Пушкин тоқтаған үй

Бөлісу

14.05.2026 154

Орал қаласына барған сапарымызда тоқтаған келесі орын А.С. Пушкин музейі болды. Өйткені бұл – кезінде әйгілі орыс ақыны Александр Пушкин тоқтаған тарихи ғимарат. XIX ғасырдан сақталған көне үйдің қабырғасында Пугачев көтерілісінің тарихын зерттеу үшін Жайық өңіріне келген ақынның ізі қалған. Дәл осы жерде Пушкин архивтермен жұмыс істеп, көтеріліс куәгерлерімен кездесіп, кейін әлемге әйгілі «Капитан қызы» мен «Пугачев тарихы» еңбектеріне арқау болған деректерді жинаған. Бүгінде Атаман үйі аталған бұл ғимарат музейге айналып, Орал қаласының ең маңызды тарихи-әдеби орындарының бірі саналады.


Музей туралы фоторепортажды арнайы бөлімнен көре аласыздар.

А.С. Пушкин музейі – Орал қаласындағы ең танымал тарихи-әдеби музейлердің бірі. Бұл музей тек Александр Пушкиннің өмір жолымен ғана емес, XIX ғасырдағы Жайық өңірінің қоғамдық және мәдени тарихымен де тығыз байланысты. Сондықтан мұнда келушілер тек ақын туралы мәлімет алып қана қоймай, сол кезеңдегі Орал қаласының тарихи келбетімен де таныса алады. 

Музей ресми түрде 2006 жылы ашылған. Бұл кездейсоқ таңдалған дата емес. Сол жылы Ресейде Абай Құнанбайұлының жылы, ал Қазақстанда Александр Пушкин жылы жарияланған болатын. Осы мәдени бастама аясында екі ел арасындағы тарихи-әдеби байланыстарға ерекше назар аударылды. Музейдің ашылу рәсіміне Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин қатысқан. 

Музей орналасқан ғимараттың өзі – Орал қаласындағы ең көне тарихи нысандардың бірі. Бұл үй XIX ғасырдың алғашқы жартысында Жайық казак әскерінің наказной атаманы Давид Артемьевич Бородиннің бастамасымен салынған. Кейін ғимаратты келесі наказной атаман Василий Осипович Покатилов қазына қаржысына сатып алып, ресми қабылдаулар өтетін резиденцияға айналдырған. Содан бері бұл нысан халық арасында «Атаман үйі» деп аталып кеткен. Сол кезеңде Атаман үйі Орал қаласындағы ең беделді ғимараттардың бірі болған. Мұнда Жайық казак әскерінің басшылары тұрған, ресми жиындар мен мәртебелі қонақтарды қабылдау рәсімдері өткен. Үйдің сәулеті XIX ғасырдағы дворяндық резиденциялар стилінде салынған. Биік төбелер, үлкен терезелер мен кең бөлмелер сол дәуірдің архитектуралық ерекшелігін сақтап қалған.

Пушкин не үшін Оралға келді?

1833 жылы Александр Пушкин Орал қаласына арнайы сапармен келеді. Бұл сапардың негізгі мақсаты – XVIII ғасырдағы Емельян Пугачев көтерілісіне қатысты тарихи материалдар жинау болған. Сол кезеңде ақын Ресей тарихындағы ірі көтерілістердің бірі туралы көлемді еңбек жазуға дайындалып жүрген еді. Пушкин бұл сапарын өз хаттарының бірінде «Пугачевщина туралы деректер жинау» деп сипаттаған. 

Орал қаласы Пугачев көтерілісі тарихындағы маңызды орталықтардың бірі болғандықтан, ақын дәл осы өңірге арнайы келген. Сол сапар барысында Пушкин Атаман үйіне тоқтап, бірнеше күн бойы осында тұрған. Бұл ғимаратта оған ресми қабылдау ұйымдастырылып, екі мәрте қонақасы беріліп, жергілікті казак әскерінің басшыларымен кездесулер өткен.

Оралда жүрген кезінде Пушкин архивтермен жұмыс істеп, көтеріліске қатысты ресми құжаттарды зерттеген. Сонымен қатар ол Пугачев оқиғасын көзімен көрген немесе сол кезең туралы естелік сақтаған адамдармен кездесуге ерекше мән берген. Ақын жергілікті казактармен, ақсақалдармен және әскери адамдармен сөйлесіп, олардың әңгімелерін жазып отырған. Әсіресе Жайық өңірінде сақталған ауызша тарихи деректер Пушкинді қатты қызықтырған. Музей меңгерушісі Асылжан Ғабдолқызының айтуынша, ақын Орал сапары кезінде Михаил Архангел соборының қызметкерлерімен де кездескен. Солардың бірі – Пугачев қоршауы кезінде тірі болған куәгерлердің әңгімесін естіген шіркеу қызметкері Василий Червяков болғаны айтылады. Пушкин кейін бұл деректерді өзінің тарихи еңбектерінде пайдаланған. 

Орал сапары Пушкин шығармашылығында ерекше із қалдырды. Ақын кейін Болдиноға оралып, дәл осы Жайық өңірінде жинаған материалдарының негізінде әйгілі «Пугачев тарихы» ғылыми еңбегін және «Капитан қызы» повесін жазып шыққан. Әдебиет зерттеушілері бұл кезеңді Пушкиннің «екінші Болдино күзі» деп те атайды. Себебі дәл сол уақытта оның бірнеше ірі шығармасы дүниеге келген. Музей меңгерушісінің дерегіне сүйенсек, Пушкин Оралдан тек тарихи мәліметтер ғана емес, қазақ даласына қатысты аңыздар мен фольклор үлгілерін де жазып алып кеткен. Соның ішінде «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жыры туралы мәліметтер болғаны айтылады. Бұл ақынның қазақ даласының мәдениетіне де қызығушылық танытқанын көрсетеді. 

XIX ғасыр атмосферасы сақталған музей

Бүгінде А.С. Пушкин музейінің ішкі экспозициясы XIX ғасырдағы дворян үйінің интерьері үлгісінде жасалған. Музейге кірген сәттен бастап келушілер өзін сол дәуірдің атмосферасына енгендей сезінеді. Кең бөлме, көне жиһаздар, биік терезелер мен тарихи интерьер элементтері Атаман үйінің бастапқы келбетін мүмкіндігінше сақтап қалған.

Мұнда Пушкиннің өзіне тікелей тиесілі заттар сақталмағанымен, экспозиция XIX ғасырдағы ақсүйектер өмірінің көрінісін дәл жеткізуге құрылған. Бөлмелерде сол кезеңге тән үстелдер, орындықтар, шкафтар мен сәндік бұйымдар қойылған. Сонымен қатар музейде көне камин сағаты, клавесин және XIX ғасыр интерьеріне тән тұрмыстық заттар сақталған. Бұл заттардың кейбірі ғимараттың өзінде сақталған тарихи бұйымдар болып саналады. 

Музейдегі ең құнды жәдігерлердің бірі – Жайық казак әскерінің наказной атаманы Давид Артемьевич Бородиннің портретінің түпнұсқасы. Бұл картинаны атақты орыс суретшісі Василий Тропинин 1827 жылы салған. Картинада Бородин І Николайдың таққа отыру рәсіміне арнайы тіккізген әскери мундирімен бейнеленген. Зерттеушілердің айтуынша, дәл осы портретті салу кезінде Бородин бірнеше рет суретшіге арнайы барып отырған. Бұл туынды музейдегі ең сирек әрі тарихи маңызы жоғары жәдігерлердің бірі саналады.

Экспозицияда Тропининнің Александр Пушкинге арнап салған әйгілі портретінің көшірмесі де қойылған. Бұл – әлемге кең тараған әрі көпшілікке ең таныс Пушкин бейнелерінің бірі. Ақынның өзі осы портретті ерекше жақсы көргені айтылады. Пушкин бұл туралы: «Айнаға қарағандаймын, бірақ бұл айна маған жағымпазданады» деген әйгілі сөзін қалдырған.

Асылжан Ғабдолқызы бізге қызықты бір болжамды да айтып берді. Оның сөзінше, Давид Бородин мен Александр Пушкиннің портреттерін Тропинин бір жылда салған. Осыған байланысты кей зерттеушілер Бородин мен Пушкин суретшінің шеберханасында кездесуі мүмкін. Тіпті дәл сол кездесулердің бірінде Бородин Пушкинге Пугачев көтерілісі туралы әңгімелеп, ақынның Жайық өңіріне қызығушылығын оятқан болуы мүмкін деген де ой бар.

Музейдегі сирек экспонаттар

Музейдегі ең ерекше жәдігерлердің бірі – Александр Пушкиннің өлім маскасының көшірмесі. Бұл экспонат келушілер ерекше назар аударатын тарихи дүниелердің қатарында. Пушкин 1837 жылы қайтыс болғаннан кейін оның жақын достары – ақын Василий Жуковский мен жазушы Владимир Даль ақынның бет бейнесін сақтап қалу үшін арнайы мамандарға гипстен маска жасатқан. Кейін дәл осы маска негізінде Пушкиннің көптеген ескерткіші, бюсті және мүсіндік бейнелері жасалған. Оралдағы музейде сақталған көшірме қалаға 1977 жылы әкелінген. Алғашында бұл жәдігер жергілікті әдеби музей қорында сақталып, кейін А.С. Пушкин музейінің экспозициясына қойылған. 

Сонымен қатар музейде Пушкиннің Орал сапарына қатысты көптеген материал қойылған. Экспозицияда ақын жүрген бағыттарды көрсететін тарихи карталар, архив құжаттары, көркем иллюстрациялар мен тарихи суреттер бар. Бұл материалдар Пушкиннің Жайық өңіріне жасаған сапарының қалай өткенін кезең-кезеңімен көрсетеді. Залда Пушкиннің сапар маршруты бейнеленген арнайы схема да орналасқан. Онда ақынның Оралға келуі, жергілікті орындарды аралауы және кейін Болдиноға қайту бағыты көрсетілген. 

Экспозицияда Пушкиннің Пугачев көтерілісіне қатысты жинаған материалдарына арналған бөлім де бар. Мұнда көтеріліс өткен орындардың суреттері, тарихи тұлғалардың бейнелері және сол кезеңді сипаттайтын көркем жұмыстар қойылған. Кей картиналарда Пушкиннің Орал көшелерімен жүрген сәттері мен көтеріліс куәгерлерімен кездесуі бейнеленген. Музейдегі көркем туындылардың бір бөлігі жергілікті суретшілердің еңбектері саналады. Олар Пушкиннің Оралға сапарын, Пугачев көтерілісі кезеңін және XIX ғасырдағы Жайық қаласының көріністерін бейнелеген. 

Бұл ғимаратта тағы кімдер болған?

Атаман үйі тек Александр Пушкиннің сапарымен ғана байланысты емес. XIX–XX ғасырларда бұл ғимарат Орал қаласындағы ең маңызды ресми резиденциялардың бірі болғандықтан, мұнда көптеген танымал тұлға тоқтаған. Сондықтан бұл үй Жайық өңірінің әдеби және тарихи өмірімен тығыз байланысып кеткен ерекше нысан саналады.

Музей меңгерушісінің айтуынша, әр жылдары бұл ғимаратта Сәкен Сейфуллин, Алексей Толстой, Аркадий Гайдар және Лев Толстой секілді белгілі тұлғалар болған. Кей деректерде бұл үйде Федор Шаляпиннің де болғаны айтылады. Сондықтан Атаман үйі белгілі бір кезеңде Орал қаласының мәдени және әдеби орталықтарының бірі қызметін атқарған.

Пушкин әулеті мен Орал арасындағы байланыс

Музейдегі көпшілік біле бермейтін қызықты деректердің бірі – Пушкин әулетінің кейінгі тағдырының Орал қаласымен байланысы. Бұл тарихи сәйкестік Атаман үйінің тарихын одан әрі ерекше ете түседі. 

Ақын қайтыс болғаннан кейін оның жары Наталья Гончарова генерал Петр Ланскойға тұрмысқа шығады. Кейін олардың қызы Софья Ланская Жайық казак әскерінің наказной атаманы Николай Шиповқа тұрмысқа шыққан. Бір қызығы, Софья Шипова бірнеше жыл дәл осы Атаман үйінің иесі болған. Яғни Пушкин тоқтаған ғимарат кейін оның отбасының тағдырымен тағы да байланысып кеткен.

Экспозицияда Николай Шиповқа қатысты материалдар да қойылған. Ол Жайық өңірінің дамуына үлес қосқан тұлғалардың бірі саналады. Кей деректерде дәл оның бастамасымен Қазақстан аумағындағы алғашқы теміржол желілерінің бірі – Рязань–Орал теміржолы салынғаны айтылады. Бұл теміржол сол кезеңде Орал қаласының Ресеймен байланысын күшейтіп, өңірдің сауда және экономикалық дамуына әсер еткен.

Бүгінде А.С. Пушкин музейі – Орал қаласының ең көп келуші қабылдайтын тарихи орындарының бірі. Мұнда Қазақстанның әр өңірінен ғана емес, Ресейден және басқа елдерден де туристер келеді. Әсіресе Пушкин шығармашылығына қызығатын адамдар үшін бұл музей ерекше тарихи орын саналады. Қазіргі таңда музей Жайық өңірінің әдеби, тарихи және мәдени байланыстарын таныстыратын маңызды орталық ретінде жұмыс істеп келеді. Мұнда экскурсиялар, әдеби кездесулер мен мәдени шаралар тұрақты өткізіліп тұрады. 

Музей туралы фоторепортажды арнайы бөлімнен көре аласыздар.

*  Материалды әзірлеуде қол ұшын созған Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне алғысымызды білдіреміз

Бөлісу