Ұлыбританиядағы ең беделді зерттеу университеттерінің бірі саналатын Кардифф университеті соңғы жылдары Қазақстанда ең көп талқыланған жоғары оқу орындарының біріне айналды. Бұған себеп университеттің Астана қаласында алғашқы халықаралық филиалын ашуы. Бұл жоба Қазақстанның Орталық Азиядағы халықаралық білім беру хабына айналу стратегиясының маңызды бөлігі ретінде қарастырылады.
Университет тарихы
Кардифф университетінің тарихы 1883 жылдан бастау алады. Сол жылы Уэльстің астанасы Кардифф қаласында University College of South Wales and Monmouthshire атауымен жоғары оқу орны құрылды. Оның ашылуы XIX ғасырдың соңындағы Ұлыбританиядағы өнеркәсіптік революцияның және халыққа қолжетімді жоғары білім беру қозғалысының нәтижесі болды. Уэльстің қарқынды дамып келе жатқан өнеркәсібі, әсіресе көмір өндіру мен металлургия салалары жоғары білікті мамандарға мұқтаж еді. Осы қажеттілік жаңа университет колледжінің құрылуына негіз қалады.
1884 жылы оқу орны жаңадан құрылған University of Wales федералдық университетінің негізін қалаушы колледждердің біріне айналды. Бұл мәртебе Кардиффке халықаралық деңгейде мойындалған дипломдар беруге мүмкіндік ашып, оның ғылыми әлеуетінің қалыптасуына серпін берді. XX ғасыр бойы университет қарқынды дамып, медицина, инженерия, жаратылыстану ғылымдары мен гуманитарлық бағыттар бойынша жаңа факультеттер мен ғылыми орталықтар ашылды. 1931 жылы Кардиффтегі Ұлттық медицина мектебі университет құрамына қосылып, медициналық білім мен клиникалық зерттеулердің дамуына жаңа кезең басталды.
1997 жылы оқу орны ресми түрде Cardiff University атауын иеленіп, тәуелсіз университет мәртебесін нығайтты. Ал 2004 жылы ол University of Wales College of Medicine оқу орнымен бірігіп, Ұлыбританиядағы медицина және биомедицина саласындағы ең ірі зерттеу орталықтарының біріне айналды. Осы бірігудің нәтижесінде университеттің ғылыми әлеуеті айтарлықтай артып, халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштері жақсарды. 2005 жылдан бері Кардифф университеті Ұлыбританиядағы ең беделді 24 зерттеу университетін біріктіретін Russell Group қауымдастығының мүшесі болып табылады. Бұл ұйымға Оксфорд, Кембридж, Империал колледжі, Манчестер, Эдинбург, Бристоль және басқа да әлемдік деңгейдегі университеттер кіреді. Russell Group университеттері Ұлыбританиядағы ғылыми зерттеулерге бөлінетін мемлекеттік қаржының басым бөлігін игеріп, халықаралық ғылыми жаңалықтардың едәуір бөлігін өндіреді.
Қазіргі таңда Кардифф университетінде 30 мыңнан астам студент білім алады. Олардың қатарында әлемнің 130-дан астам елінен келген мыңдаған халықаралық студент бар. Университет 300-ден астам білім беру бағдарламасын ұсынып, медицина, инженерия, журналистика, геология, психология, бизнес, құқық, жасанды интеллект, деректер ғылымы және әлеуметтік ғылымдар салаларындағы зерттеулерімен кеңінен танылған. Кардифф университетінің ғылыми жетістіктері Ұлыбританиядағы Research Excellence Framework (REF) бағалауында жоғары бағаланып келеді. Университеттің зерттеулерінің басым бөлігі халықаралық деңгейде «әлемдік көшбасшы» немесе «халықаралық деңгейде үздік» деп танылған. Әсіресе ми ауруларын зерттеу, қатерлі ісік биологиясы, жаңартылатын энергия, тұрақты құрылыс технологиялары, нейроғылым және жасанды интеллект бағыттарындағы ғылыми еңбектері халықаралық ғылыми қауымдастықта жоғары бағаланады.
Әлемдік рейтингтерде де университет тұрақты түрде алдыңғы орындардан көрініп келеді. QS World University Rankings 2026 рейтингінде Кардифф университеті әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарының қатарынан орын алып, алғашқы 200 университеттің қатарына енді. Бұл оның білім беру сапасы, ғылыми жарияланымдары, жұмыс берушілер арасындағы беделі және халықаралық ынтымақтастығының жоғары деңгейде екенін көрсетеді.
Универсиеттің белгілі оқытушылары және ғылыми байланысы
Кардифф университетінің халықаралық беделі ең алдымен оның профессорлық-оқытушылық құрамының ғылыми әлеуетімен тығыз байланысты. Университетте мыңдаған академиялық қызметкер еңбек етеді, олардың арасында әлемге танылған ғалымдар, Корольдік ғылыми қоғамдардың мүшелері, халықаралық сыйлықтардың иегерлері және ірі ғылыми жобалардың жетекшілері бар. Кардиффте білім беру үдерісі тек дәріс оқумен шектелмейді – студенттер әлемдік деңгейдегі зерттеулерге тікелей қатысатын ғалымдардан білім алады.
Университеттің қазіргі вице-канцлері, профессор Уэнди Ларнер – жаһандық жоғары білім саясаты, халықаралық серіктестік және әлеуметтік география саласының танымал зерттеушісі. Оның жетекшілігімен Кардифф университеті халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, әлемнің көптеген елдерінде академиялық байланыстарын нығайтып келеді. Қазақстандағы кампустың ашылуы да университеттің жаһандық даму стратегиясының маңызды бөлігі саналады.
Кардифф университетімен есімі тығыз байланысты көрнекті ғалымдардың бірі – Сэр Мартин Эванс. Ол эмбриондық дің жасушаларын зерттеу саласындағы жаңалықтары үшін 2007 жылы физиология немесе медицина бойынша Нобель сыйлығын иеленді. Оның еңбектері қазіргі заманғы генетика мен биомедицинаның дамуына зор ықпал етіп, көптеген тұқым қуалайтын ауруларды зерттеудің жаңа мүмкіндіктерін ашты. Нобель лауреатының университетпен ғылыми байланысы Кардиффтің зерттеу университеті ретіндегі беделін арттыра түсті.
Университеттің ғылыми ортасында тек жекелеген ғалымдар ғана емес, тұтас зерттеу мектептері қалыптасқан. Инженерия, медицина, нейроғылым, фармацевтика, жер туралы ғылымдар, журналистика және әлеуметтік ғылымдар салаларындағы профессорлар халықаралық ғылыми журналдарда үздіксіз жарияланып, Еуропалық зерттеу кеңесінің (ERC), Ұлыбританияның Research and Innovation (UKRI) бағдарламалары мен басқа да беделді халықаралық қорлардың гранттарын ұтып келеді.
Кардифф университетінің ғалымдары бүгінде адамзат алдында тұрған өзекті мәселелерді шешуге бағытталған зерттеулер жүргізуде. Әсіресе:
Альцгеймер және Паркинсон аурулары сияқты ми ауруларын зерттеу;
қатерлі ісік биологиясы мен дәл медицинаны дамыту;
жаңартылатын энергия көздері мен сутегі технологиялары;
көміртегі шығарындыларын азайтатын экологиялық инженерлік шешімдер;
жасанды интеллект пен машиналық оқыту;
үлкен деректерді (Big Data) талдау және деректер ғылымы;
климаттың өзгеруі мен тұрақты даму бағыттары бойынша жүргізілетін зерттеулер халықаралық деңгейде жоғары бағаланып келеді.
Кардифф университетінің тағы бір ерекшелігі – оқытушылардың ғылыми зерттеулерді оқу үдерісімен ұштастыра білуі. Мұнда профессорлар тек аудиторияда дәріс оқып қана қоймай, студенттерді ғылыми жобаларға тартып, зертханаларда, халықаралық консорциумдарда және өндірістік серіктестермен бірлескен бағдарламаларда жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Осы себепті университет түлектері тек теориялық біліммен ғана емес, нақты ғылыми-зерттеу тәжірибесімен де ерекшеленеді.
Кардиффтің әлемге әйгілі түлектері
Ғылым саласындағы танымал түлектер
Доктор Мигель Алькубьерре(PhD, 1994, физика және астрономия) – теориялық физик. Ол жарық жылдамдығынан жоғары қозғалыс мүмкіндігін теориялық тұрғыдан сипаттайтын «Alcubierre warp drive» (варп-қозғалтқыш) тұжырымдамасын ұсынған ғалым ретінде әлемге танымал.
Ричард Браунинг(BSc, 2001, зерттеу геологиясы) – өнертапқыш, Gravity Industries компаниясының негізін қалаушы және бас сынақ ұшқышы. Ол адамға арналған реактивті ұшу костюмі Daedalus Jet Suit жобасын жасап, жеке ұшу технологияларын дамытуға елеулі үлес қосты.
Элис Эмблтон(BSc, 1899, биология және зоология) – Кардифф университетінде жаратылыстану ғылымдарын оқыған алғашқы әйелдердің бірі. Ол көрнекті биолог, зоолог әрі әйелдердің сайлау құқығын қолдаған белсенді суфражист ретінде тарихта қалды.
Доктор Роберт Хартилл(BSc, 1990; PhD, 1994, компьютерлік ғылымдар және есептеу техникасы) – компьютерлік бағдарламашы әрі веб-дизайнер. Ол әлемдегі ең ірі кино деректер қоры саналатын Internet Movie Database (IMDb) платформасының негізін қалаушылардың бірі.
Профессор Биңлин Чжун(PhD, 1994; Құрметті доктор, 2008, инженерия) – инженер-ғалым, Қытайдағы беделді жоғары оқу орындарының бірі – Бейжің педагогикалық университетінің бұрынғы президенті. Ол инженерлік білім мен жоғары білімді дамытуға қосқан үлесімен танылған.
Денсаулық сақтау және медицина саласындағы танымал түлектер
Асмаа Әл-Аллак(MBBCh, 2000; LLM, 2021; Құрметті доктор, 2024, медицина, хирургия және медициналық тәжірибенің құқықтық аспектілері) – сүт безі аурулары бойынша кеңесші-хирург. Сонымен қатар 2023 жылғы The Great British Sewing Bee телевизиялық байқауының жеңімпазы ретінде де танымал.
Кейт Мьюир(PgDip, 1986, журналистика) – әйелдер денсаулығы мәселелерін зерттеуші, журналист-зерттеуші және деректі фильмдердің режиссері. Ол әйелдер денсаулығы туралы қоғамдық пікірдің қалыптасуына елеулі үлес қосқан.
Профессор Элис Робертс(BSc, 1994; MBBCh, 1997; Құрметті доктор, 2019, анатомия, медицина және хирургия) – белгілі анатом-ғалым, дәрігер, тележүргізуші және ғылыми-көпшілік кітаптардың авторы. Ол BBC арнасындағы ғылыми бағдарламалар арқылы кеңінен танылып, ғылымды көпшілікке насихаттауға зор үлес қосып келеді.
Профессор Джули Уильямс CBE(PhD, 1987, кәсіби психология және психология) – әлемге әйгілі генетик әрі психолог-ғалым. Ол Альцгеймер ауруының генетикалық негіздерін зерттеу саласындағы жетекші мамандардың бірі саналады. Оның ғылыми еңбектері деменцияның даму себептерін анықтауға және оны ерте диагностикалау бағытындағы халықаралық зерттеулердің дамуына үлкен үлес қосты.
Саясат және мәдениет саласындағы танымал түлектер
Воған Гетинг(PgDip, 2001, заң практикасы) – Уэльс саясаткері, Уэльстің бұрынғы Бірінші министрі (First Minister of Wales). Ол денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару салаларындағы реформаларды жүзеге асыруымен танымал.
Дафидд Иуан(BArch, 1968, сәулет; Құрметті доктор, 2022) – әйгілі уэльстік фолк әншісі, қоғам қайраткері және Plaid Cymru партиясының бұрынғы президенті. Ол уэльс тілі мен ұлттық мәдениетін насихаттауға зор үлес қосқан тұлға.
Пушпа Капила Хингорани(BA, 1951, ағылшын тілі, экономика және тарих; Құрметті доктор, 1988) – Үндістанның көрнекті заңгері. Кардифф университетін тәмамдаған алғашқы оңтүстіказиялық әйел ретінде тарихта қалды. Ол Үндістандағы теңіз құқығының негізін қалаушылардың бірі саналады және «теңіз құқығының анасы» деген құрметті атаққа ие болған.
Гленис Киннок(BA, 1965, білім беру және тарих; Құрметті доктор, 2013) – Ұлыбританияның белгілі саясаткері. Ол Ұлыбритания парламентінің депутаты, Еуропалық парламенттің мүшесі және Ұлыбританияның Лордтар палатасының мүшесі болған.
Нил Киннок(BA, 1966, өндірістік қатынастар және тарих; Құрметті доктор, 1981) – Ұлыбританияның танымал саясаткері, Лейбористік партияның бұрынғы жетекшісі. Кейін Еуропалық комиссияда жоғары қызмет атқарып, Лордтар палатасының мүшесі болды.
Маймуна Мохд Шариф(BArch, 1986, қала құрылысы) – малайзиялық мемлекеттік қайраткер. Ол Куала-Лумпур қаласының мэрі қызметін атқарып, кейін Біріккен Ұлттар Ұйымының UN-Habitat (БҰҰ-ның Елді мекендер бағдарламасы) ұйымының атқарушы директоры болды. Қала құрылысы мен тұрақты урбанизация саласындағы халықаралық сарапшы ретінде танылған.
Рози Мориарти-Симмондс OBE(BScEcon, 1985, психология; Құрметті доктор, 2017) – британдық кәсіпкер, суретші және мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғаушы. Ол инклюзивті қоғам қалыптастыруға қосқан үлесі үшін Ұлыбританияның OBE (Order of the British Empire) орденімен марапатталған.
Өнер, әдебиет және медиа саласындағы танымал түлектер
Ник Брумфилд(1968–1969, мемлекеттік басқару) – халықаралық деңгейде танылған деректі фильм режиссері. Әлеуметтік және саяси тақырыптарға арналған фильмдері үшін көптеген беделді марапаттарға ие болған.
Элис Джеймс(BScEcon, 2002; MA, 2005; Құрметті доктор, 2023, саясат, қазіргі заман тарихы және Уэльс тарихы) – уэльстік әзілкеш, тележүргізуші және стендап-комик. Ұлыбританиядағы ең танымал комедиялық бағдарламалардың жүргізушілерінің бірі.
Сэр Карл Дженкинс(BMus, 1966, музыка; Құрметті доктор, 2005) – әлемге әйгілі композитор және музыкант. Оның симфониялық және хор шығармалары көптеген елдерде орындалып, қазіргі заманғы академиялық музыканың көрнекті туындыларының қатарына енген.
Профессор Бернард Генри Найт CBE(MBBCh, 1954; PhD, 1964, медицина) – сот медицинасының көрнекті маманы әрі жазушы. Ол қылмыстық-тарихи «Кроунер Джон» (Crowner John) романдар сериясының авторы ретінде кеңінен танылған.
Джоанна Натасегара(BA, 2003, дінтану және теология) – британдық кинопродюсер әрі режиссер. Ол деректі кино саласындағы ең жоғары марапаттардың бірі – «Оскар» сыйлығының лауреаты.
Дэйм Сиан Филлипс CBE(BA, 1952; MPhil, 1953, ағылшын тілі және философия; Құрметті доктор, 1984) – Уэльстің әйгілі театр және кино актрисасы. Ол BAFTA сыйлығының лауреаты және Ұлыбританияның сахна өнеріндегі ең беделді тұлғаларының бірі.
Стеффан Пауэлл(LLB, 2008; PgDip, 2009, құқық, саясат және журналистика) – британдық тележүргізуші әрі журналист. Ол халықаралық жаңалықтар мен деректі бағдарламаларды жүргізуімен танымал.
Джеймс Райтон(BScEcon, 2004, саясат және қазіргі заман тарихы) – британдық музыкант, Klaxons рок тобының негізін қалаушылардың бірі, вокалист және клавишші.
Бернис Рубенс(BA, 1947, ағылшын тілі; Құрметті доктор, 1982) – британдық жазушы. Ол 1970 жылы Букер сыйлығын жеңіп алған алғашқы әйел жазушы ретінде әдебиет тарихында ерекше орын алады.
Кардифф университетінің түлектері саясатта, ғылымда, журналистикада, спортта және бизнесте үлкен жетістіктерге жеткен (дереккөз cardiff.ac.uk сайтынан алынған)
Қазақстандағы Кардифф университеті
Қазақстан мен Кардифф университетінің академиялық байланысы соңғы он бес жылға жуық уақыт ішінде біртіндеп нығайып келеді. 2009 жылдан бастап университет өкілдері Қазақстанда білім көрмелеріне қатысып, қазақстандық талапкерлерді Ұлыбританиядағы білім беру бағдарламаларымен таныстырып, бірқатар жоғары оқу орындарымен академиялық әріптестік орнатты. Осы кезеңде көптеген қазақстандық студенттер Кардифф университетінде бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша білім алды.
Қазақстандағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі 2023 жылы басталды. Сол жылы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Кардифф университеті Қазақстанда халықаралық деңгейдегі кампус ашу жөнінде келіссөздер жүргізіп, өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге әлемнің жетекші университеттерін тарту жөніндегі бастамасы аясында жүзеге асырыла бастады.
2025 жылы Астана қаласында Cardiff University Kazakhstan ресми түрде ашылды. Бұл – Кардифф университетінің Ұлыбританиядан тыс жердегі алғашқы халықаралық филиалы ғана емес, сонымен қатар Орталық Азиядағы Russell Group университетінің алғашқы кампусы болды. Сарапшылар бұл оқиғаны Қазақстанның жоғары білім жүйесіндегі маңызды тарихи белес ретінде бағалайды.
Филиалдың ашылуына Қазақстан Республикасы Үкіметі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және Ұлыбританияның Кардифф университеті бірлесіп атсалысты. Жобаны іске асыру барысында Қазақстанның халықаралық білім беру хабына айналу стратегиясы негізге алынды. Университеттің жаңа кампусы халықаралық академиялық стандарттарды енгізіп, қазақстандық студенттердің әлемдік деңгейдегі британдық білімді өз елінде алуына мүмкіндік беруді көздейді.
Алғашқы оқу жылында университет компьютерлік ғылымдар (Computer Science), құрылыс инженериясы (Civil Engineering), геологиялық барлау (Exploration Geology) және бизнес менеджменті (Business Management) бағыттары бойынша студенттерді қабылдай бастады. Барлық білім беру бағдарламалары ағылшын тілінде жүргізіліп, Кардифф университетінің академиялық талаптарына толық сәйкес әзірленген. Оқу процесіне Ұлыбританиядан келген профессорлар мен халықаралық тәжірибесі бар оқытушылар қатысады.
Кардифф университетінің Қазақстандағы кампусы тек білім беру орталығы ғана емес, ғылыми зерттеулерді дамыту алаңы ретінде де қарастырылып отыр. Болашақта британдық және қазақстандық ғалымдардың бірлескен зертханаларын ашу, ғылыми-инновациялық жобаларды жүзеге асыру, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын кеңейту және халықаралық зерттеу консорциумдарына қатысу жоспарланған.
Бұл бастама Қазақстанның жоғары білім жүйесінің жаһандық кеңістікке ықпалдасуына ықпал етіп қана қоймай, елдің инженерия, цифрлық технологиялар, геология және бизнес салалары үшін халықаралық деңгейдегі мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Кардифф университетінің Астанадағы филиалы Қазақстанды Орталық Азиядағы халықаралық білім беру және ғылыми-зерттеу орталықтарының біріне айналдыру жолындағы стратегиялық жобалардың бірі ретінде бағалануда.
Қазақстандық студенттер үшін қандай мүмкіндіктер береді?
Кардифф университетінің Қазақстандағы филиалы қазақстандық жастарға халықаралық деңгейдегі білімді өз елінде алуға жол ашады. Ең басты артықшылығы – студенттер Ұлыбританияға бармай-ақ Кардифф университетінің халықаралық стандарттарға сәйкес британдық дипломын иелене алады. Бұл білім беру сапасын арттырып қана қоймай, шетелде оқу мен тұруға кететін шығындарды едәуір азайтады.
Сонымен қатар университет студенттерге бірқатар академиялық және кәсіби мүмкіндіктер ұсынады. Атап айтқанда, академиялық ұтқырлық бағдарламалары арқылы белгілі бір кезеңде Ұлыбританиядағы Кардифф университетінің негізгі кампусында білім алуына немесе тәжірибе алмасуына жағдай жасалады. Оқу үдерісіне Кардифф университетінің профессорлары мен халықаралық тәжірибесі мол оқытушылар қатысып, студенттер британдық білім беру жүйесінің әдістемесі бойынша білім алады.
Білім беру тек аудиториядағы дәрістермен шектелмейді. Студенттер ғылыми-зерттеу жобаларына қатысып, халықаралық зертханалармен және зерттеу топтарымен бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Бұл олардың ғылыми дағдыларын жетілдіріп, магистратура мен докторантураға түсу мүмкіндігін арттырады.
Сонымен бірге университет халықаралық компаниялармен және өндірістік серіктестермен байланыс орнатып, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне және кәсіби машықтарын дамытуына жағдай жасайды. Мұндай тәжірибе түлектердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, халықаралық деңгейдегі мансап құруына жол ашады.
Жаңа кампус қайда орналасқан?
Cardiff University Kazakhstan-тың Астанадағы кампусы халықаралық білім беру стандарттарына сәйкес жобаланған заманауи академиялық кеңістік болып табылады. Кампус студенттердің сапалы білім алып қана қоймай, ғылыми зерттеулермен айналысуына және халықаралық академиялық ортада жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін жоғары технологиялық инфрақұрылыммен жабдықталған.
Кампуста заманауи оқу аудиториялары, инженерлік және ғылыми зертханалар, компьютерлік сыныптар, цифрлық кітапхана, топтық жобаларға арналған бірлескен оқу кеңістіктері, студенттерге академиялық және психологиялық қолдау көрсететін орталықтар жұмыс істейді. Барлық оқу ортасы британдық университеттердің тәжірибесіне негізделіп ұйымдастырылған.
Кардифф университетінің Қазақстанда тағы бір жаңа кампусты салуды жоспарлауда, ол Астана қаласының Есіл ауданында, жаңа білім беру және іскерлік инфрақұрылымы қарқынды дамып келе жатқан бөлігінде орналасқан. Кампус халықаралық стандарттарға сай жабдықталады, жаңа ғимаратта жұмыс істейді және болашақта кеңейтіліп, ғылыми-зерттеу орталықтары мен қосымша оқу корпустарымен толықтырылуы жоспарланған.
Алғашқы түлектер қашан шығады?
Филиал 2025 жылдың күзінде алғашқы студенттерін қабылдағандықтан, қазіргі уақытта алғашқы бітірушілер әлі жоқ. Алғашқы түлектердің шығуы оқу бағдарламасына сәйкес алдағы бірнеше жылға жоспарланған. Сондықтан бүгінгі күні Қазақстандағы Кардифф филиалының түлектері туралы айту ерте.
Университеттің болашағы қандай?
Сарапшылардың пікірінше, Кардифф университетінің Қазақстандағы кампусы бірнеше бағыт бойынша маңызды рөл атқарады.
Біріншіден, Қазақстанның халықаралық білім беру орталығына айналуына ықпал етеді.
Екіншіден, инженерия, ақпараттық технологиялар, геология және бизнес салалары бойынша халықаралық деңгейдегі кадрлар даярлайды.
Үшіншіден, британдық университеттердің ғылыми мәдениетін Қазақстанға енгізіп, бірлескен зерттеу жобаларының көбеюіне мүмкіндік береді.
Жобаның алдағы жылдары бірнеше мың студентке дейін кеңеюі жоспарланып отыр. Сонымен қатар ғылыми зертханалар мен халықаралық зерттеу орталықтарын құру көзделген.
Кардифф университетінің Қазақстанға келуі – жай ғана жаңа университеттің ашылуы емес. Бұл қазақстандық жастардың әлемдік деңгейдегі білімді өз елінде алуына мүмкіндік беретін жаңа кезеңнің басталуы. 140 жылдан астам тарихы бар, ғылыми зерттеулерімен танылған, әлемнің беделді университеттері қатарындағы оқу орнының Астанада кампус ашуы Қазақстанның жоғары білім жүйесінің халықаралық деңгейге көтерілуінің жарқын көрінісі. Алдағы жылдары бұл кампус тек білім беру орталығы ғана емес, ғылым мен инновацияның да маңызды алаңына айналуы әбден мүмкін.