Сәкен Сейфуллин сабақ берген: Астанадағы алғашқы мектептер

Бөлісу

28.08.2026 41

Бүгінгі Астана қаласы 1830 жылы Ақмола бекінісі ретінде салынған. Бекініс 1862 жылы қала мәртебесін алды.


XIX ғасырдың ортасынан бастап қалада білім беру жүйесі қалыптаса бастады. 

Алғашқы мектептер екі негізгі бағытта дамыды: мұсылмандық (мешіт жанындағы мектептер мен медреселер) және орыс тілді зайырлы (приходтық училищелер, қалалық училищелер, орыс-қазақ мектептері). 

Бұл мектептер қаланың зиялы қауымын қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. 

Алғашқы мектептер

Ақмола бекінісінің негізін қалаған кезден бастап мұсылмандық білім беру пайда болды. 1838-1842 жылдары Ақмола округінің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы (Тәуке ханның ұрпағы) өз қаражатына ағаштан екі қабатты жәми (соборлық) мешіт салдырды. 1842–1843 жылдары осы мешіт жанынан мұсылман балаларына арналған алғашқы мектеп (мектеп) ашылды. Бұл мектепте арабша оқу-жазу, Құран оқу, арифметика және география пәндері оқытылды. Оқушылар саны 40-қа дейін жеткен. Мектептің ұстазы Қарабек молда Байбеков (шын есімі Шарафутдин Назимов) болды. Мектеп шығыны еріктілер қаржысы мен қайырымдылық есебінен жабылды. Бұл - қазіргі Астана аумағындағы ең ерте білім ошақтарының бірі. 

Кейін, XX ғасырдың басында көпес Баймұхамет Қосшығұлов 1905-1907 жылдары бірінші мешіт жанынан мұсылман жастарына арналған ерлер медресесін салдырды (ғимарат қазіргі уақытт Абай даңғылы мен Мәмбетов көшесінің қиылысында тұр). 

1910 жылы жергілікті қайраткерлер (Құсайын Бегішев, Нұрмұхамет Забиров, Баймұхамет Қосшығұлов және басқалар) бастамасымен қыздарға арналған мектеп ашу туралы ұсыныс қабылданды. 

1913 жылы екі училище (ерлер мен қыздар) ашылып, ерлерге 120, қыздарға 130 шәкірт қабылданды. Пәндер қазақ тілінде жүргізілді, кейін орыс тілі қосылды. Мұнда белгілі ағартушы Сәкен Сейфуллин орыс тілінен сабақ берген. 

Орыс тілді мектептердің пайда болуы

1874 жылы 7 қаңтарда Ақмола губернаторының өтініші бойынша приходтық училище ашу туралы шешім қабылданды. Бұл — қаладағы алғашқы зайырлы бастауыш мектеп еді. 1881 жылы 1 шілдеде аталмыш оқу орны Ақмола қалалық үш сыныптық училищесіне айналды. 1887 жылы онда 93–98 ұл бала оқыған (негізінен православтар, казактар, қалалық және ауылдық сословие өкілдері болды. Мұсылмандар аз болған). 

1914-1915 оқу жылында ол жоғары бастауыш училищеге айналды. Бұл училище бүгінгі №1 мектеп-лицейінің (Талғат Бигелдинов атындағы) бастауы болып саналады. 1920 жылы ол жоғары бастауыш мектеп мәртебесін алды, 1927 жылы тоғыз жылдық мектепке, 1934 жылы он жылдыққа айналды (Киров атындағы). Соғыс жылдарында мұғалімдер мен оқушылар майданға аттанды. Қазіргі уақытта мектеп Желтоқсан көшесі, 9-мекенжайында орналасқан және 150 жылдық тарихы бар.

1876 жылы тамызда қыздарға арналған приходтық училище ашылды (қала қоғамының қаражатына). 1900 жылы онда 75 оқушы болған.

Аралас мектептердің пайда болуы

1879 жылы Ақмола облысында қазақ балалары үшін орыс-қазақ мектептері (мектеп-интернаттар) ашыла бастады. 1883 жылы уезд орталықтарында атап айтар болсақ, Ақмола, Атбасар, Көкшетау және Петропавлда ерлер мен қыздарға арналған осындай екі мектептен ашылды. Болыс басшылары әрқайсысы екі оқушы жіберуге міндетті болған, бірақ қазақтар бастапқыда орыстандырудан қорқып, балаларын бергісі келмеген. Ал байлар өздерінің балалары емес кедей балаларын жіберген.

1916 жылы қалада тұңғыш рет мұғалімдер семинариясы ашылды. 1920 жылы наурызда орыс жалпы білім беретін №1 мектеп (кейін Киров атындағы) және қазақ №2 мектеп (кейін Сталин атындағы) құрылды. 

1997 жылы Астана астана болған кезде қалада бір ғана қазақ мектебі (№4) болған. 1999 жылы 1 қыркүйекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен №38 қазақ мектеп-лицейі (кейін Әлімхан Ермеков атындағы) ашылды. Бұл тәуелсіздік кезеңінде ашылған алғашқы мамандандырылған қазақ мектебі еді.

Алғашқы қарлығаштары

Алғашқы мұсылман мектебінде (1840-жылдар) 40-қа жуық бала оқыған. Олардың есімдері толық сақталмаған, бірақ мектеп жергілікті қазақ және татар отбасыларының балаларын қабылдаған. Қалалық училищеде (1880–90-жылдар) оқушылар арасында казактар, шаруалар, қала тұрғындары басым болған. Орыс-қазақ мектептерінде қазақ балалары аз, бірақ олар кейін ағартушылық қозғалысқа үлес қосты. XX ғасыр басындағы мұсылман училищелерінде жүздеген шәкірт білім алған. Кеңес дәуіріндегі алғашқы қазақ мектебінің түлектері қаланың зиялы қауымының негізін құрады.

Алғашқы мектептердің оқу бағдарламалары

XIX ғасырдағы Ақмоладағы мектептердің бағдарламалары екі негізгі жүйеге бөлінді: мұсылмандық (мектептер мен медреселер) және орыс тілді зайырлы (приходтық, қалалық училищелер, орыс-қазақ мектептері). 

Бағдарламалар өте қарапайым болды, негізінен сауат ашуға, діни білімге және қарапайым практикалық дағдыларға бағытталды. 

Мәселен, Қоңырқұлжа Құдаймендіұлының мешіті жанында ашылған бастауыш деңгейдегі алғашқы мектептің бағдарламасы мынадай болды:

Арабша оқу және жазу (араб графикасы);

Құран оқу және жаттау (негізгі аяттар, сүрелер);

Арифметика (қарапайым есептеу);

География (элементарлық мәліметтер).

Оқушылар саны 40-қа дейін жеткен. Басындай айтып өткеніміздей, оқу еріктілер мен қайырымдылық есебінен жүргізілді. Оқу жоспары қарапайым болды. Оқушыларды Қарабек Байбеков деген мұғалім оқытқан. 

Кейінгі (1905-1913 жылдары ашылған) медреселер мен училищелер Баймұхамет Қосшығұлов, Нұрмұхамет Забиров, Құсайын Бегішев секілді ауқатты адамдардың қаражатына салынды.

Ерлер училищесі (3 жылдық): әдебиет, дін ілімі (ислам), мұсылман әдебі, тарих, ән айту, сауатты жазу (қазақ тілінде), араб тілі мен каллиграфия. 

1913 жылдың қарашасынан орыс тілі қосылды.

Қыздар училищесі (3 жылдық): оқу (Құран), богословие (діни ілім), мұсылман этикасы, тарих, ән айту, таза жазу (чистописание). 

Кейбір деректерде гигиена, қолөнер, үй шаруашылығы, тігін және аспаздық істері де болғаны айтылады. 

Пәндердің көпшілігі қазақ тілінде жүргізілді. Түлектер қалалық 4-сыныптық училищеге немесе жоғары бастауыш училищеге түсе алатын. 

1874 жылы ашылған приходтық училище 1881 жылы қалалық үш сыныптық училищеге айналды (қазіргі №1 мектеп-лицейінің бастауы). Оқу курсы шамамен 6 жылға созылған (сыныптар саны мұғалімдерге байланысты өзгерген).

Негізгі пәндер Ресей империясының бастауыш училищелерінің стандартты бағдарламасына негізделді:

Закон Божий (Құдай заңы) — дұғалар, Киелі тарих (Ескі және Жаңа өсиет), катехизис, шіркеу әндері;

Оқу және жазу (орыс тілі, шіркеу-славян тілі);

Арифметика;

Практикалық геометрия;

География және Отан тарихы (жалпы тарих пен география элементтерімен);

Табиғат тарихы мен физикадан бастауыш мәліметтер;

Сызу (черчение) және сурет салу;

Көркем жазу (чистописание).

Қалалық училищелерде қолөнер мен сауда мамандықтарына дайындау элементтері де болған. 1887 жылы оқушылардың басым бөлігі православтар (казактар, қалалықтар) болған. 

1883 жылы Ақмолада (және басқа уезд орталықтарында) ерлер мен қыздарға арналған орыс-қазақ мектептері ашылды. Олар интернат түрінде жұмыс істеді.

Бағдарламасы:

Орыс тілі (негізгі пән);

Арифметика;

Оқу және жазу;

География мен тарихтың бастауыш элементтері;

Кейде «Мұсылман дінінің негіздері» (Закон Божий орнына);

Кейбір мектептерде практикалық дағдылар оқытылды. Бұл мектептердегі оқу барысы орыс тілінде жүргізілді. Мақсаты - қазақ балаларын орыс мәдениетіне тарту және төменгі әкімшілік кадрлар дайындау. Бастапқыда қазақтар балаларын беруге құлықсыз болды. Кейінгі жылдары ауылдық орыс-қазақ мектептерінде оқу ана тілінде басталып, кейін орыс тіліне көшкен.

Оқу мерзімі: бастауыш мектептерде 2–3 жыл, училищелерде 3–6 жыл.

Тіл: мұсылман мектептерінде — араб/қазақ/татар, орыс мектептерінде — орыс.

Мақсат: сауат ашу, діни тәрбие, қарапайым практикалық білім. Жоғары ғылыми пәндер болмаған.

Әдістер: жаттығу, жаттау, жеке оқыту (әсіресе мектептерде).

Алғашқы мұғалімдер

Алғашында мұғалімдер жетіспеді. Мектептерде жергілікті қазақ, татар жастары мен көрші губерниялардан (Уфа, Орынбор, Қазан) шақырылған мұғалімдер жұмыс істеді.

Мұғалімдер негізінен екі топқа бөлінді: мұсылмандық мектептер мен медреселердегі молдалар және орыс тілді зайырлы училищелердегі мұғалімдер. 

Көпшілігі арнайы педагогикалық білімсіз жұмыс істеген, кейбірі татар, қазақ немесе орыс ортасынан шыққан.

Қарабек молда Байбеков (шын есімі Шарафутдин Назимов, 1812-1911 жж.) - Ақмоладағы алғашқы мұғалімдердің бірі. 1840-жылдардан бастап Қоңырқұлжа Құдаймендіұлының мешіті жанындағы алғашқы мектепте сабақ берген. Балаларға арабша оқу-жазу, Құран, арифметика мен географияны үйреткен. 

Сол секілді Сағит Усманов пен Бурабай Сейітов те Ақмола бекінісә құрылған кездегі алғашқы молдалар еді. Олар діни рәсімдер өткізумен қатар балаларды оқытқан.

Ғалымжан Шәкіржанұлы Құрмашев (1886-1939) - Орынбор мұғалімдер семинариясын бітірген. 1909 жылы Уфа губерниясынан Ақмолаға шақырылған. Баймұхамет Қосшығұловтың медресесінде сабақ берген, зайырлы пәндерді де енгізген. Кейін Тайтөбе, Майбалық, Ерейментау және Атбасарда қазақ мектептерін ашуға үлес қосқан. Жұбайы Әсима (Қарабек Байбековтің қызы) да ұстаздық еткен. 

Вали Нигматуллович Хангильдин (1891-1971) - Уфадағы «Ғалия» медресесін бітірген. XX ғасыр басында Ақмолаға келіп, мұсылман мектептерінде сабақ берген. Кейін белгілі тілші ғалым, татар тілі оқулықтарының авторы болды.

Басқа да ұстаздар

Зайнап Құрмашева, Тайби және Мәрьям Исмагиловалар (қыздар училищесінде), Мұхаметша Абдрашитов, Салим Аминов, Нұрғаин Бекмухамметов, Хафиз Гизатуллин, Ғалым Китабов, Ахмет Қаюмов. Сондай-ақ Сәкен Сейфуллин мұсылман училищесінде орыс тілі мен қазақ әдебиетінен сабақ берген.

1865 жылы Ақмола округінде мешіт жанында 9 мектеп және 11 указды молда тіркелген. Көптеген татар және қазақ «молдалары» ресми рұқсатсыз бала оқытқан.

Приходтық және қалалық үш сыныптық училищеде (1874 жылдан) мұғалімдер негізінен орыс ортасынан болған. 

Белгілі есімдер:

Александр Михайлов, Стефан Наумов, Андрей Ситников, Евгений Добротин, Михаил Турыник, Пётр Токарев, Пётр Батенев, Игнатий Скорковский, Василий Сырцов, Александр Сидельников, Василий Ковтуненко, Николай Желтышев, Василий Воронин, Сергей Шабуров, Александр Красноштанов. 

Инспектор Г. Михайлов алгебра, Г. Соколов неміс тілінен сабақ берген.

1913 жылы Ақмола және Атбасар уездерінде барлығы 128 мұғалім болған. Олартың тек 7 пайызы арнайы білімді, 28 пайызы ішінара педагогикалық дайындықтан өткен, қалған 65 пайызы арнайы білімі жоқ адамдар еді.

Мұғалімдер жетіспеушілігі 1916 жылы Ақмолада мұғалімдер семинариясының ашылуына себепкер болды.

Мұсылмандық мектептерде ұстаздар көбіне молдалар болған, оқу жаттауға негізделген.

Орыс мектептерінде мұғалімдерді Батыс-Сібір оқу округі мен инспекторлар бақылаған.

Кейбір мұғалімдер (мысалы, Құрмашев) жәдидизм идеяларын таратқан, зайырлы пәндерді енгізген.

Бұл мұғалімдер Ақмоланың алғашқы білім жүйесін қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Толық тізім мұрағаттарда (Ақмола облыстық мұрағаты, Томск облыстық мұрағаты) сақталған, бірақ көптеген есімдер жоғалып кеткен. 

Бөлісу