ЕҰУ-де «Тарихи quiz» зияткерлік сайысы өтті

Бөлісу

25.11.2026 37

Астанада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Тарих факультеті Қазақстан тарихы кафедрасы мен «Қазақстан тарихы» порталының ұйымдастыруымен «Тарихи quiz» зияткерлік сайысы өтті. Биыл екінші мәрте ұйымдастырылған ақыл-ой додасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналды.


Университеттің «Күлтегін» атриумында өткен шараға Қазақстан тарихы кафедрасының «Тарих» білім беру бағдарламасының екінші курс докторанттары ұйытқы болды. Зияткерлік сайыста студенттер, магистранттар мен докторанттардан құралған сегіз команда бақ сынады.

Шараның басты мақсаты – жастардың тарихи білімін тереңдету, зияткерлік мәдениетін қалыптастыру, ұлттық тарихты заманауи форматта насихаттау, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу және даму кезеңдеріне қатысты тарихи білімдерін шыңдау.

Зияткерлік сайыстың ашылуында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Құралай Сейтказина сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Бүгін осынау Күлтегін атриумында екінші мәрте «Тарихи quiz» интеллектуалдық сайысы өтіп отыр. Былтыр алғаш рет қатысқан шара жылдағы дәстүрге айналып келеді. Осынау шараға ұйытқы болған университетіміздің Тарих факультеті Қазақстан тарихы кафедрасы «Тарих» білім бағдарламасының екінші курс докторанттарына алғыс білдіреміз. Құрметті студенттер, магистранттар, докторанттар, аталмыш шараға қош келдіңіздер! Біздің университетімізде докторантура бойынша диссертация жазумен қатар, оқу процесі және тәрбиелік шаралар қатар жүргізіледі. Бүгінгі шара – біз байқап отырғандай, жас тарихшылардың жылы жүздесуіне жағдай жасап отыр. Сондықтан сіздерге сәттілік тілеймін!» – деді Құралай Сейтказина.

Бүгінде тарихи викториналар мен зияткерлік ойындар жастар арасында кеңінен танымал болып келеді. Мұндай формат қатысушылардың білімін тексеріп қана қоймай, олардың жылдам ойлау, логикалық пайымдау, тарихи деректерді талдау және топпен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.

ЕҰУ қабырғасында өткен «Тарихи quiz» сайысы да жастардың тарих ғылымына деген қызығушылығының айқын көрінісі болды. Ойын басталған сәттен-ақ командалар арасында қызу бәсеке өрбіді. Төрт кезеңнен тұратын зияткерлік сайыста қатысушылардың тарихи білімі, тапқырлығы мен логикалық ойлау қабілеті сыналды. Биылғы сайыстың ерекшелігі – сұрақтардың бір бөлігі Тәуелсіздік хроникасына арналды. Қатысушылар егемен Қазақстанның қалыптасу тарихы, тәуелсіздік жылдарындағы маңызды оқиғалар мен ел дамуының тарихи белестері бойынша білімдерін ортаға салды.

Тартысты өткен зияткерлік сайыстың қорытындысы бойынша І орынды бірінші курс магистранттарынан құралған «JEL90» командасы иеленді. 

ІІ орынды бірінші курс студенттерінің «ENUtella» командасы, ІІІ орынды екінші курс студенттерінен құралған «Бөрілі Байрақ» командасы қанжығалады. Жеңімпаз командаларға арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Шара соңында «Қазақстан тарихы» интернет-порталының бас редакторы Алтынбек Құмырзақұлы тарихи білімді насихаттаудағы заманауи форматтардың маңызына тоқталып, жобаның алдағы жоспарларымен бөлісті.

«Биыл «Тарихи quiz» зияткерлік сайысын екінші мәрте ұйымдастырып отырмыз. Біздің мақсатымыз – тарихты тек академиялық ортада зерттеп, зерделеумен шектелмей, оны жастар арасында кеңінен насихаттау, тарихи білімді көпшілікке қызықты әрі қолжетімді форматта ұсыну. Биылғы сайысты еліміз үшін айтулы белес – Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арнадық. Сұрақтар қатарында Тәуелсіздік хроникасына, егемен еліміздің қалыптасу тарихына қатысты сауалдарға да орын бердік. Алдағы уақытта «Тарихи quiz» жобасының ауқымын кеңейтіп, өзге жоғары оқу орындарының студенттері мен жас тарихшыларын тартуды, сайысты дәстүрлі зияткерлік алаңға айналдыруды көздеп отырмыз. Бүгінгі шараға ұйытқы болған әріптестерімізге және барша қатысушыларға алғыс білдіремін», – деді портал редакторы.

Еуразия ұлттық университеті мен «Қазақстан тарихы» интернет-порталының бірлескен бастамасы жас тарихшылардың басын қосып, олардың білім мен тәжірибе алмасуына, ғылыми ізденіске деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік беретін зияткерлік алаңға айналып келеді. 

Екінші мәрте ұйымдастырылған «Тарихи quiz» сайысы ұлттық тарихты насихаттаудың заманауи әрі тиімді үлгісі ретінде алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ. 

Бөлісу