Ақжан әл-Машанидің 120 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция өтті

Бөлісу

27.11.2026 52

Астана қаласындағы «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында» тұңғыш фарабитанушы ғұлама ғалым, академик Ақжан Жақсыбекұлы әл-Машанидің 120 жылдық мерейтойына арналған «Шығыстану мен жаратылыстану тоғысындағы Ақжан әл-Машани ілімі және қазіргі ғылым» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.


Халықаралық ғылыми жиын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» РММ мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Тарих факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілді.

Конференцияның мақсаты – Ақжан Жақсыбекұлы әл-Машанидің ғылыми-танымдық және рухани мұрасының маңызын саралау, оның еңбектерін ұлттық тарихи сана мен қоғамдық танымды қалыптастыру бағытында насихаттау, ғалымның ғылыми мұрасын қазіргі зерттеу кеңістігінде жаңғырту.

Ақжан әл-Машани – қазақ ғылымының тарихында өзіндік орны бар көрнекті ғалым, геолог, тау-кен инженері, техника ғылымдарының докторы, профессор. Оның ғылыми ізденістері геология, тау-кен ісі, геомеханика, шығыстану, философия және ғылым тарихы салаларын қамтыды. Жаратылыстану мен гуманитарлық білімді өзара сабақтастықта қарастырған ғалымның энциклопедиялық танымы ғылыми мұрасының басты ерекшеліктерінің бірі болды.

Ақжан әл-Машанидің ғылым тарихындағы айрықша еңбегі Әбу Насыр әл-Фараби мұрасын зерттеумен тығыз байланысты. Ол өткен ғасырдың ортасынан бастап ұлы ойшылдың өмірі мен ғылыми мұрасын зерделеп, оның тарихи отаны Отырар екенін ғылыми тұрғыдан негіздеуге атсалысты. Әл-Фараби мұрасын Қазақстанда жүйелі зерттеудің бастауында тұрған ғалымдардың бірі ретінде фарабитану ғылымының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосты. Сонымен қатар әл-Фараби мен Абай арасындағы дүниетанымдық сабақтастықты зерттеп, 1997 жылы «Әл-Фараби және Абай» атты еңбегін жариялады.

Конференцияның ашылуында Қазақстан Республикасы Вице-Президенті Ерлан Қариннің құттықтау хаты оқылды. Сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің, Еуразия ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Ерлан Сыдықовтың және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтаулары жеткізілді.

Жиында ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Жұрынов, мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Қуаныш Сұлтанов, ҚР Құрылтайының депутаты Дихан Қамзабекұлы және басқа да зиялы қауым өкілдері сөз сөйледі. Қатысушылар ғалымның ұлттық және әлемдік ғылымдағы орнына, фарабитану саласының қалыптасуына қосқан үлесіне тоқталды.

Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов конференцияда сөйлеген сөзінде:

«Ақжан Машани тек қана біздің ұлттық білім мен ғылымға емес, бүкіл дүниежүзілік білімге, дүниежүзілік өркениетке зор еңбек сіңірген әйгілі тұлға. Ол кісі араласпаған білім саласы сирек. Негізгі мамандығы тау-кен саласымен байланысты болса да, геологиядан бастап, философия, тарих және шығыстануға дейінгі көптеген бағытта терең ізденістер жүргізді. Энциклопедиялық білімі бар, білмейтін саласы кемде-кем ғұлама еді.

Ақжан Машанидің айрықша еңбегінің бірі – фарабитану ғылымының негізін қалауға қосқан үлесі. Өткен ғасырдың 50–60-жылдарында Әбу Насыр әл-Фарабидің шыққан тегі мен тарихи отанына қатысты түрлі пікірлер айтылған кезеңде ұлы ойшылдың біздің топырақтан шыққанын ғылыми тұрғыдан дәлелдеуге атсалысқан алғашқы ғалымдардың бірі осы Ақжан Машани атамыз болды.

Ол кісінің ғылым мен білім саласына ықпал еткен шәкірттері көп. Олардың еңбегі бүгінгі күні де жалғасып, ғылыми сабақтастық қалыптасып келеді. Ақжан Машанидің туғанына 120 жыл толуына арналған осындай конференцияларды ғылыми орталарда, білім беру ұйымдарында және жастар арасында неғұрлым кеңінен насихаттасақ, біліміміз бен ғылымымыз да арта түседі», – деді.

Конференцияда Astana IT University ассистент-профессоры, PhD Иманғалиев Алмас Темірбекұлы да ғалымның фарабитану ғылымын қалыптастыру мен дамытудағы қызметіне тоқталды. Ол 2025 жылы Ақжан Машани және оның әл-Фарабитану ғылымының жолындағы қызметі туралы докторлық диссертация қорғаған. Ғылыми жетекшісі – тарих ғылымдарының докторы, профессор Задаш Оразғалиқызы Дүкенбаева.

«Бүгін, 27 қарашада өтіп жатқан бұл үлкен ғылыми конференцияның тарихи маңызы зор. Себебі Ақжан әл-Машани елімізде, тіпті Орта Азияда алғашқылардың бірі болып Әбу Насыр әл-Фарабидің есімін, өмірі мен ғылыми мұрасын тарихи және энциклопедиялық тұрғыдан зерттеп, осы бағытта іргелі ғылыми еңбектер жазды.

Ақжан әл-Машани 1975 жылы Алматы қаласында әл-Фарабидің 1000 жылдық мерейтойын ұйымдастыруға негіз болған тұлғалардың бірі. Ол 1950–1960 жылдардан бастап әл-Фараби мұрасын жүйелі түрде зерттеуге кіріскен.

Ақжан Жақсыбекұлының фарабитану саласына келуіне 1944 жылы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың өтінішімен Абайдың табиғи-философиялық негіздеріне арналған көлемді ғылыми зерттеу мақаласын жариялауы және осы бағыттағы ғылыми ізденістері ықпал етті. Кейін бұл зерттеулер ортағасырлық ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби мұрасын зерделеуге жол ашты.

Сонымен қатар Ақжан әл-Машани әл-Фараби мен Абай арасындағы рухани және дүниетанымдық байланысты зерттеген іргелі еңбек жазды. Ол 1997 жылы жарық көрген «Әл-Фараби және Абай» атты еңбегінде екі ойшылдың дүниетанымдық сабақтастығын зерделеп, әл-Фараби заманындағы ғылымның мазмұнын қазіргі ғылыми түсініктермен байланыстыра түсіндіруге ұмтылды. Ғалым әл-Фараби өмір сүрген дәуірдегі ғылымды түсіну оңай еместігін ескере отырып, оның ғылыми мұрасын кейінгі ұрпаққа заман талабына сай танытуға күш салды.

Бүгінгі конференцияның тағы бір маңызды қыры – фарабитанушылар мен машанитанушылардың басын қосуы. Жиынға отандық және шетелдік ғалымдар қатысып, Ақжан әл-Машани мұрасын зерттеу мен насихаттаудың өзекті мәселелерін талқылауда», – деді Алмас Иманғалиев.

Халықаралық конференцияға Түркия, Өзбекстан, Иран, Сирия және Франция елдерінен ғалымдар мен зерттеушілер қатысып, ғылыми баяндамалар жасады. Атап айтқанда, Түркиядан профессор Әбдіуақап Қара, Стамбул университетінің «Әл-Фараби» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Абдуллах Кызылжык, Өзбекстаннан Мырза Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Замира Ишанходжаева және басқа да шетелдік ғалымдар онлайн және офлайн форматта қатысты.

Баяндамалар барысында Ақжан әл-Машани мен Әбу Насыр әл-Фараби арасындағы рухани-ғылыми сабақтастық, фарабитану ғылымының қалыптасуы мен даму тарихы, түркі-ислам өркениеті, әл-Фараби мұрасының аударылуы мен ғылыми рецепциясы, қазақ шығыстануының интеллектуалдық парадигмасы, сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелері қарастырылды.

Атап айтқанда, Замира Ишанходжаева «Абу Наср аль-Фараби и научное наследие Акжана аль-Машани: истоки и развитие фарабиеведения», Тілеген Садықов «Ақжан әл-Машани дүниетанымындағы түркі-ислам өркениеті», Дарико Мажиденова «Аль-Фараби о двойственной истине», Мұхамедқали Баймұханов «Әбу Насыр әл-Фараби және Ақжан әл-Машани: ұлы тұлғалар арасындағы рухани байланыс пен тарихи сабақтастық», Ықтияр Палтөре «Ақжан әл-Машани және әл-Фараби мұрасы: аударма, ғылыми рецепция және рухани сабақтастық» тақырыптарында баяндама жасады.

Сонымен қатар Ақжан әл-Машани мұрасын тарихи тұрғыдан зерделеу, оны жас ұрпақтың рухани және зияткерлік тәрбиесінде пайдалану, тұлғатану мәселелері, әл-Фараби мен Абай мұраларының сабақтастығы және қазақ Алтайының тарихи-мәдени мұрасы жөнінде ғылыми пікірлер ортаға салынды.

Іс-шара аясында «Ақжан әл-Машани мұрасы: қолжазбалар мен ғылыми еңбектер шежіресі» атты көрме ұйымдастырылды. Көрмеге ғалымның өмірі мен ғылыми қызметіне қатысты қолжазбалар, құжаттар және ғылыми еңбектер қойылды.

Конференцияның маңызды оқиғаларының бірі – тұңғыш фарабитанушы Ақжан әл-Машани мұрасын зерттеуші, тұлғатану саласының ғалымы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Задаш Оразғалиқызы Дүкенбаеваның жеке тектік қорының ашылу салтанаты болды. Сондай-ақ «Ғылыммен көмкерілген ғұмыр» және «Тұлға. Ғұлама. Ойшыл.» атты еңбектердің тұсаукесері өтті. Жиын барысында Ақжан әл-Машанидің 120 жылдығына арналған мерейтойлық төсбелгілер табысталды.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция Ақжан әл-Машанидің ғылыми мұрасын кешенді зерттеу, оның әлемдік ғылым тарихындағы орнын айқындау, фарабитану ғылымының даму сабақтастығын көрсету және ғалымның еңбектерін жас ұрпаққа кеңінен таныту бағытындағы маңызды ғылыми-мәдени іс-шара болды.

Бөлісу