Тәуелсіз Қазақстанда депутат болған танымал тұлғалар
Бөлісу
02.09.202675
2026 жылғы 23 тамызда Қазақстанда жаңа бір палаталы Құрылтай депутаттарының сайлауы өтті. Сайлау нәтижесінде бес партия 5 пайыздық межеден асып, Құрылтайдағы 145 мандатты өзара бөлісті. «Әділет» партиясы – 110, «Ауыл» – 10, Respublica – 9, «Ақ жол» – 8, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия 8 орын алды. 25 тамызда Орталық сайлау комиссиясы сайлау қорытындысын бекітсе, 27 тамызда бес партиядан сайланған 145 депутат ресми тіркелді. Осы сәттен бастап олардың депутаттық өкілеттігі басталды. Бүгін біз өткенге көз жүгіртіп, Тәуелсіз Қазақстанның заң шығарушы органдарында қызмет еткен бірқатар танымал тұлғалардың депутаттық жолына тоқталуды жөн көрдік.
Әбіш Кекілбайұлы
Әбіш Кекілбайұлы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы заң шығару мен мемлекеттік басқару ісінің бел ортасында жүрді. 1991 жылы ол Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Мәдениет, тіл және ұлтаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитетін басқарды. 1994–1995 жылдары XIII шақырылымдағы Жоғарғы Кеңестің төрағасы болды. Кейін алғашқы шақырылымдағы Мәжіліс құрамына сайланды. 1996 жылы Мемлекеттік хатшы қызметіне ауысып, бұл лауазымды 2002 жылға дейін атқарды. Ал 2002 жылғы ақпанда Президент тағайындаған Сенат депутаты атанып, оның сенаторлық өкілеттігі 2010 жылғы 11 наурызда тоқтатылды. Ол Сенатта отырған тұста елдің саяси жүйесіне ықпал еткен ірі өзгерістердің бірі жасалды. 2007 жылғы 21 мамырда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң қабылданды. Түзетулер Парламенттің өкілеттігіне, депутаттар санын және оларды сайлау тәртібіне, Үкімет пен басқа да мемлекеттік институттарды қалыптастыру рәсімдеріне қатысты болды.
Олжас Сүлейменов
Олжас Сүлейменовтің қоғамдық-саяси жолы депутаттық мандаттан әлдеқайда бұрын басталды. 1989 жылы ол «Невада–Семей» антиядролық қозғалысын құрып, Семей ядролық полигонын жабу мәселесін халықаралық деңгейге шығарған тұлғалардың біріне айналды. Тәуелсіздік жылдарында Сүлейменов 1994–1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Сол тұста ол 1991–1995 жылдары қызмет еткен «Қазақстан халық конгресі» партиясының жетекшісі де еді. 1995 жылы парламенттік кезең аяқталғаннан кейін дипломатиялық қызметке ауысып, Қазақстанның Италиядағы елшісі болды.
Сүлейменов депутат болған XIII шақырылымдағы Жоғарғы Кеңес небәрі бір жылға жуық жұмыс істесе де, дәл осы кезеңде елдің құқықтық жүйесі үшін әлі күнге дейін маңызы бар құжат қабылданды. 1994 жылғы 27 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің Жалпы бөлімі қабылданды. Ол азаматтық-құқықтық қатынастардың, меншік пен міндеттемелердің, жеке және заңды тұлғалардың құқықтық жағдайының базалық негіздерін белгіледі. Кодекс кейін бірнеше рет өзгертіліп, толықтырылғанымен, қолданыстағы құқықтық жүйенің өзегі болып қала берді.
Шерхан Мұртаза
Шерхан Мұртаза саясатқа Тәуелсіздіктен кейін аяқ астынан келген тұлға емес. Ол 1990–1993 жылдары халық депутаты болды. 1994–1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде жұмысын жалғастырды. Сол кезеңдерде ұлттық саясат, мәдениет және тіл, сондай-ақ мәдениет, баспасөз, бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық бірлестіктер мәселелері бойынша жұмыс істеді. 1999 жылы Шерхан Мұртаза қайтадан заң шығарушы органға оралып, 1999–2004 жылдары Мәжілістің II шақырылымының депутаты болды. Парламенттегі сөздерінде ел, жер және тіл мәселелерін жиі көтеруі оның депутаттық қызметінің басты ерекшеліктерінің біріне айналды. Оның Мәжілістегі кезеңінде елде жер қатынастары ең көп талқыланған тақырыптардың бірі болды. 2001 жылғы 24 қаңтарда «Жер туралы» заң қабылданды. Ол жерді пайдалану мен жер қатынастарын реттеудің құқықтық тетіктерін белгіледі. Бұл құжат 2003 жылы жаңа Жер кодексі қабылданғаннан кейін күшін жойды.
Серік Қонақбаев
Серік Қонақбаевты көпшілік ең алдымен әйгілі боксшы ретінде таниды. Ол 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері, екі дүркін Еуропа чемпионы және әлем чемпионатының жүлдегері атанды. Спорттық мансабынан кейін қоғамдық-саяси қызметке араласып, 1999 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Кейін Мәжілістің III және IV шақырылымдарында да жұмыс істеп, үш шақырылым бойы депутаттық қызмет атқарды. 1999–2004 жылдары Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, 2004–2007 жылдары Экология және табиғатты пайдалану мәселелері комитетінің хатшысы, кейін осы комитеттің мүшесі болды.
Қонақбаевтың депутаттық қызметіндегі маңызды бастамалардың бірі спортқа емес, қоғамдық денсаулық мәселесіне қатысты болды. 2000 жылы ол темекі шегудің алдын алу және зиянды әдеттермен күрес жөніндегі қоғамдық үйлестіру кеңесінің жұмысына араласып, кейін бұл мәселені заңнамалық деңгейде реттеуге кірісті. 2001 жылғы маусымда Серік Қонақбаев бір топ Мәжіліс депутатымен бірге «Темекі шегушіліктің алдын алу және оны шектеу туралы» заң жобасын Парламентке ұсынды. Жоба Парламентте бірнеше кезеңнен өтіп, Мәжіліс пен Сенатта талқыланды. Нәтижесінде 2002 жылғы 10 шілдеде «Темекі шегушіліктің алдын алу және оны шектеу туралы» заңға қол қойылды. Құжат темекі өнімдерін кәмелетке толмағандарға сатуды шектеу, темекі жарнамасын азайту, қоғамдық орындарда шылым шегуге шектеу қою және темекі өнімдері туралы ақпаратты реттеу секілді шараларды қарастырды.
Нұрлан Оразалин
Ақын, драматург Нұрлан Оразалиннің депутаттық жолы Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу кезеңімен тікелей тоғысады. Ол 1990 жылы баламалы сайлау арқылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің XII шақырылымына депутат болып сайланып, 1990–1994 жылдары қызмет атқарды. Жоғарғы Кеңесте Ұлт саясаты, мәдениет пен тілді дамыту жөніндегі комитет төрағасының орынбасары болды. Яғни оның депутаттық жұмысының негізгі бағыттары ұлттық саясат, мемлекеттік тіл мен мәдениет мәселелеріне қатысты еді. Бұл кезең оның өмірбаянындағы жалғыз парламенттік қызмет болып қалған жоқ. Арада жиырма жылға жуық уақыт өткен соң, 2013 жылғы 26 тамызда Президент Жарлығымен Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалды. Сенатта да оның бұрынғы қызметімен сабақтас әлеуметтік-мәдени бағытқа ден қойды. Оразалиннің сенаторлық өкілеттігі 2016 жылғы 13 қыркүйекте тоқтатылды.
Фариза Оңғарсынова
Фариза Оңғарсынова – депутаттық қызметінде нақты заңнамалық із қалдырған қаламгерлердің бірі. Ол саясатқа келгенге дейін де балалар мен жасөспірімдер тақырыбына жақын болд. 1970–1978 жылдары «Қазақстан пионері» газетінің, кейін 1978–1996 жылдары «Пионер» журналының, қазіргі «Ақ желкеннің» бас редакторы қызметін атқарды. Осы тәжірибе оның депутаттық кезеңіндегі бастамаларынан да көрінді.
1996 жылы Фариза Оңғарсынова Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің I шақырылымына депутат болып сайланды. Кейін II шақырылымда да мандатын сақтап, жалпы 1996–2004 жылдары сегіз жыл бойы Мәжіліс депутаты болды. Оның парламенттік қызметіндегі ерекше бағыттардың бірі – ана мен бала құқығын қорғау мәселесі. Фариза Оңғарсынова депутат кезінде «Ана мен баланы қорғау туралы» және «Баланың құқықтары туралы» екі заң жобасын қазақ тілінде әзірлеген. Соның екіншісі Парламентте қаралып, 2002 жылғы 8 тамызда №345 «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заң ретінде қабылданды. Заң баланың өмір сүру, білім алу, денсаулығын сақтау, отбасында тәрбиелену және заңды мүдделерінің қорғалуына қатысты негізгі кепілдіктерді бекітті. Бұл бастаманың тағы бір ерекшелігі – заң жобасының бірден мемлекеттік тілде дайындалуы еді. Ол кезде Қазақстандағы заң жобаларының басым бөлігі орыс тілінде әзірленіп, кейін қазақшаға аударылатын. Сондықтан Фариза Оңғарсынованың заң жобасын қазақ тілінде жазып, Парламент талқылауына ұсынуы сол кезең үшін сирек тәжірибе болды.
* Ескеретін жайт, бұл мақалада көрсетілген тұлғалар арасында Фариза Оңғарсынова мен Серік Қонақбаев бірқатар заң жобасын әзірлеуге және ұсынуға тікелей қатысқан. Ал өзге тұлғаларға қатысты көрсетілген заңдар сол депутат қызмет атқарған кезеңдегі маңызды құжаттар ретінде ғана берілді.