«Тұсаукесерде сәбидің алдына заттар қойып, болашағын болжау дәстүрі кәрістерден келген» - этнограф

Бөлісу

18.09.2026 218

Этнограф ақ мата төсеп, үстіне заттар қою дәстүрін осыдан отыз жыл бұрын кәріс отбасынан көрген.


Әлемдік трендтердің ықпалы бүгінде ұлттық құндылықтарымызға да әсер етіп жатыр. Мәселен, қазақтың дәстүрлі тұсаукесер рәсімін қазір басқа ұлт өкілдері де жасап жүр. Бұл әрине, кейбір ұлттық дәстүр түрлерінің жаһандық мәдениеттің бір бөлшегіне айналғанын көрсетеді. 

Дегенмен кейбір дәстүр түрлері өзге халықтардың ғұрпы араласып кетіп жатқан тұстары да бар екен. Мәселен соның бірі қазақтың «тұсау кесу» дәстүрі. Нақты айтар болсақ, бүгінгі тұсаукесер рәсімінің кейбір элементтеріне өзге мәдениеттің, атап айтқанда, кәріс халқының салттары сіңісіп кеткен. Бұл туралы белгілі этнограф, тарихшы Тұрар Саттарқызы айтып берді. 

«Баламыздың тұсауын қалай кесетін еді? Ауылда ешкім ақ мата төсеп, үстіне заттар қоймайтын. Ақша да қоймайтын. Қазақ баланың тұсауын кәдімгі ала жіппен ғана кесетін», – дейді этнограф.

Этнограф ақ мата төсеп, үстіне заттар қою дәстүрін осыдан отыз жыл бұрын кәріс отбасынан көрген.

«1994 жылы Ташкент қаласында болдым. Сонда жергілікті кәрістердің үйінде қонақта болдым. Сол кезде кәрістерде де тұсау кесер дәстүрі барын естіп таң қалған еді. Олар да біз секілді бір жасқа толған баласының тұсауын кеседі екен. Яғни баланың болашағын болжау рәсімін жасайды. Балаға ұлттық киімін басына «ханбок» деген өздерінің бас киімін кигізіп, алдына үрме бұршақ, әмиян және басқа түрлі заттар қойып, таңдау жасатады екен. Сол кезде мен таңғалдым. Бұл кәріс ұлтының ұлттық дәстүрі, бала бір жасқа келгенде «болашағын болжаймыз» деді. Ол кезде қазақтарда мұндай дәстүр жоқ еді. Қазақ халқы «тіл-көз тиеді» деп баланың санын да жасырып, болашағын алдын ала болжауға тыйым салған.

Алайда уақыт өте келе бұл үрдіс қазақ қоғамына да дендеп енді. Этнографтар мен зиялы қауым өкілдері мұның ұлттық дәстүрімізге жат екенін айтып, дабыл қағып келеді. Дегенмен бұл жат әдет қоғамға сіңісіп кеткендіктен, оны түбегейлі жою мүмкін емес. Бастысы – ниеттің дұрыстығында болғанымен, түпкі мазмұнының бұрмаланғанын ұмытпаған жөн», - дейді этнограф. 

Қазақтың салтында баланың өмірін болжамақ түгілі, тұсауын қайшымен кеспеген. Керісінше, баланың жолы ашылып, алға қарай шауып кетпесін, сабырмен жүріп өтсін деген ниетпен ала жіпті арт жағынан кескен. Ал кейіннен қосылған «болашақты болжау» элементтері мен қайшы қолдану әрекеттері – өзге мәдениеттен келген жаңашылдықтар.

Жалқы қазақ халқы еліктегіш халық қой. Еліктеуден орын беретін болса, қазақ бас жүлде алар еді. Біздің ауылда өзіміз баяғыда бала кезімізде біздің тұсауымыз қалай кесетін? Қазақтың тұсауын кәдімгі ала жіппен кесе салатын. Осылай, «біреуге ұқсап шауып кетсін» деп емес сәби аяғын тәй-тәй басып, жүріп кетсін деп кеседі. Ал біз бүгінде осы кәрістің салтын кіргізіп алып, баланың болашағын болжап жүрміз. Қазақ еш уақытта баланың болашағын болжамаған. Сол енді қызық болғанда, сол мен 1994 жылы көрген ғұрып 2000-шы жылдары қазақтардың арасында пайда бола бастады. Бүгінде ол толықтай сіңіп алды. Оны Зейнеп апамыз да айтып жүр. Бұл «кірме дәстүр» деп. Өкініштісі, бұл енді кетпейді бізден. Жарайды, кіріп кетсе кетті, жақсы мақсат қой, бірақ болжау деген қазақта жалпы болмаған. Сонымен қатар халқымыз тұсауды ала жіппен кескен.  Неге ала жіп? Артынан кесілген. Қазір алдынан қайшымен, пышақпен кесетін болдық. Бұл баланың болашағын ашатын дәстүр ғой. Алға қарай жүрсін деп артынан кескен. Өмірі қайшыланып қалады деп баланың тұсауын қайшымен кеспеген», - деп атап өтті этнограф Қазақстан тарихына берген сұқбатында.