Қазақ даласында тұңғыш білім ошағын ашып, медицинаның негізін қалаған хан
Бөлісу
05.05.20266963
Қазақ даласының білім беру тарихындағы тұңғыш оқу ордасы Бөкей ордасында бой көтерді. Халық арасында «Жәңгір мектебі» деген атпен танымал болған бұл білім шаңырағы 1841 жылы Бөкей ордасының билеушісі Жәңгір ханның бастамасымен өз есігін ашты.
Мектептің барлық қаржылық шығындары, соның ішінде ұстаздардың айлығын Жәңгір хан өз қалтасынан төлеп отырған. Тарихи деректерге сүйенсек, мектептің алғашқы мұғалімдерінің бірі әрі негізгісі ханның өзі болған. Ол оқушылардан емтиханды жеке өзі қабылдап, оқу процесін қатаң бақылауда ұстады. Ал мектептің алғашқы ұстазы деп танылып жүрген татар азаматы Садриддин Аминов іс жүзінде Жәңгір ханның мектеп істері бойынша көмекшісі қызметін атқарған.
Зерттеушілердің мәліметтеріне үңілсек, Жәңгір хан қазақ даласында мектеп ашу идеясын ХІХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап ойластырған. Белгілі ғалым Қазыбай Бозымовтың деректері бойынша, ханның бұл жоспары 1826 жылдың жазынан бастап қолға алына бастаған.
«Жәңгірдің мұндағы басты мақсаты – мектеп ашу арқылы қазақ балаларының Қазан университеті мен Орынбордағы Неплюев кадет корпусына, сол секілді Ресейдің басқа да жоғары оқу орындарына түсуіне жол ашу еді. Осы мақсатта көп жұмыстар атқарды. Алдымен бастауыш мектептері бар мешіттер салу мақсатында ел ішіндегі жағдайы бар азаматтарды қаржы бөлуге міндеттейтін арнайы жарлық шығарды. Патша сарайындағы лауазымды тұлғаларға, Орынбор әскери губернаторы П.К. Эссенге Ордада қазақ балаларына арнап орыс тілінде білім беретін мектеп ашу қажеттігін дәлелдеп хаттар жазды. Жәңгірдің мектеп ашу жөніндегі арманы тек он бес жылдан кейін барып іске асты. Нәтижесінде 1841 жылы 6 желтоқсанда қазақ даласында қазақ балалары үшін тұңғыш мектеп ашылды», – дейді Қазыбай Бозымов.
1841 жылы Жәңгір ханның Ш. Нұралиевке жазған хатында білімнің маңызы мен мәні былайша баяндалады:
«Сіздерді тиісті іждағаттарын және жақындары мен достарын, сонымен бірге барлық керек адамдардың ақылдарын тиісінше қолданасыздар деген сенімдімін. Егер ғылым қазіргі уақыттың өзінде қоғамға осыншама үлкен пайданы әкелсе, болашақта біздің немерелеріміз ғылым мен білімсіз жақсы өмір сүре алмайды. Бұдан былай сауатсыз және орыс тілін білмейтін адамдарды жауапты жұмыстарға белгілемейді. Қазақтар арасында емшілердің болуы бізге өте пайдалы және тиімді. Әрбір ынта, ақшалай қаражаттың әрбір шығыны жасөспрімдерді оқытуға кететін болса, онда ол болашақта жүз есе артық табыс әкеледі. Қаражатты ғылымның дамуына, игі идеяларға және халыққа адал қызмет етуге жұмсағанымыз дұрыс болар еді».
Оқу процесі және инфрақұрылым
Жәңгір мектебіне алғашқы кезеңде 9-22 жас аралығындағы 25 шәкірт қабылданды. Олардың арасында ханның екі ұлы да болды. Шәкірттердің 18-і үйден қатынап оқыса, жетеуі жатақханада тұрып білім алды.
Оқытылатын пәндер: діни дәрістермен қатар орыс тілі, арифметика, тарих, география (жағрафия), дінтану және шығыс тілдері.
Ұстаздар: Қазан, Орынбор, Петербор, Астраханнан шақырылған мамандарға хан тарапынан барлық жағдай жасалды.
Өнер: Мектеп жанында шекті аспаптар оркестрі, хор және бай кітапхана жұмыс істеді.
Мектептің инфрақұрылымы мен өңірдегі маңызы: Бұл – қазақ даласындағы еуропалық үлгіде жабдықталған алғашқы мектеп болды. Орда ішінде алғашқы архив (мұрағат) пен қазынашылық іске қосылып, алғашқы музей мен дәріхана ашылды. Аурухана мен мешіттер салынып, сот ісі, пошта қызметі құрылды. Сонымен қатар, шөл далаға ағаш отырғызу, яғни қазіргі «Жасыл ел» секілді жұмыстар алғаш осы Бөкей ордасында басталған болатын.
Белгілі түлектері мен шәкірттері
Мектептен ғалымдар, мұғалімдер, дәрігерлер, өнер адамдары, заң қызметкерлері және агрономдар көптеп шықты. Олардың біраз бөлігі Ресейдің (Орынбор, Петербор, Саратов, Қазан, Омбы) жоғары оқу орындарына түсті. Жәңгір мектебі Неплюев кадет корпусының дайындық курсына айналды: 1845-1851 жылдар аралығында 8 шәкірт бітірсе, 1877-1917 жылдары Қазан университетінде 33 адам оқып, оның 20-сы сәтті аяқтады. Шетелге кеткендерге қазына есебінен стипендия төленді.
Танымал түлектер
Мұхамед-Салық Бабажанов, ғалым-этнограф. Өз естелігінде: «Біз Жәңгір мектебінде тәрбиелендік... Бір күні біз ханның алдына шақырылдық және оның бізден корпусқа түсуге деген ықыласымызды білгісі келетіндігі алдын ала ескертілді. Ханның үйінде біздің жасымызға лайықтап дастархан жайылған екен... Осыдан кейін ол бізге уыстап ұсақ күміс ақша үлестірді де қоя берді» деп 1845 жылғы жағдайды еске алады.
Шәкір Жексенбаев, қазақтан шыққан тұңғыш генерал-майор.
Мақаш (Мұхамбетжан) Бекмұхамедов: Округ әкімі, ағартушы-ғалым, қоғам қайраткері.
Бақтыгерей Құлманов, Петербор университетінің түлегі, шығыс тілдері бойынша тұңғыш ғылым кандидаты (1887 ж.). Дума депутаты және уақытша үкімет комиссары.
Ғұбайдолла Жәңгіров, Жәңгірдің кіші ұлы, тұңғыш генерал-лейтенант.
Шет елде оқығандар:
Жеті адам Стамбулдағы діни семинарияны бітірді, оның ішінде 8 тіл меңгерген Алаш қайраткері Ғабдолғазиз Мұсағалиев бар. Зерттеушілер Асан Тайманов бастаған 20-дан астам академик осы мектептен шыққанын айтады.
Білім ордасының кейінгі дамуы
Жәңгір ханның өмірден өтуі бұл ұлы жобаны тоқтатпады.
1849 жыл: Орал облысында 44 болыстық қазақ-орыс мектебі жұмыс істеп, 20 мыңға жуық оқушы білім алды (оның 7-еуі осы мектеп негізінде ашылды).
1879-1880 оқу жылы: Халық ағарту министрлігінің қарамағына өтіп, екі сыныптық ауылдық училищеге айналды.
1895 жыл: Жәңгір мектебінің негізінде ашылған мектептер саны 14-ке жетті. Оқу ісі инспекциясы құрылды.
1883 жыл: Қазақ қыздарына арналған тұңғыш бастауыш училище ашылды. Оны Жәңгір мектебінің түлегі Хұсни-Жамал Нұрлыханова басқарды. Бұл жерден Аққағаз Досанова, Алма Оразбаева, Мәдина Бегәлиева, Мүбина Ниязова сынды тұлғалар шықты.
1905 жыл: Мекеме 4 сыныптық қалалық мектепке айналып, педагогикалық курс ашылды.
Кейінгі жылдары 1930-1935 жж. – колхозшы жастар мектебі, 1936-1939 жж. – орталау мектеп болды. 1936 жылы мектепке М. Горькийдің есімі берілді. 1991 жылдан бастап Орда орта мектебі деп аталып, 1999 жылдың желтоқсанынан бері Жәңгір хан атындағы жалпы білім беретін орта мектеп деп аталады.
Жәңгір хан және қазақ даласындағы ғылыми медицинаның іргетасы
Жәңгір ханның қазақ тарихындағы саяси, ағартушылық қызметінен бөлек, оның еліміздегі медицина саласын жүйелі түрде дамытудағы еңбегі де орасан зор. Ол қазақ даласындағы дәстүрлі емдеу әдістерін еуропалық ғылыми тәсілмен ұштастырып, халықтың денсаулығын сақтауға бағытталған маңызды қадамдар жасады.
Бастапқы кезде Бөкей ордасындағы медициналық көмек толыққанды емес еді. Тұрғындар казак әскерінің құрамындағы дәрігерлерге жүгініп, ауыр науқастарды көрші аймақтардағы лазареттерге жіберуге мәжбүр болды.
Осы олқылықты шешу үшін Жәңгір хан 1825–1826 жылдары Ресей императоры Николай I-ге арнайы өтініш жолдап, Бөкей ордасында тұрақты дәрігер қызметін енгізуді, аурухана мен дәріхана ашуды талап етті.
Негізгі тарихи кезеңдер:
1832 жыл — Алғашқы ресми дәрігер: Бөкей ордасына штаб-емшісі А.А. Сергачев тағайындалып, халыққа тұрақты әрі жүйелі медициналық көмек көрсетуді бастады.1839 жыл — Алғашқы дәріхана: Хан ставкасында қазақ даласындағы тұңғыш фармацевтикалық мекеме ашылды.1840 жыл — Тұңғыш аурухана: Қазақ даласындағы медицина жүйесінің ең үлкен жетістігі ретінде арнайы аурухана есігін айқара ашты.1843 жыл — Жаңақазан дәріханасы: Жаңақазан ауылында халыққа қызмет көрсететін екінші дәріхана жұмысын бастады.
Жәңгір ханның бастамасы – қазақ даласына «ауруды ғылыми негізде емдеу» идеясын алып келген, халықтың денсаулық сақтау мәдениетін жаңа деңгейге көтерген тарихи маңызды жаңалық болды. Бұл шаралар еуропалық үлгідегі сапалы медицинаның іргетасын қалады.