15 мамыр – Қазақстанның халық жазушысы, ақын, драматург әрі сазгер Исраил Сапарбайдың туған күні. Биыл қазақ руханиятында өзіндік орны бар қаламгердің туғанына 85 жыл толып отыр. Ол поэзия, драматургия, аударма саласында ғана емес, ән өнерінде де халыққа жақын туындылар қалдырды. Солардың бірі – ондаған жыл өтсе де ел жадынан өшпеген «Сағыныш сазы» әні. Бүгінде бұл шығарма қазақ эстрадасындағы ең танымал лирикалық әндердің біріне айналды. Ендеше осы туындының шығу тарихымен танысып көрейік.
Исраил Сапарбай алғашқы кезде өзін сазгер ретінде танытпаған. Ол ұзақ уақыт композитор Сүгірәлі Сапарәлиевпен шығармашылық байланыста болып, әндерге мәтін жазып жүрген. Кейін өз әуендерін де шығара бастайды. Ақынның айтуынша, оның композитор ретінде кең танылуына себеп болған әндердің бірі дәл осы «Сағыныш сазы» еді.
Әннің дүниеге келу тарихы 1980-жылдардың басындағы бір оқиғамен байланысты. Ол кезде ақын Шымкенттегі облыстық газетте қызмет істеп жүрген. Күндердің бірінде ақын әріптестерімен бірге ауылдағы тойлардың біріне барады. Сол кеште оның назары әсем дауысты, қараторы, ботакөз студент қызға ауады. Бұл Шымкентте жоғары оқу орнында бірінші курста оқып жүрген Тәбия есімді бойжеткен еді. Той үстінде қыздың ән айтқанын тыңдаған ақын оның тек сұлулығына ғана емес, өнерге жақындығына, поэзия мен әнге қызығушылығына да ерекше назар аударады. Таныстықтан кейін екеуінің араласуы жиілей бастайды. Исраил студент қыздың жатақханасына барып, жаңа өлеңдерін оқып береді, әдебиет пен өнер туралы ұзақ әңгімелеседі. Ақынның өз естеліктерінде Тәбияның сезімі сергек, көргенді, тәрбиелі жан болғанын айтады. Арада біраз уақыт өткенде сазгер кезекті еңбек демалысын алып, он күнге Ыстықкөлге демалуға аттанады. Бірақ Қырғыз жеріне барғанымен, көңілі жай таппайды. Шолпан-Атаға орналасқан ақын күнді зорға батырып, таңды әзер атыратынын кейін өз сұхбаттарында айтқан. Көз алдынан Тәбияның бейнесі кетпей, оны күтпеген жерден қатты сағынып қалғанын сезеді. Бесінші күні таң ата ол Ыстықкөл жағасына жалғыз өзі барады. Айнала жым-жырт. Көл бетіне жаңа көтерілген күннің шапағы түсіп, су беті күмістей жарқырап жатқан сәт ақынға ерекше әсер етеді. Кейін автор сол мезетті «көл мен ақын ғана қалған тыныш таң» деп еске алады. Дәл сол сәтте оның көкірегінде әуен туа бастайды. Ақын қалтасынан қағаз-қаламын алып, әннің алғашқы шумағы мен қайырмасын бірден жазып шығады. Ән мен сөздің қатар келуі ақынның өзіне де тосын болған. Ол тіпті «ән үркіп кетпесін» деген оймен бөлмесіне қарай асығып жүгіреді. Қонақүйге жеткен соң ешкіммен сөйлеспей, бөлмесіне қамалып отырып, әнді толық аяқтайды. Сол күні-ақ жолдамасының аяқталуын күтпестен, кешкі ұшақпен Шымкентке қайтып кеткен.
Ақын кейін бұл әнді Тәбияға алғаш рет жатақханада орындап береді. Бұған дейін оның ән шығаратынын қыз да, қасындағы құрбылары да білмеген. Ол әуенді орындап бергенде, студент қыз алғашында сенер-сенбесін білмей, тосырқай тыңдап отырған.
Әннің алғашқы нұсқасы қазіргі мәтіннен өзгеше болған. Бүгінде көпшілікке таныс «Ғашығым менің, Асылым менің…» деген жолдардың орнына бастапқыда «Тәбиям менің, Әриям менің…» деп жазылған. Яғни ақын әнге қыздың есімін тікелей енгізген. Алайда уақыт өте келе бұл ән таныла бастағанда, Тәбия көпшілік назарынан ыңғайсызданатынын айтып, ақыннан осы тұсты өзгертуді сұрайды. Исраил Сапарбай оның өтінішін түсіністікпен қабылдап, ән мәтінін қазіргі кең тараған нұсқаға ауыстырған.
Уақыт өте келе «Сағыныш сазы» қазақ эстрадасындағы ең танымал лирикалық әндердің біріне айналды. Ән тойларда, концерттерде, радио мен телехабарларда жиі шырқалып, бірнеше буынның сүйікті шығармасына айналды. Әсіресе әннің қарапайым әрі жүрекке жақын мәтіні мен есте тез қалатын әуені оның ұзақ жыл бойы танымал болуына әсер етті. Кейін Исраил Сапарбай бір сұхбатында Тәбияның арада көп жыл өткен соң: «Сол кезде әндегі атымды бекер өзгерттірген екенмін» деп көзіне жас алғанын айтқан. Ақынның сөзінше, тағдыр екеуін кейін екі жаққа алып кеткенімен, «Сағыныш сазы» сол кезеңнің естелігі ретінде өмірде қалған.