Елімізде Ұлттық археологиялық қызметі құрылды

Бөлісу

06.05.2026 384

Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын түгендеу және зерттеу ісінде жаңа дәуір басталды. Нақты айтар болсақ, елімізде Ұлттық археологиялық қызметі құрылды.


Бұл жай ғана мекеменің ашылуы емес, бұл мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық қадам екені даусыз.Айта кетерлігі, Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы осы салаға қатысты нақты тапсырма берген болатын.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 15 сәуірдегі №277 қаулысымен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының құрылымдық бөлімшесі Ұлттық археологиялық қызмет ретінде айқындалды.

Шешім «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 34-1-бабына сәйкес қабылданды.

Ұлттық археологиялық қызметке мынадай функциялар берілді:

– археологиялық жұмыстарды мониторингтеуді жүзеге асыру;

– археологиялық жұмыстарды ғылыми-әдістемелік сүйемелдеуді жүргізу;

– археологиялық жұмыстар жөніндегі бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйені жүргізу;

– археологиялық жұмыстар жүргізу қорытындысы бойынша есептерді жинауды, талдауды және жүйелеуді жүзеге асыру.

Қазақ даласы — мыңдаған жылдар бойы өркениеттер тоғысқан, көшпелілер мәдениетінің ошағы болған қасиетті мекен. Алайда, осы уақытқа дейін археология саласында бірыңғай үйлестіруші орталықтың болмауы, қазба жұмыстарының сапасы мен жәдігерлердің сақталуына қатысты мәселелерді туындатып келді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Ұлттық археологиялық қызмет осы олқылықтардың орнын толтыруға тиіс.

 Қызметтің құрылу мақсаты мен миссиясы

Ұлттық археологиялық қызметтің басты мақсаты — еліміздің аумағындағы археологиялық зерттеулерді жүйелеу, лицензиялауды қатаң бақылау және табылған жәдігерлердің мемлекет меншігінде қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ету.

Ғылыми бақылау: Әрбір қазба жұмысының әдіснамалық тұрғыдан дұрыс жүргізілуін қадағалау.

Жәдігерлерді қорғау: «Қара археологиямен» күрес және тарихи орындардың заңсыз талқандалуына жол бермеу.

Цифрландыру: Қазақстанның барлық археологиялық ескерткіштерінің бірыңғай электронды картасын жасау.

Негізгі бағыттар мен міндеттер

Жаңа құрылымның жұмысы бірнеше басым бағыт бойынша өрбиді:

Сараптама

Археологиялық ескерткіштерге мемлекеттік сараптама жүргізу.

Реставрация

Табылған жәдігерлерді консервациялау және қалпына келтірудің озық технологияларын енгізу.

Халықаралық ынтымақтастық

ЮНЕСКО және шетелдік жетекші ғылыми орталықтармен бірлескен экспедициялар ұйымдастыру.

Кадрлық әлеует

Жас археологтар мен реставраторларды оқыту, кәсіби біліктілігін арттыру.

 

 «Қара археологияға» тосқауыл

Бұған дейін археологиялық қазба жұмыстарына рұқсат беру (лицензиялау) процесінде ашықтықтың болмауынан, тарихи құнды жәдігерлеріміз шетел асып, жеке коллекцияларға кетіп жатты. Ұлттық қызмет енді бұл процесті тікелей бақылауға алады. Кез келген құрылыс немесе жер қазу жұмыстары алдында міндетті түрде археологиялық сараптама жасалуы тиіс.

Мұраны дәріптеу және туризм

Ұлттық археологиялық қызмет тек қазумен ғана айналыспайды. Ол - тарихты брендке айналдырудың құралы. Ашық аспан астындағы музейлерді (in situ) көбейту арқылы еліміздің туристік әлеуетін арттыру көзделген. Берел, Сарайшық, Отырар сияқты нысандар осы қызметтің қолдауымен жаңа деңгейге көтерілмек.

Бөлісу