Қарқара – Албанның атақонысы

Бөлісу

14.05.2026 381

Мал бағуды атакәсіп еткен қазақ үшін жайлау дауы жай ғана жер таласы болған жоқ, ол тамырын тереңге жіберген тарих, ұрпақтың ата-баба аманатына деген жауапкершілігі еді. 1924-1927 жылдары Қырғызстанда жарық көріп тұрған «Эркин Тоо» газетінің 1925 жылы 17 сәуірдегі №13 санына «Қарқара кімнің жайлауы?» деген мақаламен Тағай атты автордың мақаласы шықты. Баяндауы шымбайға батардай тік, үні өз жеріне деген сенімді анық аңғартатын сол мақала бүгінгі күннің де кей оқиғасымен үндес. Бірақ бізге, тарихи шындыққа жүгініп, Қарқараның кімге тән екенін тек ашық деректер мен сананы сергек ұстау арқылы анықтау маңызды. Ендеше, «Қарқара кімнің жайлауы?» деген сауалға жауапты тарихтың өзінен іздейік.


Қарқара қайда орналасқан?

Қарқара жайлауы – қазіргі Алматы облысының Кеген ауданы аумағында, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасына жақын, Үлкен Қарқара, Кіші Қарқара, Орта Қарқара, Желді Қарқара сынды бөліктерден тұратын кең қоныс. Таулы белдеуде орналасқан бұл аймақ ежелден Жетісудағы ірі қазақ руының бірі Албан тайпасының жаз жайлауы болып келген. Қарқара өңірі жасыл желекті жаулауымен ғана емес, табиғи байлықпен де ерекшеленеді. Яғни малдың көктемгі, жазғы жайылымына қолайлы, өзен-көлге, ағаш пен балға, аң-құсқа да бай.

Албанның Алатаудағы мекені

Албан руының Қарқарадағы қонысы архив құжаттарымен де дәлелденген тарихи шындық. Яғни бұл өңір 16 болыстан тұратын Албан елінің жазғы қонысы ғана емес, ұлт-азаттық күрестің де ұлы сахнасына айналған. 1916 жылы патша жарлығына қарсы бұрқ ете қалған Қарқара көтерілісі осы жерде тұтанған. М.Тынышбаев, Б.Әшекеев бастаған көтерілісшілер елдің тәуелсіздігін көксеп, патша саясатына ашық қарсылық көрсетті. Бұл қазақ тарихындағы ең ірі де қанды көтерілістердің бірі болатын.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Қарқара қазақ жерінің бір бөлшегі ретінде Жетісу губерниясының құрамында қалды. Бірақ ұлттық межелеу кезінде қазақ пен қырғыз арасында белгілі бір жайлауларға иелік ету мәселесі қайта жанданып, газеттер бетінде тартысқа ұласты.

Тағай не дейді?

Тағайдың мақаласынан байқайтынымыз – ол Қарқараны қырғыздың түпкілікті жайлауы деп есептейді. Автор қазақтардың бұл өңірге иелік етуін «жаңсақ наразылық» деп сипаттап, олар тек маусымдық келіп, қой жүнін қырқып, азық-түлігін дайындап, кейін өз қыстауларына қайтатын дейді. Оның уәжіне сүйенсек, Қарқарада қырғыздардың шаруашылығы, ағаш және бал өндірісі қалыптасқан, үйлер тұрғызылған. Сондықтан Тағай: «алақандай Шоң Қарқараны таласпай-ақ қойса болмас па еді?!» деп, қазақтарға оны иемденуге ұмтылмау керектігін емеурінмен жеткізеді. Алайда бұл көзқарас – қырғыз тұрғысынан туған субъективті пайым болса керек. Ол Қарқараның тарихи иесі кім екенін дәлелдейтін дерекке емес, кейінгі кезеңдегі шаруашылық әрекеттер мен саяси ахуалға негізделген.

1. Қазақтардың бұл жайлауға қысқа уақытқа ғана келіп-кететіні – шындыққа жанаспайды. Албан тайпасының ғасырлар бойғы көшіп-қону тәртібі, жер-су үлестірімі, Жетісу архивіндегі болыстық шекаралар – бәрі Қарқараның қазақтарға тиесілі екенін айғақтайды.

2. Қырғыздар Қарқарада тұрақты қоныстанды деген уәж – XX ғасыр басындағы ағаш өңдеу, бал өндірісі секілді шаруашылық жұмыстарының маусымдық сипатын ескермейді. Жер иелену құқығы шаруашылық жүргізу фактісімен ғана анықталмайды.

3. Тағайдың айтуынша, Қарақолдықтар Қарқара суы бойында үйлер салып, зауыттар ашқан. Бірақ бұл Кеңес өкіметінің өндірістік жоспарымен байланысқан қысқа мерзімді әрекеттер. Ал қазақтар бұл жерді ертеден руаралық келісіммен иеленіп отырған.---

Қайшылықтар неден шықты?

1920-жылдардың басында Орта Азияны ұлттық-аумақтық межелеу жүріп жатты. Бұл – Ресейден тәуелсіз болған жоқ, бірақ бұрынғы Түркістан генерал-губернаторлығы сияқты кең өңірлер бөлшектеніп, әр ұлт өз «автономиясына» ие бола бастады. Дәл осы кезде қазақ пен қырғыздың ғасырлар бойы ауылы аралас, қойы қоралас жатқан жайлаулары шекара дауының өзегіне айналды.

«Ақжол» газетінің №552 санында Жетісу губисполкомының Қарқара мәселесіне наразылық білдіргені жазылған. Демек, қазақ тарапынан бұл жайлауға иелік ету мәселесі ресми деңгейде көтерілген. Бұл наразылық – жалаң саяси мүдде емес, тарихи шындыққа негізделген ұстаным болатын.

Қазақ пен қырғыз тілі, ділі, діні, дәстүрі жақын халық. Ал Қарқара – қазақтың да, қырғыздың да ортақ тарихына куә болған өңір. Дегенмен бауырлас халық бір-бірінің тарихи шындығын бұрмаламауға тиіс. Бірақ нақты иелік тұрғысынан, архив құжаттары мен тарихи дәстүр бойынша бұл  Албан тайпасының атақонысы екені айтылады. Бүгінде Үлкен Қарқара, Кіші Қарқара, Орта Қарқара, Желді Қарқара және басқа да жайлаулар Алматы облысының Кеген ауданына, яғни Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасына толықтай кіреді. Ал Тағай сілтеме жасаған Қарақол уезі мен Ыстықкөл бойындағы «Каркыра» атаулары бұл күнде Қырғыз Республикасының жері саналады. Сондықтан да «Қарқара кімнің жайлауы?» деген сұраққа бүгін сенімді түрде жауап беруге болады. 

***

Мақаланың толық нұсқасы төменде: 

Қарқара кімнің жайлауы

Бұл жазба бізді еріксіз түрде Қарқара тарихына жетелейді, көршілес отырған қырғыздар мен қазақтар малдың көп уақытында ауылы аралас, қойы қоралас болғаны белгілі, ал төмендегі бір ғасыр бұрын жазылған жайлау мәселесіне келгенде қырғыздар «Үлкен Қарқара біздікі» дегенді айтады, бұл сол замандағы елді солай сендіру үшін, бір жағынан жайлауды еншілеп алу үшін керек болғандығы айқын көрініп тұр. Қырғыздың келіп бірер ай жайлап, кәсіптеніп ағаш пен бал өнімдерін өндіргені үшін олардың жері болып қалмайтыны әркімге түсінікті. Қарқара жайлауы Алматы облысында орналасқан Үлкен Қарқара, Кіші Қарқара, Орта Қарқара, Желді Қарқара, т.б. атаулармен аталатын жайлау, ол ешқашан «жартысы ананыкі, жартысы мынаныкі» деп бөлуге келмейтін тұтас өңір, сондықтан да ол жер ежелден біздікі деп айтуға толық құқымыз бар. 1916 жылы қазақтардың әйгілі «Қарқара көтерілісі» болған, 16 болыстан тұратын Албан тайпасының атақонысы. Ал бұны жазып отырған Тағай есімді адам болса қырғыздың «Каркыра» деген (Ыссықкөл облысының Ақсу, Түп аудандарында орналасқан) жері бар екенін, Ош облысы, Алай жотасында «Каркыра» деген көл бар екенін жақсы білетін сияқты, содан да бұл «Қарқара» жайлауы өзіміздікі деп топшыласа керек. Қай заманда болсын Қарқара қазақ жері екендігіне ешкім шүбәланбауы тиіс деп есептейміз, десе де осы бір газеттегі жарияланған нұсқаны толық түрде беріп отырмыз, ары қарай оқырман өз пікірі мен ойын айта жатар.

«Ақжолдың» №552 санында «Қазақтардың жайлауы Қарқара қырғыз облысына кеткені үшін Жетісу губисполкомы жер бөлімі һәм басқа жауапты қызметкерлері наразылығын айтты (жеткізді, баяндады)» дейді.

Қарқара туралы ол жолдастардың наразылықтары жаңсақ наразылық деп білемін. Қарқара жайлауы қырғыз облысына тиісті түпкілікті жайлау, Үлкен Қарқара ежелден бері. Жаркент уездіне қараған албан қазақтарының жайлауы Желді Қарқара және Ішкі Қарқара болатын. Енді Үлкен Қарқараны «қазақтікі» дегені мынадан: Қарақол уездінің қырғыздары «Бұғы» деген ел тобыменен көшіп барып бір ай жайлап, соны шөбін жегеннен кейін жайлаудың тарлығынан тау басындағы жайлауға тарап-тарап шығып кетеді.

Одан кейін алшын шөбін қазақтар жейтін һәм Қарқара базары тарағанша отырып қойларының жүнін қырқып, киізін басады. Қарақолдан қыстың ішетін азықтарын қамдап алып онан кейін әбден күн суығанда қазақтар көшіп қыстау қонысына қалай кетуші еді? Әзіргі Жетісу азаматтары «көңнен күміс жылтырайды» дегендей қылмай-ақ, қазақтардың Желді Қарқара, Орта Қарқара, Үш Қақпақ, Шилі Қатқақ (чичир қатақ), Ұлабас, Текес жайлаулары көзіне көрінбей, қырғыздың алақандай жайлауы Шоң Қарқыраны (Үлкен Қарқара) таласпай-ақ қойса айыбы бар ма еді?!

Бірақ, ақиқатын тексеріп қарағанда Үлкен Қарқара суында Қарақолдық адамдардың машина-тақтай зауаттары бар және бал шелектің көбі осы Қарқара районында. Қысқасын айтқанда: Қарақолдың бірталай шаруашылық істері Қарқараға орнап қалған, бірталай түтін адамдар отырып үйлер салған.

Бұл жайлау Қазақтікі болған уақытта қырғыздар бұл Қарқарада не қылып жүрсін? Басқа жағындағы жақын қазақ жайлауларына қырғыздар барып жайлап жүрген жоқ қой. «Кетер қызды..... (керіп қал демекші)» деген мақалды қылып, қырғызды өзінше бөлектеп, кішкентай жайлауына көз сатып, ұрлық қылып отыра берулеріңіз ұят болса керек.

Тағай

«Эркин Тоо» газеті №13. 17 сәуір 1925 жылы, 3-бет

Бөлісу