Абай мен Ахметтің рухани сабақтастығы

Бөлісу

04.09.2026 49

5 қыркүйек – Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Қазақ мәдениеті мен әдебиеті тарихында Ахмет Байтұрсынұлының Абай Құнанбайұлына қатысы айрықша орын алады. Екі тұлға бір дәуірде өмір сүргенімен, олардың жолы тікелей тоғысқан жоқ: Абай 1904 жылы дүниеден өтті, ал Ахметтің Абаймен алғаш таныстығы оның шығармалары арқылы қалыптасты. Олар жүздесіп, пікір алмасқан жоқ. Сондықтан Абай мен Ахмет арасындағы байланысты дәстүрлі мағынадағы «ұстаз бен шәкірт» қатынасы емес, мәтін арқылы жүзеге асқан рухани және әдеби сабақтастық ретінде қарастырған жөн. Ахметтің Абайды қалай танығаны, оны қазақтың бас ақыны ретінде бағалауы, шығармаларын «Қазақ» газеті арқылы насихаттауы және кейін «Әдебиет танытқышта» Абай өлеңдерін мысал ретінде пайдалануы – осы сабақтастықтың нақты көріністері.


Талқы

Абай мен Ахметтің өмір сүрген кезеңдері қазақ қоғамындағы үлкен өзгерістермен тұспа-тұс келді. Абай XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ қоғамындағы әлеуметтік, мәдени және білім мәселелерін өлеңдері мен қара сөздерінде көтерсе, Ахмет XX ғасырдың басында осы мәселелерді баспасөз, ағартушылық және әдебиет арқылы жалғастырды. Дихан Қамзабекұлы қазақ ағартушылығының даму жолын үш кезеңге бөледі: бастапқы ағартушылық – 1860–1890 жылдар; негізгі немесе Алаш ағартушылығы – 1890–1920 жылдар; инерциялық ағартушылық – 1920–1929 жылдар. Осы кезеңдеу тұрғысынан қарағанда, Абай мен Ахметтің қызметі бір-бірінен бөлек тұрған құбылыстар емес. Абай қалыптастырған сыншыл ойлау, білімге ұмтылу, адам мен қоғам мәселелерін талдау дәстүрі XX ғасыр басындағы қазақ зиялыларының қоғамдық-мәдени қызметімен жаңа жағдайда жалғасты. Бұл кезеңдегі маңызды жетістіктердің бірі – «Қазақ» газетінің шығуы. Ыбырай Алтынсарин қазақ қоғамында газет шығарудың қажеттігін ерте түсінгенімен, бұл ойды жүзеге асыру оған бұйырмады. Ахмет Байтұрсынұлы бастаған зиялылар 1913 жылы «Қазақ» газетін шығарып, оны әдебиет, мәдениет, білім, тіл және қоғамдық мәселелерді талқылайтын маңызды басылымға айналдырды. Газет бетінде әдеби шығармалармен қатар әдебиет пен мәдениетке қатысты мақалалар да тұрақты жарияланып отырды. Мұхтар Әуезов кейін бұл кезеңнің әдеби сипатын бағалай отырып: «жазба әдебиетте Ибарһимнен кейін аты алатын – “Қазақ”. “Қазақтың” уақыты әдебиетте ұлтын сүйген ұлтшылардың уақытымен ұқсас» деп жазды. Бұл пікір Абайдан кейінгі қазақ әдебиетінің жаңа тарихи жағдайға бейімделіп, баспасөзбен, ағартушылықпен және қоғамдық оймен тығыз байланысқа түскенін аңғартады.

Абай мектебі және Ахмет өскен әдеби орта

Абай шығармашылығының маңызды ерекшеліктерінің бірі – оның айналасында қалыптасқан әдеби орта. Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Шәкәрім сияқты ақындар Абайдың әдеби дәстүрін жалғастырды. Кейін бұл ортаның ерекшеліктері Қайым Мұхамедханов сияқты зерттеушілердің еңбектерінде арнайы қарастырылды.

Ахмет Байтұрсынұлы да әдеби ортадан тыс өскен жоқ. Торғай өңіріндегі ақындық дәстүр, ауыз әдебиеті, жыршылық және ағартушылық орта оның шығармашылық қалыптасуына ықпал етті.

Назарбек Бектемісұлының «Ахмет ұшқан алтын ұя», Серікбай Оспанұлының «Ахмет өскен ақындық орта» сияқты еңбектерінде осы ортаға қатысты деректер келтіріледі. Есенжол Жанұзақұлы, Сейдахмет Бейсенұлы, Құбаша Шалбайұлы, Әбіқай Нұртазаұлы, Күдері Жолдыбайұлы, Әбдірахман Иманқұлұлы секілді ақындардың шығармашылығы Ахмет өмір сүрген әдеби ортаның әртүрлі болғанын көрсетеді.

Әбдірахман Иманқұлұлының Ахметке арналған өлеңінде:

Ахмет айдау көрді-ау жастайынан,
Басылып қалар ма екен тастай ұлан?
Дарынды дарын елі қашан таныр,
Сыртынан былапыттап шашпай лаң, деген жолдар кездеседі. 

Мұндай шығармалар Ахмет тұлғасының сол кезеңдегі әдеби ортада қалай қабылданғанын тануға мүмкіндік береді. Сондықтан Абай мен Ахмет арасындағы сабақтастықты тек «Абай Ахметке әсер етті» деген біржақты формуламен түсіндіру жеткіліксіз. Екі қаламгердің қалыптасуына әрқайсысының өз ортасы, өз дәуірі және өз тәжірибесі әсер етті. Бірақ олардың шығармашылығында әдебиеттің ағартушылық және қоғамдық қызметіне мән беру, тілге жауапкершілікпен қарау, оқырманның ой-санасын дамыту сияқты ортақ бағыттар бар.

Ахметтің Абай шығармаларымен танысуы

Ахмет Байтұрсынұлының Абайға деген қызығушылығы оның шығармаларын оқуынан басталады. Өз естелігі мен кейінгі жазбаларында Ахметтің Абай өлеңдерін алғаш 1903 жылы оқығаны айтылады. Абай шығармалары Ахметке сол кездегі қазақ поэзиясынан өзгеше әсер қалдырған. Ол Абай сөзінің ерекшелігін бірден аңғарып, ақын шығармаларына қызығушылық танытады. Кейін Абаймен кездесуді де ойлаған. Бұл жөнінде Серікбай Оспанұлы «Абайды ардақтау Торғай бойында Ахаңнан басталған» атты еңбегінде келтірген деректер маңызды. Міржақып Дулатұлының айтуынша, 1904 жылдың маусымында Омбыда жүрген кезінде ол Ахметтің үйінен Абайдың қолжазбаларын көрген. Әңгіме барысында Ахметтің Қарқаралыға барып, Абаймен жүздесіп, сәлемдесіп, өлеңдерін бастыру мәселесін сөйлескісі келгені белгілі болады. Алайда бұл кездесу жүзеге аспады. Абай 1904 жылғы 23 маусымда қайтыс болды. Осылайша Ахмет Абайды тірі кезінде көрмеген. Кейін «Қазақтың бас ақыны» мақаласында бұл туралы өзі де ашық айтады: Абайдың қандай адам болғанын оны көрген адамдардан естігенін жеткізеді. Бұл дерек Абай мен Ахмет арасындағы байланыстың ерекшелігін көрсетеді. Ахмет үшін Абайдың тұлғасы жеке кездесуден емес, ең алдымен шығармалары мен ол туралы естеліктерден қалыптасты.

«Қазақтың бас ақыны»: Ахметтің Абайға берген бағасы

1913 жылы «Қазақ» газетінің 39, 40 және 43-сандарында Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласы жарық көрді. Бұл – Абай мұрасын жүйелі түрде таныстырып, оның әдебиеттегі орнын анықтауға бағытталған алғашқы ірі мақалалардың бірі. Өмірхан Әбдіманұлы бұл еңбекті таза әдеби сын мақаласы ғана емес, Абайды оқырманға таныстыруды мақсат еткен танымдық-ағартушылық сипаттағы еңбек ретінде бағалайды. Ахмет мақаласын Абайдың қазақ әдебиетіндегі орнын анықтаудан бастайды: «Абайдан асқан бұрын-соңды заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ». Бұл жерде Ахметтің мақсаты Абайды басқа ақындармен салыстырып, олардың бәрін жоққа шығару емес. Ол Абайдың қазақтың жазба әдебиетін дамытудағы орнын ерекше атап көрсетеді. Ахметтің әдебиет туралы түсінігі де осы мақаладан анық көрінеді. Оның пікірінше, жақсы шығарма жасау үшін ақынға тек өлең жазу қабілеті жеткіліксіз. Ол жазушының сыншылық қабілеті мен білімін де маңызды деп санайды: «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек. Ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылық керек, мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған». Бұл пікір Ахметтің Абай шығармашылығын бағалауда қолданған негізгі өлшемдерін көрсетеді. Ол Абайды тек талантты ақын ретінде емес, ойы терең, тілі қалыптасқан, білімді әрі сыншыл қаламгер ретінде таныды. Ахмет Абай тілінің кей тұстарының оқырманға қиын көрінуін де түсіндіреді. Оның пайымдауынша, мәселе Абайдың ойын жеткізе алмауында емес, сол кезеңдегі оқырманның ақынның күрделі ойын қабылдауға толық дайын болмауында еді. Ахметтің Абай поэзиясына жасаған талдауы нақты мәтіндерге сүйенеді. Ол мақаласында «Өлең – сөздің патшасы» және «Көк тұман алдындағы келер заман» өлеңдерін тұтас келтіреді. Сонымен бірге ақынның өлең құрылысына, буын-бунақ ерекшеліктеріне қатысты пікір білдіреді. Мұның өзі «Қазақтың бас ақыны» мақаласының жай мадақтау емес, әдеби талдау мен оқырманға түсіндіруді қатар ұштастырған еңбек болғанын көрсетеді.

Абайды оқырманға жеткізген тұлға

Ахметтің Абайға жасаған еңбегін оның мақаласымен ғана шектеуге болмайды. Ол Абай шығармаларын қазақ оқырманына жеткізу ісіне де атсалысты. 1913 жылы «Қазақ» газетінің №8 санында «Жаңа шыққан кітаптар» деген хабарда Абай өлеңдерінің жарық көргені және оның бағасы 50 тиын екені көрсетілген. 1914 жылғы №47 санда: «Алаштың бірінші ақыны марқұм Ибраһим Құнанбаев» деген сипаттама беріледі. Абай өлеңдерінің бағасы 75 тиын, пошта арқылы 80 тиын екені жазылған. Сондай-ақ: «Абай кітабы бағасы 75 тиын. Семейде Көпбай Байысов лавкасында сатылады» деген хабарлама жарияланған. Бүгінгі оқырман үшін мұндай хабарландырулар қарапайым көрінуі мүмкін. Алайда сол кезеңде кітапты оқырманға жеткізудің өзі әдеби процестің маңызды бөлігі еді. Сондықтан «Қазақ» газетінің Абай кітабын жарнамалауы – ақын мұрасын жаңа оқырман ортасына таратудың нақты бір тетігі. Ахметтің «Қазақтың бас ақыны» мақаласының соңында да осы мәселе көтеріледі. Ол Абайдың 1909 жылы шыққан кітабының Ақмола мен Семей облыстарынан тыс жерлерге кең таралмағанына алаңдайды. Яғни Ахмет үшін Абайды бағалау оның атын атаумен аяқталмайды; Абайды оқу, түсіну және көпшілікке жеткізу маңызды болды. 

Абай туралы алғашқы мақалалар жайы

Абай мұрасын таныту ісі Ахметпен ғана шектелген жоқ. XX ғасырдың басында ақын туралы бірқатар мақалалар мен зерттеу сипатындағы еңбектер жарық көре бастады. Абай туралы алғашқы әдеби мақалалардың бірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Дала уалаяты» газетінде жарияланғаны белгілі. Әлихан Бөкейхан да Абай шығармашылығын орыс оқырманына таныстыруға күш салды. Ол Абайдың кітабын бастыру ісіне араласып, ақынның ұлы Тұрағұлмен байланыста болды. 1914 жылы «Қазақ» газетінің №67 санында Міржақып Дулатұлының «Абай» атты мақаласы жарияланды. Міржақып ақын шығармашылығының қазақ әдебиетіндегі маңызын атап: «Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш – Абай сөзі, Абай ойы боларға керек... алғашқы атқан жұлдыз – Абай», деп жазды. Бұл пікірлерден XX ғасыр басындағы қазақ зиялыларының Абай шығармашылығын жеке ақынның мұрасы ретінде ғана емес, ұлттық әдебиеттің қалыптасуындағы маңызды құбылыс ретінде қарастырғанын көруге болады. Осы кезеңнен бастап Абай туралы жазу, оның шығармаларын жариялау, түсіндіру және әдеби процестегі орнын анықтау біртіндеп тұрақты ғылыми-мәдени бағытқа айналды.

Абай мен Ахмет: ағартушылықтағы сабақтастық

Абай мен Ахмет шығармашылығын жақындастыратын тағы бір арна – ағартушылық идеясы. Абай өлеңдері мен қара сөздерінде білім, ғылым, еңбек, мінез, адамдық қасиет мәселелерін көтерді. Ахмет Байтұрсынұлы бұл мәселелерді XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамының нақты жағдайымен байланыстырып, мектеп, оқу құралы, тіл, баспасөз және әдебиет арқылы шешуге ұмтылды. Екі тұлғаның дін мен білім мәселесіне көзқарастарында да белгілі бір үндестік бар. Бұл жерде олардың дінді қоғамдағы надандықтың себебі ретінде емес, білім мен таныммен қатар қарастыруға ұмтылғанын ескеру қажет. Абайдың діни білім алған ортасы Ахмет Риза медресесімен байланысты болғаны белгілі. Ақынның кейінгі ой-толғамдарынан діни білімді сын тұрғысынан қайта қарау, оны ғылым мен адамгершілік мәселелерімен байланыстыру ұстанымы байқалады.

Көкбай Жанатайұлы Абай туралы:

Абай марқұм ескіге ермеуші еді,
Ескіні онша тәуір көрмеуші еді.
Мысырдан төте жолмен оқу шықты,
Сол қашан келеді деп шөлдеуші еді,

деп жазады.

Өлеңдегі «төте жол» тіркесін білім берудің жаңаруы, діни оқу жүйесінің өзгеруі және жаңа білімге ұмтылыс контексінде түсіндіруге болады. Бұл мәселе Абай дәуірінен кейінгі қазақ зиялылары үшін де өзекті болды. Алайда Абайды тікелей «жәдидшіл» деп атаудан гөрі, оның білім, оқу, діни таным және қоғамдық жаңғыру мәселелеріне сыншыл көзқарасын кейінгі жаңашыл ағартушылықпен сабақтастықта қарастырған орынды. Ахметтің ағартушылық қызметі бұл мәселелерді практикалық деңгейге шығарды: ол қазақ баласына арналған әліпби мен оқулықтар жазды, тіл білімінің негізін қалады, баспасөз ұйымдастырды. Осы тұрғыдан алғанда, Абайдағы білім мен ой мәдениеті мәселелері Ахмет дәуірінде жаңа қоғамдық құралдар арқылы жалғасын тапты.

«Әдебиет танытқыштағы» Абай

Абай мен Ахмет арасындағы әдеби сабақтастықты дәлелдейтін ең нақты деректердің бірі – «Әдебиет танытқыш» еңбегі. Ахмет Байтұрсынұлы 1926 жылы жарық көрген бұл еңбегінде қазақ әдебиетінің теориялық ұғымдарын жүйелеп, көркем шығармадан көптеген мысалдар келтіреді. Сол мысалдардың ішінде Абай өлеңдері де бар. «Әдебиет танытқышта» Абайдың жиырмаға жуық өлеңінен мысалдар пайдаланылған. Олардың қатарында: «Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан», «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» сияқты өлеңдер бар. Бұл – кездейсоқ таңдау емес. Ахмет Абай шығармаларын әдеби теориялық ұғымдарды түсіндіретін көркем мәтіндік үлгі ретінде пайдаланды. Демек, Абай оның санасында қазақ әдебиетінің өткен кезеңіндегі көрнекті ақын ғана емес, әдеби тіл мен көркемдік жүйені танытатын маңызды мәтіндердің авторы болды. Осы тұста Ахметтің Абайға деген бағасының эволюциясын байқауға болады: 1903 жылы ол Абай шығармаларын оқып, ақынның ерекшелігін таныса, 1913 жылы оны «Қазақтың бас ақыны» ретінде таныстырды, ал 1926 жылы оның өлеңдерін әдебиет теориясын түсіндіретін оқу құралына енгізді. Бұл  оқырмандық қызығушылықтан әдеби-теориялық бағалауға дейінгі жол еді. 

Абай туралы үлкен еңбек жазуға ұмтылған Ахмет

Ахметтің Абай мұрасын зерттеуге қызығушылығы кейін де жалғасты.

1925 жылы Ахмет Байтұрсынұлы Абай туралы арнайы еңбек жазу мәселесін Әлихан Бөкейханмен хат арқылы талқылайды. 1925 жылғы 1 маусымда Әлиханға жазған хатында Ахмет грамматика мен әліпби мәселелеріне байланысты жұмысының көптігін айтып, Абайдың өмірбаянын 20 тамызға дейін жазып үлгеруі қиын екенін білдіреді. 

Әлихан Бөкейхан 23 маусымдағы жауап хатында Абай мен Ыбырай туралы еңбектерді күзге дейін аяқтауға болатынын айтып, Нәзірдің де Абай туралы жазатынын хабарлайды. Сонымен қатар Ахметтің Ыбырай туралы жазғанын дұрыс көретінін білдіреді.  Бұл хаттар Ахметтің Абай туралы кеңірек зерттеу жазу ниеті болғанын көрсетеді. Бірақ оның тіл, әліпби, оқулық және басқа да ғылыми-ағартушылық жұмыстарға байланысты міндеттері мұндай еңбекті толық жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Соған қарамастан Ахметтің Абай мұрасына қатысты атқарған жұмысы аз емес. Оның «Қазақтың бас ақыны» мақаласы, «Қазақ» газетіндегі Абай шығармаларын насихаттауы, ақын кітабы туралы хабарландыруларды жариялауы және «Әдебиет танытқышта» Абай өлеңдерін пайдалануы – осы бағыттағы жүйелі қызметтің көрінісі.

Кездеспеген екі тұлғаның байланысы

Абай мен Ахметтің өмірбаянындағы ең қызық деректердің бірі – олардың бір-бірімен ешқашан жүздеспегені. Абай дүниеден өткенде Ахмет 31 жаста еді. Демек, олардың арасында уақыт жағынан кездесуге мүмкіндік болғанымен, тарихи жағдай бұл кездесуге жол бермеді. Ахмет Абайды алдымен кітаптан таныды, кейін оның мұрасын зерттеуге, бағалауға және көпшілікке танытуға кірісті.

Абайдың мәтіндері Ахметтің әдеби ойлау жүйесіне енді. Ахмет сол мәтіндерді оқып, талдап, кейінгі оқырманға түсіндірді.

Осы мағынада Абайдың Ахметке әсерін жеке тұлғалық ықпалдан гөрі әдеби дәстүр мен идеялық сабақтастық тұрғысынан қарастырған жөн.

Абай қазақ әдебиетінде ақынның қоғамдық және ойшылдық қызметін жаңа деңгейге көтерсе, Ахмет XX ғасырдың басындағы жаңа тарихи жағдайда әдебиетке, тілге және баспасөзге қатысты институционалдық негіздер қалыптастырды.

Абай өлең арқылы білім, еңбек, мінез, адам болмысы туралы ой қозғады. Ахмет бұл мәселелерді мектеп, оқулық, газет, әдебиет теориясы және тіл білімі арқылы жалғастырды. Бірі көркем сөздің мүмкіндігін кеңейтсе, екіншісі сол сөздің оқырманға жету жолдарын қалыптастырды.

Түйін сөз

Ахмет Байтұрсынұлының туған күні қарсаңында Абай мен Ахмет арасындағы байланысты еске алу – екі тұлғаның өмірбаянын қатар қою үшін ғана маңызды емес. Бұл байланыс қазақ әдебиетінің бір дәуірден екінші дәуірге қалай жалғасқанын түсінуге мүмкіндік береді.

Ахмет Абайды көрген жоқ. Бірақ оның өлеңдерін оқыды, ақынның ерекшелігін таныды, 1913 жылы «Қазақтың бас ақыны» деп бағалады, шығармаларын газет арқылы насихаттады, Абай кітабының таралуына назар аударды және кейін «Әдебиет танытқышта» оның өлеңдерін әдеби теориялық ұғымдарды түсіндіру үшін пайдаланды.

Абай мұрасын таныған Ахмет оны кейінгі оқырманға түсіндірді. Ал Ахметтің осы еңбегі Абай шығармашылығының қазақтың жаңа әдеби-мәдени кеңістігіне орнығуына ықпал етті.

Бөлісу