Алтын Орда әдебиетінің көрнекті тұлғаларының есімі бүгінгі күнге дейін толық сақталмаған. Кейбір ақындар мен философтардың атын білсек, жөнін білмейміз. Бұл келешекте түркітанушылардың белсене кірісетін шаруасы екені белгілі. Сондай тұлғалардың бірі-Хорезми. Ақын Хорезми Алтын Орда әдебиетінің ең көрнекті тұлғаларының бірі болып есептеледі. Ол Жәнібек хан тұсында өмір сүріп, шығармашылықпен еркін айналысқан. Біздің заманымызға бұл дастанның екі қолжазба нұсқасы жеткен.
Бұл нұсқалар қазіргі уақытта Британия музейінде сақтаулы. 1952 жылы Ресей ғылым акамедиясының Азия халықтар институты бұл қолжазбалардың көшірмесін алған болатын. Бұл нұсқаның екі көшірмесінің бір нұсқасы ұйғыр әріпімен көшірілсе, екіншісі араб әрпімен көшірілген. Бұл дастанды В.В.Бартольд (1924), А.Н.Самойлович (1928), Ә.Нәжіп зертеп қарастырған болатын. А.М. Щербак бұл шығарманың ұйғыр тілінде көшірілген нұсқасын қарастырып, орыс тіліне аударған еді. Хорезмидің «Мұхаббат-наме» шығармасының екі нұсқасын өз ара салыстырып, араб әрпімен жазылған нұсқасын қазіргі әріппен транскрипция жасап, сосын орыс тіліне аударып, терең зерттеген ғалым Әмір Нәжіп болатын. Бұл шығарманы қазақ тіліне аударып, өзіндік зерттеу жұмысын А.Қыраубаева 1985 жылы жүргізген еді. «Мұхаббат-наме» дастанының араб әрпінде жазылған нұсқасы 473 бәйіттен 11 намеден тұрады. Бұл дастанда жігіттің қызға жазған 11 ғашықтық хаты негіз болған [1; 262 б]-деп жазылған.
Бұл шығармада төртінші, сезінші, он бірінші хаттар парсы тілінде жазылса, ал шығарманың жалпы көлемі қыпшақ-оғыз тілінде жазылған. Хорезми «Мұхаббат-наме» дастаның Жәнібек хан кезінде Сыр бойында әкім болған Мұхаммед Қожабектің тапсырысы бойынша жазған. Хорезми шығарманың барысын Тәңірге жалбарынып, қаламына қуат, бойына шабыт, жұмысына сәттілік тілеп, іштей дастанды жазуға кіріседі. Одан әрмен автор тапсырыс беруші Мұхаммед Қажабекті оқырманға кеңінен таныстырып өтеді. Автор қорытынды кіріспе бөлімінде М.Қожабекті жер көкке сыйғызбай мақтайды. Ал «Мұхаббат-наме» дастанының негізгі идеясы, негізгі тақырыбы ол қос ғашықтың хикаясы. «Мұхаббат-наме» дастаныңда адамның адамға деген махаббаты, сүйіспеншілігі, адалдығы, ішкі мұңы ерекше суреттеледі. Бұл дастанның негізгі кейіпкері бір-біріне ғашық болған қыз бен жігіт оқиғасы. Шығармада негізінен жігітің қызға жазған он бір хаты мазмұндалады. Дастанда қыздың жауап хаты берілмеген. Біз тек жігіттің қызды суреттеуінен, оған деген жылы лебізінен қыздың бет-бейнесін көз алдымызға әкелеміз. Алма Қыраубаеваның аудармасына сүйенетін болсақ, біз түпнұсқамен қазақ тілі арасында тілдік арақашықтың аса көп жоқ екендігін байқаймыз. Бастапқы кезеңде айтып өткеніміздей шығарма он бір намадан тұрады. Хорезми бастапқы намада өзінің Алтын Орда өкілі екендігін байқатып, Құтбтың «Хұсрау-Шырын» дастаның тілге тиек ете кетеді. Хорезми қыздың сұлулығын екінші намада былайша суреттейді:
Қатық күлсаң мәгар ағзың білүргай,
Пәрі көрса сені мендек телүргай.
Сачың бір тарына мың хұр йетмас,
Иүзүңнүң нұрына мың нұр йетмас.
Алма Қыраубаеваның аудармасы:
Егер күлсең, оймақ аузың ашылар,
Сонда пері көрсе, мендей есінен танар.
Шашыңның бір талына мың хұр жетпес,
Жүзіңнің нұрына мың нұр жетпес [2; 228 б]. – деп суреттегенде біз Хорезми жырлап отырған, жігіт ғашық болған қыздың нұрлы бейнесін көз алдымызға еріксіз елестетеміз. Жігіттің қызға соншалықты ғашық екенін была жолдардан байқауға болады:
Кішінің сенсізін не жаны болсұн
Аның тек ұмырының не сәні болсұн
Алма Қыраубаеваның аудармасы:
Кісінің сенсіз не жаны болсын
Ондай өмірдің мәнсіз не сәні болсын [ 2; 229 б]. -деп жыр жауһарын төгеді.
Біздің бір байқайтынымыз жігіт сезімінде тазалық болса, қос ғашықтың арасында бір мөлдір махаббат бар. Осы тазалық, осы адалдық, осы махаббат, осы пәк сезім жырға қуат, өзіндік тамаша әсер беріп тұр. Автор шығармада тек қос ғашықтың махабатын ғана емес, адам бойындағы жақсы жаман қасиеттерін ащы сынайды. Ол адам бойындағы жаман қасиеттер, арамдық, аш көздік, опасыздық, зұлымдық, әдепсіздік, надандық адамды хайуан ететін қасиеттер деп ащы сынайды. Хорезми жігіттің махаббаты арқылы қалың оқырманға өзінің гуманисттік ойларын ашық жеткізеді. Мысалы он бірінші намада:
Жафадын еңрамас бұ йолда ушшақ,
Офадан жәвріңіз мың қатла хошрақ
Алма Қыраубаеваның аудармасы:
Азапқа шыдайды ғашықтар, тартады жазаны
Сүймеген адалдан мың артық сүйгеннің азабы.
Хорезми философиялық, гуманисттік ойлардың оқырманға байыпты түрде жеткізеді. Бұл дастан осы күнге кейін жеткен араб әрпі көшірмесі. Біз бұл шығармадан көп ғибрат аламыз. Өткенімізді ұлықтап, болашағымызды айқындай түсеміз. Хорезми сөздің соның былай аяқтайды:
Бұ Хоразми Мұхаббат намысыны,
Утарид көрді, салды хамасыны.
Алма Қыраубаеваның аудармасы:
Хорезми туған шолпанды көрді таң алды,
Махаббатнаманы жазуды осымен доғарды [2; 244 б] -деп Хорезми ойын осылай қорытындылайды. Біз де осылай қорытындылауды жөн көрдік.
Алтын Орда әдебиетінің кезең-кезеңмен дамуын қарастыра отырып, әр ғасырды, әр дәуірді белгілі бір ғасырдың тұлғасы ғана емес, сонымен бірге жаһандық әдеби-тарихи процесте маңызды байланыстырушы рөл атқаратын өзінің көрнекті авторлары бар екендігі анық. Орта ғасырдағы түркі ақыны Құтб өз дәуірінің осындай көрнекті өкілдерінің бірі болып табылады. Профессор Х. Ю. Миннегулов атап өткендей «... Құтбтың «Хұсрау мен Шырын» жалғыз шығармасы, бүгінгі күнге дейін сақталған. Бүкіл әлем жазушылары үшін де, тарихшылары үшін де үлкен рөл атқарады, өйткені бұл Алтын Орда кезеңінің ежелгі дәлелі, идеологиялық және эстетикалық байлық пен дәуірдің сипатын көрсетеді және сипаттайды»-деп өз бағасын берген болатын. Ортағасырлық ақын шығармашылығын барлық ғалымдары мен зерттеушілері Құтбтың «Хұсрау мен Шырын» - Әзірбайжан классигі Әбу Мұхаммед Ілияс ибн Жүсіп Низами Ганджавидің (1141-1209) «Хұсрау мен Шырын" поэмасынын алғашқы аудармаларының бірі екендігін айтады. Бұл Мұхаммед Ілияс ибн Жүсіп Низами Ганджавидің желісі бойынша жазылған әйгілі аңыздың ең алғашқы түркі поэтикалық нұсқаларының бірі екендігімен анық. Атап айтқанда, бұл көзқарас профессор Г.Т. Тагиржановтың (1907-1983) «Кұтб және Хұсрау мен Шырын», «тарихтан – әдебиетке» («Тарихтан – литият») атты кітабында Х.Ю.Миннегуловтың "Құтб шығармашылығы" («Котб изят»), "айтуға болатын нәрсе бар...(«Әлем сюземез бар...»), сондай-ақ басқа да көптеген зерттеуші-түркітанушылардың еңбектерінде жарияланған. Құтбтың «Хұсрау Шырын» поэмасының түпнұсқа қолжазбасы бүгінгі күнге дейін сақталмаған. Поэманың қолжазба нұсқасын 1383 жылы Египетте Берке Факих қайта жазды және өңдеді. Ол қазіргі уақытта Париж Ұлттық кітапханасында сақтаулы. Жалпы дастанды Құтб оғыз-қыпшақ тіліне аударып, бертін келе осы аударма арқылы үнді ақындарының жаңа дастандарын өмірге әкелуге өз септігін тигізген. Бұл шығарма жазылған кезеңде Алтын Орда тағында Тыныбектің отырған уақыты. Құтб бұл шығарманы Тыныбек пен Ханша Малика-Хатунға арнайды. Кутбтың бұл жұмысы туралы алғашқы мәліметтер 1933 жылы Э.Блоше (E. Blochet) (1870-1937) жариялаған. Бұл мәлімет Париж Ұлттық кітапханасының түркі қолжазбалары каталогының екінші томында келтірілген [3; 35 б].
Содан бері поэма тарихи-әдеби, лингвистикалық, лингвистикалық-текстологиялық және әлеуметтік-философиялық жағынан бірнеше рет ғылыми талдаудан өтті. Құтбтың «Хұсрау-Шырын» поэмасы негізінен текстология және лингвистика саласында зерттелгенін атап өткен жөн. Әдебиеттанушы Ф.М.Мусин (1939-2009) өзінің бір еңбегінде: «Алтын Орда кезеңінің әдебиетін мақсатты түрде зерттеу керек» - деген болатын. Рас, ғалымдар бұл бағытта көп жұмыс жасады. Ф.М. Кюпрюлизаде (1890-1966), г. Т. Тагиржанов, А.Н. Самойлович (1880-1938), Х.Ю.Миннегулова, Н.Ш.Хисамова, А.М.Ахунов және т.б. ғалымдардың «Хұсрау Шырын» дастаны туралы алғашқы мақалалары 20-30 жылдары пайда болды. Әдеби шығарма ретінде бұл өлеңді өткен ғасырдың 40-жылдары Г.Т. Тагиржанов зерттеген. 1946 жылы жазған диссертациясы бұл шығарманың лингвистикалық, тілдік және әдеби ерекшеліктерін зерттеу, анықтау тарихына арналған. 1976 жылы Х.Ю.Миннегулов Құтб өмірі мен қызметін талдау мен зерттеуге арналған бірқатар еңбектер жариялады. Атап айтқанда, ол Құтб өмірі мен қызметі туралы оқулық болып табылатын монографияның авторы. Оның қаламынан «Дүниеде сөзіміз бар» ("Дөньяда сүземез бар...") деген философиялық дүниелер туды. Құтб дастаның тілдік ерекшеліктер тұрғысынан профессор М. Ф. Кюпрюлезаде зерттеген. Ғалым өз еңбектерінде поэма тілін XIV ғ. Алтын Орданың аралас оғыз-қыпшақ әдеби тілі ретінде анықтаған. Мәтін тұрғысынан "Хұсрау-Шырын" дастаның поляк ғалымы А.А. Зайончковский (1903-1970) зерттеген. Оның ең маңызды және үлкен еңбектерінің бірі-ол түркітануда факсимилені алғашқылардың бірі болып шығарып, мәтіннің транскрипциясы мен осы шығармаға сөздік жасады. С. Е. Малов (1880-1957) өз еңбектерінде «Хұсрау-Шырын» дастанына тарихи-лингвистикалық талдау жасады. Сонымен бірге ол ақын Құтбтың ұлттық ерекшелігін анықтауға баса назар аударды. Ол Құтбтың ұйғырдан шыққандығы туралы нұсқасын алға тартты. Э.Н. Наджип 1979 жылы Құтб жұмысының сөздігінің бір бөлігін шығарды. Түркітілдес ескерткіштердің лексикасын, оның ішінде Құтбтың «Хұсрау-Шырын» шығармаларын зерттеуге Б.Сағындықов пен А. Керімов сияқты қазақ ғалымдары үлкен үлес қосты. Орыс түркітанушысы А.Н.Самойлович Құтба шығармашылығын зерттеуде өзінің зерттеу қызметін «Хұсрау-Шырын» дастанының мәселелерін түсінуге бағыттады, сонымен қатар осы шығарманың құрылу тарихына назар аударды. 1928 жылы ол Құтб поэмасының Алтын Орда кезеңіндегі әдеби тілде, кейінірек 1934 жылы Ыстамбұл тіл конгресінде сөйлеген сөздерінің бірінде жазылғандығы оның талаптарын негіздеді. Ол Құтбтың жұмысын Алтын Орда дәуіріндегі ең алғашқы шығармаларға жатқызады [4; 266 б].
Құтбтың «Хұсрау-Шырын» дастанының жалпы көлеміне келтін болсақ, 120-парақтан, яғни 240 беттен тұрады. Дастан 4740 тұрады, ал Низамнидің түпнұсқасына мән беретін болсақ, біз оның шығармасы 7000 бәйіттен тұратынын байқаймыз. Бұл дастан 91 тараудан тұрады. Біз бұл дастан жайлы қазақ ғалымы Н.Келімбетовтың «ежелгі әдеби жәдігерліктер» атты еңбегіне сүйенік жазып отырмыз. Жалпы бұл дастанның мазмұны екі ғашықтың басынан өткен қиындығы, махаббаты суреттеледі. Қос ғашықтың хикаясымен қоса, өз кезегінде, Құтбтың Назира дәстүрінде жазылған өлеңінде билеушілер туралы әңгімелер Тыныбек пен оның әйелі Малика туралы тараулармен алмастырылады. Құтб сонымен бірге осы билеушілерді сипаттауға және мадақтауға үлкен мән береді және билеушінің өз елі мен халқын қалай "басқаруы" керек екендігі туралы мысал келтіреді және осы призма арқылы шахтарға деген көзқарасын көрсетеді. Сонымен, ол Тыныбек туралы, ең алдымен, жоғары адамгершілік, ақылды және ақкөңіл билеуші ретінде жазады. Біз аударманың мазмұнын келтіретін болсақ, Тыныбек жайлы Құтб оның «жақсы мінез, ақылды, білімді, ақылды және ұстамды, көңілді, көңіл-күмен сіздің ережеңіз мейірімділікке ұқсайды, заңдар сіз үшін дұға етеді менің халқым және мен сізге қарсы емеспін»-деп сипаттама береді. Сюжет ары қарай қызықты баяндалады. Қос ғашықтың махаббаты, Хұсраудың тақ жолындағы қиындықтары ерекше әсермен суреттеледі. Хұсраудың Мариямға үйленуі, бірақ, Шырынға деген махаббатының шексіздігі көз алдына сол кезеңдегі көріністі алып келеді. Хикаят ары қарай жалғаса келіп, Хұсраудың Фархад деген ұстаға жасаған қиянаты ерекше әсер қалдырады. Фархад пен Хұсрау арасындағы диалог орын алады. Біз диалогқа көз жүгіртетін болсақ;
Бурун сүрді: не иерліксін сан?
Айттікім: ашықләр шаһариденман.
Айтти: не қадар сеудіңг сан аны?
Айтти: сөзгә сіғмаз хеч байаны
Қазақ тіліндегі аудармасы:
Алдымен сұрады: қай жерліксің сен?
Жауап берді: ғашықтар қаласынан мен?
Айтты: Сен оны не үшін сүйесің?
Айтты: Оны айтып жеткізетін сөз жоқ [4; 266 б] - деген шумақтар бойынды баурап алады.
Ары қарай дастанның ізімен жүрсек, Фархадтың Шырынға ғашық болып, өлердей сүйгеніне куә боламыз. Оқиға желісі ары қарай Хұсраудың Фархадты сынауы, оның сынақтан сүрінбей өтуі, бірақ Хұсраудың Фархадты алдап, Шырынды бермеуі, Фархадтың күйіктен өзіне қол жұмсауымен аяқталады. Біздің бұл оқидан алар әсеріміз сол замандағы салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыпқа және махаббатқа куә боламыз. Дастанның соңы қайғылы жағдаймен аяқталады. Оқиға соңында Хұсрау өзінің ұлы Шеруяның қолынан қаза табады. Шеруя бүкіл елді қасіретке, қиындыққа душар етеді. Ал Шырын болса, Хұсрауға деген адалдығы мен махабатын берік сақтап, Хұсраудың моласының басында өз-өзіне қол жұмсайды. Бұл шығарма қазақ өлкесіне кеңінен танымал десек қателеспегеніміз. Құтбтың бұл аудармасы кейінгі қазақ әдебиетінің лиро-эпостық жырларымен үндес келеді.
Шырынның шын махаббаты, Хұсраудың айлакерлігі оқып отырған адамды таңдандырып, талғамы биік оқырманды қалыптастыра алады. Фархадтың көзін шел басқан шексіз махаббаты, түбі өзін-өзі ажал құштырумен аяқталды. Әрине, бұл «Хұсрау-Шырын» хикаясының соңы сәтті аяқталмайды. Оқырман қауымның көп есінен кетпей, жүрегін ауыртып, жанды жабырқатады. Шырынның нәзік иірімі, Хұсыраудың ғашық бейнесі, Хұсраудың баласының ашкөздігі, залымдығы, қанағатсыздығы, ақымақтығы оқырман қауымға ерекше әсер қалдырады. «Хұсрау-Шырын» хикаясы сол кезеңнен барлық Орта Азияға таралып, күллі Еуропамен сабақтасып, ағашқы нұсқасы бүгінгі күнге дейін жетті. Бүгінгі ұрпақ бұл хикаяттарды сүйіспеншілікпен оқиды. Алтын Орда дәуірінде туған әр шығарма адамға түрлі эмоция сыйлап, керемет күй кештіреді. Осы көңіл-күйдің, ерекше сезімнің арқасында бұл шығарманың ғұмыры да осындай ұзақ болып келе жатыр. «Хұсрау-Шырын» дастаны ұрпақ мұрасы. Жас ұрпақтың мақтанышы.
«Мұхаббат-наме» мен «Хұсрау-Шырын» дастандары түркі халықтарының ортағасырлық әдеби мұрасындағы көркемдік әрі тарихи маңызы зор шығармалар болып саналады. Бұл туындылар XIV ғасырдағы Алтын Орда дәуірінің саяси, мәдени және рухани ахуалымен тығыз байланысты дүниеге келді. Аталған кезеңде Алтын Орда мемлекеті тек әскери-саяси күш қана емес, сонымен қатар ғылым мен мәдениет дамыған ірі өркениеттік орталықтардың біріне айналды. Сарай маңында ақындар мен ғұламалар шоғырланып, түркі тілінде әдеби шығармалар жазу дәстүрі кең өріс алды. Осындай тарихи жағдайда жазылған «Мұхаббат-наме» мен «Хұсрау-Шырын» дастандары ортақ әдеби кеңістіктің жемісі болды. Бұл екі шығармаға тән басты ортақ белгі – шығыстық классикалық әдеби дәстүрдің ықпалы. Әсіресе парсы әдебиеті мен исламдық мәдениет олардың идеялық-көркемдік жүйесіне терең әсер етті. «Хұсрау-Шырын» дастанының негізі Низами Гәнжауи шығармашылығымен байланысты болса, «Мұхаббат-наме» де шығыс поэзиясындағы ғашықтық сарындарды жалғастыра отырып жазылды. Бұл кезеңдегі түркі ақындары парсы әдебиетін жай көшіріп қана қоймай, оны түркі дүниетанымына икемдеп, жаңа көркемдік сипат қалыптастырды. Соның нәтижесінде түркі әдебиетінде махаббат тақырыбын терең философиялық әрі гуманистік мазмұнда жырлайтын дастандар пайда болды.
«Мұхаббат-наме» шығармасында ғашықтық сезім адамның ішкі жан дүниесін танытатын рухани құбылыс ретінде бейнеленеді. Дастанда лирикалық кейіпкердің сүйіктісіне арнаған хаттары арқылы махаббаттың тазалығы, адалдық пен сағыныш сезімі көркем суреттеледі. Ал «Хұсрау-Шырын» дастанында махаббат оқиғасы мемлекеттік билік, ел басқару, әлеуметтік қатынастар сияқты мәселелермен қатар өрбиді. Мұнда махаббат тек жеке сезім ғана емес, адам мінезін, тұлғалық қасиеттерді айқындайтын маңызды күш ретінде танылады. Осы тұрғыдан алғанда, екі шығарма да адам болмысының рухани қырларын ашуға бағытталған.
Тарихи тұрғыдан алғанда, екі дастанның да дүниеге келуі Алтын Ордадағы мәдени өрлеумен сабақтас. XIV ғасырда Сарай, Хорезм сияқты қалалар ғылым мен әдебиеттің орталығына айналды. Түркі ақындары араб және парсы тілдеріндегі әдеби мұраны меңгеріп, сол үлгіде түркі тілінде шығармалар жазды. Бұл құбылыс түркі әдеби тілінің қалыптасуына зор ықпал етті. «Мұхаббат-наме» авторы Хорезми шығармасын қыпшақ-оғыз элементтері аралас түркі тілінде жазып, әдеби тілдің дамуына үлес қосты. Ал «Хұсрау-Шырын» нұсқалары да түркі әдебиетінің көркемдік мүмкіндігін кеңейтті.
Екі дастанда да исламдық дүниетаным мен сопылық танымның белгілері байқалады. Махаббат ұғымы тек екі жастың сезімі ретінде емес, рухани кемелденуге жеткізетін қасиетті күш ретінде қарастырылады. Сопылық әдебиеттегі «ғашықтық арқылы рухани тазару» идеясы шығармалардың мазмұнында терең көрініс тапқан. Сондықтан бұл дастандар тек көркем туынды ғана емес, ортағасырлық түркі қоғамының рухани-этикалық көзқарасын танытатын мәдени ескерткіштер болып табылады.
Сонымен қатар, бұл шығармаларда әйел бейнесінің көркем берілуі де ортақ сипатқа ие. «Хұсрау-Шырындағы» Шырын мен «Мұхаббат-наме» кейіпкерлері сұлулықтың ғана емес, адалдық пен парасаттылықтың символы ретінде суреттеледі. Бұл ортағасырлық шығыс әдебиетіне тән әйел образын идеалдандыру дәстүрімен байланысты. Ақындар әйел тұлғасы арқылы махаббаттың биік эстетикалық мәнін көрсетуге ұмтылған. «Мұхаббат-наме» мен «Хұсрау-Шырын» дастандарының тарихи ортақ көрінісі – олардың Алтын Орда дәуіріндегі мәдени өрлеу жағдайында, шығыстық классикалық дәстүр ықпалында және түркі әдеби тілінің қалыптасу кезеңінде дүниеге келуі. Екі шығарма да түркі халықтарының ортағасырлық әдеби санасының биік деңгейін танытып, кейінгі әдеби дамуға зор әсер етті. Бұл дастандар арқылы түркі әдебиеті әлемдік шығыс классикасымен сабақтасып, өзіндік ұлттық көркемдік жүйесін қалыптастырды.
Бұл қатарға тағы бірнеше авторларды қосып, атын атап, түсін түстеуге әбден болады. Сол кезеңде Алтын Орда әдебиеті қалыптасуына жоғарыда келтірілген авторлардың бәрі өзіндік үлес қоса білді. Бұл кезеңдегі әдебиетті тағы да зерттеп толықтыра түсу болашақтың еншісінде. Біз бұл қатарға мына авторлардың есімдерін ерекше атап қосып өте аламыз. Олар: Рабғузидың «Рабғузи қиссалары», Хұсам Қатиб «Жұмжұма сұлтан», Дүрбек «Жүсіп-Зылиха» т.б сол кезеңде өз еліне белгілі ақындардың шығармашылығына алдағы уақытта толығырақ тоқталып өтуді жөн көреміз. Алтын Орда дәуіріндегі әдебиет батыс әдебиетіне ерекше үлес қосып, шығыс әдебиетінің атын шығарып, қазақ әдебиетінің бастауы бола білді.
Қолданылған әдебиеттер
1. Келімбетов, Н. Немат. Көркемдік дәстүр жалғастығы (Ежелгі Түркі поэзиясы және қазақ әдебиеті бастаулары) [Текст] : зерттеу / Келімбетов, Немат. - Астана : Елорда, 2000. - 286,[2] б.
2. Қыраубаева, А. Ежелгі дәуір әдебиеті [Мәтін] : хрестоматия / [құраст. А. Қыраубаева]. - Алматы : Ана тілі, 1991 ж
3. Келімбетов, Н. Қазақ әдебиетінің тарихы [Мәтін] : 10 томдық / [жауапты ред.: Н. Келімбетов, С. Қасқабасов]. - Алматы : ҚАЗақпарат, 2008 . Т. 3 : Алтын Орда дәуірі мен қазақ хандығы тұсындағы әдебиет. - 535, [1] б
4. Келімбетов Н. «Ежелгі әдеби жәдігерлер». – Алматы, «Алатау» баспасы, 205-332 бет.