Ақмола облысына қарасты Қорғалжын ауылында «Flamingo Fest 2026» фестивалі болып өтті.
Осымен екінші рет өткізіліп отырған мәдени-туристік фестиваль өңірдің табиғи байлығын танытып, экологиялық туризмді насихаттауға арналған.
Фестивальге Ақмола облысының әр ауданынан, Астанадан және өзге өңірлерден қонақтар жиналды. Елордамыз – Астана қаласынан 130 шақырым қашықтықта орналасқан, көз тартар әсем табиғаты бар өңірге БАҚ өкілдері, қала тұрғындары, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдері арнайы сапарлап барды.
Қоқиқаздар еліне саяхатымыз Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының визит орталығынан басталды. Орталық мамандары келушілерге мұндағы ерекше экожүйемен, құстардың көшу бағыттарымен және өңірдегі сан алуан су айдындарының тыныс-тіршілігімен тереңірек таныстырды.
Сондай-ақ мамандар жергілікті экожүйенің ерекшеліктері, құстардың мекендеу ортасы және табиғат аясында өзін-өзі ұстау ережелері туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Мамандар бұл өлкенің 84 көлді қамтитынын әрі онда құстардың 365 түрі мекен ететінін атап өтті.
Фестиваль барысында әлемге әйгілі қызғылт қоқиқаздар мен олардың өмір сүру салты туралы көпшілік біле бермейтін тың әрі қызықты деректер айтылды. Мәселен, таңғажайып құстар дүниеге келе салысымен біз көріп жүрген жарқын қызғылт түсте болмайды екен. Ең ғажабы, қоқиқаздар балапандарын балабақшаға береді екен.
Фото: El.kz/Амангүл Тілейқызы
«Біз 30 күннен кейін қоқиқаздар өз балапандарын шығаратынын көреміз. Олар ересек құстарға ұқсамай, әр түрлі күлгін-сұр реңді, мойындары қысқа, тұмсықтары түзу болып келеді. Шамамен 3-4 күннен кейін ересек құстар кішкентай балапандарды бір жерге жинап, үлкен балабақша ұйымдастырады, соған өткізеді. Оларды ортадан астам ересек құстар бақылап, қорғап жүреді. Жердегі ортақ қамқорлық соларға, яғни балапандарға қалады. Ересек құстар тамаққа ортақ болмайды. Яғни басқа көлдерге кетіп, тамақтанып келеді, кешкі мезгілде ғана оралады. Кейіннен әрқайсысы өз балапандарын дауысынан танып, бөліп алады. Жинаған азығының бір бөлігін жартылай қорытылған күйде балапандарына құсып береді», – дейді орталық мамандары.
Әрі олардың ашық қызғылт түсінің су түбінен каротиноидты пигменттерге бай шаянтәрізділермен, ұлулармен және балдырлармен қоректенуіне байланысты болатыны айтылды.
Шара одан кейін Қорғалжын ауылының орталық алаңында мерекелік концертке жалғасып, ұлттық өнердің озық үлгілері көрсетілді. Келушілерге қазақы нақыштағы киіз үйлер тігіліп, ұлттық қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ Атбасар ауданынан келген «Молодость» халық ансамблінің қатысуымен «Фламинго» хореографиялық қойылымы мен аудандық «Нұрлы саз» квартетінің өнері көпшілікке зор әсер сыйлады.
Қонақтар үшін Flamingo Art көрмесі мен жергілікті қолөнершілер жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Ақмолалық суретшілердің туындыларынан Қорғалжынның кең даласы, көлдері мен табиғаты көрініс тапса, шеберлер келушілерге өз қолымен жасаған бұйымдарын ұсынды. Сонымен қатар спорттық жарыстар ұйымдастырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің басты мақсаты — Қорғалжын өңірінің қайталанбас табиғи байлығын әлемге кеңінен таныстырып, қоқиқаздарды және олардың мекен ету ортасын қорғауға қоғамның назарын аудару.
Фото: El.kz/Амангүл Тілейқызы
«Биыл бізде Flamingo Fest фестивалі екінші рет өткізіліп жатыр. Бұл Ақмола облысының әкімі Марат Мұратұлы Ахметжановтың бастауымен жүзеге асуда. Біз осы фестиваль арқылы қаншама шетелдік қонақтар мен туристерді шақырып, өзіміздің ішкі туризмімізді дамытқымыз келеді. Қорғалжын ауданын білесіздер, 365 құстың түрі мекен етеді. Оның ішінде фламинго өте көп келетін мекен, текшенің түрі көл бар осы мекенде. Осылардың бәрі біздің туристер үшін өте қызық, сырттан келген шетелдік қонақтарға өте қызық. Қорғалжын ауданына жылына 2 мыңдай турист келеді. Біз осының санын екі есе, үш есе көбейткіміз келеді осы фестиваль арқылы», — деп атап өтті Қорғалжын ауданының әкімі Алмас Алин өз сөзінде.
Фестивальдің ең қызықты бөлігінің бірі – қоқиқаздарды табиғи мекенінде тамашалауға арналған экскурсия болды. Мерекелік шарадан кейін фестиваль қатысушылары арнайы Ұзынсор тұзды көліне барып, тәжірибелі гидтер мен қорық мамандарының жетекшілігімен жабайы табиғат аясындағы қызғылт қоқиқаздарды өз көздерімен тамашалады.
Жыл сайын Қорғалжын қорығындағы қоқиқаздарды тамашалауға 2 мыңға жуық турист келеді. Олардың арасында қазақстандықтармен қатар шетелдік саяхатшылар да бар.
Қорғалжын табиғатын алғаш рет көруге келгендердің арасында Еуропалық одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич те болды.
«Мен Қазақстанда жұмыс істеп жатқаныма 2-3 жыл болса да, Қорғалжынға бірінші рет келіп отырмын. Бәріміз фламинго туралы көп еститінбіз, олардың табиғаты мен осы өңірдің кең даласы өте әдемі. Өткен аптада Көкшетауда болдым, онда да көлдер тамаша екен. Мен көп саяхаттаймын және Қазақстанның табиғаты өте ұнайды», – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ Латвияның Қазақстандағы елшілігінің өкілі Лаурис Румпанс өз әсерімен бөлісті: «Фестивальдің концерттік бағдарламасын, көпұлтты аспаптардың үнін тамашаладық. Сонымен қатар ұлттық ойын – асық лақтыратын ойынды алғаш рет өмірімде көрдім, бұл өте қызық екен. Рас, фламинголарды көріп үлгермей қалдық, бірақ енді бұл жаққа адамдар азырақ кезде, құстарды үркітпейтін мезгілде қайта келіп, арнайы маршрутпен танысатын боламын. Қазақстанның соншалықты үлкен екенін картадан толық сезіне алмайсың, осында келгенде ғана бұл елдің тұтас бір континенттей алып екенін түсінесің. Алдағы уақытта Маңғыстау облысына, Алматы каньондары мен көлдеріне, сондай-ақ Бурабайға баруды жоспарлап отырмын».
Flamingo Fest Қорғалжында алғаш рет былтыр ұйымдастырылған. Мәдениет, табиғатты қорғау және туризмді тоғыстырған фестиваль биыл екінші рет жалғасын тауып отыр. Бытығай тарихи кешені аумағында бастау алған мәдени шара биыл ауыл орталығына көшіріліп, қатысушылар мен аудан тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасалған.
Шараның басты кейіпкері саналатын қызғылт қоқиқаздар бүгінде Қорғалжынның ғана емес, Ақмола облысының табиғи символдарының біріне айналып келеді.
Мұндай шаралар Қорғалжынның туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, өлке табиғатын көздің қарашығындай сақтауға шақыратын маңызды экологиялық бастамаға айналып отыр, дейді ұйымдастырушылар.
Айта кету керек, Қорғалжын қорығының тарихы мен табиғи жүйесі де терең тамырға ие. 1958 жылы 19 мамырда негізі қаланған бұл қорық еліміздегі ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік табиғи мұра тізіміне Орталық Азиядан бірінші болып енгізілген бірегей биосфералық резерват болып есептеледі.
Өлкетанушылар мен зерттеушілердің айтуынша, «Қорғалжын» атауының шығу тегі бұл аймақта мол өсетін «жыңғыл» бұтасы мен «қорғал» сөздерінің тіркесінен, яғни «жыңғылды алқап» мағынасынан бастау алады немесе моңғол тіліндегі кең жазық даланың алыстан су сияқты болып бұлдырап көріну ерекшелігімен байланыстырылады.
Ал гидрологиялық тұрғыдан алғанда, Теңіз-Қорғалжын ойпаты — миллиондаған жылдар бұрын бұл аймақты тұтастай алып жатқан ежелгі эоцен теңізінің сарқыны, яғни тектоникалық қозғалыстар мен ойысулар салдарынан пайда болған ерекше жүйе.
Қорық аумағындағы Теңіз көлінің тұздылығы мұхит суынан да артық. Соған байланысты мұнда тек тұзды ортаға бейімделген бірегей ағзалар, соның ішінде қоқиқаздардың басты қорегі – артемия шаяны тіршілік етеді.
Қоқиқазға қатысты қызықты деректер:
Түсін өзгертеді: Кішкентай қоқиқаздар ақ немесе сұр түспен туылады. Олардың қауырсындарының әдемі қызғылт немесе ашық күлгін түске боялуы жейтін қорегіне байланысты. Қоқиқаздар су түбіндегі каротиноидты пигменттерге бай шаянтәрізділермен, балдырлар мен ұлулармен қоректенеді, ал бұл заттар олардың қауырсынын уақыт өте келе қызғылт түске айналдырады.Бір аяқпен тұрудың сыры: Қоқиқаздардың бір аяғын көтеріп, екіншісімен ұзақ тұра алатыны бәріне белгілі. Ғалымдардың айтуынша, бұл дене жылуын сақтауға және энергияны үнемдеуге көмектеседі. Олардың аяқ-қол жүйесі сондай ерекше жаралған – олар бұл күйде ешқандай бұлшықет күшін жұмсамастан ұзақ қалғып тұра береді.Басын жерге тигізіп қоректенеді: Бұл құстардың тұмсығы өзгеше құрылған — астыңғы жақ сүйегі қозғалмайды, керісінше үстіңгісі қозғалады. Олар судағы немесе батпақтағы қоректі сүзіп алу үшін басын төңкеріп, су астына тұмсығын айналдыра салып қоректенеді.Балапандарын сүтпен қоректендіреді: Қоқиқаздар – өз балапандарын арнайы «құс сүтімен» қоректендіретін санаулы құстардың бірі. Бұл сүт ата-анасының жемсауында арнайы бездер арқылы бөлінеді және май мен ақуызға өте бай, ал түсі бастапқыда тіпті қызыл немесе ашық сары болып келеді.Әлеуметтік үйлесім мен адалдық: Олар үлкен отар болып өмір сүреді, саны мыңдаған құстан тұратын топтары бірлесіп ұя салады. Қоқиқаздар — моногамды құстар, яғни олар өз жұбына адал болып, маусым бойы бірге өмір сүреді және балапандарын бірлесіп тәрбиелейді.
Ұшу ерекшелігі: Ұшар алдында олар су бетімен немесе жермен біраз қашықтыққа жүгіріп, екпін алып барып қана әуеге көтеріледі. Ал ұшып бара жатқанда мойындары мен ұзын аяқтарын түп-түзу созып алып, ерекше сұлба түзеді.
«Қорғалжын» атауы қайдан шыққан?
Топонимнің шығу тегіне қатысты өлкетанушылар мен жергілікті тұрғындар арасында бірнеше болжам бар:
«Жыңғыл» өсімдігіне байланысты: Көнекөз қариялардың айтуынша, бұл өңірде өте көп өсетін «жыңғыл» бұтасы мен «қорғал» сөздерінің тіркесінен шыққан. Жергілікті тілдік ерекшеліктерге сай «жыңғылды алқап» мағынасын беретін атау уақыт өте келе ықшамдалып «Қорғалжынға» айналған.Ландшафт сипатына қарай (моңғол тілінен): Кейбір зерттеушілер мен жергілікті тұрғындардың болжамы бойынша, бұл атау моңғол тіліндегі «сағым» ұғымымен немесе кең жазық даланың алыстан су сияқты болып бұлдырап көріну ерекшелігімен байланысты қойылған.
Көлдер жүйесінің пайда болу тарихы:
Байырғы Теңіздің қалдығы: Гидрологиялық тұрғыдан Теңіз-Қорғалжын ойпаты – миллиондаған жылдар бұрын бұл аймақты түгелдей алып жатқан ежелгі эоцен теңізінің қалдығы. Ойпаттың өзі жер бетінің тектоникалық қозғалыстар мен ойысулар салдарынан пайда болған.Су жүйесі: Қорық аумағында жүздеген үлкенді-кішілі ашылы-тұшылы көлдер бар. Олардың ең ірілері – әлемге әйгілі Теңіз және Қорғалжын көлдері.Ерекшелігі: Жүйенің басты су көзі – Нұра өзені. Көлдердің бірі (Теңіз көлі) тым тұзды болса, екіншілері (Қорғалжын тарабы) тұщы болып келеді. Теңіз көлінің тұздылығы мұхит суынан да артық, сондықтан онда тек сол тұзға бейімделген бірегей ағзалар (мысалы, қоқиқаздардың негізгі қорегі – артемия шаяны) тіршілік етеді.