Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты шешуші кезеңге жетті. Алғашқы жартылай финалда Испания құрамасы Францияны 2:0 есебімен жеңсе, екінші кездесуде Аргентина Англиядан 2:1 есебімен басым түсіп, қатарынан екінші рет финалға жолдама алды. Енді Испания мен Аргентина 19 шілдеде АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы New York New Jersey Stadium аренасында әлем чемпионы атағын сарапқа салады. Матч жергілікті уақытпен сағат 15:00-де, Қазақстан уақытымен 20 шілдеге қараған түні сағат 00:00-де басталады. Ал жартылай финалда жеңілген Франция мен Англия 18 шілдеде Майамидегі Hard Rock Stadium алаңында үшінші орын үшін кездеседі. Бұл ойын Қазақстан уақытымен 19 шілде күні сағат 02:00-де өтеді.
Франция мен Испания арасындағы алғашқы жартылай финал Арлингтондағы Dallas Stadium алаңында өтті. Турнирдің басты фавориттерінің бірі саналған Франция құрамасы қарсыласының допты бақылауға құрылған ойынына төтеп бере алмады. Испания сапынан Микель Оярсабаль мен Педро Порро гол соғып, командасына 2:0 есебімен жеңіс әкелді. Испаниялықтар матч бойы алаң ортасын бақылауда ұстап, Францияның жылдам шабуылшыларына еркіндік берген жоқ. Осылайша, 2010 жылғы әлем чемпионы өз тарихында екінші рет әлем чемпионатының финалына шықты. Бұған дейін Испания құрамасы мундиальдың шешуші ойынына бір-ақ рет жетіп, сол жолы Нидерландты қосымша уақытта 1:0 есебімен жеңген еді.
сурет: Getty Images
Аргентина мен Англия арасындағы екінші жартылай финалдың тағдыры соңғы минуттарда шешілді. Атлантадағы Mercedes-Benz Stadium аренасында өткен кездесуде Англия 55-минутта Энтони Гордонның голынан кейін алға шықты. Ағылшындар есепті сақтап қалуға тырысқанымен, ойынның соңғы бөлігінде Аргентина қысымды күшейтті. 85-минутта Энцо Фернандес таразы басын теңестірсе, негізгі уақытқа қосылған екінші минутта алаңға қосалқы құрамнан шыққан Лаутаро Мартинес жеңіс добын соқты. Екі нәтижелі шабуылға да Лионель Месси тікелей атсалысты. Нәтижесінде Аргентина 2:1 есебімен жеңіп, 2022 жылдан кейін қатарынан екінші әлем чемпионатының финалына шықты. Аргентина финалға дейін өткізген жеті матчының барлығында жеңіске жетіп, қарсыластар қақпасына 19 гол соқты. Ал Испания алты жеңіс пен бір тең нәтиже тіркеп, жеті кездесуде небәрі бір ғана гол жіберді. Сондықтан финалда турнирдің ең нәтижелі шабуылы мен ең сенімді қорғанысының бірі кездескелі отыр.
сурет: Getty Images
Биылғы ойын
2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусымда Мехикода басталды. Турнирді АҚШ, Канада және Мексика бірлесіп өткізіп жатыр. Бұл – футбол тарихындағы бірден үш мемлекет қабылдаған алғашқы әлем чемпионаты. Сонымен қатар Мексика 1970 және 1986 жылдардан кейін мундиаль матчтарын үшінші рет өткізіп, өзіндік рекорд орнатты.
Биыл әлем чемпионатына бұрынғыдай 32 емес, 48 ұлттық құрама қатысты. Командалар төрт құрамадан 12 топқа бөлінді. Әр топтан алғашқы екі орынды иеленген құрамалармен бірге үшінші орын алған командалардың арасындағы үздік сегіз ұжым плей-офф кезеңіне жолдама алды. Осы өзгерістің нәтижесінде жарыс кестесіне 1/16 финал, яғни 32 командалық жаңа кезең қосылды. 39 күнге жоспарланған чемпионат барысында 16 стадионда барлығы 104 матч өтеді. Бұған дейінгі 32 құрамалық әлем чемпионаттарында 64 кездесу ойналатын. Жаңа формат бойынша финалға жеткен командалар жеті емес, сегіз матч өткізуге тиіс. Әлемнің алты футбол конфедерациясының өкілдері қатысқан жарыста Аргентина, Бразилия, Германия, Франция, Испания, Англия секілді дәстүрлі алпауыттармен қатар футболы дамып келе жатқан мемлекеттер де өнер көрсетті. Кабо-Верде, Кюрасао, Иордания және Өзбекстан құрамалары әлем чемпионатына өз тарихында алғаш рет қатысты.
Қатысушылар санының артуы турнирдің бәсекесін төмендеткен жоқ. Керісінше, бұрын әлем чемпионатына жете алмай жүрген бірнеше мемлекет өз мүмкіндігін көрсетуге жол ашты. Дебютанттардың арасында Кабо-Верде ерекше көзге түсті. Халқы шамамен жарты миллион болатын аралдық мемлекет топтық кезеңде жеңілмеген төрт дебютанттың жалғызы атанып, 1/16 финалға шықты. Кабо-Верденің әлем чемпионаттарындағы алғашқы голын Кевин Пина Уругвай қақпасына соқты. Топтық кезеңнің қорытындысында Еуропадан 13, Африкадан 9, Оңтүстік Америкадан 5, Солтүстік және Орталық Америкадан 3, Азиядан 2 құрама плей-оффқа өтті. Босния және Герцеговина, Кабо-Верде, Канада, Конго Демократиялық Республикасы, Кот-д’Ивуар, Мысыр және Оңтүстік Африка әлем чемпионаты тарихында алғаш рет топтан шықты. Канада құрамасының Катарды 6:0 есебімен жеңуі де тарихи нәтиже болды. Бұған дейін КОНКАКАФ аймағының ешбір өкілі әлем чемпионатының бір матчында төрт голдан артық соқпаған еді. Ал Жапонияның Тунисті 4:0 есебімен жеңген кездесуі әлем чемпионаттарының тарихындағы мыңыншы матч ретінде тіркелді. Бұл нәтиже Азия құрамаларының мундиальдардағы ең ірі жеңісіне айналды. Кюрасао құрамасының 78 жастағы бас бапкері Дик Адвокат әлем чемпионаты тарихындағы ең егде жаттықтырушы атанды. Топтық кезеңдегі 48 құраманың 47-сі кемінде бір гол соқты. Қарсыластар қақпасына жол таба алмаған жалғыз команда Панама болды. Топтық кезеңнің 72 кездесуін стадионнан 4,6 миллионнан астам жанкүйер тамашалады. Ареналардағы орындардың 99,7 пайызы толып, бір матчқа орта есеппен 64,5 мың көрермен жиналды. Чемпионат сенсациясыз өткен жоқ. Норвегия құрамасы 1/8 финалда бес дүркін әлем чемпионы Бразилияны 2:1 есебімен жеңіп, ширек финалға шықты. Алайда келесі кезеңде Англиядан 1:2 есебімен жеңілді.
Биылғы ойындаАргентина жеңіске жетсе, төртінші әлем чемпиондығын иеленеді және Италия мен Бразилиядан кейін қатарынан екі мундиальда топ жарған үшінші құрама атанады. Италия бұл жетістікке 1934 және 1938 жылдары, Бразилия 1958 және 1962 жылдары жеткен. Ал Испания жеңсе, 2010 жылдан кейінгі екінші чемпиондығын тойлайды. Бұл финал екі буынның бәсекесі ретінде де қызық. Бір жағында футбол тарихындағы ең танымал ойыншылардың бірі, 39 жастағы Лионель Месси тұрса, екінші жағында Испанияның жас жұлдызы Ламин Ямаль бар.
Әлем чемпионаты қалай пайда болды?
ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде ұлттық құрамалар арасындағы ең беделді футбол додасы Олимпиада ойындары болатын. Алайда Олимпиада жарыстарына негізінен әуесқой ойыншылар ғана қатыса алды. Кәсіби футболдың дамуы әлемдегі үздік ойыншыларды бір турнирге жинайтын дербес жарыс өткізу қажеттігін туғызды. ФИФА президенті Жюль Риме 1920 жылдардан бастап ұлттық құрамалар арасында Олимпиадаға тәуелсіз әлемдік турнир ұйымдастыру идеясын ұсынды. Оның ойынша, футбол мемлекеттерді жақындастырып, соғыстан кейінгі қоғамдарды өзара түсіністікке шақыратын күшке айналуға тиіс еді. Сонымен бірге Риме кәсіби футболшылардың Олимпиададан шет қалуына қарсы болды. 1928 жылы Амстердамда өткен ФИФА конгресінде әлем чемпионатын ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Турнирді төрт жыл сайын өткізу жоспарланды. Алғашқы чемпионатты қабылдау құқығы 1924 және 1928 жылдардағы Олимпиада ойындарында жеңіске жеткен Уругвайға берілді. Уругвай билігі қатысушы құрамалардың жол шығынын өтеуге де келісім берген еді.
Бірінші әлем чемпионаты 1930 жылғы 13–30 шілде аралығында өтті. Оған небәрі 13 құрама қатысты. Еуропадан Франция, Бельгия, Румыния және Югославия ғана Атлант мұхитын кемемен кесіп өтіп, Оңтүстік Америкаға баруға келісті. Кейбір Еуропа елдері жолдың алыстығы мен шығынның көптігіне байланысты жарысқа қатысудан бас тартты. Футбол тарихындағы алғашқы әлем чемпионатының голын 1930 жылғы 13 шілдеде француз Люсьен Лоран Мексика қақпасына соқты. Франция сол кездесуде 4:1 есебімен жеңіске жетті. Ал турнирдің шешуші ойынында Уругвай Аргентинаны 4:2 есебімен ұтып, тұңғыш әлем чемпионы атанды.
Чемпионаттың форматы уақыт өте бірнеше рет өзгерді. 1954–1978 жылдары жарысқа негізінен 16 құрама қатысып келді. 1982 жылы командалар саны 24-ке, ал 1998 жылы 32-ге дейін көбейді. 2026 жылы қатысушылар саны алғаш рет 48-ге жетті.
Әлем чемпионатын ең көп жеңген құрамалар
2026 жылғы финалға дейінгі есеп бойынша Бразилия әлем чемпионатының ең табысты құрамасы болып қала береді. Бразилиялықтар 1958, 1962, 1970, 1994 және 2002 жылдары бес рет чемпион атанды. Германия мен Италия төрт-бірден жеңіске жеткен. Германия 1954, 1974, 1990 және 2014 жылдары, Италия 1934, 1938, 1982 және 2006 жылдары кубокты иеленді. Аргентинаның еншісінде үш чемпиондық бар. Ол 1978 және 1986 жылдардағы жеңістерінен кейін 2022 жылы үшінші рет әлем чемпионы атанды. Франция мен Уругвай екі реттен топ жарса, Англия мен Испания бір-бір рет жеңіске жеткен.
Тарихта қалған финалдар
1950 жылы Бразилиядағы «Мараканасо» футбол тарихындағы еңүлкен сенсациялардың біріне айналды. Ресми түрде финал болмағанымен, шешуші топтық ойында Бразилияға чемпион атану үшін тең нәтиже жеткілікті еді. Алайда Маракана стадионын толтырған жанкүйерлердің алдында Уругвай 2:1 есебімен жеңіп, екінші чемпиондығын иеленді.
1954 жылғы финалда сол кезге дейін төрт жылдан аса жеңілмеген Венгрия құрамасы Батыс Германиядан 2:0 есебімен алда тұрды. Бірақ немістер ойынды өзгертіп, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Бұл матч кейін «Берн кереметі» деген атаумен тарихта қалды.
1966 жылы Англия өз алаңында Батыс Германияны қосымша уақытта 4:2 есебімен жеңді. Джефф Херст әлем чемпионаты финалында хет-трик жасаған алғашқы футболшы атанды. Оның қосымша уақытта соққан бір добы қақпа сызығынан өтті ме, жоқ па деген пікірталас әлі күнге дейін жалғасып келеді.
1970 жылғы финалда Пеле бастаған Бразилия Италияны 4:1 есебімен жеңді. Көптеген маман бұл құраманы футбол тарихындағы ең мықты командалардың бірі деп санайды. Бразилия үшінші чемпиондығын иеленіп, Жюль Риме кубогын мәңгілік сақтауға алды.
1986 жылы Аргентина Батыс Германияны 3:2 есебімен ұтты. Немістер екі доп айырмасын жойғанымен, кездесудің соңында Диего Марадона Хорхе Бурручагаға шешуші пас берді. Бурручага соққан гол Аргентинаға екінші әлем чемпиондығын сыйлады.
2010 жылы Испания Нидерландты қосымша уақытта 1:0 есебімен жеңді. 116-минутта Андрес Иньеста соққан гол Испанияны тарихында алғаш рет әлем чемпионы атандырды.
Ал 2022 жылғы Аргентина мен Франция арасындағы кездесу әлем чемпионаты тарихындағы ең драмалық финалдардың бірі саналады. Аргентина 2:0 есебімен алда тұрғанымен, Килиан Мбаппе аз уақыт ішінде екі гол соғып, ойынды қосымша уақытқа жеткізді. Қосымша кезеңде Лионель Месси мен Мбаппе тағы бір-бір голдан соғып, есеп 3:3 болды. Пенальти сериясында Аргентина 4:2 есебімен жеңіске жетті.
Мбаппе 1966 жылғы Джефф Херстен кейін әлем чемпионаты финалында хет-трик жасаған екінші футболшы атанды. Финалда екі гол соққан Месси көптен күткен әлем чемпиондығына қол жеткізді. Кездесуде алты гол соғылып, жеңімпаз тек пенальти сериясында анықталғандықтан, бұл ойын көптеген жанкүйер мен сарапшы тарапынан әлем чемпионаттары тарихындағы ең тартысты финалдардың бірі ретінде бағаланды.
Әлем чемпионатының таңғаларлық рекордтары
Германия құрамасының шабуылшысы Мирослав Клозе төрт әлем чемпионатында 16 гол соғып, турнир тарихындағы үздік сұрмерген болып тұрған еді. Алайда бұл деректі биылғы турнир барысында Лионель Месси жаңартты. Қазірдің өзінде оның еншісінде 21 гол бар.
Бір әлем чемпионатында ең көп гол соғу рекорды француз Жюст Фонтенге тиесілі. Ол 1958 жылы алты матчта 13 рет мергендік танытқан. Ең қызығы, Фонтен әлем чемпионатына бір-ақ рет қатысты және рекордтық нәтижеге басқа ойыншыдан уақытша алған аяқ киіммен жетті.
Әлем чемпионатындағы ең жылдам голды Түркия шабуылшысы Хакан Шүкір соққан. Ол 2002 жылғы үшінші орын үшін Оңтүстік Кореямен өткен ойында матч басталғаннан кейін 10,8 секундта есеп ашты.
Ең көп гол соғылған кездесу 1954 жылғы Австрия мен Швейцария арасындағы ширек финал болды. Швейцария алғашқы 19 минутта 3:0 есебімен алға шыққанына қарамастан, Австрия 7:5 есебімен жеңіске жетті. Бір матчта барлығы 12 гол соғылды.
Ал бір чемпионаттағы гол саны жөніндегі рекорд 2022 жылғы Катардағы турнирге тиесілі еді. Сол жарыста 172 гол соғылған болатын. Алайда 2026 жылғы чемпионаттың топтық кезеңінің өзінде 215 гол соғылып, бұл көрсеткіш әлдеқашан жаңарған.
Бір айдан астам уақытқа созылған, үш мемлекет пен 48 құраманы біріктірген ең ауқымды мундиальдың тағдыры енді бір матчта шешіледі. Бір жағында қорғанысы берік, допты бақылауға шебер Испания, екінші жағында чемпиондық тәжірибесі мен жеңіске деген мінезі мықты Аргентина тұр. Әлем чемпионатының тарихы көрсеткендей, финалда өткен атақтар мен алдын ала болжамдардың маңызы азаяды. Шешуші кездесуде бір дәл пас, бір қателік немесе ойынның соңғы минутындағы бір соққы тұтас футбол дәуірінің бағытын өзгертуі мүмкін.