Қазақстан қалаларындағы Абай ескерткіштері

Бөлісу

11.08.2026 67

Биыл қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы әрі композиторы Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толдыЕлімізде ақынның есімі елді мекендерге, көшелерге, даңғылдарға, мектептер мен мәдениет ошақтарына берілген. Сондай-ақ Қазақстанның әр өңірінде Абайға арналған монументтер де бар. Абайдың туған күніне орай сол белгілі ескерткіштерге тоқталамыз.


Алматыдағы Абай ескерткіші

Алматыдағы Абай ескерткіші – 1960 жылы орнатылған еліміздегі ең көне әрі белгілі монументтердің бірі. Ол Достық даңғылы мен Абай даңғылының қиылысындағы Абай алаңында орналасқан. Ескерткіштің авторы – қазақтың тұңғыш кәсіби мүсіншілерінің бірі Хәкімжан Наурызбаев, сәулетшісі – Иван Белоцерковский.

Мүсінші Абайды қолына кітап ұстап, алға қарай қадам басып келе жатқан қалыпта бейнелеген. Ақынның ұзын шапаны, сабырлы жүзі мен жинақы тұлғасы оның ойшылдық болмысын айқындай түседі. Қоладан құйылған мүсін биік гранит тұғырға орнатылған. Монументтің жалпы композициясы алыстан бірден көзге түсіп, Абай алаңының сәулеттік келбетімен тұтасып жатыр. Хәкімжан Наурызбаев Абайдың мүсіндік бейнесін жасау кезінде ақынның сақталған фотосуреттерін, замандастары қалдырған сипаттамаларды және оның сырт келбетіне қатысты деректерді зерттеген. Мүсінші Абайдың портреттік ұқсастығын ғана емес, оның ойшыл, ағартушы әрі ақын ретіндегі тұлғасын жеткізуге мән берген.

Семейдегі Абай ескерткіші

Абайға арналған ең белгілі монументтердің бірі 1972 жылы Абай алаңында орнатылды. Ескерткіштің авторы – мүсінші Д.Г. Элбакидзе, сәулетшісі – А.В. Шингарев. Нысан бүгінде Абай облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген және монументтік өнер құрылысы ретінде қорғалады. 

Ескерткішті тұрғызу туралы шешім XX ғасырдың ортасында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің қаулысымен қабылданған. Монументті салу жұмыстарына В. Гусалов пен Б. Метелин бастаған құрылысшылар бригадасы қатысқан. Абай мүсіні биік тұғырға орнатылған. 

Петропавлдағы Абай мен Пушкин

Петропавлдағы мүсіндік композициясы Қазақстандағы Абайға арналған ескерткіштердің ішінде мазмұны мен құрылымы жағынан ерекше туындылардың бірі. Мұнда қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы мен орыс әдебиетінің классигі Александр Пушкин бір композицияда қатар бейнеленген. Ескерткіш 2006 жылы орнатылды. Бұл жыл Қазақстанда Пушкин жылы, ал Ресейде Абай жылы болып жарияланған еді. Сондықтан екі ақынның бір кеңістікте бейнеленуі қазақ және орыс әдебиеті арасындағы рухани байланысты көрсететін көркем шешім ретінде жасалды. Композицияның авторы – К.К. Сатыбалдин, ал сәулеттік шешімін С.К. Баймағамбетов пен В.В. Затай жасаған. Мүсіндер қоладан құйылып, тұғыры Куртин гранитінен қаланған.

Оралдағы Абай ескерткіші

Батыс Қазақстандағы ең белгілі Абай ескерткіштерінің бірі Орал қаласында тұр. Ол 2002 жылғы 27 тамызда қаланың орталық алаңында орнатылған. Ескерткіштің авторы – мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Нұрлан Далбай. Монумент граниттен жасалған. Абай толық бойымен бейнеленген. Мүсіннің биіктігі 4,5 метр, ал тұғырымен бірге жалпы биіктігі 10 метрден асады. Ескерткіштің екі жағында сәндік субұрқақ орналасқан. 

Нұрлан Далбай кейін Қазақстаннан тыс жердегі белгілі Абай монументтерінің бірінің авторы атанды. Ол сәулетші Расул Сатыбалдиевпен бірге 2013 жылы Ташкентте ашылған Абай ескерткішін жасаған.

Қарағандыдағы Абай

Қарағандыдағы Абай ескерткіші 2008 жылғы 9 желтоқсанда ашылған. Ол «Шалқыма» концерт залы маңындағы гүлзарда орналасқан. Монументтің авторы – мүсінші Асқар Нартов, көркемдік жұмысына суретші Е. Шахиев қатысқан. Ескерткіш қола мен граниттен жасалған. Оның жалпы биіктігі 9,9 метр. 

Монумент Қазақстан Суретшілер одағының Қарағанды облыстық ұйымының көркем-өндірістік комбинатында дайындалған. Асқар Нартов кейін Павлодар мен Атырауда орнатылған Абай ескерткіштерін де жасады.

Өскемендегі 13 метрлік монумент

Өскемендегі Абай ескерткіші 2009 жылғы 29 тамызда салтанатты түрде ашылған. Ол қаланың Республика алаңында орналасқан. Авторлары – қазақстандық мүсіншілер Ескен Серғебаев пен Бақытжан Әбішев. Мүсін Қазақстан Суретшілер одағының Қарағанды филиалында дайындалған. Абайдың қоладан құйылған мүсінінің биіктігі 5,4 метр. Басқыштары мен тұғыры – 7,8 метр. Монументтің жалпы биіктігі 13,2 метрге жетеді, қола мүсіннің салмағы – шамамен 5 тонна. Абай мұрасымен тікелей байланысты Шыңғыстау мен Семей өңіріне жақын орналасқан Өскемендегі бұл монумент Шығыс Қазақстандағы ең ірі Абай ескерткіштерінің бірі.

Астанадағы алып Абай

Елордадағы Абай Құнанбайұлына арналған еңселі ескерткіш 2010 жылғы 19 маусымда ашылды. Монумент Абай даңғылы мен Бейбітшілік көшесінің қиылысы маңында орналасқан. Оның авторы – мүсінші Болат Досжанов. Абай бұл ескерткіште толық бойымен, тік тұрған қалпында бейнеленген. 

Ақынның тұлғасы қоладан құйылған. Мүсіннің биіктігі 7,55 метр, ал тұғыры мен стилобатын қоса есептегенде монументтің жалпы биіктігі 17,75 метрге жетеді. Қола мүсіннің салмағы шамамен 10 тонна.

Түркістандағы Абай ескерткіші

Абайдың 175 жылдық мерейтойы аталып өткен 2020 жылы Түркістанда да ақынға жаңа ескерткіш орнатылды. Ол 23 қазанда Оқушылар сарайының алдына қойылды. Монументтің авторы – мүсінші Гүлфия Мелдеш. 

Бұл ескерткіште Абай басына тақия киіп, иығына шапан жамылған. Қолында кітабы бар ақын алға қарай қадам басып келе жатқан күйде сомдалған. Қоладан құйылған мүсіннің биіктігі 4 метр, салмағы 1,5 тонна. Ол 3,5 метрлік тұғырға орнатылған. Жалпы биіктігі – 7,5 метр.

Павлодардағы Абай

Павлодардағы Абай ескерткіші 2020 жылғы 23 желтоқсанда қаланың орталық алаңында ашылды. Оның авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Асқар Нартов. Абайдың мүсіні көркем қоладан құйылып, гранит тұғырға орнатылған. Мүсіннің биіктігі 5,25 метр. Тұғырға ақынның: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» деген сөзі жазылған. Ескерткіштің эскиздік жобасын Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы монументалды өнер нысандары жөніндегі комиссия таңдаған.

Атыраудағы ескерткіш

Атыраудағы Абай Құнанбайұлының ескерткіші 2021 жылғы 30 желтоқсанда ашылды. Монумент қаланың Нұрсая шағынауданындағы Абай орталығының алдына орнатылған. Ескерткіштің авторы – белгілі қазақстандық мүсінші Асқар Нартов. Монументтің тұғырымен қоса есептегендегі жалпы биіктігі 11 метр. Оның 5 метрлік мүсіндік бөлігі қоладан, ал қалған бөлігі граниттен жасалған. Ескерткіштің ашылуы бастапқыда ертерек жоспарланғанымен, пандемияға байланысты кейінге шегерілген.

Талдықорғандағы Абай

Қазақстандағы кейінгі жылдары бой көтерген ірі Абай ескерткіштерінің бірі Талдықорғанда орналасқан. Монумент 2023 жылғы 21 наурызда Бикен Римова атындағы драма театрының алдындағы алаңда ашылған. Туындының авторлары – сәулетші Ақмырза Рүстембеков пен мүсінші Мейірлан Әзмағанбетов. Абай бұл ескерткіште отырған күйінде бейнеленген. Мүсін қоладан құйылып, тұғыры гранит пен мәрмәрдан жасалған. Тұғырымен бірге монументтің жалпы биіктігі 9 метрге жуық.

Абайға арналған ескерткіштер Қазақстаннан тыс жерлерде де кеңінен орнатылған. Ресми мәлімет бойынша, ұлы ақынға арналған монументалды өнер нысандары әлемнің 18 мемлекетінде бар. Абайдың ескерткіштері мен бюстерін Мәскеу, Ташкент, Бейжің, Будапешт, Бішкек, Тегеран, Баку, Париж, Ренн, Каир, Стамбұл, Женева, Сараево, Тбилиси, Берлин, Сеул, Нью-Дели секілді қалалардан кездестіруге болады. Бұл нысандар Абай мұрасының Қазақстан шекарасынан асып, халықаралық мәдени кеңістікте де танылғанын көрсетеді.

*  суреттер ашық дереккөзден алынды

Бөлісу