Алаш әскері және ұлттық армия

Бөлісу

06.05.2026 1568

7 мамыр – Қазақстандағы Отан қорғаушылар күні. Бұл дата ресми түрде қазіргі Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылған күні ретінде аталып өтсе де, оның тарихи-идеялық тамырлары тереңде жатыр. Қазақ халқының дербес әскери жүйе құруға ұмтылысы, ең алдымен, ХХ ғасыр басындағы Алаш қозғалысының қызметімен тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Алаш әскері – бүгінгі ұлттық армияның тарихи бастауларының бірі ретінде қарастырылуы тиіс.


1917 жылғы Екінші жалпықазақ-қырғыз съезі Алаш автономиясын жариялаумен қатар, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әскери құрылым құру мәселесін күн тәртібіне қойды. Бұл ұлттық мемлекеттілік идеясының табиғи жалғасы еді. Себебі кез келген автономия немесе мемлекет өзінің аумақтық тұтастығын қорғауға қабілетті әскери күшке сүйенуі қажет. Осыны терең түсінген Алаш зиялылары әскери жасақ құруды стратегиялық міндет ретінде қарастырды.

Алашорда үкіметі құрмақ болған әскери құрылым ресми түрде “милиция”, “халық әскері”, “Алаш полкі” деп аталды. Алайда оның мазмұны мен ұйымдастыру принциптері кәсіби әскерге жақын болды. Жоспар бойынша әрбір 100 милиция қызметкеріне бір офицерден, ал 50 адамға бір нұсқаушыдан бекітілуі тиіс еді. Бұл жүйе әскери иерархия мен тәртіптің сақталуын көздеді және сол кезеңдегі еуропалық әскери ұйымдастыру үлгілеріне сәйкес келді.

Тарихшы Берік Әбдіғали өзінің «Алаш әскері» атты еңбегінде съезге Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ офицерлері – капитан М. Аблайханов пен М. Бекімов арнайы шақырылғанын атап өтеді. Бұл дерек Алаш басшылығының әскери кадр мәселесіне ерекше мән бергенін көрсетеді. Әсіресе М. Бекімовтің Алашорда үкіметі құрамына кандидат ретінде ұсынылуы әскери тәжірибесі бар тұлғалардың саяси басқару жүйесіне тартылғанын дәлелдейді.

Съезде милицияны жасақтаудың нақты мобилизациялық жоспары бекітілді. Жалпы саны 13 500 адамды құрайтын әскери күш өңірлер бойынша бөлінді: Бөкей ордасынан – 1000, Оралдан – 2000, Торғайдан – 3000, Ақмоладан – 4000, Семейден – 1500, Жетісудан – 2000 адам алынуы тиіс болды. Бұл – бүкіл қазақ даласын қамтыған, орталықтандырылған әскери жүйе құруға бағытталған ауқымды қадам еді.

Алаш әскері тек ұйымдастыру деңгейінде ғана емес, қаржылық жағынан да мұқият жоспарланды. Жалпы есеп бойынша милицияны жасақтау үшін 68 960 000 рубль көлемінде қаражат қажет деп белгіленді. Оның ішінде қару-жарақ сатып алуға (мылтық, оқ-дәрі, қылыш) 16 300 000 рубль бөлінуі тиіс болды. Сонымен қатар офицерлер мен нұсқаушылардың жалақысы, әскери орындарды жалға алу, басқару органдарын ұстау шығындары да нақты есептелді. Бұл қаржы алты облысқа бөлініп, әрі қарай уездер мен болыстар арқылы салық жинау жүйесі арқылы қамтамасыз етілуі тиіс еді. Мұндай жүйелілік Алаш қайраткерлерінің мемлекеттік басқарудағы прагматикалық және рационалды көзқарасын айқын көрсетеді.

1918 жылы Қазақ газеті бетінде милицияға адам алу тәртібі жарияланып, халыққа нақты нұсқаулар берілді. Ережеге сәйкес әрбір 25 үйден бір жігіт алынуы тиіс болды. Жас мөлшері 20 мен 35 жас аралығында белгіленіп, денсаулығы мықты, еңбекке жарамды азаматтар ғана қабылданды. Әлеуметтік әділеттілік принципі де назардан тыс қалмады: отбасының жалғыз асыраушысы саналатын азаматтар әскерден босатылды.

Сонымен бірге милицияға өз еркімен кірушілерге де мүмкіндік берілді. Олар міндетті түрде алынатын азаматтар санынан бөлек есептелді. Қызмет мерзімі алты ай болып белгіленіп, милиционерлерге айлық жалақы төлеу қарастырылды. Әрбір ауыл өзінен шыққан сарбазды ат-көлікпен қамтамасыз етуге міндеттелді. Мұндай талаптар әскери құрылымның тек әкімшілік емес, әлеуметтік келісімге негізделгенін аңғартады.

Алаш әскері толыққанды жүзеге асып үлгермегенімен, оның тұжырымдамалық және ұйымдастырушылық негіздері қазақ қоғамының мемлекеттік ойлау деңгейінің жоғары болғанын дәлелдейді. Бұл жоба  ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс және жауапкершілік идеяларының алғашқы жүйелі көріністерінің бірі.

Бүгінгі Қазақстан Қарулы Күштері – тәуелсіз мемлекеттің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ететін негізгі институт. 1992 жылғы 7 мамырда құрылған ұлттық армия кәсіби, заманауи әскери жүйе ретінде қалыптасты. Дегенмен оның идеялық негіздері ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлерінің ұлтты қорғауға бағытталған тұжырымдарымен үндеседі. Алаш әскері толық жүзеге аспаса да, ұлттық қауіпсіздік, әскери тәртіп, жауапкершілік және елді қорғау ұстанымдары бүгінгі армия құрылымында жалғасын тапты. Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі қазақ армиясы – тарихи тұрғыдан жаңарған, бірақ тамыры тереңде жатқан ұлттық қорғаныс дәстүрінің заңды жалғасы. Сондықтан Алаш әскері тақырыбы Отан қорғаушылар күнімен мазмұндық тұрғыдан терең үндеседі. 

Бөлісу