Ұлы ақын Мұхтар Шаханов туралы ұлы тұлғалардың естеліктері

Бөлісу

22.04.2026 50

Мұхтар Шаханов - қазақ поэзиясының ғана емес, бүкіл түркі әлемі мен әлемдік әдебиеттің заңғар тұлғасы. 


Ол тек ұлы ақын ғана емес, Отанға, халыққа деген шынайы азаматтық ұстанымымен, батылдығымен және рухани биіктігімен ерекшеленетін біртуар тұлға. Желтоқсан оқиғасынан бастап Арал трагедиясына, тіл мен тарих мәселелеріне дейінгі ұлттық мәселелерде ол әрқашан алдыңғы сапта болды. 

Оның шығармашылығы мен азаматтық қызметі әлемнің түкпір-түкпірінен келген ұлы тұлғалардың құрметі мен мойындауына ие болды. Шыңғыс Айтматовтай аңыз адаммен дос болуы, Расул Ғамзатовтың құрметі, Дінмұхамед Қонаевтың жоғары бағасы, Джон Эшбери мен басқа да әлемдік ақын-жазушылардың бас иіп құрмет көрсетуі - Мұхтар Шахановтың ұлылығының айқын дәлелі. Өз кезегінде мұндай тұлғалардың естеліктері мен ыстық лебіздері Шахановтың қандай биікке көтерілгенін, ешқандай талассыз құрметке лайық болғанын айғақтайды.

Бүгін әлем мойындаған ұлы тұлғалардың Мұхтар Шаханов туралы ыстық лебіздері мен естеліктерін жинақтап көрмекпіз: 

«Мен үшін Олжас пен Мұхтар Шахановтың орны бөлек. Халқы да солай қадірлейді. Ақындығын азаматтығы, азаматтығын ақындығы көтерген, елдің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтаған, дауласуға бар, бірақ жауласуға жоқ, осындай ұлдары бар, осындай ақындары бар халықта не арман бар?!»

Дінмұхамед Қонаев

 

 «Мұхтар Шахановтың бұл ұмтылысы — адамды жай ғана ойлануға шақыру емес, ойлануға мәжбүр ету.» 

Әбіш Кекілбаев

 

 «Бакудың екі драма театрында Мұхтар Шахановтың «Сократты ескеру түні» (Шыңғыс Айтматовпен бірлесіп жазылған) және «Шыңғыс ханның пенделік құпиясы» шығармалары бойынша қойылған спектакльдер зор табыспен өтіп жатыр. Бұл ақынымыздың тек түрік дүниесінде ғана емес, күллі әлемдік поэзияда да алар орны ерекше екені белгілі.»

Полад БЮЛЬ-БЮЛЬ-ОГЛЫ(Түрік СОИ төрағасы, Әзірбайжан Республикасының Мәдениет министрі)

 

«Құдайым әр ақынға өз ұлтына осы Мұхтар Шахановтай еңбек етуді жазсын!» 

Джон Эшбери (американ ақыны)

 

«Табиғат берген ақындық талантыңа қоса елім деп еңірегенде етегі жасқа толатын ұлы азаматы бола алсаң, халқың үшін құдайдың бергені емес пе? Мұхтар Шаханов – ақындық толымы талант пен күрескер азаматтық қасиеттердің қорытпасынан жаралған өрелі тұлға. Мұхтардың 20 ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқы дүниеге әкелген айрықша құбылыс екені содан.»

Сафуан Шәймерденов

 «Мұхтар Шаханов - өзінің адасқақ дүлей дәуірінің белсенді ар-ожданы. Оны билік тұғырындағылар бағалай қоюр ма екен? Бірақ мен осындай азаматтың өзіме жақын дос екенін мақтан етемін.»

Расул Ғамзатов (авар ақыны, Дағыстанның халық ақыны)

 

 «Қалай десеңдер де олай деңдер, Мұхтар Шаханов – ұлт мүддесін қорғаушылардың ең алдыңғы сапында келе жатқан қайсар, тұлғалы ұлы ақын. Кешегі Желтоқсан көтерілісі кезеңінде, ел ерге, ер жерге қараған сын сағаттарда сонау Мәскеудегі қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйенің алпауыттарына басын бәйгеге тіге отырып қарсы шыққан, сөйтіп ұлтымызды үлкен әділетсіздіктен қорғап қалған осы жігіт еді ғой. Арал қасіретіне күллі әлемнің назарын бұрған да – Шаханов. Ұлтымыздың ірілі-ұсақты проблемаларының маңында ылғида осы ақын келе жатқан жоқ па? Тіпті қазіргі өздерің тойлап жүрген «Наурыз» мерекесін де Колбинмен жағаласып жүріп осы бала тірілтпеп пе еді? Елдік мазмұндағы ерен істері үшін бұл дара азаматқа дұрыстап алғыс та айтпаппыз-ау. Алғыс түгілі оның әлем ЮНЕСКО мойындаған шығармалары төңірегінде өз ішіміздегі кейбіреулар жалдамалы жазғыштар арқылы дау дамай ұйымдастырылып, кедергі жасаумен келеді. Енді тіл мәселесі ауқымында «ертең ұлт боп қаламыз ба, қалмаймыз ба?» деген зарлы күдік алдымызды ораған сәтте тағы да Шаханов орнынан көтерілді. Бұл істе де біз оны қолдамасақ ұтылатынымыз айқын. Өйткені оның түйсігі – таза ақындық пайым парасат пен ұлттық санаға терең тамыр жіберген, жалғандыққа жаны қас шыншыл түйсік.»

Қасым Қайсенов

 «Шаханов поэмасына ЮНЕСКО тарапынан ерекше назар аударылуының басты себебі қазіргі кезеңдегі Орта Азия қоғамдық – философиялық ойлау деңгейінің жаңа белестерге артқандығынан ғана емес, осы дара ақын туындысының бүгінгі әлемдік поэзиядағы жана биіктік ретінде мойындалуына және оның өз сана түйсігі арқылы ХХ ғасыр тудырған келеңсіздіктерге батыл күрес ашуында жатса керек.»

Ханс-Петер ДЮРР(Нобель сыйлығының лауреаты)

 

 «Ашық айтар болсақ, бүгінгі өз замандастары арасында Еуропада Шахановқа тең келер ақын жоқ.»

Роберто Чиули

 

 «Шахановтың «Өркениеттің адасуы» - назыз шыншыл рухани дабылдар эпопеясы, ол – Орталық Азиядан оянған домалақ найзағайдай Батыс Еуропа кеңістігіндегі қара түнек ойларды селк еткізді.»

Фридрих Хидцер

Бөлісу