Алтын орда мұрасының негізінде терең білім мен жоғары интеллектуалдық тәжірибе жатыр
Астанада Алтын Орда мұрасына арналған халықаралық симпозиум өтіп жатыр.
La France s’engage президенттік қорының өкілі Азуле Одрэ Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумда сөз сөйледі.
«Құрметті қатысушылар!
Әлемнің түкпір-түкпірінен келіп отырған меймандарды шын жүректен қошеметтеймін. Ең алдымен, Астанада өтіп жатқан халықаралық симпозиумға қатысу мен үшін үлкен мәртебе екенін жеткізгім келеді. Бұл жиын – ғалымдар мен сарапшылардың басын қосқан, Ұлы дала империяларының, әсіресе Алтын Орданың мұрасын бірлесе зерттеуге арналған маңызды алаң. Алтын Орда мұрасының негізінде терең білім мен жоғары интеллектуалдық тәжірибе жатыр.
Сонымен қатар, оның дамуына сол дәуірде оның аумағында өмір сүрген түрлі халықтардың да үлесі зор болды. Сондықтан бүгінгі басқосуымыздың басты мақсаты – осы мұраның мәнін жан-жақты түсіну. Біз оны ғылым аясында ғана емес, экологиялық және саяси философия тұрғысынан да зерделеуіміз қажет.
Сондай-ақ, бұл өркениеттің өз дәуірінде қандай із қалдырғанын, қандай тәжірибе мен құндылықтарды кейінгі ұрпаққа мұра еткенін терең пайымдауымыз керек. Біздің қоғам үшін бұл мұраны зерттеу өзін оқшаулау үшін емес, керісінше, өзге елдермен сенімді ынтымақтастық орнату үшін аса маңызды. Қоғамдар арасындағы ортақ мұра ұғымы халықтарды жақындастырып, мемлекеттер арасындағы түсіністік пен өзара сенімді нығайтуға қызмет етеді. Әсіресе бүгінгі күрделі геосаяси жағдайда мұндай бастамалардың маңызы арта түсуде.
Сондықтан ғылым мен білім беру саласындағы бұл жұмыстар мәдениет, шығармашылық және қоғамдық даму бағыттарымен ұштасуы қажет. Мысалы, гастрономия, кино индустриясы, шығармашылық жобалар – осының барлығы заманауи жастардың үнін танытып, олардың әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде экономикалық мүмкіндіктерді кеңейтіп, қоғамның дамуына оң әсерін тигізеді. Бұрынғы мәдениет министрі ретінде мәдени саясаттың тек рухани маңызға ғана емес, әлеуметтік дамуға да ықпал ететінін ерекше атап өткім келеді. Жақында көшпенділер өркениетіне қатысты атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде бірқатар бастамалар әлемдік мұра тізіміне енуге мүмкіндік алып отыр.
Сонымен қатар, ғылым мен білім беру саласында да жаңа жобаларға жол ашылуда. Құрметті ханымдар мен мырзалар! Кейде адамзат саяси және әлеуметтік болмысты халықтарды байланыстыратын көпір ретінде емес, шекара ретінде қабылдап жатады. Алайда біздің міндетіміз – ортақ тарих пен ортақ мұра арқылы халықтарды жақындастыру», - деді ол.