Қазақтың «гендер патиі» қандай болған?

Бөлісу

18.09.2026 109

Бүгінде болашақ ата-ана құрсақтағы сәбидің жынысын арнайы кеш ұйымдастырып, көпшілікке жариялап жатады. Ал бұрын қазақ отбасында сәби ұл ма, қыз ба деген сұраққа нақты жауап тек дүниеге келген сәтте белгілі болған. Дегенмен аяғы ауыр келінге қатысты жоралғылар, құрсақтағы баланың жынысын болжауға арналған ырымдар және сәби дүниеге келген сәтте ұл-қыз екенін астарлап жеткізетін сүйінші сөздер болған.


Қазақ отбасында келіннің аяғы ауыр екені белгілі болған сәттен бастап оған ерекше көңіл бөлінген. Болашақ ананың денсаулығы мен көңіл күйіне мән беріліп, ауыр жұмысқа салмауға, жақсы сөз айтып, қалаған асын тауып беруге тырысқан. Жүктілік тек бір отбасының ғана емес, әулеттің ортақ қуанышы саналған. Осы кезеңге байланысты жасалатын жоралғылардың бірі – құрсақ шашу, кей өңірлерде құрсақ той деп аталған. Оған көбіне жақын туыс, көрші-қолаң әйелдер жиналып, дастарқан жайып, аяғы ауыр келінге ақ тілектерін арнаған. Жиынның негізгі мәні болашақ ананы қуантып, оған моральдық қолдау көрсету, алдағы босанудың сәтті өтуін және сәбидің аман дүниеге келуін тілеу болған. Құрсақ шашу баланың жынысын анықтауға немесе жариялауға арналған рәсім емес. Ол – дүниеге жаңа өмірдің келе жатқанын қуанышпен қабылдаудың, анаға қамқорлық танытудың бір көрінісі. Жүктілік жайын көпшілікке бірден жар сала жарияламай, әдеппен, ишарамен жеткізу де қазақы ортаға тән болған. Келіннің бойындағы өзгерістерді байқаған үлкендер оның жағдайын түсініп, артық сұрақ қоймай, қамқорлық жасауға көшкен.

Баланың жынысын қалай жорамалдаған?

Ультрадыбыстық зерттеу болмаған заманда құрсақтағы баланың жынысын алдын ала нақты білу мүмкін емес еді. Сондықтан қазақ арасында жүкті әйелдің сыртқы келбетіне, құрсағының пішініне, жерік асына және денесіндегі өзгерістерге қарап түрлі жорамал жасаған.

Соның бірі – құрсақтың пішініне мән беру. Құрсағы алға қарай сүйірленіп тұрса ұл, дөңгеленіп, жалпақтау көрінсе қыз болады деп топшылаған. Жүкті әйелдің қандай асқа жерік болғаны да назардан тыс қалмаған. Ащы немесе қышқыл тағамды көбірек қаласа ұл, тәттіге әуес болса қыз туады деген түсініктер тараған. Құрсақтағы кейбір сыртқы белгілер де жорамалға негіз болған. Іштің бетінде жалпақ із байқалса қыз, жіңішке көкшіл сызық көрінсе ұл болады деген сенім кездескен. Мұндай белгілерді әсіресе босандыру ісіне араласқан тәжірибелі әйелдер мұқият бақылаған. Баланың жынысын болжауға байланысты ырымдардың тағы бірі отқа май құюмен байланысты. Аяғы ауыр әйел май құйған кезде жалынның түсі мен қалай жанғанына назар аударған. Жалын ағарып, жоғары қарай ұзын көтерілсе ұл, қызғылт реңкпен жанса қыз болады деп ырымдаған.

Мұндай жорамалдардың барлығы халықтың ұзақ уақыт бойы қалыптасқан тұрмыстық бақылауы мен сенімдерінен туған. Олар баланың жынысын дәл анықтайтын тәсіл болмағанымен, сәби күткен отбасының қызығушылығы мен үмітін білдіретін дәстүрлі түсініктердің бір бөлігіне айналған.

Жарысқазан

Әйелдің толғағы басталған кезде жасалатын көне жоралғылардың бірі. Айы-күні жетіп, босанар сәті жақындаған келінге жақын әйелдер жиналып, қазанға ет салып, ас әзірлеген. Мұндағы негізгі ниет – қазандағы тағам піскенше сәби де аман-есен дүниеге келсін, ананың толғағы жеңіл болсын деген тілек. Осы себепті жоралғы «жарысқазан» аталған. Бір жағында қазан қайнап, екінші жағында толғақ жүріп, екеуі өзара жарысып жатқандай қабылданған.

Жарысқазан кезінде тек ас әзірлеумен шектелмей, босануды жеңілдетуге бағытталған түрлі ырымдар да жасалған. Кей жерлерде үйдегі түйілген жіптер мен буылған заттарды шешіп, жиналған көрпе-төсекті жазған. Мұның барлығы толғақтың бөгелмей, баланың жолы ашылсын деген сеніммен байланысты болған. Жоралғының орындалуы өңірге қарай әртүрлі болғанымен, түпкі мәні анаға демеу болып, оның жеңіл босануын тілеу. Жарысқазанға жиналған әйелдер толғатып жатқан келінді жалғыз қалдырмай, жанында болып, рухтандырып отырған. Ал қазанға түскен ас сәби дүниеге келгеннен кейін босанған анаға және қуанышқа жиналған жұртқа ұсынылған. 

Сәби аман-есен дүниеге келгеннен кейін қуаныш шілдеханамен жалғасқан. Ағайын-туыс, көрші-қолаң жиналып, жаңа туған нәрестеге ақ тілегін арнап, «бауы берік болсын» деп бата берген. Шашу шашылып, ән айтылып, қуанышты хабар көпшілікпен бөлісілген. Қазақтың бала тууға байланысты дәстүрлерінде ең алдымен ана мен сәбидің амандығына мән берілген. Жүктілік кезіндегі құрсақ шашудан бастап, толғақ үстіндегі жарысқазан, сәби туғандағы сүйінші мен одан кейінгі шілдеханаға дейінгі жоралғылардың барлығы бір-бірімен сабақтасып, жаңа өмірдің келуін қарсы алатын тұтас дәстүрлік жүйені қалыптастырған.

Бөлісу