Орал шаһарына барған сапарда біз өңірдің бай тарихымен тереңірек танысу үшін ең алдымен Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне ат басын бұрдық. Өйткені Жайық өңірінің бірнеше ғасырлық шежіресі, көне дәуірден бүгінге дейінгі тағдыры дәл осы музей қабырғасында сақталған. Мұнда тас дәуірінен қалған археологиялық жәдігерлер, Алтын Орда кезеңінің мұралары, Тақсай ханшайымына қатысты құнды деректер, қазақ хандығы дәуірінің қару-жарақтары, Алаш қайраткерлерінің құжаттары мен Ұлы Отан соғысына қатысты тарихи материалдар жинақталған. Ғасырдан астам тарихы бар көне ғимараттың әр залы Жайық өңірінің әр кезеңін баяндайды. Бір қарағанда қарапайым экспонат болып көрінетін көптеген жәдігердің артында тұтас бір дәуірдің тарихы жатыр. Сондықтан бұл музей тек көне бұйымдар қойылған орын емес, Батыс Қазақстанның тарихи жадын сақтап тұрған маңызды рухани орталықтардың бірі саналады.
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі – Қазақстан аумағындағы ең көне музейлердің бірі. Оның тарихы XIX ғасырдан бастау алады. Ресми деректер бойынша музей 1836 жылы құрылған. Бұл кезеңде Орал қаласы ірі сауда және әкімшілік орталықтардың бірі болғандықтан, өңірдің табиғаты мен тарихына қатысты материалдарды жинау жұмыстары ерте басталған. Алғашқы жылдары музей қорына археологиялық олжалар, сирек кітаптар, қару-жарақтар, этнографиялық бұйымдар мен табиғат үлгілері жиналған. Уақыт өте келе бұл қор кеңейіп, өңір тарихын кешенді түрде зерттейтін ірі мәдени мекемеге айналды.
Музей орналасқан қазіргі тарихи ғимарат 1879 жылы салынған. XIX ғасырдағы Орал сәулет өнерінің үлгісін сақтап қалған бұл нысан алғашында орыс-қазақ мектебі ретінде пайдаланылған. Сол кезеңде мұнда қазақ және орыс балалары білім алған. Кейін ғимарат түрлі мекеменің қарамағында болып, тек XX ғасырдың екінші жартысында музей ісіне бейімделе бастайды. Ал 1980 жылы Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі толықтай осы ғимаратқа көшіріледі. Содан бері музейдің негізгі экспозициялары дәл осы көне нысанда орналасып келеді. Ғимараттың өзі де тарихи ескерткіштердің қатарына жатады. Биік терезелері, қалың қабырғалары мен XIX ғасыр стиліндегі сәулеттік элементтері сақталған музей келушілерге көне Оралдың атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді. Сондықтан бұл жер тек жәдігер сақталатын орын ғана емес, өңір тарихының бір бөлігі саналатын архитектуралық мұра ретінде де маңызды.
Бүгінде музей қорында ондаған мың жәдігер сақтаулы. Оның ішінде археологиялық бұйымдар, көне қару-жарақтар, алтын әшекейлер, этнографиялық заттар, сирек құжаттар, фотосуреттер, қолжазбалар және XX ғасыр тарихына қатысты материалдар бар. Қор жыл сайын жаңа экспонаттармен толықтырылып отырады. Музей қызметкерлері ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де айналысып, өңір тарихына қатысты жаңа деректерді жинауды жалғастырып келеді.
Музей экспозициясы Жайық өңірінің тарихын ежелгі дәуірден қазіргі кезеңге дейін кезең-кезеңімен баяндайды. Экспозиция тас дәуірінен басталып, қола дәуірі, сармат кезеңі, Алтын Орда уақыты, Қазақ хандығы, Бөкей Ордасы, Алаш қозғалысы, ашаршылық, Ұлы Отан соғысы және тәуелсіз Қазақстан кезеңдерін қамтиды. Әр зал белгілі бір тарихи дәуірге арналып, жәдігерлер арқылы сол уақыттың тұрмысын, мәдениетін және қоғамдық өмірін көрсетуге құрылған.
Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі тек экспозициялық мекеме ғана емес, ғылыми-зерттеу, мәдени-ағартушылық жұмыстар жүргізетін ірі орталықтардың біріне айналған. Мұнда экскурсиялар, көрмелер, ғылыми кездесулер мен тарихи дәрістер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Сондықтан музей Жайық өңірінің өткенін таныстыратын басты мәдени орындардың бірі саналады.
Археология залы
Музейдегі еңірі әрі келушілеркөп тоқталатын бөлімдердіңбірі – археология залы. Бұл бөлімде Батыс Қазақстан аумағынан әр жылдары табылған көне жәдігерлер қойылған. Экспозиция ежелгі тас дәуірінен басталып, қола дәуірі, ерте темір дәуірі, сармат кезеңі және ортағасырлық уақытқа дейінгі тарихи кезеңдерді қамтиды. Залға кірген сәттен-ақ Жайық өңірінің мыңдаған жылдық тарихы көз алдыңа келеді. Экспозицияда алғашқы адамдар пайдаланған тас құралдар, аңшылыққа арналған ұштықтар, қыш ыдыстардың сынықтары, ежелгі әшекейлер мен түрлі қару-жарақ үлгілері қойылған. Археологтардың айтуынша, бұл жәдігерлер Батыс Қазақстан аумағында адамзат өте ерте кезеңнен бері өмір сүргенін дәлелдейді. Сонымен қатар залдағы көптеген бұйым көшпелі тайпалардың тұрмысын, шаруашылығын және дүниетанымын көрсетеді.
Қола дәуіріне арналған витриналар ерекше қызығушылық тудырады. Мұнда ат әбзелдеріне тағылған қола әшекейлер, айналар, қару бөліктері мен тұрмыстық бұйымдар сақталған. Олардың кейбіреуінде ежелгі грек мифологиясындағы кейіпкерлерге ұқсас өрнектер кездеседі. Бұл Батыс Қазақстан даласының сол кезеңде басқа аймақтармен мәдени және сауда байланысы болғанын көрсетеді. Сонымен қатар экспозициядағы қола айналардың сабында аң-құстар мен мифологиялық жануарлардың бейнесі бейнеленген. Археологтар мұндай элементтерді ежелгі адамдардың дүниетанымы және табиғатқа байланысты наным-сенімдерімен байланыстырады. Бұл жәдігерлер арқылы сол дәуірдегі адамдардың тек тұрмысы ғана емес, рухани мәдениеті туралы да мәлімет алуға болады.
Археология залындағы ең әсерлі жәдігерлердің бірі – қыпшақ жауынгерінің жерленген орны негізінде жасалған композиция. Бұл мүрде Шалқар көлі маңындағы Сілтасы үстіртінен табылған. Археологиялық қазба кезінде жауынгердің жанынан садақ, қылыш, дулыға, бетперде және ат әбзелдері бірге шыққан. Жәдігерлердің жақсы сақталуы қыпшақ дәуіріндегі әскери мәдениетті зерттеуге мүмкіндік берген. Музей қызметкерлерінің айтуынша, осы жәдігерлерді көргеннен кейін ақын Жұбан Молдағалиев әйгілі «Суырылмай қалған семсер» өлеңін жазған. Сондықтан бұл экспозиция тек археологиялық олжа ретінде ғана емес, қазақ әдебиетімен де байланысқан тарихи жәдігерлердің бірі саналады.
Музейдегі ең құнды әрі көпшілік қызығушылық танытатын жәдігерлердің бірі – Тақсай қорғанынан табылған «Тақсай ханшайымы». Бұл археологиялық жаңалық 2012 жылы Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданындағы Тақсай археологиялық кешенінде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде анықталған. Археологтар сол аумақтағы бірнеше обаны зерттеу барысында ерекше жерлеу орнын тауып, ежелгі дәуірдегі бай әйел адамның мүрдесін анықтаған. Қазба кезінде әйел адамның жанынан өте көп көлемде алтын әшекейлер мен тұрмыстық бұйымдар шыққан. Жалпы табылған алтын бұйымдардың салмағы шамамен үш килограмға жуық болғандықтан, ол ғылыми ортада және халық арасында «Алтын ханшайым» деп аталып кеткен. Археологтардың айтуынша, жерлеу рәсімінің күрделілігі мен заттардың байлығы бұл адамның қоғамда ерекше мәртебеге ие болғанын көрсетеді. Қорғаннан табылған жәдігерлердің қатарында алтынмен безендірілген киім бөліктері, сырғалар, алқалар, қола айналар, ыдыстар және діни рәсімдерге пайдаланылған болуы мүмкін заттар бар. Сонымен қатар әйел адамның жанынан қола қазандардың табылуы да зерттеушілердің назарын аударған. Археологтардың бір бөлігі осы белгілерге қарап, оны тек ақсүйек әйел емес, абыз немесе емшілікпен айналысқан адам болуы мүмкін деп болжайды.
Тақсай ханшайымының реконструкциясын белгілі реставратор Қырым Алтынбеков жасаған. Бүгінде музейде оның қалпына келтірілген бейнесі арнайы экспозицияда қойылған. Ханшайым отырған күйде бейнеленген. Зерттеушілер мұны оның аяғында белгілі бір ақау болғанымен байланыстырады деген пікір айтады. Яғни ол өмірінің соңғы кезеңінде еркін қозғала алмаған болуы мүмкін деген болжам бар.
Экспозициядағы ең ерекше элементтердің бірі – ханшайымның биік шошақ бас киімі. Оның пішіні сақ дәуіріндегі белгілі «Алтын адам» киіміндегі элементтерге ұқсайды. Осыған байланысты кей ғалымдар Тақсай ханшайымын сармат-сақ мәдениетінің өкілі деп есептейді. Сонымен қатар алтын әшекейлердегі аң стилі элементтері де ерте көшпелі тайпалардың мәдени дәстүрімен байланыстырылады. Археологтардың пікірінше, бұл жаңалық Батыс Қазақстан аумағында ежелгі көшпелі өркениеттің жоғары деңгейде дамығанын дәлелдейді. Тақсай ханшайымы тек өңір тарихы үшін ғана емес, жалпы Қазақстан археологиясындағы маңызды жаңалықтардың бірі саналады. Сондықтан музейге келген көптеген адам ең алдымен осы экспозицияны көруге асығады.
Жайық қалашығының тарихы
Музейдегі тарихи маңызы жоғары бөлімдердің бірі – ортағасырлық Жайық қалашығына арналған экспозиция. Бұл зал Жайық өңірінің Алтын Орда дәуіріндегі тарихын таныстырады. Ортағасырлық қала орны қазіргі Орал қаласынан шамамен 12 шақырым жерде орналасқан. Археологтардың пікірінше, бұл қалашық XIII–XIV ғасырларда Жайық бойындағы маңызды сауда және қолөнер орталықтарының бірі болған.
Экспозицияда қазба жұмыстары кезінде табылған көптеген түпнұсқа жәдігер қойылған. Олардың қатарында су құбырларының бөліктері, қызыл күйдірілген кірпіштер, қыш ыдыстар, тұрмыстық заттар және монша құрылысына пайдаланылған арнайы плиталар бар. Бұл заттар ортағасырлық қалада инженерлік жүйелердің болғанын көрсетеді. Әсіресе су жүргізу жүйесінің қалдықтары сол кезеңдегі қала мәдениетінің жоғары деңгейде дамығанын дәлелдейді. Археологиялық зерттеулер барысында монша орындарының табылуы да ғалымдардың қызығушылығын тудырған. Себебі мұндай қоғамдық нысандар әдетте ірі әрі дамыған қалаларда ғана болған. Сонымен қатар қыштан жасалған ыдыстар мен тұрмыстық бұйымдардың сапасы Жайық қалашығында қолөнер кәсібінің жақсы дамығанын аңғартады.
Қалашықтың нақты орны тек 2001 жылы жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесінде анықталған. Ал 2005 жылы бұл тарихи орынға ресми түрде «Жайық» атауы берілді. Бұған дейін ғалымдар оның атауы туралы түрлі болжам айтқан. Кейін табылған тарихи деректер мен археологиялық материалдар қалашықтың дәл осы атаумен байланысты екенін нақтылай түсті. Қазба кезінде табылған күміс және мыс тиындар қалашықтың Алтын Орда кезеңіне жататынын дәлелдеуге мүмкіндік берген. Кейбір тиындардың бетінде Алтын Орда билеушілерінің таңбалары сақталған. Археологтардың айтуынша, бұл Жайық қалашығының сол кезеңдегі халықаралық сауда жолдарының бойында орналасқанын көрсетеді.
Экспозицияда қалашықтың реконструкцияланған макеті де қойылған. Макет арқылы келушілер ортағасырлық қаланың құрылысын, көшелерінің орналасуын және ғимараттардың пішінін көре алады. Сонымен қатар музейде археологиялық қазба жұмыстарының фотосуреттері мен ғылыми зерттеу материалдары ұсынылған. Қазіргі таңда Жайық қалашығы аумағында ашық аспан астындағы музей құру жоспары қарастырылып жатыр. Бұл жоба жүзеге асса, келушілер археологиялық нысандарды табиғи ортада көріп, ортағасырлық қаланың құрылымымен тікелей таныса алады.
Этнография залы және қазақтың тұрмысы
Этнография залы – музейдегі ең мазмұнды бөлімдердің бірі. Бұл экспозиция қазақ халқының дәстүрлі тұрмысын, көшпелі өмір салтын және күнделікті қолданған бұйымдарын таныстырады. Залға кірген сәттен бастап келушілер қазақ ауылының көне тұрмысымен таныса алады. Мұнда киіз үйдің жабдықтары, тұрмыстық заттар, ер-тұрман, ұлттық киімдер, зергерлік әшекейлер мен аңшылық құралдары қойылған.
Экспозицияның негізгі бөлігінің бірі – толық жабдықталған киіз үй. Музей қызметкерлері киіз үйдің ішкі құрылысын қазақтың дәстүрлі тәртібіне сай орналастырған. Үй іші ерлер және әйелдер жағы болып бөлінген. Ерлер жағында қару-жарақ, ер-тұрман және саятшылық құралдары қойылса, әйелдер жағында ыдыс-аяқ, төсек-жабдықтар мен тұрмыстық бұйымдар орналасқан. Осы арқылы келушілер қазақ қоғамындағы отбасы құрылымы мен тұрмыстық тәртіпті көре алады. Киіз үй ішіндегі адалбақан, саба, торсық, кебеже және ағаш ыдыстар көшпелі өмірдің негізгі элементтерінің бірі болған. Мысалы, саба мен торсық қымыз сақтауға пайдаланылса, кебежеде азық-түлік сақталған. Сонымен қатар залда саятшылыққа қатысты экспонаттар да қойылған. Олардың қатарында бүркіттің томағасы, аңшылық құралдары және құсбегілікке арналған жабдықтар бар. Бұл қазақ даласында аңшылық өнерінің ерекше дамығанын көрсетеді.
Экспозициядағы ерекше жәдігерлердің бірі – Батыс Қазақстан өңіріне тән «үйрекбас ертұрман». Оның алдыңғы қасы үйректің басына ұқсатып жасалғандықтан осылай аталған. Мұндай ертұрман түрі негізінен Жайық өңірінде кең тараған. Зерттеушілер бұл бұйымды жергілікті шеберлердің өзіндік қолтаңбасы деп есептейді.
Залдың тағы бір маңызды бөлігі – қазақтың зергерлік бұйымдарына арналған экспозиция. Мұнда шашбау, шолпы, бесбілезік, құсмұрын жүзік, сәукеле және құдағи жүзік секілді ұлттық әшекейлер қойылған. Әр бұйымның өзіндік мағынасы мен қолданылу ерекшелігі болған. Мысалы, шашбау мен шолпы тек сәндік үшін тағылмаған. Оның салмағы қыз баланың тік жүруіне және шашының жинақы болуына әсер еткен. Ал құсмұрын жүзік ұзатылған қыздың төркініне өзінің жағдайын ишарамен білдіретін белгісі саналған.
Экспозицияда сәукеленің де бірнеше үлгісі қойылған. Қазақ дәстүрінде сәукеле қалыңдықтың ең қымбат әрі маңызды бас киімі болған. Кейбір сәукелелер күміс, маржан және асыл тастармен безендірілген. Мұндай бұйымдар қазақ зергерлерінің шеберлігін көрсетеді.
Этнография залы арқылы келушілер қазақ халқының тұрмысын ғана емес, оның дүниетанымын, дәстүрін және көшпелі мәдениетінің ерекшеліктерін де тереңірек тани алады.
XX ғасыр: Алаш, ашаршылық және соғыс
Музейдегі ең маңызды бөлімдердің бірі – XX ғасыр тарихына арналған зал. Бұл экспозиция өткен ғасырдағы ең күрделі кезеңдерді қамтиды. Мұнда Алаш қозғалысы, ашаршылық жылдары, саяси қуғын-сүргін және Ұлы Отан соғысы кезеңіне қатысты құжаттар мен жәдігерлер қойылған. Экспозиция Батыс Қазақстан өңірінің XX ғасырдағы қоғамдық-саяси өмірін нақты тарихи материалдар арқылы көрсетеді.
Залдың алғашқы бөлімі Алаш қозғалысына арналған. Мұнда Батыс Қазақстаннан шыққан алаш қайраткерлері туралы материалдар қойылған. Әсіресе Жаһанша Досмұхамедов пен Халел Досмұхамедовке қатысты архив құжаттары, фотосуреттер мен тарихи мәліметтер ерекше орын алады. Сонымен қатар Батыс Алашорда үкіметінің қызметіне қатысты деректер де ұсынылған. Экспозиция арқылы келушілер ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының ел тәуелсіздігі мен ұлттық мемлекеттілік жолындағы қызметімен таныса алады.
Залда 1921–1922 және 1931–1933 жылдардағы ашаршылыққа арналған арнайы бөлім де бар. Бұл кезең қазақ халқы үшін ең ауыр тарихи апаттардың бірі саналады. Экспозицияда сол жылдардағы ресми құжаттар, архив материалдары, фотосуреттер мен статистикалық деректер қойылған. Кей құжаттарда халықтың жаппай босып көшуі, азық-түлік тапшылығы және аштық салдарынан болған шығындар туралы мәліметтер келтірілген.
Келесі бөлім 1937–1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған. Мұнда репрессияға ұшыраған адамдардың суреттері, тергеу құжаттары және жеке заттарының көшірмелері қойылған. Экспозиция арқылы сол кезеңдегі саяси науқандардың Батыс Қазақстан өңіріне де ауыр әсер еткені көрсетіледі. Залдағы материалдар қазақ зиялылары мен қарапайым халықтың тағдырына қатысты нақты тарихи деректер береді.
Ұлы Отан соғысына арналған бөлім музейдегі ең әсерлі экспозициялардың бірі саналады. Мұнда майданға аттанған Батыс Қазақстан тұрғындары туралы мәліметтер жинақталған. Деректер бойынша соғыс жылдары облыстан шамамен 80 мың адам майданға кеткен. Олардың арасында Кеңес Одағының Батырлары, ұшқыштар, мергендер және тыл еңбеккерлері туралы материалдар қойылған. Экспозицияда әскери қару-жарақтар, майдан карталары, жауынгерлердің хаттары, әскери киімдер мен марапаттар сақталған. Сонымен қатар қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметова қолданған «Максим» пулеметінің үлгісі қойылған. Бұл жәдігер келушілер ерекше назар аударатын экспонаттардың бірі саналады. Соғыс бөлімі тек әскери техникаларды көрсетуге емес, майданға кеткен адамдардың тағдырын жеткізуге баса назар аударған. Мұнда майданнан жолданған хаттар, фотосуреттер және жеке заттар арқылы сол кезеңдегі адамдардың өмірі көрсетіледі. Сондықтан бұл зал музейдегі тарихи әрі эмоционалды әсері күшті бөлімдердің бірі болып саналады.
Ғұмар Қарашқа арналған арнайы зал
Бұл экспозиция қазақтың көрнекті ақыны, ағартушысы, ұстазы және қоғам қайраткерінің өмірі мен шығармашылығын таныстырады. Ғұмар Қараш Батыс Қазақстан өңіріндегі ағартушылық қозғалыстың ірі өкілдерінің бірі болғандықтан, музейде оған арналған жеке бөлім ашылған. Залда ақынның өмір жолына қатысты архив материалдары, фотосуреттер, тарихи құжаттар және шығармашылық қызметіне байланысты деректер қойылған. Экспозицияда оның ұстаздық қызметі, діни-ағартушылық бағыттағы еңбектері және қазақ қоғамындағы қоғамдық-саяси көзқарастары туралы мәліметтер беріледі. Сонымен қатар Ғұмар Қараштың медреседе білім алған кезеңіне қатысты материалдар да ұсынылған. Музейде оның пайдаланған заттарының көшірмелері, жазба материалдары мен жеке өміріне қатысты тарихи деректер сақталған. Экспозиция арқылы келушілер XX ғасыр басындағы қазақ зиялыларының ағартушылық қызметімен және сол кезеңдегі қоғамдық ахуалмен таныса алады.
Бөлімде «Қазақстан» газетіне арналған стендт те бар. Бұл басылым XX ғасыр басындағы қазақ баспасөзінің алғашқы үлгілерінің бірі саналады. Ғұмар Қараш осы газет жұмысына белсенді араласқан. Экспозицияда газет нөмірлерінің көшірмелері, жарияланған мақалалар мен сол кезеңдегі баспасөз тарихына қатысты материалдар қойылған. Музей қызметкерлерінің айтуынша, «Қазақстан» газеті қазақ қоғамындағы білім, мәдениет және қоғамдық мәселелерді көтерген маңызды басылымдардың бірі болған. Сондықтан бұл бөлім тек Ғұмар Қараштың өмірін ғана емес, жалпы қазақ баспасөзінің қалыптасу кезеңін де көрсетеді.
Экспозицияда ақынның шығармалары мен ағартушылық идеяларына қатысты мәліметтер де берілген. Ғұмар Қараш білім беру, халықты сауаттандыру және ұлттық сананы ояту мәселелерін көтерген тұлғалардың бірі ретінде таныстырылады.
Тәуелсіздік кезеңі
Музейдің соңғы залы тәуелсіз Қазақстан тарихына арналған. Бұл бөлімде 1991 жылдан бергі ел тарихындағы маңызды өзгерістер мен Батыс Қазақстан өңірінің дамуы көрсетілген. Экспозиция тәуелсіз мемлекеттің қалыптасу кезеңін құжаттар, фотосуреттер және түрлі тарихи материалдар арқылы баяндайды.
Залда ҚазақстанРеспубликасының мемлекеттікрәміздерінің қабылдануына арналғанарнайы бөлім бар. Мұнда Ту, Елтаңба және Әнұранның алғашқы нұсқалары туралы мәліметтер қойылған. Сонымен қатар ұлттық валютаның енгізілуі, жаңа астананың көшірілуі және елдегі саяси-экономикалық өзгерістерге қатысты материалдар ұсынылған.
Экспозицияда БатысҚазақстан облысының тәуелсіздікжылдарындағы дамуына ерекшеназар аударылған. Мұнда өңірдегі өндіріс орындары, мұнай-газ саласының дамуы және әлеуметтік өзгерістер туралы ақпараттар берілген. Әсіресе Қарашығанақ кен орнына арналған бөлім келушілердің қызығушылығын тудырады. Экспозицияда кен орнына қатысты фотосуреттер, өндірістік жабдықтардың үлгілері мен архив материалдары қойылған.
Сонымен қатарзалда Батыс Қазақстаннаншыққан белгілі спортшылармен мемлекет қайраткерлеріне арналған бөлімдерде бар. Мұнда халықаралық жарыстарда ел намысын қорғаған спортшылардың медальдары, кубоктары және сыйға тартқан жеке заттары сақталған. Экспозиция арқылы өңірден шыққан танымал тұлғалардың жетістіктерімен танысуға болады.
Тәуелсіздік залы тек ресми тарихты ғана емес, өңірдің қазіргі келбетін де көрсетеді. Мұнда заманауи Орал қаласының фотосуреттері, мәдени жобалар мен әлеуметтік нысандарға қатысты материалдар ұсынылған. Осы арқылы музей экспозициясы өткен мен бүгінді байланыстырып тұр.
Бүгінде Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі – Жайық өңірінің бірнеше ғасырлық тарихын бір жерге тоғыстырған ірі мәдени орталықтардың бірі. Мұнда ежелгі дәуірден бастап тәуелсіз Қазақстан кезеңіне дейінгі аралықты қамтитын мыңдаған жәдігер сақталған. Археологиялық олжалар, этнографиялық бұйымдар, тарихи құжаттар мен сирек экспонаттар арқылы келушілер Батыс Қазақстанның бай тарихымен жан-жақты таныса алады. Сондықтан Орал қаласына келген көптеген турист пен зерттеуші ең алдымен осы музейге келіп, Жайық өңірінің өткенімен танысуға тырысады.