Созақтан табылған сенсация: көл жағасынан көне дәуірдің жұмбақ ескерткіші табылды

Бөлісу

17.09.2026 127

Дегенмен, мамандардың назарын аударып отырған нәрсе — әйелдің бассүйегіндегі дөңгелек тесік болып отыр. 


 

Түркістан облысы, Созақ ауданындағы Қызылкөл тарихи-мәдени аймағында отандық археология ғылымында бұрын соңды кездеспеген ерекше жаңалықтар ашылғанын хабарлады. 

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ғалымдары мен мамандар жүргізген зерттеу жұмыстары өңір тарихындағы нағыз сенсация ретінде бағалануда. 

Көл жағасындағы бірегей архитектура 

Ғалымдар бұл аймақтан екі бірдей құнды нысанды зерттеп жатыр. Оның алғашқысы кейінгі немесе соңғы қола дәуіріне (б.з.д. X–IX ғасырларға) тиесілі ерекше кешен. 

Бұл қорымның өзге ескерткіштерден басты айырмашылығы — диаметрі 10 метрге жуық, тігінен орнатылған тас плиталардан тұрғызылған дөңгелек пішінді құрылысы. Кешеннің орта тұсында ішкі жиектері ірі тастармен қаланған тас жәшік пен қабырғалары өрілген цисталы жерлеу құрылысы қатар орналасқан. Археологтардың айтуынша, осындай дөңгелек жобадағы көне ескерткіштер бұған дейін тек Орталық Қазақстан өңірінде ғана кездесетін. Ал Оңтүстік Қазақстанның археологиясында, әсіресе су айдыны — көл жағасынан мұндай құрылыстың тіркелуі — алғашқы рет орын алып отыр. 

Отбасылық сардоба және жұмбақ склеп 

Зерттеушілердің назарын аударған екінші нысан — Қызылкөл-1 қорымындағы шамамен осыдан 2 мың жыл бұрынғы (Қаңлы мемлекеті кезеңіне жататын) отбасылық сардоба (склеп). 

 

Бұл жерлеу орнынан ер адам, әйел және екі баланың сүйектерімен қатар, сусар мен түлкі сүйегінен жасалған өте сирек тұмарлар табылды. Дегенмен, мамандардың басты назарын өзіне қаратқан нәрсе — әйелдің бассүйегіндегі дөңгелек тесік болды. Антропологиялық алдын ала бағалаулар бойынша, бұл жарақат адамның көзі тірісінде көне соғыс қаруы — клевецтің (шоқпар-балтаның бір түрі) соққысынан пайда болған және тікелей өлімге себепкер болған.

Әйелдің қазасына қатысты екі болжам 

Оңтүстік Қазақстанда жарты ғасырға жуық уақыт бойы жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеулер тарихында мұндай оқиға алғаш рет тіркеліп отыр.

Осыған байланысты ғалымдар мен зерттеушілер екі түрлі болжамды алға тартады: 

Майдан даласындағы жауынгер әйел: Көне Қаңлы мемлекетінің құрамында әскери сармат тайпалары болғаны белгілі. Сармат қоғамында әйелдердің де ерлермен бірге қару ұстап, соғысқа қатысуы жиі кездесетін құбылыс болғандықтан, бұл нағыз жауынгердің сүйегі болуы мүмкін. 

 

Ритуалдық құрбандық: Екінші нұсқа бойынша, әйелді күйеуі қайтыс болған соң онымен бірге жерлеу мақсатында ритуалды түрде өлтіруі ықтимал. Алайда ғалымдар бұл болжамға күмәнмен қарайды. Өйткені Қаңлы қоғамында әйелдің әлеуметтік мәртебесі өте жоғары болған, олар қатаң қорғалып, тіпті соғыс кезінде де бұлай құрбандыққа шалынбаған. 

Қазіргі таңда бұл жұмбақтың түйінін шешу үшін антропологтар мен археологтар сүйектер мен бассүйектегі зақымдарға жан-жақты зерттеулер жүргізуде. Алдағы уақытта бұл ғылыми ізденістер ежелгі көшпелілер мен отырықшы өркениеттердің тылсым сырларының бетін ашып, отандық тарих қорын тың деректермен толықтырмақ. 

Дерек көзі: otyrar.kz

Бөлісу