Бүгін әлем тарихындағы ең ірі террористік шабуылдардың біріне 25 жыл толады. 2001 жылы дәл осы күні АҚШ-та төрт жолаушылар ұшағы басып алынып, оның екеуі Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығының қос мұнарасына, үшіншісі Пентагонға соғылды. Төртінші ұшақ Пенсильвания штатына құлады. Бірнеше сағаттың ішінде 2 977 адам қаза тапты. Құрбандардың арасында Қазақстан азаматы, 32 жастағы Жанетта Цойда бар еді.
2001 жылғы 11 қыркүйек, сейсенбі күні таңертең АҚШ-тың шығыс жағалауындағы әуежайлардан Калифорнияға қарай төрт тұрақты жолаушылар рейсі көтерілді. Олардың барлығы алыс бағытқа ұшатын болғандықтан, бактарында көп мөлшерде авиациялық жанармай бар еді. Ұшақтардың бортында қарапайым жолаушылармен бірге «әл-Каида» террористік ұйымының 19 мүшесі болған. Олар бірнеше топқа бөлініп, төрт ұшақты бір мезгілде дерлік басып алуға дайындалған. Кейінгі тергеу олардың бәрінің «әл-Каидадан» дайындықтан өткенін анықтады. 19 адамның 15-і Сауд Арабиясынан, екеуі Біріккен Араб Әмірліктерінен, біреуі Мысырдан, тағы біреуі Ливаннан келген. Ұшақтарды басқаруға тиіс төрт адам АҚШ-та ұшу сабақтарына қатысқан болып шықты.
Алғашқы шабуыл Нью-Йорк уақытымен таңғы 08:46-да болды. American Airlines компаниясының Бостоннан Лос-Анджелеске бағыт алған Flight 11 рейсін бес террорист басып алып, ұшақты Нью-Йорктің төменгі Манхэттен ауданындағы Дүниежүзілік сауда орталығының Солтүстік мұнарасына бағыттады. Ұшақ ғимараттың 93-қабаты мен 99-қабатының арасына соғылды. Соққыдан ұшақтағы адамдар мен ғимараттың осы бөлігінде болған көптеген қызметкер бірден қаза тапты. Өрт бірнеше қабатты шарпып, Солтүстік мұнараның жоғарғы бөлігін қою қара түтін басты. Соққыдан ғимараттың үш апаттық баспалдағын да жарамсыз күйге түсіп, салдарынан 91-қабаттан жоғарыда қалған адамдардың төменге түсетін жолы жабылды.
Арада 17 минут өткенде, яғни 09:03-те United Airlines компаниясының Flight 175 рейсі Дүниежүзілік сауда орталығының екінші ғимараты – Оңтүстік мұнараға соғылды. Ұшақ ғимараттың 77–85-қабаттарының арасына барып кірді. Екінші ұшақтың мұнараға соғылған сәті телекамераларға тікелей түсіп, бүкіл әлемге тарайды. Осыдан кейін АҚШ-қа әдейі жасалған үйлестірілген шабуыл жүріп жатқаны анық болды. Бұл кезде Дүниежүзілік сауда орталығында шамамен 16 400-ден 18 мыңға дейін адам болған. Басым көпшілігі ғимараттардан шығып үлгерді. Ал өрт сөндірушілер, полицейлер мен құтқарушылар керісінше мұнаралардың ішіне кіріп, жоғарыда қалған адамдарды түсіруге тырысты.
Нью-Йорктегі екі мұнара өртеніп жатқанда үшінші басып алынған ұшақ Вашингтонға қарай бағыт алды. 09:37-де American Airlines компаниясының Flight 77 рейсі АҚШ Қорғаныс министрлігінің штаб-пәтері орналасқан Пентагонның батыс бөлігіне соғылды. Ұшақтағы жолаушылар мен экипаж мүшелерінен бөлек, ғимарат ішінде болған 125 адам қаза тапты. Жалпы Пентагондағы шабуыл 184 адамның өмірін қиды.
Төртінші ұшақтағы жағдай өзгеше өрбіді. United Airlines компаниясының Flight 93 рейсін төрт террорист басып алды. Ұшақтағы жолаушылар жердегі жақындарына телефон шалып, Нью-Йорк пен Пентагондағы шабуылдар туралы естиді. Сөйтіп олар өз ұшақтарының да белгілі бір нысанға бағытталып бара жатқанын түсініп, террористерге қарсы шықты. Жолаушылар мен экипаж мүшелері ұшақтың басқару кабинасына кіруге әрекет жасаған кезде террористер лайнерді жерге қарай бағыттаған. 10:03-те Flight 93 Пенсильвания штатындағы Шанксвилл маңындағы далаға құлады. Ұшақтағы 33 жолаушы мен жеті экипаж мүшесі қаза тапты.
Осы аралықта Нью-Йорктегі жағдай барған сайын қиындап жатқан еді. 09:59-да, яғни ұшақ соғылғаннан кейін 56 минут өткенде, Оңтүстік мұнара толығымен құлады. Ал 10:28-де 102 минут бойы өртенген Солтүстік мұнара да опырылып түсті. Қос мұнараның құлауы маңайдағы ғимараттарды да қиратады. Дүниежүзілік сауда орталығы кешеніндегі қалған бес ғимарат та сол күнгі соққылар мен мұнаралар құлаған кезде келген зақымнан жойылды.
Нью-Йорктегі қаза болғандардың арасында адамдарды құтқару үшін мұнараларға кірген төтенше жағдай қызметкерлері де көп болды. Сол күні Нью-Йорк өрт сөндіру департаментінің 343 қызметкері, Нью-Йорк полициясының 23 офицері және Порт әкімшілігі полициясының 37 қызметкері қаза тапты.
Екі мұнара құлағаннан кейін олардың орнында кейін Ground Zero деп аталған алып үйінді пайда болды. Құтқару және іздестіру жұмыстары бірнеше айға созылды. Үйінді арасынан адам сүйектері, жеке заттар мен тергеуге қажет айғақтар ізделді. Дүниежүзілік сауда орталығы аумағынан соңғы ірі болат конструкция 2002 жылғы 30 мамырда ғана шығарылды.
Терактінің негізгі жоспарын жасаған адамдардың бірі – Халид Шейх Мұхаммед. Ол 1996 жылы Усама бен Ладенге жолаушылар ұшақтарын басып алып, АҚШ аумағындағы нысандарға соғу идеясын ұсынған. Алғашқы жоспар бұдан да ауқымды болған. Кейін ол қысқартылып, бірнеше ұшақты пайдалану туралы шешім қабылданды. Бен Ладен жоспарды қолдап, операцияға қатысатын адамдарды таңдауға араласты. 1999 жылдан бастап шабуылға нақты дайындық жүре бастады. Төрт топтың ішіндегі негізгі үйлестірушілердің бірі Мұхаммед Атта болды. Ол бірінші болып Солтүстік мұнараға соғылған Flight 11 ұшағын басқарған. Террористер АҚШ-қа бір күнде жаппай кірген жоқ. Олардың алғашқысы елге 2000 жылдың қаңтарынан бастап келе бастаған. 2001 жылдың шілдесіне қарай шабуылға қатысқан 19 адамның бәрі АҚШ аумағында болған. Олар тұрақты ішкі рейстерге билет алып, сол кездегі әуежай қауіпсіздігі жүйесінен өткен. 11 қыркүйектен кейін АҚШ-та әуежай қауіпсіздігін түбегейлі өзгертуге себеп болған мәселелердің бірі де осы болды.
FBI шабуыл болған алғашқы сағаттардан бастап ауқымды тергеу бастады. Кейін бұл бюро тарихындағы ең ірі тергеуге айналды. Мыңдаған агент жүздеген мың мәлімет пен хабарламаны тексеріп, 19 террористің кім екенін анықтады.
Теракт АҚШ-тың қауіпсіздік саясатын бірден өзгертті. Шабуылдан бір апта өткен соң, 2001 жылғы 18 қыркүйекте, АҚШ президентіне 11 қыркүйекке жауапты адамдарға, ұйымдарға және оларды қолдаған күштерге қарсы әскери күш қолдануға мүмкіндік берген құжат күшіне енді. Осыдан кейін басты назар Ауғанстанға ауды. Себебі «әл-Каида» басшылығы сол елде орналасып, Усама бен Ладен «Талибан» билігінің бақылауындағы аумақта жүрген. 2001 жылғы 7 қазанда АҚШ бастаған әскери операция басталды. Оның негізгі мақсаты «әл-Каиданың» Ауғанстандағы инфрақұрылымын жою және ұйым басшыларын қолға түсіру еді. Осы оқиғадан кейін басталған Ауғанстандағы соғыс жиырма жылға созылды.
Бен Ладеннің өзін бірден ұстау мүмкін болмады. Ол бірнеше жыл бойы іздеуде жүрді. 2010 жылы АҚШ барлауы оның Пәкістанның Абботтабад қаласындағы арнайы қоршалған үйде болуы мүмкін екенін анықтады. 2011 жылғы 2 мамырда АҚШ арнайы жасағы сол үйге операция жүргізіп, Усама бен Ладенді өлтірді.
11 қыркүйек АҚШ ішіндегі қауіпсіздік жүйесін де өзгертті. 2001 жылғы қарашада Transportation Security Administration – TSA құрылды. Әуежайлардағы жолаушыларды, жүктерді және авиация қауіпсіздігін тексеру ісінің негізгі бөлігі федералдық бақылауға өтті. TSA-ның құрылуы 11 қыркүйек шабуылдарына тікелей жауап ретінде жасалды. Кейін Department of Homeland Security – АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігі құрылды. 2003 жылы жұмысын толық бастаған жаңа министрлік бұрын бөлек тұрған 22 федералдық агенттік пен құрылымның қызметін біріктірді.
2004 жылы 11 қыркүйекке дейінгі барлау жүйесінде кеткен кемшіліктерді зерттеген арнайы комиссия қорытынды есебін жариялады. Соның артынан АҚШ барлау қауымдастығы қайта ұйымдастырылып, Ұлттық барлау директорының қызметі мен Ұлттық терроризмге қарсы орталық құрылды.
11 қыркүйекте қаза тапқанмыңдаған адамның арасында Қазақстан азаматы Жанетта Валентиновна Цой да бар. Ол 32 жаста еді. Қазақстанда Жанетта халықаралық сақтандыру және тәуекелдерді басқарумен айналысатын Marsh & McLennan компаниясында жұмыс істеген. 1997 жылдан бастап компанияның Алматыдағы кеңсесінде бас есепші қызметін атқарған. Жұмысында тәжірибе жинап, кейін АҚШ-та жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады. 2001 жылы Жанетта АҚШ-та тұрақты тұру және еңбек етуге мүмкіндік беретін Green Card алады. Сөйтіп сол жылдың тамызында күйеуі Вячеслав Лигаймен және қызымен бірге АҚШ-қа көшеді. Жанетта бұрын Алматыда қызмет атқарған компаниясының Нью-Йорктегі кеңсесінде жұмыс істеуі тиіс болды. Marsh & McLennan кеңселері Дүниежүзілік сауда орталығының Солтүстік мұнарасында, жоғарғы қабаттарда орналасқан. 10 қыркүйекте ол жаңа қызметіне байланысты таныстыру және дайындық шарасына қатысады. Ал 11 қыркүйек оның жаңа кеңседегі алғашқы жұмыс күні еді. Таңғы 08:46-да Flight 11 ұшағы Солтүстік мұнараның дәл 93–99-қабаттарының арасына соғылды. Жанетта отырған 98-қабат ұшақтың соққысы тиген аумақтың ішінде қалған.
Жанеттаның ата-анасы Раиса мен Валентин Цой Нью-Йорктегі оқиғаны теледидардан көреді. Қыздарының дәл сол мұнарада жұмыс істейтінін білгенімен, оның жағдайы туралы ақпарат ала алмайды. Алғашқы күндері Нью-Йоркпен телефон байланысы да қиын болған. Жанеттадан еш хабар келмейді. Бірнеше күн күткеннен кейін Marsh компаниясы ата-анасының АҚШ-қа баруына көмектеседі. 17 қыркүйекте Раиса мен Валентин Нью-Йоркке жетеді. Олар екі апта бойы қаладағы ауруханаларды аралап, қыздарын тірі адамдардың арасынан іздейді. Бірақ Жанетта табылмады. Дүниежүзілік сауда орталығының үйіндісінен мыңдаған адамды жеке тану өте қиын болғандықтан, көптеген отбасы бірнеше ай бойы нақты жауап күтуге мәжбүр болды. Жанеттаның ата-анасы да Қазақстанға еш нәтиже таппай оралады.
2001 жылдың желтоқсанында АҚШ тарапынан олардың қыздарына тиесілі болуы мүмкін адам қалдықтары табылғаны туралы хабар келеді. Сарапшыларға салыстыру үшін отбасы мүшелерінің ДНҚ үлгілері мен Жанетта пайдаланған заттар қажет болады. Тексеру бірнеше айға созылды. 2002 жылдың сәуірінде ДНҚ сараптамасы табылған қалдықтардың Жанетта Цойға тиесілі екенін растады.
Бүгінде оның толық аты – Zhanetta Valentinovna Tsoy – Нью-Йорктегі 11 қыркүйек құрбандарына арналған мемориалда жазылған. Нью-Йорк қаласының ресми құрбандар тізімінде де оның есімі Дүниежүзілік сауда орталығында қаза тапқандар қатарында тұр. 9/11 Memorial & Museum қорында Жанеттаның отбасынан берілген бірнеше жеке зат сақталған. Солардың бірі – оның қоңыр былғары әмияны. Әмиянның ішінде кішкентай баланың фотосуреті бар. Мұражай қорына бұл затты Жанеттаның күйеуі Вячеслав Лигайдың отбасы тапсырған.