Ташкент архиві және қазақ дипломатиясы тарихының көмескі беттері

Бөлісу

22.04.2026 132

Қазақстан тарихының әлі толық ашылмаған тұстары аз емес. Әсіресе, көршілес елдермен арадағы саяси, сауда және дипломатиялық байланыстарға қатысты деректер шетел архивтерінде сақталғаны белгілі. Осы бағыттағы ізденістердің бірі - Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бас ғылыми қызметкері т.ғ.д., профессор О.Х. Мұхатова мен PhD докторант Е. Сауырқанның Өзбекстанға жасаған ғылыми іс-сапары.


2026 жылдың 29 наурызы мен 9 сәуірі аралығында, яғни 12 күн бойы жүргізілген бұл іс-сапар Ташкент қаласында өтті. Негізгі мақсат XVI ғасырдың соңы мен XVIII ғасырлар аралығындағы қазақ-бұхар, қазақ-хиуа және қазақ-қарақалпақ қатынастарына қатысты тың деректерді анықтау, сондай-ақ Қазақстанның сыртқы саясаты тарихына қатысты архив материалдарын жинақтау болды.

Зерттеу жұмыстары бірден бірнеше ірі ғылыми мекемелерді қамтыды. Атап айтқанда, Өзбекстан Республикасы Ұлттық архиві, Ә. Навои атындағы Өзбекстан Ұлттық кітапханасы және Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университеті кітапханаларында жүйелі ізденістер жүргізілді. Іс-сапар барысында сирек кездесетін қолжазбалар мен архив құжаттары қарастырылып, тарихнамалық деректердің маңызды көшірмелері алынды. Аталған материалдар қазақ хандығының көршілес мемлекеттермен қарым-қатынасының нақты көрінісін ашуға мүмкіндік береді. Әсіресе, елшілік байланыстар мен сауда қатынастарының құрылымы, дипломатиялық хат алмасулар және аймақтық геосаяси ахуалға қатысты тың мәліметтер анықталды.

Іссапар кезінде Ташкент қаласындағы Өзбекстан ұлттық архиві және ұлттық кітапханасының сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар бөлімі қорларында сақталған деректер Қазақстанның XVII ғасырдың соңы – XVIII ғасырлардағы сыртқы саясатын жаңа қырынан қарастыруға жол ашады. Бұған дейін ғылыми айналымға толық енгізілмеген деректер енді отандық тарих ғылымының игілігіне айналмақ. Анықталған материалдардың мазмұны тек жекелеген тарихи деректермен шектелмей, тұтас аймақтың саяси-экономикалық динамикасын кешенді түрде қарастыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, архив қорларынан табылған құжаттар қазақ билеушілерінің Бұхар, Хиуа және Қарақалпақ иеліктерімен жүргізген дипломатиялық байланыстарының нақты тетіктерін, елшілік миссиялардың ұйымдастырылу ерекшеліктерін, сондай-ақ сауда керуендерінің қозғалыс бағыттары мен экономикалық маңызын айқындауға жол ашады. Бұдан бөлек деректер Орталық Азия кеңістігіндегі өзара тәуелділік пен бәсекелестік үдерістерін жаңа методологиялық тұрғыдан бағалауға негіз болады.

Сонымен қатар, қазан революциясына дейінгі кезеңде жарық көрген еңбектерді салыстырмалы талдау осы уақытқа дейінгі зерттеулерде үстірт қарастырылған немесе біржақты түсіндірілген мәселелерді қайта қарастыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың басындағы геосаяси өзгерістер, Жоңғар хандығының әлсіреуі мен жойылуынан кейінгі аймақтық күштер тепе-теңдігінің өзгеруі, қазақ хандығының сыртқы саяси стратегиясындағы трансформациялар сияқты мәселелер жаңа деректік негізде талданбақ.

Жинақталған материалдар алдағы уақытта ғылыми мақалалар мен ұжымдық зерттеулердің өзегіне айналып, ғылыми қауымға ұсынылады деп күтілуде. Сонымен қатар, бұл деректерді цифрландыру, жүйелеу және ғылыми айналымға енгізу жұмыстары Қазақстан тарихының деректік базасын кеңейтіп қана қоймай, жас зерттеушілер үшін де маңызды оқу-әдістемелік ресурс болмақ.

Мұндай ғылыми іс-сапарлар - тек дерек жинау ғана емес, сонымен қатар ұлттық тарихты жаңаша пайымдауға бағытталған маңызды қадам. Шетел архивтеріндегі құжаттар мен материалдарды жүйелі түрде зерттеу Орталық Азия халықтарының өзара байланыстарын зерделеуде жаңа бағыттар ашып, ұлттық тарихты жаһандық ғылыми кеңістікпен ықпалдастыруға нақты мүмкіндік береді.

Алдағы кезеңде анықталған деректерді ғылыми айналымға тиімді енгізу үшін бірнеше нақты бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру өзекті болып отыр. Біріншіден, Өзбекстан архивтері мен кітапхана қорларынан алынған материалдарды толық цифрландыру, олардың ғылыми сипаттамасын жасап, деректанулық талдау негізінде бірыңғай электрондық база қалыптастыру қажет. Бұл өз кезегінде отандық зерттеушілердің қолжетімділігін арттырып, деректерді кешенді түрде пайдалануға мүмкіндік береді.

Екіншіден, қазақ-бұхар, қазақ-хиуа және қазақ-қарақалпақ қатынастарына қатысты құжаттарды пәнаралық тұрғыдан зерттеу маңызды. Атап айтқанда, тарих, деректану, филология және халықаралық қатынастар салаларының әдістерін ұштастыра отырып, дипломатиялық тіл, ресми хат алмасу дәстүрі және саяси коммуникация мәдениетін терең талдау қажет. Нақтырақ айтқанда бұл бағыт Орталық Азиядағы дәстүрлі мемлекетаралық қатынастардың өзіндік моделін айқындауға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, анықталған материалдар негізінде халықаралық ғылыми ынтымақтастықты күшейту орынды. Өзбекстан, Қазақстан және өзге де өңірлік ғылыми орталықтар арасында бірлескен жобалар ұйымдастырып, ортақ конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізу арқылы зерттеу нәтижелерін кеңінен талқылау қажет. Бұл дегеніңіз ғылыми нәтижелердің сапасын арттырып қана қоймай, Орталық Азия тарихын зерттеудің интеграциялық бағытын нығайтады.

Төртіншіден, жас ғалымдарды архивтік зерттеу жұмыстарына жүйелі түрде тарту мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Архивпен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру, сирек қолжазбаларды оқу және талдау әдістерін үйрету арқылы жаңа буын зерттеушілердің кәсіби деңгейін көтеруге болады. Бұл ұзақ мерзімді перспективада ұлттық тарих ғылымының тұрақты дамуына негіз қалайды.

Сонымен бірге, анықталған деректерді оқу үдерісіне енгізу, жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына қосымша материал ретінде пайдалану да маңызды. Яғни студенттердің тарихи дерекпен тікелей жұмыс істеу қабілетін арттырып, теориялық білімді нақты материалдармен ұштастыруына мүмкіндік береді.

Осы ұсыныстарды жүйелі түрде жүзеге асыру нәтижесінде, Ташкент архивтерінен табылған материалдар тек жекелеген ғылыми еңбектердің негізі ғана емес, сонымен қатар Қазақстан тарихының жаңа деректік және методологиялық деңгейге көтерілуіне ықпал ететін іргелі ғылыми ресурсқа айналатыны сөзсіз.

О.Х. Мұхатова, т.ғ.д., профессор 

Е. Сауырқан, PhD докторант           

Бөлісу