Шавкат Аюпов: «Қазақстан мен Өзбекстан тарихы – ортақ тарихи кеңістік»

Бөлісу

19.05.2026 219

Алтын Орда — дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік аясында Өзбекстан Ғылым академиясының президенті, тарихшы ғалым Шавкат Абдуллаевич Аюпов сөз сөйлеп, Алтын Орданың Еуразия кеңістігіндегі тарихи рөлі мен түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасы туралы пікір білдірді.

 

– Алтын Орда – жай ғана мемлекет емес. Бұл – қалалар, керуен жолдары, мәдени және өркениеттік орталықтар қалыптасқан алып тарихи кеңістік. Ол ғасырлар бойы Орталық Азия халықтарының саяси, мәдени және этникалық дамуына ықпал етті, – деді ол. 

Оның айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан тарихы өзара тығыз байланысты және бұл байланыстар Алтын Орда дәуірінде ерекше көрініс тапқан.

 

– Қазақстан мен Өзбекстан тарихы – ортақ тарихи кеңістіктің бір бөлігі. Дәл осы аймақта көшпелі және отырықшы өркениеттер арасында күрделі саяси, мәдени және шаруашылық үдерістер жүрді. Кейін бұл процестер қазақ және өзбек халықтарының тарихи дамуына маңызды негіз болды, – деді спикер. 

Ғалым Алтын Орданы тек көшпелі өркениет ретінде қарастыру жеткіліксіз екенін ерекше атап өтті.

 

– Алтын Орданың күші оның әртүрлі өмір салтын, экономика мен мәдениетті біріктіре алуында болды. Көшпелі дәстүрлер қала мәдениетімен, саудамен, дипломатиямен және жазба мәдениетімен қатар дамыды. Сарай, Отырар және Орта Азияның басқа да қалалары өзара тығыз байланыста болды. Бұл кеңістікте мәдени және рухани алмасу үздіксіз жүріп отырды, – деді Шавкат Аюпов. 

Ол Еуразия халықтарының ғасырлар бойы өзара диалог жағдайында дамығанын айтты.

 

– Түркі халықтары мен Еуразия кеңістігі жүздеген жыл бойы тұрақты мәдени диалог жағдайында өмір сүрді. Соның нәтижесінде көшпелі мәдениет пен қалалық өркениет өзара сабақтасқан ерекше өркениеттік модель қалыптасты. Бұл тарихи тәжірибе қазіргі өңірлік ынтымақтастық үшін де маңызды, – деді ол. 

Спикер қазіргі таңда археология, антропология, палеогенетика және тарихи география салаларындағы жаңа зерттеулер Орталық Азия тарихын қайта зерделеуге мүмкіндік беріп отырғанын жеткізді.

 

– Бүгінде ғылым бізге Орталық Азия тарихының бұрын ойлағаннан әлдеқайда күрделі әрі өзара тығыз байланысты болғанын көрсетіп отыр. Сондықтан халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың маңызы өте зор. Қазақстандық және өзбекстандық ғалымдардың бірлескен жобалары Алтын Орда мен жалпы Еуразия тарихын тереңірек зерттеуге үлкен үлес қоса алады, – деді Шавкат Аюпов. 

Сөз соңында ол мұндай халықаралық симпозиумдар тарихи жадты сақтап, мемлекеттер арасындағы мәдени диалогты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

 

– Алтын Орда туралы әңгіме – тек өткенді талқылау емес. Бұл – тарихи жад арқылы өзара құрметті, өңірлік ынтымақтастықты және мәдени диалогты дамыту мәселесі, – деді ол.

Бөлісу