікті шетелдік студенттер өз қолдарымен соғып, дайындап, бірден қолдарына тағып алған. Зергер бұл қадамның мәдени дипломатиядағы рөлін жоғары бағалады:
«Мұның халықаралық деңгейдегі маңызы өте зор. Себебі, студенттер бұл білезіктерді өздерімен бірге елдеріне алып кетеді. Өз Отанына, туған жеріне барғанда, олар Қазақстанда қандай ерекше өнер бар екенін мақтанышпен айтып, оны қалай өз қолдарымен жасап көргенін бөліседі ғой. Міне, осы сәттің өзі — біздің төл мәдениетіміз бен ұлттық өнеріміздің шетелде ешқандай жарнамасыз-ақ кеңінен насихатталуына жол ашады», - деді.
Астана халықаралық университетінің қабырғасында өткен бұл шара қазақ қолөнерінің шекара танымайтынын және ұлттық құндылықтарымыздың әлем жастарын тәнті ете алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Ата-бабадан қалған аманатты осылайша тірі күйінде әлемге тарату – ұлттық кодты сақтаудың ең төте жолы.