Ратушаға ту тіккен қазақ «Халық қаһарманы» атанды

Бөлісу

06.05.2026 899

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін соғыс ардагері Кенжебай Мәденовке (марқұм) «Халық қаһарманы» атағы берілді. Сонымен қатар оған айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордені табысталды. Бұл – Қазақстандағы ең жоғары мемлекеттік марапаттардың бірі. Аталған шешім Кенжебай Мәденовтің майдан даласында көрсеткен ерлігіне берілген тарихи баға ретінде қабылданды.


Кенжебай Мәденов – Берлин операциясына қатысқан, Рейхстагтан кейінгі маңызды нысандардың бірі саналатын Берлин Ратушасына шабуыл кезінде ерекше ерлік көрсеткен қазақ офицері. Ол 1925 жылы 19 ақпанда Батыс Қазақстан облысы Ақтайсай ауылында дүниеге келген.

Соғысқа дейін Кенжебай Мәденов 1942 жылы Орал облысының Қаратөбе кентіндегі «Заготживсырье» кеңсесінде бухгалтер болып еңбек еткен. Алайда ел басына күн туған шақта ол бейбіт өмірді артқа қалдырып, майданға аттануға шешім қабылдайды. 1943 жылдың 8 қаңтарында, әлі 18 жасқа да толмаған бозбала өз еркімен Қызыл армия қатарына қабылданды. Сол жылдың қарашасында Краснохолмск жоғары жаяу әскер училищесінің командирлер даярлайтын курсын аяқтап, майдан шебіне жіберілді. Алғашында 3-Украина майданындағы 8-гвардиялық армия құрамында пулемет бөлімшесінің командирі болды. Кривой Рог бағытындағы ауыр шайқастарға қатысып, жас офицер ретінде тәжірибе жинады. Кейін 1-Белоруссия майданының құрамындағы 5-екпінді армияда атқыштар взводын басқарды. 

Кенжебай Мәденов соғыс жылдарында Украина, Молдавия, Польша жерлерін азат ету операцияларына қатысып, Варшава мен Берлин үшін болған шешуші шайқастарда ерлік көрсетті. Ол Днепрден өту, Яссы–Кишинев операциясы, Висла–Одер шабуылы сияқты ірі әскери қимылдардың қатысушысы болды. Майдан даласында екі рет ауыр жараланғанына қарамастан, әскери қызметін тоқтатпай, алдыңғы шепте соғысын жалғастырды. 

1945 жылғы 29 сәуірде Берлин үшін кескілескен ұрыстар кезінде Кенжебай Мәденов басқарған взвод Рейхстагтан кейінгі негізгі стратегиялық нысандардың бірі – Берлин Ратушасына шабуылға қатысты. Тарихи деректер бойынша, оның взводы ғимаратқа алғашқылардың бірі болып кіріп, Ратуша ішіндегі қоян-қолтық шайқаста ерекше ерлік көрсеткен. Ұрыс бірнеше сағатқа созылып, кеңес жауынгерлері әр бөлме үшін соғыс жүргізген. Маршал Георгий Жуков өзінің «Естеліктер мен ойлар» кітабында аға лейтенант Мәденовтің взводы Ратушаға бірінші болып басып кіргенін жазады. Онда жауынгерлердің вестибюль мен дәліздерде қоян-қолтық ұрыс жүргізіп, ғимаратты біртіндеп жаудан тазартқаны баяндалған. Бұл ерлік кейін бірнеше тарихи еңбек пен көркем шығармада көрініс тапты. Генерал Федор Боков «Жеңіс көктемі» кітабында Мәденов взводының Ратушаға алғаш шабуыл жасағанын және ғимаратқа Жеңіс туын тіккенін жазған. Әскери жазушы Марат Мержанов та Берлин Ратушасы үшін шайқастың аса ауыр болғанын, ал Мәденов взводының қолма-қол ұрысқа қатысқанын көрсетеді. Жазушы Ғабиден Слановтың «Тайсойған түлектері» шығармасында Кенжебай Мәденовке Ратушаға шабуылды бастап, Жеңіс туын тігу тапсырылғаны суреттеледі. Ал академик Манаш Қозыбаевтың мектеп оқулығында жас офицер Кенжебай Мәденовтің 1008-атқыштар полкінің туын Берлин Ратушасының төбесіне тіккені нақты көрсетілген. 

Соғыс аяқталғаннан кейін Кенжебай Мәденов әскери қызметін жалғастырып, Солтүстік Кавказ әскери округінде рота командирі қызметін атқарды. Кейін елдегі қауіпсіздік саласына ауысып, Батыс Қазақстан мен Гурьев облыстарындағы мемлекеттік қауіпсіздік органдарында еңбек етті. Ол қарапайым қызметкерден бастап жауапты басшылық деңгейге дейін көтеріліп, Гурьев облысы бойынша Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басқармасының төрағасы қызметіне дейін жетті.  Қызметпен қатар білімін де жетілдіріп, Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдаған. Әріптестерінің естеліктерінде оның тәртіпті, қарапайым әрі адамдармен тез тіл табыса білетін басшы болғаны айтылады. Сонымен бірге ол жастар арасында әскери-патриоттық жұмыстарға белсенді араласып, майданда көрген-білгенін кейінгі буынға насихаттап отырған. 

Жауынгерлік ерлігі үшін Кенжебай Мәденов бірнеше жоғары әскери марапатқа ие болды. Ол екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталып, сондай-ақ «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Бұл марапаттар оның майдан даласындағы батылдығы мен шешуші операцияларға қатысқанын айғақтайды. 

Кенжебай Мәденов соғыс кезінде алған жарақаттарының салдарынан Жеңістің 30 жылдығына жете алмай, 1974 жылы 26 желтоқсанда Атырау қаласында дүниеден өтті.

Бөлісу