Астанада Қазақстандағы поляктардың тарихына арналған ғылыми конференция өтті

Бөлісу

10.09.2026 40

Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Қазақстандағы поляктар: тарихы мен жады» атты ғылыми конференция ұйымдастырылды. Басқосу поляк халқының Қазақстанға жер аударылғанына 90 жыл толуына арналды.


Конференцияны Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астанадағы Польша Республикасының Елшілігі, Гданьскідегі Екінші дүниежүзілік соғыс музейі, Белостоктағы Сібір жады музейі және Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бірлесіп ұйымдастырды.

1936 жылғы 28 сәуірде КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің №776-120 қаулысы қабылданды. Құжат Украина Кеңестік Социалистік Республикасының батыс шекарасы маңында тұрған поляктар мен немістерді жаппай күштеп көшірудің құқықтық негізіне айналды. Сол жылдың мамыр–маусым және қыркүйек–қазан айларында жүргізілген екі кезеңдік депортация барысында Қазақстанға шамамен 70 мың адам жер аударылды. Оның 75 пайызын поляктар құрады. Бұл кеңестік билік тарапынан Қазақстанға күштеп көшірілген поляктардың алғашқы тобы болды.

Ғылыми жиында поляк-қазақ қатынастарының ғасырлар бойғы тарихы, оның саяси, мәдени және әлеуметтік қырлары, 1936 жылғы депортацияның алғышарттары, Қазақстанға жер аударылған поляктардың тағдыры және кейінгі депортация толқындары қарастырылды. Сондай-ақ Қазақстан мен Польша арасындағы қазіргі байланыстар мен ортақ тарихи тәжірибеге негізделген болашақ ынтымақтастық мәселелері талқылауға ұсынылды.

Конференцияның жұмыс тілдері қазақ, поляк және орыс тілдері болды. Ғылыми басқосу аясында Ұлттық музейде «Далаға жер аударылғандар. Қазақстандағы жер аударылған поляктар мен олардың отбасыларының тағдыры» атты көрме де ұсынылды.

Қазақстандағы поляк қауымының тарихы, депортация жылдарындағы тағдырлар және екі халық арасындағы тарихи байланыстар туралы толығырақ сюжеттен көре аласыздар.